6-СЕКЦИЯ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
6.1 Әдебиеттану ғылымының заманауи мәселелері мен ізденіс бағдары
ӘОЖ 84.2.7
«ТОЛЫҚ АДАМ» ФОРМУЛАСЫ ҰЛЫ АҚЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДА
Адамжанова Алуа Ханбековна
adamzhanova-alua@mail.ru
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті, Павлодар, Қазақстан
Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.д., профессор С.Сүтжанов
Абай – қазақтың рухани көсемі. Рухани жаңғыруды бетке алып, ұлттық кодымыздың
қыр-сырын тануға бел буған бүгінгі ұрпаққа Абай шығармашылығы бағыт бағдар береді.
Абайдың әдеби мұрасы адамзатты кемелдендіруді көздейді. Хакім ғылым мен білімді
дәріптеп, жүректі де кенже қалдырмайды. ХХІ ғасыр материалдық игілік пен рухани әлемді
қатар алып жүруді талап етеді. Руханилыққа бас ұрып, материалдықтан бас тартуға не
материалдықтың соңына түсіп, руханилықтан ада болуға мойынсұнбайтын жаңа заманға
лайық ілім керек. Ол ілім – Хакім Абайдың «Толық адам» формуласы. «Толық адам»
формуласы Абайдың «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп
болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген ұстанымынан бастау алады. Мінез адам
болмысына зор әсер етеді, себебі мінез бен тағдыр байлаулы. Мінезің – сенің тағдырың деген
сөз бекер емес. Адам мінезі адамгершіліктен нәр алса, тағдыры да жақсылыққа бастайды.
Халық, жалпы, адамзат тағдыры кемелдену көзін тауып, рухани кеселдерден айныса ғана
оңдалады. Рухани кеселдерді әшкерелеп, әр адамға кемелдену, өзін-өзі тәрбиелеу, «толық
адам» дәрежесіне жету жолын нұсқайтын да – Абай.
Қазақ халқының ұлттық болмысына сай рухани тәрбиенің қайнар көзі – Хакім Абайдың
«толық адам» ілімі. «Толық адам» ілімінің концептісі ақынның «Ғылым таппай мақтанба»
өлеңінен айқын көрініс табады.
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдында,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпанын білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз» [1, 50].
Рухани кеселдер көшін бастаған бес нәрседен қашық болып, жүректі «ағартатұғын» бес
нәрсеге асық болу «толық адам» атанудың алғышарты ғана. Бұл ілімнің түп негізі Абайдың
отыз сегізінші қарасөзінде сөз болады: «...Алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет,
Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин. Бұл сегізінен Алла тағаладағыдай кәмәләт-ғазамат бірлән
болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты» [1, 441] – дейді
ғұлама ойшыл. «Толық адам» ілімі Алланы танудан сусындайды. Адам Алланы тану арқылы
өз бойындағы ізгі сипаттарды кемелдендіреді. Осы сегіз сипатқа Абай ғылыми ізденіс
2155
негізінде өз тарапынан әділет пен рақымды қосады. Хакім «толық адам» болудағы басты
қажеттілік ақыл, әділет, рақым қасиеттерін аса дәріптейді. Бұл қасиеттер әр адамның
табиғатына тән болғанымен, адам бойында еңбексіз, ізденусіз, ғылым-білімсіз орныға
алмайтынын ескертеді [2,65]. Еңбек пен ғылым егіз. Осы екеуіне баланы тал бесіктен-ақ
баули білу ата-ананың басты міндеті. Абайдың жетінші қарасөзінде адамның дүниеге екі
түрлі құмарлықпен келетіні айтылады. «Құмарлық – адамды хайуаннан ірілендіретін өте
мәнді ұғым. Ол – тән құмары және жан құмары болып бөлінеді». Жас баланың бойында бұл
екі құмарлықтың таразысы тең келеді. Тән құмары ішсем, жесем, ұйықтасам деген және тағы
басқа биологиялық қажеттіліктер болса, жан құмары – білсем, көрсем, үйренсем деген
түсінік, ғылым-білімге ұмтылыс [3,136]. Жан құмары адамның бала кезінде ерекше
байқалатын мінез. Бала көзі көріп, құлағы естіген нәрселердің бәрін танымаққа ұмтылып, «ол
немене?» , «бұл немене?», «бұл неге бүйтеді?» деп сұрап тағат таппайды. Балалықта ешкімге
бой алдырмаған жан құмары адам ер жеткен сайын тән құмарына ерік беріп кетуі мүмкін.
Сол себепті балаға ерте жастан-ақ жанның құдіретін түсіндірген жөн.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Ақын «мен» мен «менікінің» аражігін ажыратып, жанды тәннен жоғары бағалайды.
«Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді», – дейді Абай. Жанды нығайту
жан құмарын қанағаттандырудан бастау алады. «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ.
Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?» [1, 420] дегендей білім мен ғылым
«толық адам» ілімінің маңдай алды формулалары.
«Толық адам» болуға бел буған адам «мені» «менікіне» алдыртпай, түп иені тануға
ұмтылады. Абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлының «Абайдың пәлсапалық лирикасында
орын алған басты мәселе – түп иені танып білу» деген пікірі бар [2, 82]. Түп иені тану –
ғылымдардың ғылымы. Абай Алланы тануда ақыл мен ғылымды серік еткенді жөн санап,
соқыр сенімге бас ұрғандарды «толық адамға» балау ағаттық дейді.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, –
деп ақын құдайды ойлаусыз, ақылға салмай-ақ таны деген ескілік догмасына
қарсылығын білдіреді [2, 61]. «Әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек» деген қағиданы
ұстанған хакім түп иені де ақылмен тануға үгіттейді. Алла өлшеусіз, адам өлшеулі.
Өлшеушізге өлшеулінің жете алмайтыны бар. Солай екен деп құдайтануға келгенде
ғылымнан бас тарту діни адасушылыққа апарары сөзсіз. «Абай діні – сыншыл ақылдың
шартты діні» [2, 70] – дейді М.Әуесов. Сыншыл ақыл адамға Алланың сипаттарын зерттеп,
оларды саралау арқылы өз бойындағы асыл қасиеттерді айқын тануға мүмкіндік береді. Адам
Алла мен өзін-өзі тануда ақыл-парасатқа жүгінсе, ескілік көлеңкесін тасалаған діни
догмалардан бастартып, «Өз пиғылдарыңды соған (Аллаға) өз халіңше ұқсатуды шарт қыл.
Алла тағалаға ұқсай алам ба деп надандық бірлан ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл
бірдейлік дағуасы бірлән емес, соның соңында болмақ» [1, 481] деген «толық адам» ілімінің
басты философиясын қабылдайды.
Ақыл-қайратсыз ғылым қонбайды, ғылымсыз «Ақиқат» таңылмайды. Ақыл-қайраттың
көп қырлылығы ғылымды да екіұшты етеді. Ғылым жаратылыс майданында жақсылыққа бек
адал болсын десек, ақыл мен қайратты жүрекке билетсек керек. Бұл тұжырым Абайдың он
жетінші қарасөзіндегі қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің айтысынан өрбиді. Абай қайрат, ақыл,
жүректің бар қасиетін таразыға салып, жақсылығы мен жамандығын саралайды. Қайраттың
орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен,
көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара
жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын пайдасымен қатар қаттылығына орай кейде
жамандықты берік ұстап кететін залалын әшкерелейді. Ақылдың дүние мен ахиретке не
пайдалы болса, не залалды болса білетұғын, ғылымның сөзін ұғатұғын пайдасын ескере
2156
отырып, амал мен айланың көзі де ақыл болатұғынын, ақылдың жақсы мен жаманның
қызметінде бірдей жүретіндігін де елеусіз қалдырмайды. Сөйтіп бұл үшеуінің басын қоспақ
ғылым екенін, бірақ сонда да билеуші, әмірші ақылдың көп қырына көнбейтін, жақсылыққа
құмар, қайратты еркіне жібермейтін жүрек болу керектігін айтады.
Абай философиясында жүректің орны бөлек. Жүрекке көп көңіл бөлген ақын оны адам
болмысының патшасы деп біледі. Өйткені жан жүректі мекен етеді. «Рақымдылық,
мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да
болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» [1, 433] деген сөзге дау жоқ. Жүрек ісіне ден қойған
адам ғана шынайы жаксылыққа жуық болады.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
«Иманигүл» деп аталатын осы үш сүю жүректен нәр алады [2, 74]. Алланы жаратушы
деп сүю, адамзатты оның бір мүшесі әрі жанашыры ретінде, әділетті азғындықтан
сақтайтұғын қасиет ретінде сүю «толық адам» руханиятының діңгегі. «Тірі адамның
жүректен аяулы жері бар ма?» – дейді Абай. Жүрек әр адамда бар. Бірақ жүректің бәрі аяулы
емес. Оның мәнісі – жүрек тазалығында. Жүректің туа біткен болмысы таза. «Тіл жүректің
айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деп ақиқатты да жүрекке ұялатамыз. Бар асылдың
мекені болған жүректі таза сақтау пенденің міндеті. «Толық адам» болудың мәні де жүрек
тазалығында, ал жүрек тазалығын адами қасиеттерді кемелдендіріп, ар-ұят пен иманның ала
жібін аттамасаң ғана кір шалмас. Жүрек тазалығының кепілі – ар-ұят пен иман. Абай: «Иман
деген – Алла тәбарака уатағаланың шәриксіз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа һәр неге
бізге пайғамбарымыз саллала Аллаһу һалайһи уа саллам арқылы жіберген жарлығына,
білдіргеніне мойынсұнып, иманмақ» [1, 480], – деп адамдарды имандылыққа шақырады. Құр
«иманмақтық» кәміл иман бола алмайды. Әйтеуір Аллаға сыйыну керек екен деп, көппен
көрген ұлы тойлатып амал қылу жүрек тазалығын қамтамасыз ете алмайды. Иманға
байланысты «Хакім Абай дүниетанымы» мақаласының авторы Құдияр Біләл былай дейді:
«Ең бастысы – әлгі иманның кәміл екендігін тексеріп қойған абзал. Оны қалай тексереміз?
Хакім Абайға жүгінелік: «Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек
керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей
болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей
болады деп айту мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние
қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес» [4].
Шынайы иман ниеттен бастау алады. Шын ниетімен дүниеден бөлек ахирет үшін иман
келтіріп, ахиретті дүниеден биік қоятын, дүние қамын ғана емес ахирет қамын жейтін,
ахиретке шын пейілімен сенетін адам. «толық адам».
Иманның бір мүшесі ұят. Абай: «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы,
иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты» [1, 474] деп, ұяттың
табиғатын түсіндіре кетеді. Ұят адамды рухани кеселдерге салынып кетуден тежейді. Рухани
кеселдерге салынбаған адамның жүрегі де ниеті де таза болмақ. Ұяты жоқ адамды иманды
деуге болмайды. «Пайғамбарымыз салалаһу ғалайһи уәсәлләмнің хадис шарифінде айтыпты:
«Мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ»
деген [1, 474] сөз иман мен ұяттың тығыз байланысын аңғартады. Бұл екеуінің бір-бірінсіз
күні жоқ. Екеуі адам бойына ұялап, ауруға шалдықпай тамыр жайса, жүрек таза қалпында
қалмақ. Жүрек тазалығы кемелділікке жетуге сеп болады.
Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі [5], –
деген өлең жолдарынан-ақ жүрек тазалығы пендені «толық адам» тұғырына
жетелейтініне көз жеткіземіз.
2157
Абайдың рухани мұрасы кез келген заманда өз өзектілігін жоғалтпайды. Ғаламдық
прогресс барысында материалдық құндылықты асырып келген адамзат рухани дағдарысқа
ұшырап отыр десек, асылық болмас. Материалдық игілікті алға тартып, рухани тәрбиеге көз
жұма қараудың салдары ХХІ ғасырда айқын көрініс тапты. Жаңа ғасыр материалдық игілік
пен рухани құндылықтың терезесін теңестірмек. Руханияттан алыстамау үшін біз рухани
жаңғыру үдерісін қолға алдық. Рухани жаңғыру Абайтанудан қуат алады. Абайтанушы
ғалым Д.Омаров: «Абай қалдырған мол мұра рухани жаңғырудың негізін береді, сондықтан
одан бұл маңызды мәселенің шешімін толық табуға болады» [6] деп, рухани жаңғыру
аясында Абайдың алар орнын ерекшелейді.
«Толық адам» ілімі де ХХІ ғасырда жаңа тыныс алмақ. Себебі замана қалпы «толық
адам» формуласының қыр-сырын зерттеуді талап етеді. Заманауи мәселелердің оңтайлы
шешімін «толық адам» формуласының қыр-сырын тану арқылы таба аламыз. Президентіміз
Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Біз Абайдың «толық адам»
тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға
алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген
саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының
негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» [7] деп, «толық адам» философиясының
қуаты мен қажеттілігі хақында маңызды тұжырым жасайды.
Хакім Абайдың «толық адам» ілімі рухани жаңғыру мен ХХІ ғасырдағы Қазақстан
дамуының қайнар көзі. Шығыс ғұламасы әл-Фараби:
Ғақлия көзбен қараса,
Дүние – ғажап, сен – есік.
Жаһлы көзбен қарасаң,
Дүние – қоқыс, сен – меншік [5], –
деп адамзатты кемелділікке шақырады. Осы күнге дейінгі дамудың мақсаты да дүниеге
ғақлия көзбен қарау емес пе? Абайдың «толық адам» философиясы – адамзаттың бәріне
ортақ мүддені көздеп, жүрек көзін ашып, дүниеге ғақлия көзбен қарауға мүмкіндік беретін
бірден-бір асыл мұра.