Рысқұлбекова Ә., Сейсенбаева К., Отыншинова Д., Жумашова А.
ӘДЕБИЕТТІК ОҚУ
Әдістемелік нұсқау
Жалпы бiлiм беретiн мектептiң 4-сынып мұғалімдеріне арналған
АЛМАТЫКІТАП БАСПАСЫ 2019
Рысқұлбекова Ә.,т.б.
Әдебиеттік оқу. Әдiстемелiк нұсқау: Жалпы бiлiм беретiн мектептiң 4-сынып мұғалiмдерiне арналған / Рысқұлбекова Ә., Сейсенбаева К., Отыншинова Д., Жумашова А.– Алматы: АЛМАТЫКIТАП БАСПАСЫ, 2019. – 278 б.
© Рысқұлбекова Ә., Сейсенбаева К., Отыншинова Д., Жумашова А., 2019
© «АЛМАТЫКIТАП БАСПАСЫ» ЖШС, 2019
АЛҒЫ СӨЗ
«Әдебиеттік оқу» пәні – ұлттық рух пен зиялылықты қалыптастыратын ғылым саласы. Бастауыш сыныптардан бастап, өзінің ана тілі мен әдебиетімен терең сусындап, рухани дамудың бастау бұлағы болатын бұл пәннің атқарар міндеті мен жауапкершілігі жоғары екендігі әрбір бастауыш сынып мұғалімі үшін ақиқат.
4-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығының мазмұны пәннің оқу бағдарламасының мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға, пәнді оқытудың түйінді әдіс-тәсілдеріне және ең бастысы, оқушының оқырмандық және қатысымдық дағдыларын қалыптастыру арқылы адамгершілік және әдеби-эстетикалық құндылықтар жөнінде түсініктерін кеңейтуге, сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, сөз өнерін сезінуге, көркем шығарма оқуға, әлем әдебиетімен танысуға деген қызығушылығын арттыруға арналғандығымен ерекшеленеді.
Оқу мақсаттары шиыршық қағидаты, іс-әрекет арқылы үйрену және сын тұрғысынан ойлауды дамыту, зерттеу тәсілдемелері жүйесінде берілгендіктен, алдыңғы 2, 3-сыныптарда игерген пәндік білімдер мен дағдыларды одан әрі жетілдіру, қалыптастыру біршама күрделенген оқу әрекеттері арқылы дамытуды көздейді.
Пәнаралық байланысты жүзеге асыру, басқа пәндерден алған білімі мен игерген дағдысын тиімді қолдана алу құзыреттілігін дамытуда ортақ тақырыптар арқылы сөйлеу әрекеттеріне арналған оқу мақсаттарын ашуда тәрбиелік мәні жоғары мәтіндер, өлеңдер мен әңгімелердің ұтымды таңдап алынғанын көре аласыздар. Яғни, авторлар ұжымы жинақталған теориялық және әдістемелік тәжірибелері арқылы жан-жақты шығармашылық ізденіс пен кәсіби талғаммен жұмыс жасауға еңбектенгенін көре аласыздар.
Пәнді оқытуда әр оқушыны белсенді оқу әрекетіне қатыстыру арқылы оқу мақсатына қадам-қадаммен жетуге жетелеп, өз бетімен білім алуға, түрлі қарым-қатынас құралдарын қолдануға, мәтіннің мазмұнын болжау, талдау жасау, салыстыру, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беру, қорытынды жасау, дәлелдер келтіру секілді танымдық және әлеуметтік, мінез-құлықтар, дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін тапсырмалар мен сұрақтар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай құрастырылып, ұсынылды.
«Әдебиеттік оқу» пәні «Қазақ тілі» пәнімен тығыз байланысты болғандықтан, грамматикалық, лексикалық тапсырмалар да кейбір тақырыптарда кіріктірілді. Себебі, ауызша, жазбаша сөйлеу шеберлігін дамыту арқылы функционалдық сауаттылықты қалыптастыруды басшылыққа алдық.
Сонымен қатар оқулықта берілген материалдар балалардың сөз өнеріне деген қызығушылығы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруына арналып, отандық және әлемдік балалар әдебиетінің озық үлгілерімен танысуы қажеттігі ескерілді.
Оқулықтың тұжырымдамалық негізін: жаңа оқу мақсатына қол жеткізу үшін алдыңғы білімін еске түсіру, ширату тапсырмалары арқылы жаңа тақырыпқа көпір орнату, түрлі белсенді оқу әрекеттері (жеке, жұпта, топта) арқылы жаңа білімді өз бетімен игеру, алған білімін қолдану, түрлі шығармашылық қабілеттері мен зерттеу дағдыларын дамыту, жаңа білімге рефлексия жасау, үй тапсырмасын түрлі қызықты мазмұнда орындау секілді бірізді жүйе арқылы беруге тырыстық.
Мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықта пәннің мазмұнын ұзақмерзімді жоспар және әрбір тақырып бойынша қысқамерзімді сабақ жоспары арқылы ұсынып отырмыз. Оқулықтың үш бөліміне арналып №1, 2 жұмыс дәптерлері жасалған. Жұмыс дәптерлерінде игерген білім мен тәжірибесін жеке бекіту үшін жазылым тапсырмалары және өзін -өзі бағалау қамтылды.
Әдістемелік нұсқаулықта әрбір сабақтың қысқамерзімді жоспарын ұсыну арқылы мұғалімдер қауымына біршама қолдау көрсеткіміз келді. Алайда бұл сабақ жоспарларын әр мұғалім өзінің кәсіби шеберлігіне және оқушылардың қажеттілігіне сай өзгерістер енгізіп қолданғаны жөн деп санаймыз.
Оқушылар әдебиет арқылы жалпы адамзат, әлем туралы білім алып, шығармадағы кейіпкерлердің іс-әрекетіне, мінез-құлқына, сөйлеген сөзіне талдау жасай отырып, адамдардың жан-дүниесін түсінуді және оған өз көзқарасын білдіруді үйренеді.
мен ұсыныстарды info3-klass@mail.ruэлектронды поштаға жіберулеріңізді сұраймыз.
Көркем шығарманы сезіммен қабылдап, түсінуі, санасында қайта жаңғырта алуы және шығармадан қабылдағанын өзінің шығармашылық әрекетінде жүзеге асыруға ұмтылуы арқылы функционалдық сауаттылығын қалыптастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |