3 1 5 Ертегілерді оқытуға байланысты істелінетін жұмыстардың басты
ерекшеліктерін атаңыз.
Ертегілерді оқытуда басты мәселелер
Ертегілердің жанрлық ерекшелігін таныту
Ертегі мәтінін мазмұндату жұмыстары
Ертегіге әдеби талдау жүргізу
Оқулықтарда ертегілердің қара сөзбен жазылған түрлерімен қатар, өлеңмен жазылған түрлері де берілген.
Ертегілер 5-9-сыныптарда оқытылады. Қай жанрда жазылған ертегі болсын, балалар оны ерекше қызығушылықпен оқиды. Балаларды тартатын – оның қиял-ғажайып оқиғалары, бас кейіпкерлердің басынан кешетін небір қызықты істері, батырлығы, жүректілігі сияқты қасиеттері. Оқиға қызығымен кететін балаларға ертегі арқылы қандай білім беруге болады, икем-дағдысына қандай талаптар қою керек? Міне, бұл мәселелер әр мұғалімді толғантуы, ойландыруы тиіс. Ертегілерді оқытуда ең басты мына мәселелерге көңіл бөлу керек.
- Ертегілердің жанрлық ерекшелігін таныту. Яғни әдеби-теориялық ұғымдар беру;
- Сюжет пен композициядағы жымдастық, тұтастық, өзіндік ерекшеліктерді білдіру;
- Тіл құрылысы ұйқаспен, тақпақпен келуі, баяндау, суреттеу, портреттеу шеберлігі, бейнелі сөздердің мол келуі, оқиғалардың қызықтығы, жатықтығы. Ертегінің бай тілі – халқымыздың ғасырдан-ғасырға келе жатқан байырғы, тарихи тілі екендігі.
- Ертегі негізінде халқымыздың асыл арманы, ұшқыр қиялы, гуманизмі, адамдық биік мінез-құлқының, тыныс-тіршілігінің айнымай көрінуі. Қай ертегі болмасын, халық арманына, тілегіне сай, тек жақсылықпен, бақытқа жетумен аяқталады.
Ертегілерді оқытуда қандай әдіс-тәсілдер, оқу формалары, сабақ типтері тиімді саналады?
«Ең алдымен, оқушыларға ертегіні оқыту, мазмұнын толық меңгерту мәселесін ойластыру керек. Мазмұнын меңгерте отырып, оның негізіндегі идея, айтайын деген терең ой туралы сөз қозғау. Мазмұнын меңгертуде мәнерлеп оқу, әңгімелеу, баяндау, мазмұны тұтас сақталынған толық жоспар, ең басты оқиғаларға негізделген тұжырымды жоспар, эпизодтарға бөлу, әр эпизодқа ат қою, сұрақтар, тапсырмалар жүйесін ойластыру, оқушылардың қабілеті, икем-дағдысын арттыруға байланысты жұмыс түрлерін жүргізу, соның ішінде өтілгелі отырған ертегіге сәйкес ертегілер құрастыруға баулу. Пікір айта білу, өз беттерімен талдауға дағдыландыру, мәтінге жуық мазмұндату, басты оқиғаларды ғана қамтып, мазмұндату мәселелерін ойластыру. Ертегілерді оқыту жолдарын «Керқұла атты Кендебай» ертегісі (5-сынып) арқылы қарастырайық.
Ертегі мазмұнын толық меңгерту, мәтінді оқыту мақсатында, әрі мұның оқушылар оқығалы отырған тұңғыш көлемді ертегі екенін ескеріп, мұғалім оны эпизодтарға бөліп, көрнекі етіп жазып қояды. Оқу, талдау барысында сол бөліктерге оқушыларға ат қойғызады. Ертегіні мына эпизодтарға бөлуге болады:
І. Кендебайдың тууы және Керқұла құлын тарихы.
ІІ. Мергенбай батырдың баласы, оның басынан өткен жайлар.
ІІІ. Кендебайдың Мергенбайды іздеп, сапарға аттануы, Керқұланың көмегі.
ІҮ. Кендебайдың малшы болуы.
Ү. Алтын құйрықты құлын тарихы. Оны Кендебайдың тауып, хан қолына табыс етуі.
ҮІ. Ханның жаңа шарты, Кендебайдың оны да орындауы.
ҮІІ. Ата-анасына қосылып, баланың бақытқа жетуі. Кендебай батырдың елі.
Ертегіні оқу барысында мұғалім: «Балалар, қазір мына эпизодты оқимыз, онда қандай оқиғалар болады екен, кәне, тыңдап отырайық», - деп, олардың назарын үнемі негізгі эпизодтарға аударып отыру керек. Эпизодты оқып болған соң, сұрақтар арқылы қолма-қол мазмұндатудың маңызы зор болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |