әдістемелік материалдар 2013 жылғы №2 басылым


Тақырып 8. Оқыту үрдісі: мақсаты, міндеттері, қызметі. Оқыту әдістері,формалары, ұстанымдары, заңдары. Мақсаты



бет32/49
Дата22.10.2022
өлшемі0,76 Mb.
#44937
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   49
Байланысты:
?ä³ñòåìåë³ê ìàòåðèàëäàð 2013 æûë?û ¹2 áàñûëûì

Тақырып 8. Оқыту үрдісі: мақсаты, міндеттері, қызметі. Оқыту әдістері,формалары, ұстанымдары, заңдары.


Мақсаты : Дидактика туралы ұғымның мазмұнын ашу .Оқыту әдістері туралы мәлімет беру, қолдану жолдарымен таныстыру, дүрыс таңдау принциптерімен таныстыру.
Оқудың сынып-сабақтық формасының ерекшелігімен таныстыру, сабаққа қойылатын негізгі талаптармен таныстыру.


Жоспар:
Дидактика туралы ұғым, оның негізгі категориялары.
Оқу процесінің қызметтері.
Оқу заңдары, заңдылықтары және принциптері.
Заңдар, заңдылықтар және принциптер мен ережелер жөнінде түсінік.
Принциптер және оларға байланысты оқу ережелері.
Оқыту әдіс- тәсіл және ережелері түсінігі мен мәні.
Оқыту әдістерін топтастыру.
Оқытуды ұйымадастырудың негізгі формасы туралы түсінік.
Оқытудың сабақтық-сыныптық формасы.
Сабаққа қойылатын негізгі талаптар.


1.Біртұтас педагогикалық процесті құраушы екі басты бірліктің біреуі – оқу процесі. Бұл процесс өте күрделі, сипаты жағынан ол тек тəрбие жəне даму процестерінен кейін тұруы мүмкін. Сондықтан оған толық та жан-жақты анықтама беру қиынға соғады. Оқу процесі əр текті жəне табиғаты жағынан əртүрлі көптеген жағдаяттардың мың санды байланыстары мен қатынастарын қамтиды. Процесс анықтамаларының көптігі де осыдан болар.
Ежелгі жəне ортағасырлық ойшылдардың шығармаларында “оқу”, “оқу процесі” ең алдымен мақсаты - оқушы болған оқыту қызметін (преподавание) білдірген. Ғасырымыздың басында оқу ұғымы енді осы процесті құрайтын екі бірлікті – оқыту қызметі мен оқып- үйренуді қамтитын болды. Оқыту – оқу материалын игеруге ынталандырушы мұғалімдердің қызметін, ал оқып- үйрену (учение) ұсынылған білімдерді игеруге бағышталған оқушылар іс-əрекетін танытады. Кейінгі жылдары «оқу» ұғымы оқушылардың танымдық іс-əрекет тəсілдерін қалыптастырушы мұғалімнің басқару іс-əрекетін де , мұғалімдер мен оқушылардың бірлікті іс-əрекетін де аңдататын болды. Мұғалім мен оқушының бірлікті іс-əрекеті болған оқу процесінің мəні оқыту мен оқып үйренудің бірлігін аңдатады. Бүгінгі түсінім тұрғысынан оқу келесі белгілерімен сипатталады:
1) екі тараптылық;
2) мұғалім мен оқушының бірлікті əрекеті;
3) басқарым мұғалім тарапынан;
4) жоспарлы ұйымдасу жəне басқару;
5) біртұтастық жəне бірлік;
6) оқушылардың жас даму заңдылықтарына сəйкестік;
7) оқушылардың дамуы мен тəрбиесіне жетекшілік.
Оқу жəне білімдену проблемалары педагогиканың дидактика деп аталатын бөлімінде зерттеледі. «Дидактика» термині грек тілінен енген, аудармасы «үйретуші» дегенді білдіреді. Алғашқы рет бұл сөз неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571-1635) шығармаларында қолданылып, оқыту өнері мəнін аңдатқан. Ал Я.А.Коменский дидактиканы «баршаны барлық нəрсеге
үйретудің əмбебап өнері» деп түсіндірген. XIX ғасырдың басында неміс педагогы И.Гербарт дидактиканы тəрбиелеп оқытудың өз алдына тұтас жəне қайшылықсыз теориясы ретінде таныған. Дидактиканың негізгі міндеттері В.Ратке заманынан бермен қарай бірде өзгерместен келе жатыр. Олар: нені үйрету жəне қалай үйрету проблемасын шешу; қазіргі заман педагогикасы бұларға қоса –қашан, қай жерде, кімді жəне не үшін оқыту қажет деген мəселелерді қарқынды зерттеуде. Дидактиканың негізгі категорияларын танытушы келесі ұғымдар белгіленген: оқыту, оқып-үйрену, оқу, білімдену, білім, ептілік, дағды, сонымен бірге оқу мақсаты, мазмұны, ұйымдастырылуы, түрлері, формалары, əдістері, құрал-жабдықтары, нəтижесі (өнімі). Дидактикалық жүйе жəне оқу технологиясы да осы категориялық ұғымдар тұрғысынан танылуы тиіс. Осыдан қысқа да ауқымды анықтама келіп шығады: дидактика- бұл оқу жəне білімдену, олардың мақсаттары, мазмұны, əдістері, құрал-жабдықтары, ұйымдастырылуы мен нəтижелері жөніндегі ғылым.
Дидактика өз пəні аймағында іске қосылатын заңдылықтарды зерттейді, оқу процесінің барысы мен нəтижесіне негіз болар тəуелділіктерді талдайды, жоспарланған мақсаттар мен міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуші əдістер, ұйымдастыру формалары мен құрал-жабдықтарын белгілейді. Осының арқасында ол екі басты функцияны атқарады: 1) теориялық (диагностика жəне болжастыру); 2) практикалық (қалыпты іс-əрекет, құралдар дайындау).
Дидактика барша пəндер бойынша жəне оқу іс-əрекетінің барлық деңгейіне орайластырылған оқу жүйесін біріктіреді. Зерттелуші болмысты қамту шеңберіне байланысты дидактика жалпы жəне жекеленген болып бөлінеді. Жалпы дидактиканың зерттейтін пəні: оқыту мен оқып үйренуді, оларды туындатқан жағдаяттары мен оларды орындау шарттары жəне соның арқасында жетілетін нəтижелерімен бірге анықтау. Жекеленген (нақты) дидактика оқыту əдістемесі деп аталады. Ол əртүрлі оқу пəндерінің желісін, мазмұнын, оқыту формалары мен əдістерін қарастырады. Əр оқу пəні өз əдістемесіне ие.
Дидактикалық процесс мəнін түсіну үшін «оқу» жəне «оқу процесі» түсініктерінің мəн-мағынасын ажыратып алған жөн. Кейде бұл категориялар теңдестіріле қарастырылады. Іс жүзінде олай емес. «Оқу» түсінігі құбылысты білдіреді, ал «оқу процесі»- бұл процестің уақыт жəне кеңістікте дамуы, оның кезеңдерінің бірізді ауысып баруы.
Ұзақ уақыттар желісінде оқу процесі негізінен оқыту қызметі ретінде қарастырылды, яғни мұғалім жұмысы деп есептелінді. Уақыт өтумен бұл түсінікке кең мағына беріліп, оқушы іс-əрекеттеріне ерекше назар аударылатын болды.
Оқу процесі бірнеше қызметтерді – білімдендіру, дамыту, тəрбиелеу, ынталандыру жəне ұйымдастыру – атқарады. Бұлардың бəрі кешенді іске қосылады, алайда, тəжірибелік іс-əрекетті дұрыс ұйымдастыру, оқу міндеттерін тиімді жоспарлау үшін олардың əрбірін өз алдына қарастырған жөн.
Оқу процесінің білімдендіру қызметі ең алдымен білім, ептілік, дағдыларды, шығармашылық іс-əрекет тəжірибесін қалыптастыруға бағытталады.
Білім (знание) – бұл деректер, мəлімет, ұғымдар, ережелер, заңдар, теориялар, формулалар мен сипаттамаларды , т.с.с. түсіну, есте қалдырып, қажеттікке орай қайта жаңғырту.
Оқу барысында ғылыми білімдер тұлға меншігіне айналып, оның тəжірибелік қорына енуі қажет. Бұл қызметтің іске асырылуынан білім толықтығы, жүйелілігі жəне саналылығы, оның бекімі мен əрекетшеңдігі қамтамасыз етіледі. Оқушы ғылым негіздері мен іс-əрекет түрлері бойынша мəліметтер жинақтайды, игерілген білімдерді саналы пайдалана білу негіздері қаланып, оларды тұрмыстық міндеттерді шешуге қолдануға үйренеді.
Білімдендіру қызметі сонымен бірге оқушыға тек білім игертіп қана шектелмей, олардың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыруға арқау болады.
Ептіліктер – бұл адамның ережелерге сүйене отырып, қандай да нақты əрекеттерді орындау қабілеті. Дəлірек айтсақ, ептілік дегеніміз – білімді практикамен байланыстыра қолдану тəсілдерін, жолдарын меңгеру.
Дағды – бұл саналы іс-əрекеттің автоматтастырылған бірлігі. Басқаша айтсақ, дағды – ойланбай орындалатын, жоғары дəрежеде жетілген ептілік.
Ептілік жаттығулар нəтижесінде қалыптасады. Дағды қалануы үшін көп санды қайталаулар қажет.
Ептіліктер мен дағдылар жалпы оқулық жəне арнайы оқулық болып ажыралады.
Арнайы оқу ептіліктері мен дағдылары нақты оқу пəні мен белгілі ғылым саласына байланысты қалыптастырылады. Мысалы, физика, химия пəндері бойынша – зертханалық тəжірибелер өткізу, заттай көрнекіліктер пайдалану; географиядан – картамен жұмыс, масштабты өлшемдер, компас не басқа құралдарды қолдану; математикадан – логарифмдік сызғышпен, есептеу машиналарымен, əрқилы модельдермен жəне т.б. жұмыс алып бару ептіліктері мен дағдылары орнығады.
Арнайылардан тыс оқу процесінде оқушылар барша пəндерге қатысы бар жалпы оқу ептіліктері мен дағдыларын да игереді. Мысалы, оқу жəне жазу дағдылары; өзіндік таным жұмыстарын тиімді ұйымдастыру ептіліктері; оқулық, анықтамалар, библиографиялық тізімдермен жұмыс.
Оқу процесі білім беру қызметімен бір уақытта тəрбиелік міндеттерді де іске асырып барады. Оқудың тəрбиелік қызметтері осы əлеуметтік процестің өз табиғатына орай орындалады. Осыдан оқу процесінде оқушыларда көзқарастар, ғылыми дүниетаным, табиғат, қоғам жəне ойлау заңдылықтарын пайымдау, қоғамдық талап, тəртіп нормаларын мойындау əрі оған байланысты заңдарға бойсыну қабілеттері қалыптасады. Тұлғаның қажетсіну сезімі, іс-əрекеттік, əлеуметтік мінез-құлық, құндылық жəне құндылықты бағыт-бағдарлар да осы оқу процесінде пайда болып, жетіліп отырады.
Білім беру жəне тəрбиелеу қызметтерімен бір қатар оқу процесі балаға дамыту ықпалын да жасайды. Оқып, білім игере отырып, оқушы жан-жақты дамуы тиіс, яғни тұлғаның сөйлеу тілі, ой толғауы, сезімдік жəне қозғалыс ептіліктері көңіл-күй-еріктік, қажетсіну қабілет-қасиеттері ілгерілі даму өзгерістеріне келеді. “Даму басы - оқу”(Л.С.Выготский)- бұл аса маңызды психологиялық заңдылық. Сабақ барысында мұғалім қаруы болған білім мазмұны, ол қолданған оқу формалары мен əдістері, сондай-ақ оқушылардың белсенді, саналы да əрқилы іс-əрекеттері – бəрі де даму өзегі.
Дұрыс ұйымдастырылған оқу əрқашан дамыту қызметін атқаратыны сөзсіз, дегенмен оның нəтижелі іске асуы арнайы бағыт-бағдардың болуына тəуелді. Педагогика теориясы мен тəжірибесінде дамыту мақсатына орай ерекше оқу технологиялары нақтыланған:
- ақыл-ой əрекеттерін кезеңмен дамыту бағыты (И.Я.Талызина);
- теориялық материалдар көлемін арттыра беру (Л.В.Занков);
- жоғары қарқын жəне қиыншылық деңгейінде оқыту (Л.В.Занков);
- оқушылардың өз оқу əрекеттерін сезінуін қамтамасыз ету (Л.В.Занков);
- проблемді оқыту (А.М.Матюшкин, М.И.Махмутов);
- оқудың дамытушы əдістер жүйесін қолдану (И.Я. Лернер, М.Н.Скаткин);
- оқудағы мазмұндық қорытындылау тұжырымы (В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин);
- оқушылардың танымдық іс-əрекеттерінің белсенділігін көтеру əдістерін қолдану (Г.И.Щукин);
- төңіректері қоғам, адам, өнермен қатынастардан болатын толғаныс, көңіл-күй, сезімталдық дамыту жолдары пайдалану арқылы оқу тиімділігін арттыру бағыты (Д.Кабалевский, И.Волков).
Білім беру, тəрбиелеу жəне дамыту қызметтерімен қатар педагогика ғылымында оқудың ынталандыру жəне ұйымдасу қызметтері де өз алдына қарастырылуда.
Оқу процесін шəкірттерді алдағы оқу-танымдық жұмыстарға еріксіз тартатындай, келер сабаққа ынтық болып күтетіндей дəрежеде құрастыру, оқушыны жаңаны білуге ынталандыратындай етіп ұйымдастыру қажет.
Оқу процесінің жоғары да аталған барша қызметтері бір-бірінен оқшауланған құбылыстар емес, олардың бəрі өзара шартты байланыста əрі сабақ бөліктері мен кезеңдерінің бəрінде бірдей орындалып барады.
Оқу теориясының негізгі құрылым бірліктері – бұл ғылым тарапынан анықталған заңдар мен заңдылықтар. Заңдар мен заңдылықтар құбылыстар, процестер мен олардың нəтижелері арасындағы жалпы, объектив, тұрақты жəне қайталанып келетін байланыстар мен тəуелділіктердің мəнін ашады. Дидактикалық процестің негізін құрайтын аса маңызды жəне негізгі заңдылықтар мен заңдар оқу принциптері немесе дидактикалық принциптер деп аталады. Бұл принциптер арқасында оқу процесіне қатысы бар көптеген заңдылықтардың мəн-мағынасы ашылады, мұғалімдер мен оқушылардың қызметтері реттеледі, барлық оқу пəндерін өтуде жəне оқудың барша кезеңдерінде олар өздерінің жалпы мəнін сақтайды. Принциптер дидактикалық процестің біртұтас концепциясын құрай отырып, табиғи бірлікте əрекетке келеді. Қазіргі кезеңдегі оқу жүйесінің ірге тасын Я.А. Коменский қалаған. Ғұлама- педагог пікірінше, оқудың негізі – табиғи сəйкестік принципі, ал барша қалған принциптер осы табиғи сəйкестікке сай бірізді іске асырылып барады. А.Дистервег бұл жүйені жаңа талаптарға негізделген нақты ережелермен толықтырды. Бұл ережелер 1) оқу мазмұнына; 2) оқытушыларға; 3) оқушыларға қатысты болды. К.Д.Ушинский тиімді оқуға қажет келесі шарттарды белгілеп берді: уақытқа сай болуы, бірізділік, табиғилық, тұрақтылық, игеру беріктігі, анықтығы, оқушылардың дербестік əрекеті, жүктемелердің аса ауыр не өте жеңіл болмауы, дұрыстық.
Қазіргі заман гуманистік дидактикасында оқу принциптері табиғи сəйкестік басты принципінің төңірегінде жүйелі біріккен. Бұл жүйедегі дидактикалық принциптер төмендегідей:
1) саналылық жəне белсенділік;
2) көрнекілік;
3) жүйелілік жəне бірізділік;
4) беріктік;
5) түсіністік;
6) ғылымилық;
7) көңіл-күй;
8) теория мен практиканың байланысы.
Принциптер нұсқау-көрсетпе (норматив) қызметтерін атқарады. Олар мұғалімге кейбір жағдайларда қандай əрекетке келуі жөнінде тек кеңес немесе сілтеме беріп қоймайды, жалпы заңдылықтар ретінде бұл принциптер педагогикалық əрекеттер бірлігіне негіз қалаумен бірге олардың толық орындалуын талап етеді.
Принциптерді білу жəне оларды оқу-тəрбие процесінде толықтай іске асыру педагогикалық шеберліктің негізін құрайды жəне ол педагогикалық біліктілікті анықтауда алдымен ескеріледі.
Педагогиканың принциптік талаптары ережелер жүйесі арқылы іске асырылады. Ереже – бұл педагогикалық іс-əрекеттің нақты жағдайларда белгілі мақсаттарға жеткізу тəсілінің суреттемесі (описание). Көбіне оқу ережесі деп қандай да принципті қолданудың жеке тараптарын ашып беретін жетекші тұжырымдарды түсінеміз.
Неміс педагогі Э. Мейман бірнеше ерекше заңдарды негіздеп, ұсынды:
- жеке адамның дамуы əуел бастан көбіне оның табиғи нышандарына тəуелді жүріп жатады;
- ең алдымен бала тіршілігі мен оның қарапайым қажеттерін қанағаттандыруға арналған сапа-қасиеттер дамиды;
- балалардың жан жəне тəн дамуы əрқилы деңгейде өтеді.
Теоретиктер мен практиктер ашып, бүгінгі педагогикаға енгізген заңдылықтар саны ұланғайыр (мысалы, И.П.Подласый өз оқулығында 70-тен астам заңдылықты хаттаған).
Оқудың əрқилы заңдылықтарын реттестіріп, жинақтауға орай, оларды жалпы жəне жеке (нақты) заңдылықтар деп бөлу қабылданған.
Жалпы заңдылықтар қалаған білім беру процесіне тəн болып, оқудың бүкіл жүйесін қамтиды. Олардың арасында аса көп еленетіндері:
- оқу мақсаттары. Оқу мақсаты қоғам дамуының деңгейі мен қарқынына, оның қажеттері мен мүмкіндіктеріне, педагогика ғылымы мен практикасының даму деңгейі мен жетістіктеріне байланысты;
- оқу мазмұны. Оқу мазмұны қоғамдық қажеттер мен оқу мақсаттарына, ғылыми-техникалық жəне əлеуметтік процестің қарқынына, оқушылардың жас мүмкіндіктеріне, оқу теориясы мен практикасының даму деңгейіне, оқу мекемелерінің материалды- техникалық жəне экономикалық жағдайларына тəуелді келеді;
- оқу сапасы. Оқу сапасы өткен кезеңдегі оқу процестерінің нəтижелілігіне, оқу материалының сипаты мен көлеміне, мұғалімнің ұйымдастыру – педагогикалық шеберлігіне, оқушының оқып-үйренуге болған қабілетіне, оқу уақытына байланысты;
- оқу əдістері. Дидактикалық əдістер тиімділігі əдістерді білу мен қолдану ептілігіне, оқу-мақсаттарына, мазмұнына, оқушылардың жеке деңгейі мен оқуды меңгеру қабілетіне, материалдық-техникалық қамсыздығына, оқу процесінің ұйымдасуына тəуелді;
- оқуды басқару. Оқудың нəтижелі болуы оқу жүйесіндегі кері байланыстың жеделдік сипатына, реттеу-түзету ықпалдарының орынды келуіне орайласады;
- оқуға ынталандыру. Оқу нəтижесі шəкірттің білім игеруге деген іштей ынта-ықыласы мен оқу əрекеттерінің өзіне тəн тартымына (внутренние стимулы);
оқу əрекетіне мүмкіндік жасаушы сыртқы жағдайлар (қоғамдық, экономикалық, педагогикалық).
Жеке (нақты) заңдылықтар оқу жүйесінің кейбір тараптарына орай іске қосылады. Оқу процесінің жеке (нақты) заңдылықтары:
- дидактиканың тек өзіне тəн (оқу нəтижесі қолданылған оқу əдістері мен құрал-жабдықтарына, оқытушының кəсіби шеберлігіне жəне т.б. байланысты);
- таным теориясына (гносеологиялық) сай (оқу нəтижесі оқушылардың танымдық белсенділігіне, ептілігіне жəне оқуды қажетсінуіне, т.б. тəуелді);
- психологиялы? (оқу нəтижесі шəкірттердің оқу-үйрену мүмкіндіктеріне, зейін деңгейі мен тұрақтануына, ой-ақыл ерекшеліктеріне жəне т.б. байланысты);
- əлеуметтік (жеке адамның дамуы төңірегіндегі басқа адамдармен тікелей не жанама қарым-қатынасына, қоршаған ортаның ақыл-парасат дəрежесіне, мұғалімнің оқушымен қатынас жасау стиліне жəне т.б. тəуелді);
- ұйымдастырушылық (оқу процесінің тиімділігі оның ұйымдастырылу дəрежесіне, сол процестің оқушыда оқуға болған ынтаны, қажеттікті тəрбиелеуге бағытталуына, таным қызығушылығын қалыптастыруына, қанағаттану лəззатына бөлеп, танымдық белсенділікті қанаттандыруына жəне т.б. тікелей байланысты);
Оқу заңдылықтарының нақты көріністері принциптерде жəне оларға орай қабылданған ережелерде байқалады.
Ережелер мұғалімге қандай да бір жағдайларда нақты əрекеттерді жасауға сілтеме беріп, белгілі бір талаптарды орындауға бағыттайды. Ал бұл нұсқаулардың қалай орындалуы мұғалімге тəуелді. Мысалы, оқушы сабақ басына кешігіп, сыныпқа қоңыраудан соң кіріп келді. Мұндай жағдайда мұғалім ережеге сай оқушыға қандай да ықпалды əрекет жасауы қажет, себебі тəртіп бұзу ескерусіз қалмауы тиіс. Ал бұл ескерту қалай орындалады- оның жолы бүтіндей жəне толығымен нақты ситуацияға, оқушы тұлғасына, мектепте қабылданған тəртіптерге, қалыптасқан қатынастарға жəне көптеген басқа да себептерге байланысты.
Білімдену процесінің табысты болуы көбіне қолданылатын оқу əдістеріне тəуелді.
Оқу əдісі – білім игеру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған оқытушы мен оқушының бірлікті іс -əрекеттік қимыл - тəсілдері. Оқу мақсаты жолындағы ұстаздың оқыту жұмысы мен шəкірттің оқып- үйрену əрекеттерінің өзара байланыстылығы жəне анайылығы осы оқу əдісінен көрінеді.
Дидактикада кең қолданым тауып жүрген жəне бір түсініктер легі –бұл “оқу тəсілі” жəне “оқу ережелері”.
Оқу тəсілдері- оқу əдісінің құрамды бөлігі немесе бір қыры, яғни жалпы “əдіс” түсінігіне байланысты жалқы ұғым. Бұл екі ұғымды өз алдына шектеп болмайды, олардың ара қатынасы ауыспалы, өзгермелі.
Кей жағдайларда əдіс педагогикалық міндетті шешудің дербес жолы есептелсе жəне бір ықшам оқу-
тəрбие мəселесіне орай- тəсіл болуы мүмкін. Мысалы, егер мұғалім жаңа білімдерді сөздік, ауызша əдіспен (түсіндіру, əңгімелеу, сұхбат) ұсыну барысында көрнекі құралдарды пайдаланса, онда бұл көрнекілік –тəсіл ретінде қабылданады. Егер де көрнекіліктер білім игертудің негізгі құралы болып, солар негізінде оқушылар жаңа білім ақпараттарын қабылдаса, онда көрнекілік - əдіс, ал мұғалімнің қалған оқу іс-əрекеттерінің бəрі тəсіл болып есептеледі.
Сонымен, əдіс көптеген тəсілдерден құралады, бірақ олардың жəй жиынтығын білдірмейді. Тəсілдер арқылы оқытушы мен оқушының оқу жұмыстарын орындаудағы өзіндік ерекшелігі көрініп, оқу субъекттері іс-əрекеттеріне даралық сипат береді.
Оқу ережелері (дидиактикалық ережелер) – оқу процесінің қалыпты педагогикалық жағдайларында қандай жəне қайтіп əрекет жасау қажеттігін көрсететін нақты ұсыныс.
Ереже əрқандай тəсілдің сипаттамасы, норматив моделі есебінде қолданылады. Нақты міндет шешіміне пайдаланатын ережелер жүйесі - əдістің норматив-сипаттама моделін құрайды.
Оқу əдістері – тарихи категория. Өндіріс күштерінің деңгейі мен өндірістік қатынастар сипаты педагогикалық процестің мақсаттарына, мазмұнына, құрал жабдықтарына өз ықпалын тигізеді. Олардың ауысуымен оқу əдістері де өзгеріске келеді.
Қоғамдық дамудың алғашқы кезеңдерінде өскелең əулетке тəжірибе өткізу ересектер мен балалардың бірлікті іс-əркеттік процесінде орындалып жатты. Бұл дəуірлердегі басты оқу əдісі еліктіру, еліктеу жолымен іске асты. Ересектер қалай əрекетке келсе, балалар соны қайталап, қорек табу, от жағу, киім-кешек дайындау ж.т.б. үйренді. Негізгі оқуды өзгертпей, қайта жасау (репроедуктив), (“мендей етіп істе”) əдісі алынды. Кейінгі замандардағы барша əдістер осы қайталай жасау əдісінен өз бастауларын алды.
Мектептердің ресми формаларының ұйымдастырылуы заманынан оқудың сөздік (ауызша) əдістері пайда болды. Мұғалім дайын ақпаратты сөзбен жеткізіп отырды, оқушылар оны есіте отырып, игерумен болады. Қоғамға жазудың келуі, кітап баспасының өркендеуі, білімді жария етуде, жинақтауда жəне əулеттен əулетке жеткізуде (код) таңбаны пайдалануға мүмкіндік берді. Енді сөз негізгі ақпарат ұсыну құралына айналып, ал кітап бойынша оқыту мұғалім мен оқушының ең көп тараған өзара ықпал жасау əдісі болды.
Кітап əрқилы қолданылды. Ортағасыр мектебінде оқушылар негізінен діни мазмұндағы мəтіндерді қарадүрсін жаттаумен шектелді. Осыдан жалаң, жаттанды оқу (догматикалық) əдісі үрдіске айналды.
Бұл əдістің сəл жетілген түрі сұрақ қою, дайын жауаптар берумен (софистика) байланыстырылды.
Ұлы жаңалықтар ашу жəне ойлап табу дəуірінде бұрын оқытудың жалғыз- ақ жолы болған сөздік əдіс өз маңызын жоғалта бастады. Өркендеудегі қоғам қажетіне орай оқу процесіне бақылау, эксперимент, өзіндік жұмыс, жаттығу,
яғни оқушыда белсенділік, саналылық, ынталылық оятуға бағытталған əдістер ене бастады. Көрнекі оқу əдісі де кең тарады.
XІХ-ХХ ғ.ғ. шектерінде сөздік əдіске балама ретінде бала қажеттері мен қызығуларын біршама толық ескеретін, оның өзіндік əрекеттерінің дамуына жол ашатын эвристикалық (шығармашылдық) əдіс маңызды орын иелей бастады. “Кітаби” əдістердің орнына “табиғи” əдістер келді. Яғни оқу шынайы болмыс, қоршаған дүниемен байланыстырылатын болды. Ұстаз бен оқушыны енді оқудың практикалық əдістерін қажет ететін “іс-əрекет арқылы оқып- үйрену” əдісі қызықтыра бастады. Мұндай оқуда қол еңбегіне, еңбекпен байланысты іс-əрекеттерге, сонымен бірге оқушылардың кітаппен жұмыс істеуіне көп мəн беріліп, балалардың өз тəжірибесі негізінде дербестік қабілетін дамыту басты назарға алынды. Шамалап ізденіс, зерттеу əдістері қалыптасты. Дегенмен, білім дамуының əр кезеңдерінде қолданымға келген əдістердің қай-қайсысы да өз бетінше жеке қажетті педагогикалық нəтижені қамтамасыз ете алмайды. Оқу əдістерінің əрбірі өз алдына əмбебап қызмет атқармайды. Оқу барысында əрқилы əдістерді өзара байланыстыра қолдану, пайдалану ғана тиімді өнімін береді.
Оқу əдістерін топтастыру
Осы заманғы педагогикалық процесте қолданылатын əдістер саны, түрі орасан көп. Осыдан, оларды ғылыми топтастыру қажеттігі туындайды. Бұл оқу əдістеріндегі жалпылық пен жалқылықты мəнділік пен кездейсоқтықты анықтауға жəрдемдеседі, оларды мақсатқа орай əрі тиімді пайдалануға себін тигізеді.
Қазіргі күнде педагогикада əдістерді топтастырудың үш жолы кең танылған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   49




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет