ЕХРО – Парижден Астанаға дейін
EXPO халықаралық көрмесінің даму тарихына қарап, сан алуан
қызықты әрі маңызды жайттарды аңғаруға болады. Мәселен, соғыстан
кейінгі жылдары АҚШ пен ССРО арасында ғарышты игеру бәсекесінің
басталғанын жақсы білеміз. Кейіннен бұның жаппай қарулану жарысына
ұласқаны белгілі. «Қырғи қабақ» соғыстың осы белгілерін сол кездегі EXPO
көрмелерінің архитектурасынан анық байқауға болады екен. Әрбір держава
жеке павильон-ғимаратын барынша үлкен етіп салып, өз басымдығын
көрсетуге тырысты.
Сол кезде Қазақ елі халықаралық саясатқа бүгінгідей араласпаса да,
еліміздің күміс көмей, жез таңдай әншілері шетелдік публиканы өзіне
қаратып, мойындата білді. Ал жаңа ХХІ ғасырдың басында біз осынау
ауқымды шараны өз жерімізде өткізгелі отырмыз. Көрме шежіресіне
қысқаша шолу жасай отырып, Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу
тарихын да байқауға болатындай.
Әлемге қазақ әнін әуелеткен – Әміре...
Осыдан бір ғасырдай бұрын қазақтардың Париж қаласында өткен
EXPO дүниежүзілік көрмесіне алғаш рет қатысқаны туралы нақты деректер
баршылық. Ол тұста аталған шара EXPO емес, Дүниежүзілік көрме деп
аталатын. Бұл көрмеге қазақтар емес, қазақ халқының өкілі, жұртымыздың
маңдайына біткен дарынды, күміс көмей әншісі Әміре Қашаубаев қатысып,
Париждің төрінде даланың домбырасымен «Балқадишаны» әулеткен еді.
Өкінішке қарай, әнші Әміренің сол еңбегі ешқандай да еленбеді. Керісінше,
осы сапардан кейін қауіпсіздік қызметі әншінің ізіне түсіп, ақыры құртып
тынған екен. Бұл қалай болды?
1925 жыл. Парижде Дүниежүзілік көрме өтеді дегенді естігеннен ССРО
басшылығы қызу дайындыққа кіріседі. Сұсты Сталиннің өзі барлық
идеологтарын жинап, одақтың имиджін көтеруге тапсырма берген-ді.
Көрменің тақырыбы «декоративтік өнер» болғаннан кейін Одақтағы әрбір
республиканың маңдайалды әнші, күйші, бишілеріне шақырту жіберіліп,
делегацияның құрамы жасақтала бастайды. Кімнің ұсынысы екені белгісіз,
сол кездегі Халық ағарту комиссары Луначарский Семейге жеделхат жіберіп,
Әмірені Парижге аттанатын делегацияның құрамына шақырған екен. Алайда
белгісіз себептермен бірінші шақырту әншіге жетпей қалады. Кейіннен
комиссардың екінші хатынан кейін ғана Әміре жолға шығады. Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкерімнің
айтуынша, алғашқы концерт ССРО павильонында өтіпті. Одан кейін әртістер
Париж театрларында 11 концерт берген екен. Барлығына да Әміре қатысып,
«Бесқарагер», «Балқадиша», «Ісмет», «Дудар-ай», «Ағаш аяқ», «Жалғыз
арша», «Үш дос», «Қараторғай», «Қызыл бидай» әндерін орындаған. «Сол
кезде көрмеге қазақтардың атынан жалғыз Әміре ғана барды.
Ал бұл жылдары Парижде жүрген Мұстафа Шоқай жерлестерін
кездестіргенде, қатты қуанады. Әміре Қашаубаевты көрген кезде, жылап
жіберіпті. Енді, Мұстафа үшін Совет үкіметі жау болғанымен, халқы жау
болған жоқ қой. Содан олардың қасында бастан-аяқ бірге жүріп, қолғабыс
берген. Парижді аралатып, қыдырып жүріп Мұстафа Шоқай естелік болсын
деп, інілік ілтипатпен Әміреге бір жақсы костюм сатып әперіпті. Міне, бар
болғаны сол ғана. Осы оқиға әншінің басына бәле болып жабысарын қайран
арыстар ойламаған шығар», – дейді Жарқын Шәкерім.
Еліне оралған соң, Әмірені қауіпсіздік қызметі қатты қинаған көрінеді.
Мұстафа Шоқай туралы сұрағанда Әміре не дерін де білмейді. Саясаттан
хабары жоқ, жаны қиналғанда әйтеуір әр нәрсені айта берген деседі. Оны
тоғыз жыл бойы тергеді. Қуғын-сүргінге шыдамаған Әміре қатты қажыды.
Ақырында 1934 жылы қарашаның 6-сына қараған түні 46 жасында, қақаған
қара суықта, Алматы көшелерінің бірінде қайран Алаш арысының өлі денесі
табылады. Адамзатта сирек кездесетін ғажайып талант иесі осылайша
келместің кемесіне мініп кете барды. Николай Ановтың жазуына қарағанда,
оған у беріп өлтірген. Осылайша, қазақ халқының өкілі EXPO көрмесіне
алғаш рет қатысу тәжірибесі біртуар әншінің өлімімен аяқталды.
Бертін келе, Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған күйтабақ
Мәскеудің Орталық мұрағатынан табылды. Жарқын Шәкерімнің сөзіне
қарағанда, ол материал қазақ бөлімінен емес, қырғыз бөлімінен шықты. Сол
кездегі
тоталитарлық
жүйенің
қазақ
халқын
мемлекет
ретінде
мойындамағанын осыдан-ақ байқауға болады.
Монреаль көрмесі қазақ үшін несімен құнды?
1967 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен EXPO Қазақ елінің
тарихына да елеулі оқиғалардың бірі ретінде енді. Себебі Қазақстан сол
кездегі Қазақ ССР ретінде алғаш рет өз делегациясын жіберіп, жеке
павильонын ашты. Осылайша, EXPO алаңында қазақтың күнделікті тұрмыс-
тіршілігі, бай мәдениеті мен өнері барша әлемге паш етілді. Сол кезде
қазақтың сахна саңлақтарының ішінде белгілі опера әншісі Бибігүл
Төлегенова да болды. «Менің әкем репрессияға ұшыраған азаматтардың бірі
болғандықтан, ұзақ уақыт бойы шетелге шығуға рұқсат болмады. Сол себепті
Канада сияқты капиталистік мемлекетке алғаш рет барғанымды ешқашан
ұмытпаймын. Ұшақ трапынан түскен бойда біз өзге бір әлемге енгендей күй
кештік. Өзіңіз елестетіп көріңізші, Совет Одағынан кейін шынымен
қапталған 20-30 қабатты ғимараттары мен көлікке толы көшелері бар қалаға
кіргенде, біз аң-таң болдық», – дейді Б. Төлегенова.
Онымен бірге Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Байғали Досымжанов,
Нариман Қаражігітов, Роза Бағланова, Болат Аюханов сынды әртістер,
сондай-ақ ұлттық ансамбль мүшелері мен компартияның өкілдері болды.
Советтік делегацияны EXPO-ның орналасқан жері де бейжай қалдырмады.
Көрме нысандары екі аралда бой көтерді. Оның біреуін арнайы кеңейтіп,
Нотр-Дам атты жасанды арал жасап шығарды. Ол үшін Монреаль
метросының құрылысы кезінде шыққан топырақты әкеліп, әулие Елена
аралының жанына төккен. Сөйтіп, екінші аралды жасаған. Сосын екеуін
арнайы тас жолмен қосты. Ол жерде 62 мемлекеттің павильондары
орналасты. Монреаль көрмесі кезінде әрбір мемлекет өз павильонын жеке
жоспары бойынша салды. Канада елі өз ғимаратын төңкеріліп тұрған
пирамида үлгісінде көтерді. Оның төбесінде арнайы алаң болды. Көрме
қонақтары оған шығып, айналаны биіктен тамашалауға мүмкіндік алды.
Нидерланды да футуристік ғимаратымен таң қалдырды. Ал екі бәсекелес
держава – ССРО мен АҚШ-тың павильондары бір аралда салынбады. Олар
екі бөлек аралда бой көтерді. АҚШ үлкен сфера үлгісінде павильон ашса,
ССРО мәдениет үйі типтес ғимаратты салып алды. Сөз жоқ, сол кезде әлем
елдері ССРО-ның павильонын, бейнелеп айтсақ «темір қақпаның» арғы
жағын көруге асықты. Осы себепті оған келген адамдардың саны рекордтық
көрсеткішке – 13 миллион адамға жетті. Павильонның ішінде совет кезіндегі
ғылыми-техникалық жетістіктердің бәрі болды. Шетелдіктер қазақтың
мәдениеті мен өнеріне де қатты қызықты. «Осы сапар үшін бізге сан алуан
ою-өрнегі мен ұзын қауырсындары бар арнайы костюмдар тігіп берді. Бәрі
бізге келіп: «Сіздер қай жақтан боласыздар?» – деп сұрап жатты. «Совет
Одағынан» десек те, бізді жан-жағымыздан зерттеп, бірге тұрып,
фотосуретке түсуге асықты. Ал концерт басталғанда, олар ауыздарын ашып
қалды. Ұлттық киім киген біреулер келіп, әлемдік партияларды орындап
жатыр! Мен Гаэтано Доницеттиді «Линдасын» айтсам, Ермек «Фигаро» және
тағы басқа шығармаларды орындап берді. Классикадан бөлек, біз Латифа
Хамидидің «Бұлбұлын», «Гауһар тас» және басқа да қазақтың танымал
әндерін шырқап бердік. «Сіздер ән айтуды қайдан үйрендіңіздер? Италиядан
ба?» деп қайта-қайта сұраумен болды. Біз болсақ, «жоқ, өзімізде, Алматы
қаласында үйрендік» деп жауап бердік. Содан «Алматы, ол қай жерде?» деп
қайтадан сұрауды бастайтын», – деп еске алады Б. Төлегенова.
Әншінің айтуынша, концертке шетелдегі қазақ диаспорасы да көптеп
келді. Олар туған елдің әуендерін естігенде, көзге жас алып отыратын.
Қазақтың жұлдыздары болса, қандастарымен жақын араласа алмады. Себебі
тәртіп әлі де қатаң болды. Монреальда өткен көрменің басты жетістігі сол,
оның павильондарын 50 миллионнан астам адам аралап көрді. Бір күнде
келіп кеткен халықтың саны жағынан рекорд орнатылды: үшінші күні 569
мың адам келді.
Көрме өткеннен кейін қатысушы мемлекеттер өз павильондарын
бұзып, алып кеткен. Мәселен, халық көп келген ССРО ғимаратын бөлшектеп,
Мәскеудегі халық шаруашылығының жетістіктері көрмесі (орысша ВДНХ)
аумағында қайта құрастырып қойды. АҚШ болса, өз павильонын қалдырды.
Артынан ол нысан «EXPO-67-нің» символына айналды. Қазір Монреаль
көрмесі өткен екі аралдың территориясында тек Американың павильоны ғана
қалды. Ол қырғи қабақ соғыстың жеңімпазын нұсқағандай алыстан-ақ
менмұндалап тұр.
Бір ғасырдың ішінде не өзгерді? Міне, араға тура 50 жыл салып,
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде EXPO көрмесін өз жерінде, өз күшімен
өткізгелі отыр. Оған дейін біз егемен ел ретінде өзге жерлерде өткен
көрмелерге қатысып, біраз тәжірибе жинақтап алдық. Әлі де үйреніп келеміз.
Мәселен, биыл Италияның Милан қаласында Дүниежүзілік EXPO көрмесі
өтпек. Оның қақ ортасында Қазақстанның жеке павильоны жұмыс істейді.
Аталған көрмеде азық-түлік тапшылығы мәселесі талқыланады. Сондай-ақ
әрбір қатысушы өзінің ұлттық тағамдарын таныстырмақшы. Біз болсақ,
негізгі шаралардан бөлек Астана-EXPO жобасына жан-жақты жарнама
жасаймыз. «Әрине, негізгі мақсат – тәжірибе жинақтау. Себебі біздің
көрмемізге де әлем елдерінің өкілдері келеді. «Болашақ энергиясы» – өте
маңызды әрі ауқымды тақырып. Ол үшін Миландағы көрмеде «EXPO-2017»
жобасының арнайы аймағы болады», – дейді ұлттық секцияның бас
комиссары Әнуарбек Мусин. Шыны керек, бүгінде мұнай-газ сияқты энергия
ресурстары үшін қызу қақтығыстар жүріп, сан алуан төңкерістер қолдан
жасалып жатқан кезеңде баламалы энергетиканың өзектілігі бұрынғыдан да
артып отыр. Әлбетте, қазіргі коммуникация бұрынғыдай емес, ақпарттық
технологиялар дамыған заманда ғалымдар барлық жаңалықтарды әп-сәтте
біліп жатады. Ғаламтор арқылы әлемнің кез келген жеріне саяхат жасауға
мүмкіндік бар. Дегенмен, «Болашақ энергиясының» соңғы жетістіктерін бір
ғана жерде көргісі келетін адамдардың Астанаға асығатыны хақ.
Монреаль сияқты 50 миллион қонақты жинай алмасақ та,
Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасқанын тағы бір мәрте көрсетіп,
баламалы энергетика саласындағы тың бастамаларды жинап, өз жерімізде
іске асыра аламыз деген сенім бар. Байқап қарасақ, Әміре Қашаубаев деген
жалғыз қазақ қатысқан Париж көрмесінен бері бір ғасырға жуық уақыт
өтіпті. Ал осы уақыт аралығында Қазақ елі әлемдік EXPO-ны өз күшімен
ұйымдастыра алатын деңгейге жетті. Ендеше, Қазақстан үшін көрме тарихы
Парижден басталады десек, сол жерде қазақтың атын асқақтатып, әнін
Еуропа төрінде әуелеткен ғажайып дауыс иесі Әміре Қашаубаевты еш
ұмытпауымыз қажет. «ССРО кезінде Дінмұхамет Қонаев әншінің
ескерткішін тұрғызуға тәуекел етіп, 7 мың рубль де бөлгізген. Содан
Андрющенко деген мүсінші биіктігі 7 метр болатын еңселі ескерткішті жасап
шығарды. Ел қатты қуанды. Бұл уақытта әнші ақталғанымен, әлі де болса
қатігез режимнің қанды шеңгелі жұмсара қоймаған кез еді. Сол ескерткіш
ақыры ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Бір қуанарлығы, алдыңғы жылы
Семейде оған ескерткіш орнатылды. Ашылу салтанатына барып қатыстым.
Ендігі менің тілегім, Әміренің Парижде шырқаған осы әндері болашақта
Астанада өтетін EXPO халықаралық көрмесінің Қазақстан павильонында
асқақтап тұрса қандай ғажап болар еді!» – дейді Жарқын Шәкерім.
Арман Асқар, журналист
Достарыңызбен бөлісу: |