Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады.
Оқу құралында ежелгі қоғамдар дамуындағы жалпы мен ерекшенің арақатынасына, тарихи дамудың негізгі, жалпыға ортақ қозғаушы күштеріне ерекше көңіл аударылады. Кеңес тарихшылары тарихты экономикалық (детерменизм) тұрғыдан түсіндіргені бәрімізге белгілі. Тарихшы тарихты ғылыми тұрғыдан зерттегісі келсе, ол тарихтың өзіндік заңдары бар екенін және бұл заңдарды зерттеп білуге болатындығын мойындауға тиіс. Бұдан басқа көзқарастардың барлығы да, түптеп келгенде тарихты кездейсоқ немесе белгілі бір заңдылықпен түсіндіруге келмейтін үдерістер мен құбылыстардың жай ғана жиынтығы деп қарастыруға саяды.
Шығыс пен Батыстың сан алуан тарихи мектептері әлемнің әр түрлі аймақтарындағы алғашқы адамдардың қоныстануындағы «ұлттық» басымдылық мәселесі, тарихи көшіп-қонулардың бағыты, үлкен және кіші ұлттардың этникалық жағынан қалыптасуының хронологиясы, ерте және ортағасырлық мәдениет қайраткерлерінің қай ұлтқа жататыны туралы мәселелерге байланысты дау-таластарын әлі күнге дейін толастатпай отыр. Соған қарамастан, көпшілік тарихшылар әлемдік өркениеттер жүйесінің бұрын белгісіз болып келген жаңа қырларын ашуға мүмкіндік беретін салыстырмалы-тарихи ізденістерден көп жағдайларда бас тартуда. Іс жүзіне келгенде, тек жалпылаушы, компаративистік ізденістер ғана әр түрлі оқшау өркениеттердің қалыптасуындағы тарихи-хронологиялық ерекшеліктерге қарамастан, олардың қоғамдық дамудың жалпы заңдылықтарына бағынатындығын көрсете алады. Ал оқшау өркениеттерде қоғамдық прогрестің іргелі заңдылықтары көрініс табады. Осы заңдылықтар әлем халықтарының аса бай, әрі өзіндік ерекше жеке тарихында қалай көрініс тапқандығын ашып көрсету, оқып-білу осы оқу құралының міндеттерінің бірі болып табылады.
Тарихтың әлемдік болуы – іштей қарама-қайшылықты ұғым. Тарих бүкіл адамзатқа ортақ объективті заңдылықтармен дамиды дей отырғанмен, бұл заңдар аймақтар мен елдер деңгейінде әр түрлі көрініс берді. Этностардың, нәсілдер мен оқшау өркениеттердің жалпы байланыстары мен өзара әрекеттестіктері тарихи процестің маңызды факторлары болып табылады. Тарихтың өзі жасаған «тәжірибелері», мысалы, Америка үндістерінің, Австралия аборигендерінің территориялық жағынан оқшау жағдайда болуы, үздіксіз өзара ықпалдастықсыз прогреске деген серпіліс әлсіреп, сөнуге дейін баратындығын дәлелдеп берді.
Сонымен бірге тарихи бірлестіктер дамуының нақты жолдары көп нұсқалы, ал оқшау формалары логикалық қатарға тіпті де сыймайтындай болуы да ғажап емес. Сондықтан да оқшау, аймақтық және ғаламдық деңгейлердегі дамудың заңдылықтары толық сәйкес болуы мүмкін емес. Айталық, ғылымда Батыс Еуропаның тарихы қанша терең зерттелгенімен, алайда осымен біз әлемдік тарихи заңдылықтарды толық танып, білдік дей алмаймыз. Батыс Еуропа Шығыстың жекелеген өркениеттері тарихының заңдылықтарын түсінуге кілт болып табылады деуге тіпті де негіз жоқ. Бұл жөнінде басып айтуымыз керек, өйткені еуропалық терминдерді, категориялар мен анықтамаларды басқа аймақтардың және бүкіл әлемнің тарихына қатысты қолдану соңғы уақытқа дейін отандық, сондай-ақ әлемдік ғылымға да тән болып келді.
Сонымен, осы оқу құралын жазудағы мақсатымыз ежелгі дәуірдегі жекелеген елдердің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын қарастырып қана қоймай, ежелгі дәуірдегі тарихи үрдістерді салыстырмалы зерттеу отырып, олардың арасындағы байланыстарды, тарихи аймақтарға тән ортақ заңдылықтар мен оларға тән ерекшеліктерді анықтау да болып табылады.