Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады


Әлемдік Парсы державасының пайда болуы



бет34/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   92
Байланысты:
annotation15107

Әлемдік Парсы державасының пайда болуы

Парсылар туралы Ассирия деректерінде б.з.д. ІХ ғ. Бастап айтыла бастайды. Б.з.д. 843 ж. шамасында құрастырылған Ассирия патшасы ІІІ Салманасар жазбасында Парсуа аймағы жөнінде айтылады. Бұл территория қазіргі Иранның Фарс провинциясымен сәйкес келеді.
ҮІІ ғ. 40-шы жылдарына дейін парсылар элам патшаларына тәуелді болды, ал бұдан кейін қысқа уақыт ассириялықтарға алым төлеп тұрады. Б.з.д. ҮІІ ғ. Парсылар тайпа одағын құрып, оны ахеменилер руынан шыққан көсемдер басқарады. Дәстүр бойынша әулеттің негізін қалаған Ахемен болып табылады. Б.з.д. 646 ж. шамасында парсылар патшасы Ахеменның ұрпағы І Кир болады. Бірте-бірте І Кирдің және одан кейінгі патшалардың тұсында парсылар Иран қыратының үлкен бөлігін өздеріне қаратады. Парсылардың бір бөлігі отырықшы өмір кешсе, ал екінші бөлігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысты.
Шамамен б.з.д. 600-559 жж. Аралығында Персияда І Камбиз билік құрды, оның тұсында ел Мидия патшаларынан вассалды тәуелділікте болады. 558 ж. І Камбиздің ұлы ІІ Кир Пасаргадта үстемдік еткен отырықшы парсы тайпаларының патшасына айналады. Парсы мемлекетінің орталығы Пасаргада қаласы болды. Бұл кезде Таяу Шығыста төрт ірі державалар қалған еді: Египет, Вавилония, Мидия және Лидия. 553 ж. Кир өздері вассалды тәуелділікте отырған Мидия патшасы Астиагқа қарсы көтеріліс бастайды. Соғыс үш жылға созылып, 550 ж. парсылардың толық жеңісімен аяқталады. Осы уақыттан бастап Персия әлемдік тарихтың кең аренасына шығып, екі ғасыр бойы саяси қатынаста жетекші роль атқарады.
549 ж. парсылар Эламның бүкіл территориясын басып алады. 549-548 жж. Олар парсылар бұрынғы Мидия державасының құрамына кірген барлық елдерді, атап айтқанда, Парфияны, Гирканияны және Арменияны өз билігіне қаратады.
Осы уақытта, Кіші Азиядағы қуатты Лидия патшалығының билеушісі Крез Кирдің қарқынды түрде қол жеткізіп жатқан табыстарына қарап өз болашағы үшін қам жей бастайды. Египет перғауыны Амасистің бастамасымен 549 ж. Египет пен Лидия арасында одақ жасалады. Көп ұзамай Крез Грекияның ең қуатты мемлекеті Спартамен келісім жасасады. Алайда, одақтастар батыл түрде әрі тез қимылдау керек екенін түсінбеді, өйткені Персияның қуаты күн санап өсіп жатқан болатын.
547 ж. қазанның ақырында Кіші Азиядағы Галис өзенінің маңында парсылар мен лидиялықтар арасында қанды шайқас болып, бірақ ол нәтижесіз аяқталады. Крез жаңа шайқасқа жақсылап дайындалу үшін өз астанасы – Сардыға шегініп кетеді. Бұл жолы ол Вавилония патшасы Набонидпен әскери одақ жасайды. Сонымен бір уақытта бұрынғы одақтастарынан әскери көмек сұратып хабаршылар жібереді. Ол шешуші шайқас көктемде болады деп жалдамалы әскерлерін таратып жібереді. Алайда Крездің бұл әрекеттерін көз жазбай бақылап отырған Кир қарсыласына тұтқиылдан бас салуға бел буады. Кир әскерлері Лидия астанасы Сардты 14 күн қоршауда ұстағаннан кейін қалаға кіреді. Крез тұтқынға түседі.
Лидияны жаулап алғаннан кейін Кіші Азиядағы грек қалаларының кезегі келеді. Бұл қалалардың халқы Спартаға көмек сұрап хабаршы жібереді, алайда спарталықтар көмек беруден бас тартады. Кіші Азия халықтарын бағындыру ісін Кир өз қолбасшыларының біріне тапсырды. Лидияның наместнигі етіп парсылық Табал деген кісіні тағайындайды. Кирдің өзі Вавилонияға, Бактрияға, Египетке және сақтарға қарсы жорықтарын ұйымдастыру үшін Экбатанға қайтып кетеді.
Кирдің кетуін пайдаланып Сард тұрғындары көтеріліс бастайды. Көтерілісті басу үшін Кир мидиялық Мазар басқарған әскер жібереді. Мазар көтерілісті басып қана қоймай, Кіші Азиядағы грек қалаларын, бірінен кейін бірін бағындыра бастайды. Көп ұзамай гректер Эгей теңізіндегі үстемдігінен айрылып қалады.
Б.з.д. 545-539 жж. Аралығында Кир Маргиананы, Хорезмді, Соғдиананы, Бактрияны, Гедросияны, ортаазиялық сақтарды, Саттагидияны, Арахосия мен Гандхараны бағындырды. Сөйтіп, парсы үстемдігі Үндістанның солтүстік-батыс шекарасына, Гиндукуштың оңтүстік қыраттарына және Яксарт (Сырдария) өзенінің аңғарына дейін жетеді. Тек өз жаулаушылықтарының ең қиыр солтүстік-шығыс шектеріне жеткеннен кейін ғана, Кир Вавилонияға қарсы жорығын бастайды.
Б.з.д. 539 ж. көктемінде парсы әскері Диялы өзенінің аңғарымен Вавилонияға қарсы жорыққа аттанады. 539 ж. тамызда Тигрге жақын жердегі Опис қаласының маңында парсылар вавилон әскерін ойсырата жеңеді. Бұдан кейін олар Сиппар қаласын қоршауға алады. Сиппардың қорғанысын Набонидтің өзі басқарады. Қала гарнизоны әлсіз ғана қарсылық көрсеткеннен кейін қала беріледі. Набонид қашып үлгереді. Осыдан екі күн өткеннен кейін, яғни 539 ж. 12 қазанда парсылар әскері ұрыссыз Вавилонға келіп кіреді. Набонид патша тұтқынға түседі. 539 ж. 20 қазанда Вавилонға Кирдің өзі келіп кіреді.
Вавилонияны басып алғаннан кейін одан батысқа қарай жатқан, Египетке дейінгі елдер өз еріктерімен парсыларға беріледі.
530 ж. Кир Гирканиядан солтүстікке қарай және Каспий теңізінен шығысқа қарай жатқан көшпелі тайпалар – массагеттерге қарсы жорық ұйымдастырады. Массагеттермен болған шайқаста парсы әскерлері толықтай жеңіліс тауып, Кирдің өзі қаза табады. Геродоттың көрсетуі бойынша бастапқыда Кир айламен массагеттер қосынын басып алады, бірақ Томирис патшайым бастаған массагеттердің негізгі күші парсыларға ойсырата соққы беріп, Кирді тұтқындап, басын кеседі.
530 ж. Кир қаза тапқаннан кейін Парсы державасының тағына оның үлкен ұлы ІІ Камбиз отырады. Таққа отырысымен ол Египетке жорыққа дайындала бастайды.
Ұзаққа созылған әскери және дипломатиялық дайындықтардан кейін, Египет толық оқшаулықта қалған кезде Камбиз жорыққа аттанды. 525 ж. көктемде жалғыз ғана ірі шайқас болып, парсылар жеңіске жетеді. Парсылар теңізбен де, құрлық арқылы да елге ішкерілеп енді. Камбиз Египеттің астанасы Мемфиске хабаршы жіберіп қаланың берілуін талап етті. Алайда египеттіктер хабаршы келе жатқан кемеге шабуыл жасап, оның бүкіл экипажын қырып салады. Осыдан кейін қала қоршауға алынады, бірақ көп ұзамай беріледі. Қаланың 2000 тұрғыны өлтіріледі. Ендігі жерде бүкіл Египет парсыларға бағынатын болды. Египеттен батысқа қарай жатқан ливия тайпалары, және сондай-ақ Киренаика гректері де Камбизге өз еріктерімен беріліп, сый-сияпаттарын жібереді.
525 ж. тамыздың аяғында Камбиз ресми түрде Египет патшасы деп жарияланады. Ол жаңа, ХХҮІІ перғауындар әулетінің негізін қалайды. Кирдің саясатын жалғастыра отырып, Камбиз египеттіктерге діни және жеке өмірде еркіндік берді. Египеттіктер мемлекеттік аппараттағы бұрынғы қызметтерін сақтап қалды және оны мұрагерлікпен беріп отырды.
Египетті басып алғаннан кейін Камбиз эфиоптар еліне (Нубия) қарсы жорыққа дайындалды. Осы мақсатпен ол Жоғарғы Египетте бірнеше бекіністі қалалар салды. Геродоттың көрсетуі бойынша Камбиз Эфиопияға жеткілікті дайындықсыз, азық-түлік қорынсыз басып кіреді, оның армиясында адамның етін жеу жағдайлары орын алады, сондықтан да ол кетуге мәжбүр болады.
Камбиздің Нубияда жүргенін пайдаланып, оның сәтсіздіктерін естіп біле отырып египеттіктер парсы үстемдігіне қарсы көтеріліс жасайды. 524 ж. наурыздың аяғында Камбиз Египеттің астанасы Мемфиске оралып, көтеріліске шыққандарды аяусыз жазалауға кіріседі. Көтерілісті бастаған бұрынғы перғауын ІІІ Псамметих өлтіріліп, ел тыныштандырылады.
Камбиз үш жыл бойы ешқайда кетпей, Египетте болған кезінде оның отанында толқулар орын алады. 522 ж. наурызда Мемфистегі Камбизге кіші інісі Бардия Персияда көтеріліс бастап, таққа отырды деген хабар жетеді. Камбиз Персияға жол тартады, бірақ жолда, жұмбақ бір жағдайларда қайтыс болады.
522 ж. 29 қыркүйекте жеті ай билік құрғаннан кейін Бардия Персияның атақты жеті руының өкілдерінің тұтқиылдан жасаған шабуылының нәтижесінде қаза табады. Осы бүлікшілердің бірі Дарий Ахеменид державасының тағына отырады.
І Дарий таққа отыра салысымен оған қарсы Вавилония көтеріледі. Бехистун жазбаларының көрсетуі бойынша Нидинту-Бел деген біреу өзін соңғы Вавилон патшасы Набонидтің ұлымын деп жариялап, ІІІ Навуходоносор деген атпен патшалық құра бастайды. Көтерілісшілерге қарсы жорықты Дарийдің өзі басқарады. 522 ж. 13 желтоқсанда Тигр өзенінің маңында вавилондықтар тізе бүгеді.
Дарий Вавилонияда көтерілісшілерді жазалау әрекеттерімен жүргенде оған қарсы Персия, Мидия, Элам, Маргиана, Парфия, Саттагидия, Орта Азиядағы сақ тайпалары мен Египет бас көтереді. Державаны қайта қалпына келтіру жолындағы ұзаққа созылған қатыгез, қанды күрес басталады. Билікті басып алғаннан кейін бір жылдан сәл артық уақыт өткенде Дарий өз жағдайын нығайтып, Кир мен Камбиз уақытындағы державаның шекарасын қалпына келтірді.
Б.з.д. 519-512 жж. Аралығында парсылар өз билігіне Фракияны, Македония мен Үндістанның солтүстік-батыс бөлігін бағындырды. Бұл Парсы державасының күш-қуатының ең бір асып-тасқан кезеңі боды. Оның шекаралары шығыста Инд өзенінен батыста Эгей теңізіне дейін, солтүстікте Армениядан оңтүстікте Эфиопияға дейін созылып асы. Осылайша Парсы патшаларының қоластына ондаған елдер мен халықтарды біріктірген әлемдік держава қалыптасты.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет