Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады


Ежелгі германдықтардағы рулық-тайпалық қатынастардың ыдырауы



бет89/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   84   85   86   87   88   89   90   91   92
Ежелгі германдықтардағы рулық-тайпалық қатынастардың ыдырауы
Варварларда сақталып келген алғашқы қауымдық теңдік мәңгі жалғаса беруі мүмкін емес еді. Варвар қоғамында ақсүйектер пайда болды. Рубасыларынан көрі ерліктерімен және жолы болғыштығымен даңқы шыққан әскери көсемдердің ықпалы тайпа ішінде жоғары болды. Жорық сәтті аяқталса, көсем қолға түскен байлықтан үлесті көп алды. Жолы болғыш көсемнің төңірегіне қызу қанды, ерлікті аңсаған жастар көп жиналды. Қалыптасқан дәстүрден тыс көсем өз үлесінен оларға мол сыйлықтар беріп отырды. Оның қарымы ретінде жауынгерлер көсемге шын беріліп, қиын сәттерде ол үшін өмірін қиюға болатын. Көсемге шын берілген жасақ осылай пайда болды. Жасақшылар шаруашылықпен айналысқаннан гөрі соғыста баюды, шайқаста ерлікпен өлуді қалады.
Еуропада Альпінің солтүстігінде үш ірі тайпалар: кельттер, германдар, славяндар өмір сүріп жатты. Бұл тайпалардың тілі үнді-еуропалық тіл тобына жатты. Кельттер Еуропаға германдықтардан да бұрын келді. Олар бүкіл Еуропаны - Атлантикадан Балқан түбегіне дейін жайлаған. Кельттердің ұрпақтарын қазір де Ирландиядан, Шотландиядан, Уэльстен және Францияның ең батысындағы Бретаннан кездестіруге болады.
Римдіктер кельттердің галл тайпасын өзгелерден бұрын білді. Өйткені галлдар бүкіл Римді жаулап алған болатын. Бұдан көп уақыт өткеннен кейін римдіктер Солтүстік Италия мен қазіргі Франция жатқан галлдардың жерін жаулап алды. Галлдар римдіктердің тілі мен әдет-ғұрыптарын тез қабылдады да, кейіннен оларды бір-бірінен айыру қиындап кетті.
Галлияның батысында Рейннің арғы бетінде біздің дәуірімізден бірнеше ғасыр бұрын солтүстіктен келген саны көп герман тайпалары орналасқан болатын. Олардың ежелгі Отаны - Балтық теңізінің солтүстік және оңтүстік жағалауы, Балтық аралы мен Скандинав және Ютланд түбектері еді. Шамамен бұдан үш мың жыл бұрын ол жақта ауа райының қатты өзгеруінен күн бұрынғыдан да суытып, толассыз жауын мен су тасқыны жиілеген болуы керек. Сондықтан да германдар жылы жаққа, оңтүстікке қарай біртіндеп жылжи берген. Біздің дәуіріміздің басында германдар Рейн, Одер, Дунай өзендерінің аралығындағы кеңістікті жайлап үлгерген. Олардың ішінде ең алысқа кеткен гот тайпасы болды. Балтық жағалауынан олар Азов және Қара теңіз төңірегіндегі далаларға келіп тоқталды. Мұнда олар көне замандағы скифтердің ұрпақтарын бағындырды. Готтарға шығыс славяндардың ата-бабалары да тізе бүкті.
Тациттің дәлелдеуіне қарағанда германдықтар өте көп халық болған. Жекеленген герман тайпаларының саны туралы деректерді Цезарьдан да алуға болады. Ол Рейннің сол жағалауында пайда болған узипеттер мен тенктер санын, әйелдерімен балаларын қоса есептегенде 180 мың адам дейді. Демек, жекеленген герман халықтарының орташа саны осынша болса, германдықтардың жалпы саны ол кезде 5 млн-ға жуық болған.
Карпатты бойлай Дунайдың дәл сағасына дейінгі жерлерді готтардан тараған герман тайпалары – бастарндардың, певкиндердің көптігі сонша, Плиний оларды германдықтардың бесінші негізгі тобы деп есептейді.
Скандза – готтардың шыққан жері. Бұл аралдардан Иорданның анықтауы бойынша, герман тайпаларының көп бөлігі шыққан. Скандза жайлы Клавдий Птоломей аралдың солтүстік мұзды мұхит кеңістігінде орналасқанын, табиғатының қатал, аязды болатындығын жазады.
Германия галл, гетт, панонндар болып Рейн және Дунай өзендері арқылы бөлшектенген. Олар өз кезегінде сармат пен дактардан Карпат жотасы арқылы бөлшектенсе, қалғанын мұхит қоршап жатыр. Германдықтар өзге халықтармен араласпай томаға–тұйық отырды. Аңыздарына сенсек, германдықтар жер құдайынан шыққан, Тушкон мен Манды көп дәріптейді және өздерін солардан таратады. Аңыз бойынша Манның 3 ұлы болды: мұхит жағалауындағылар – ингевондар, ел ішіндегілер – германондар, ал қалғандары – истевондар. Рейннің жағалауында треверлер өмір сүреді. Оларды Агриппа өзенінен келісім бойынша Рейннің жағасына көшірген еді. Кервилерде герман тайпалары болып табылады, Менапшир жағалауының екі бетіне, батпақты, орманды жерлерге қоныс тепкен. Ағаштары аласа, әрі қалың жынысты болып келеді. Олардың жанына германдық сугамбрлар келді. Германия Галлияның солтүстігінде орналасқан, бүкіл елді Истр өзені екі бөлікке бөліп жатыр. Истрден солтүстікке қарай галл және герман тайпалары мекендейді.
Маркоман соғысынан кейін (166-180 жж.) Рим батыс және оңтүстік шекарасындағы осы ірі тайпа одақтарының қатерінен сақтанып отырды. ІІІ ғасырдың басында олардың арасынан алеман атымен ірі тайпа тобы бөлініп шықты. ІІІ ғ. ортасында римдіктер алемандардан қорғану үшін «десятиналық далаларды» бекітті. ІV ғ. ортасында шекарадағы Рейнге шабуыл жасады. Германдықтардың қоныстануы біржола орнығу сипатында болды. Рим иелігіндегі өңірлерге германдықтардың шапқыншылығы бұрынғыдан жиі әрі шешуші болды. Кезекті жеңілістен кейін қорғанысы күшті империяның шекарасын бұзып өтуге ұмтылатын германдардың табандылығына римдіктер таң қалатын. Германдықтардың сол кезеңдегі даму сатысы соғыссыз тұра алмайтын дәрежеде болатын. Бұл германдар үшін ол кезде табиғи іс әрі қажеттілік еді.
Германдар өздерінің аң-құсқа бай ормандарында аң аулауды жақсы көрді. Егіншілікті де жаман меңгерген жоқ: арпа, бидай, тары, зығыр өсірді. Алайда германдықтардың басты байлығы мал, оның ішінде әсіресе ірі қара болды. Олар «ұзын үйлерде» тұрды, себебі, басты байлығы мал болғандықтан, малына арналған қора-қопсысы да жалғасып жатты. Әрбір «ұзын үйде» үлкен отбасы тұрды. Бір-бірімен жақын туыстасатын бірнеше отбасынан ру құралды. Бірнеше ру тайпаға бірікті. Кейде бірнеше тайпалар, әсіресе ортақ жаумен соғысар алдында үлкен одақ құрды. Тайпадағы барлық ересек еркектер бір-бірімен тең құқылы, басы азат адам деп есептелді. Германдар құлды аз иеленді, құлдардың жағдайы римдіктерге қарағанда көп жеңіл, жартылай азат еді. Германдардың ішінде мүлік жіктелісі алғашқы кезде болған жоқ. Маңызды мәселелердің барлығы тайпа жиналысы - тингте шешілді, оған тайпа мүшелері қарумен келіп, ру басылары мен көсемдерінің сөзін тыңдап, оны мақұлдаған, немесе қабылдамай тастаған. Тингте қылмыскерлерге жаза белгіленіп, рубасыларды сайлаған.
Германдар барлық пұтқа табынушылар сияқты құдайлар көп дегенге сенді, бірақ шіркеулер салған жоқ. Олар киелі көлдерге, тоғайларға, тастарға, ағаштарға табынды. Германдар өздерінің құдайларына құрбандықтар шалды. Германдардың кейбір құдайларының аттары апта ішіндегі күндердің атауларымен ағылшын және неміс тілдерінде сақталған. Жексенбі мен дүйсенбіні германдар күн мен айға бағыштаған. Сейсенбі - жауынгерлердің жебеушісі жарқыраған аспан құдайы Циудың немесе Тиудың күні. Сәрсенбіні олар құйын-боранның, ашу-ызаның құдайы, о дүниенің иесі кемеңгер Воданға арнаған. Ал бейсенбіде күннің күркірі мен найзағайдың құдіретті құдайы Донарға табынуы керек. Жұма құнарлықтың құдайы Фрейрдің үлесіне тиіпті. Германдар абыздар мен сәуегейлерді де қатты сыйлаған.
Б.з. І-ІІ ғ. германдықтардың қоғамдық дамуының деңгейі туралы Цезарь және Тацит шығармаларының негізінде, сондай-ақ археологиялық ескерткіштер арқылы пайымдауға болады. Тациттің уақытында германдықтардың қоғамдық құрылысы елеулі өзгерістерге ұшырады. Германдықтар отырықшылыққа түбегейлі ауысты, егіншілікпен кеңінен араласа бастады. Негізгі тағам түрлері - сүт, ірімшік, ет болды. Мал бағу мен аңшылық негізгі кәсібі болып табылды. Германдықтарда қолөнер мен кәсіпшілік дамып отырған. Метал қорыту мен ұсталыққа қоса, германдықтар тоқуды, кендір кездемелер мен жүн маталар дайындауды, қыштан бұйым жасауды игерген. Мысалы, археологиялық қазба нәтижесінде табылған қыш құмыра Франкфурт-Ниден табылып отыр. Нидегі керамика үлгілері римдік стандартқа сай әзірленген. Мұндай құралдар Веттераудан табылғандықтан «Веттерау» деп аталып кетті.
Өндірістің дамуымен жекеленген герман тайпаларының арасында айырбас пайда болды. Көршілес халықтармен де айырбас сауда жасап отырды. Айырбас заттары тұз, елтірі, метал болды. Германдықтарға көбінесе рим көпестері метал бұйымдарын, сән-салтанат заттарын, шарап әкеліп отырды. Германдықтар Римге ірі қара, тері, былғары, жүн, тағам түрлерін шығарып отырды. Янтарь, құл саудасы жүргізілді.
Германдықтар ұлан-ғайыр жерлерге егін сеуіп тастайды, соның өзінде көп жер бос қалады. Жыл сайын танап ауыстырылып отырылады. Олар көкөніс егіп қиналғысы келмейді. Көбіне бидай дәнін сеуіп тастайды. Тацит заманында олар отырықшылық тұрмыс құрды, бөренеден салынған үйлерде тұрды. Орман тұрғындарының жұпыны киімі, әйелдер мен ақсүйектердің матадан тігілген іш киімі болды. Олардың ішіп-жемі: сүт, ет, жабайы жемістер, сұлы ботқасы болды. Олардың бар байлығы мал болды. Ақша сирек қолданылды, онда да Рим ақшасы жүрді. Германдықтар алтын мен күмістен бұйым жасамады, қымбат металды бағаламады. Темір сирек кездесетін, тек Рейн мен Дунай бойын мекендеген тайпаларда ғана болатын, бұлар оны өздері өндірмей шеттен әкеліп отырса керек. Жазу-сызу оларға мәлім болғанымен тек діни сенім үшін ғана қолданылды. Цезарь заманынан бастап-ақ тайпа одақтары құрылды, сол кездің өзінде олардың кейбіреулерінің королі болған. Әскер басы шексіз билік алуға тырысқан, алайда корольдер тежеусіз әмірші бола алмады. Дегенмен олар ру құрылысын қирата бастағанды. Король үкіметінің тууына бірден-бір себепті болған жасақтар институты еді. Даңққа бөленген әскери көсем олжа түсіруге ынтыққан жастар тобын өз төңірегіне жинаған, бұлар көсемге, көсем оларға адал болуға міндетті еді. Олардың арасында белгілі-бір иреархия орнады. Германдықтардың қоғамы сондықтанда «әскери демократияға» негізделген еді.
Сонымен герман тайпаларының қоғамдық құрылымы рулық-қауымдық сатыда болды. Еңбек бөлінісінен әлеуметтік теңсіздік көріне бастаған кезде, алғаш рет феодалдық қатынастардың алғашқы белгілері байқала бастады. Экономикалық дамуы жағынан көршісі Рим империясынан әлдеқайда төмен болды. Дегенмен феодалдық қатынастардың байқала бастауы оларды өзге елдерге шабуылдарға итермеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   84   85   86   87   88   89   90   91   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет