Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады


Ұлы Қоныс аудару дәуіріндегі ғұндар



бет91/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   84   85   86   87   88   89   90   91   92
Ұлы Қоныс аудару дәуіріндегі ғұндар
Б.з. 48 жылы ғұндар солтүстік және оңтүстік болып, екіге бөлінді. Оңтүстік ғұндар Хань империясына бағынды. Б.з. ІІ ғ. бірінші жартысында ғұн тайпаларының миграциясы әуелі шығыс Жетісуға, кейін Орал, Каспий, Еділ маңындағы жерлерге қоныс аударды. Солтүстік батыстағы ғұн мемлекеті б.з. ІV ғ. әйгілі болып, Шығыс Еуропаға қарай жылжыды. ІV ғ. 70-жылдары ғұндар Солтүстік Қара теңіз өңірінде пайда бола бастады. Олар алғаш рет Азов теңізі өңірін мекендеген аландарды бағындырды. Одан әрі ғұндар екі бағытта жылжыды. Біріншісі - мұзды жолмен Перекоп және Тамань түбегі арқылы Боспор патшалығына беттеді. Мың жыл өмір сүрген Боспор патшалығы жойылды. Екіншісі – батыс және солтүстік-батыстағы сармат, алан, гот тайпаларына бет түзеді. Сонымен батыс ғұндарға Еділ мен Дунайға дейінгі жерлер бағынды. Осыдан кейін 376 жылы ғұндар Рим империясымен шектесіп, оған күш көрсете бастады. 395 жылы ғұндар Закавказье мен Месопотамия аймағына шабуыл жасады. V ғасырда Паннония өлкесін жаулап, ғұн державасын құрды. 433 жылы қартайған ғұн патшасы өз билігін немерелері Белде мен Аттилаға береді. Ағалы-інілі екеуі патшалықты 12 жыл бірігіп басқарып, гот тайпаларын өздеріне қаратты. 375 жылы остготтар жеңіліп, олардың көсемі Эрманарих өзін-өзі өлтірді. Ғұндар бургунд королін Рейн бойында талқандады.
«Халықтардың ұлы қоныс аударуына» түрткі болған ғұндар қозғалысы еді. Ғұндардың Шығыс Азиядан кенеттен басып кіріп, Еуропадағы күштердің арасалмағын түбегейлі өзгертуі, әрине, Рим империясының пайдасына шешілген жоқ. Ғұндар көшпелі мал өсірушілер болды. Рулық-тайпалық құрылыс жағдайында өмір сүрді. Жер бүкіл тайпа иелігінде болды. Ғұндар бір мәселені шешу үшін көпшілік кеңесіне жиналып отырған, соғыс жағдайында әскери көсемдерді сайлаған. Аммиан Марцелин ғұндардың жауынгерлік қасиетін төмендегідей баяндайды: «Өздеріне қауіп төнсе соғысуға шақырады. Соғысқан кезде жауын шеңберлей құрсауға алып, қатты ашулы дауыстар шығарады. Жеңіл және айлакер олар қасақана бытырап кетіп, майдан шебін бұзбаған күйі жауларын оп-оңай қынадай қырады. Олардың жау бекінісін қалай алғанын бақылау мүмкін емес, олар қас-қағым сәтте-ақ, дүниенің астан-кестеңін шығарады».
Әскери өнері жағынан олар нағыз жауынгер халық. Соғысты алыстан ататын ұшы өткір жебе мен мықты садақ арқылы жүргізеді. Қоян-қолтық шайқаста олардай ешкім қылышпен шебер соғыса алмайды. Жауының қашып құтылуына мүмкіндік бермес үшін, арқан мен тұзақ алып жүреді. Ғұндар туралы мәліметтерді гот тарихшысы Иорданнан да кездестіруге болады. Дегенмен Рим тарихшыларының барлығы ғұндарға басып алушы жау ретінде қарағандықтан, олардың жазбаларындағы мәліметтердің басым көпшілігі субьективті, белгілі бір мақсатқа бағындырылған болып келеді. А.Марцелиндегі, Иордандағы, тағы да басқа Рим тарихшыларының жазбаларындағы ғұндардың сыртқы пішіні, тұрмыс-салт кәсібі туралы жаңсақ, жек көрушіліктен туған пікірлерді осы тұрғыда түсіндіруге болады. Бірақ олардың әрқайсысы да ғұндардың жауынгерлік қасиетін мойындауға мәжбүр болды. Иорданның өзі де төмендегідей жазады: «Олар аласа бойлы, кең иықты, бірақ шапшаң қимылдайды. Ат үстінде өздерін өте мықты ұстайды. Садақ атуға шебер, тәкәпарлана тік жүреді». Ғұндардың жасы және жынысы жағынан соғысқа жарамсыздары үй шаруасымен айналысады. Ал жастар айбынды жауынгерлерге айналады. Олардың құлдар туралы тіпті де ұғымы жоқ, себебі, олар бәрі бір тектен ақсүйектер. Кім соғыста көп көзге түссе, соны бастық етіп сайлаған. Олар да басқа адамдар сияқты тыныш, тату өмірден рахат табады.
455 жылдан бастап Аттила ағасын өлтіріп, өзі жеке билік жүргізе бастайды. 450 жылы Аттила Римге жорыққа дайындалады. Ол Рим императоры ІІІ Валентианнан империяның байлығы мен билігінің жартысын беруді талап етеді. Валентианның қарындасы Гонория Аттиланың көмегімен билікке араласу үмітімен, ғұн билеушісіне жасырын хат жолдап, көмек сұрайды. Аттиланың Римге қарсы жинаған әскерінің құрамында ғұндардан басқа, остготтар, гепидтер, ругийлер болды. Аттила әскері Шығыс Рим империясының Дунайға дейінгі қалаларын қиратып, Солтүстік Италия мен Грецияны қаңыратып кетеді. Ғұндар Византия жерінде жеңістен-жеңіске жетіп отырды. Прискінің хабарлауынша Шығыс Рим империясының әскері Херсонесте жеңіліп, император ІІ Феодосий (408-450 жж.) шұғыл түрде Аттилаға сенатор Анатолийдің басқаруымен бітім сұрап, елші жібереді. Константинопольді басып алмақ болған Аттила оған көніп, «алтын жұмыртқа туатын тауықты өлтіруге болмайды», - дейді. Византия оған 6000 пұт алтын беріп, жыл сайын 2100 пұт алтын төлеп тұратын болды. Енді Аттилаға бағынбаған Рим ғана қалды. 451 жылы Рейннен өткен ғұн әскерлері Римге аттанады. Оған қарсы Рим әскерін бұрын ғұн тәрбиесінде болған, ғұндарды жақсы білетін, Аттиланың қасында жүрген әскербасы Аэций бастаған вестготтар, аландар, алемандар, бургундтар, франктердің біріккен қолы шықты. 451 жылы маусымда екі жақтың әскері Труа қаласының маңындағы Каталаун даласында кездесіп, бұрын болмаған, қиян-кескі соғыс болды. Екі жақтан да көп шығын болды, шайқас барысында екі жақ бір-біріне беріспеді. Римдіктер арасында өзара алауыздық басталды. Каталаун даласындағы шайқас бұрын-соңды болмаған ерекше шайқас болды, шайқастың маңыздылығы туралы Қазақстандық ғұн тарихын зерттеуші профессор Қ.Т. Жұмағұлов былай деп жазады: «Каталаун даласындағы шайқас Канны (б.э.д. 216 ж.) мен Ватерлоо (1815 ж.) шайқастарымен бірге Еуропа тарихындағы атақты шайқастар қатарына жатады». Каталаун даласындағы болған ұрысқа баға берген кезде батыстың бірқатар жаңа және қазіргі заман тарихшылары мәліметтерді ерте орта ғасырлық хронистерден ала отырып, оны сыни електен өткізбей пайдаланғаны белгілі. Батыс тарихнамасының ғұндар тарихын бағалаудағы дәстүрі көбінесе орыс, кеңес тарихнамасында да, соның ішінде, кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі тарихнамаға да ықпал етті. Қазіргі кезде ғұндардың Каталаун даласындағы ұрысына, жалпы ғұндар тарихына обьективті көзқараспен қарап, шынайы баға беру кезеңі туды.
Қазақстандық медиевист, профессор Қ.Т. Жұмағұлов Каталаун даласындағы ұрыстың маңыздылығын былай деп көрсетеді: «Бұл шайқас, расында да әлемдік тарихтағы аса маңызды шайқастардың бірі деп заңды түрде есептеледі, өйткені Каталаун даласында тек Галлиядағы рим үстемдігінің тағдыры ғана емес, сондай-ақ белгілі дәрежеде бүкіл батыс өркениетінің тағдыры да шешілген еді».
Ғұндардың күш-қуаты 451 ж. «халықтар шайқасынан» кейінде сарқылып, бітіп қалған жоқ. Бұл оқиғадан бір жыл өткеннен кейін-ақ Аттила енді Рим империясының дәл жүрегі болып табылатын Италияға жорық жасады. Римдіктер үрейленіп, император І Лев сауға сұрап, елші жіберді. І Аттила Левтің өтінішіне тоқтап, Римді алмады. Ғұн патшасы Паноннияға қайтып кетті. Ол өз сарайына әйелдікке бургунд патшасының қызы Ильдиконаны алады. Тойдың ертеңі Аттиланың өлімімен аяқталады. Көптеген дерек бойынша Ильдикона кек алу мақсатымен Аттилаға у беріп өлтірді дейді. Дегенмен Аттиланың даңқы бүкіл Еуропаға қорқыныш пен үрей әкеліп, көп жылддар бойы «құдайдың азабы» деген үрейлі атпен Еуропа халықтарының санасынан кетпеді.
Аттила өлімінен соң ұлы патшалық батыста оның ұлдары арасында бөліске түсті. Ғұндар жері төменгі Дунайда тұрақтап қалды. Каспий, Қара теңіз, Орал, Арал теңізіне дейінгі аймақ ғұндардың шығыс бөлігі ретінде өмір сүрді. Көрші елдерге ғұндар кейін де жиі шабуылдап тұрды. Мәселен, ғұн-эфталиттер V ғ. сасанидтермен соғысып отырды. Армян жылнамалары VІІ ғасырда солтүстік Кавказды ғұндар билеп тұрғанын хабарлайды. Ғұндар орнына авар тайпалары келіп қоныстанады.
Жалпы әлемнің төрт бұрышын – Германия, Батыс Рим империясын, Шығыс Рим империясын және Скифияны қамтыған орасан зор ғұн державасы Батыс Еуропа тарихында үлкен із қалдырды.
Каталаун даласындағы соғыстан төрт жыл өткеннен кейін Римді тағы да варварлар басып алды. Олар – германның вандал тайпалары еді. Вандалдар алдымен Германиядан Испанияға бұзып өтті. Бұдан кейін оларды Римнің бір аймақ басқарушысы Солтүстік Африкаға жалдамалылар ретінде шақырды. Бірақ көп ұзамай германдықтар Римнің бұрынғы провинциясындағы билікті тартып алып, өздерінің корольдігін құрды. 455 жылы Гейзерих король басқарған вандалдардың флоты Италияның жағалауына келіп, Тибрмен жоғары көтерілді де, римдіктер күтпеген жерден қала қамалының қасынан шықты. Рим қорғанысқа мүлдем дайын емес еді. Қалаға аяушылық сұрап папа І Лев аттанды. Ғұндардың көсемі Аттиланың мәртебесі жеткен зиялылыққа вандал көсемі Гейзерихтің мәртебесі жетпеді. «Мәңгілік қаланы» 14 күн тонады. Сол екі аптадан ел есінде мәдени мұраларды мәңгүрттікпен қиратуды білдіретін «вандализм» деген сөз қалды.
Империя өмірінің соңғы жылдарында сарай төңкерісі бірінен соң бірі болып жатты. 475 жылы император болып жасөспірім Ромул Август жарияланды. 476 жылы варвар әскербасыларының бірі Одоакр әр түрлі герман тайпаларынан құралған әскерді бастап бүлік шығарды. Ол Ромул Августулдың әкесін өлтірді. Ал императорды тақтан түсіріп, Неапольдің жанындағы иелігіне жер аударды. Сонымен, Батыс Рим империясы жойылды. Ал Византия деп аталған Шығыс Рим империясы бұдан әрі мың жыл – ХV ғ. ортасына дейін өмір сүрді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   84   85   86   87   88   89   90   91   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет