Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет3/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92
Байланысты:
annotation15107

ЕЖЕЛГІ ШЫҒЫС ТАРИХЫ

Ежелгі Шығыс тарихы ежелгі дүние тарихының құрамдас бір бөлігі болып табылады. Жалпы «шығыс» ұғымы ең алғаш Еуропада, антика дәуірінде пайда болды. Ежелгі гректер адамзатты ойша «батыс» және «шығысқа» бөліп, «Батыс» полиспен, демократиямен, жеке адамның еркіндігімен байланыстырылса, ал «Шығыс» – Парсы империясымен, адамды қатаң езіп-жаншумен, деспотизммен теңестірілді. Шығыс пен Батыс арасындағы шекара уақыт өте келе өзгеріп отырды, сонымен бірге оларды қарсы қоюдың мәні де өзгеріп отырды. Орта ғасырларда ол христиандық және христиандық емес әлемнің қарсы тұруы ретінде ұғынылды. Бұл кезеңде «Шығысқа», сондай-ақ православиенің таралу аймағы болған Шығыс Еуропаны да жатқызатын болды.


Оқу құралында Шығыс тарихына қатысты соңғы уақытқа дейін тарих ғылымында үстемдік құрып келген еуроцентристік біржақты ұстанымдардан бас тартып, ежелгі дәуірдегі Шығыс елдерінің тарихын объективті түрде баяндауға тырыстық.


І ТАРАУ




АЛҒАШҚЫ ТАПТЫҚ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ


Адам баласы жануарлар әлемінен бұдан 2 млн. жыл бұрын бөлініп шыққан, ерте тас ғасырының аяғынан, яғни 40 мың жылдан бері «парасатты адам» өмір сүреді. Ең ежелгі адам түріне жататын өзінің ата-бабаларынан парасатты адам еңбек етуді және еңбек ету үшін қажет қарапайым құрал-жабдықтарды өндіруді мұраланды. Алайда ерте тас ғасырының соңынан бастап – өз тарихының 30 мың жылында ол әлі де болса өз ата-бабалары сияқты табиғат өнімдерін өздері жасаған құралдарымен тек жинап қана отырды, оның жемістерін қайта өндіре алған жоқ. Олардың қорек табу тәсілі – жабайы өсімдіктерді жинау, яғни терімшілік, аңшылық және балық аулау, әрине еңбек болып есептелді, бұған қоса, өз өмірін жалғастыру үшін оған сол кездің өзінде-ақ еңбек құралдарын тек қана өндіру емес, оны ұдайы өндіру де қажет болды, бірақ адамдар әлі де болса табиғат өнімдерін қайта өндіре алған жоқ. Сондықтан да адам ұжымдарының өмірі (әдетте, туыстығы бойынша біріккен қауым) үлкен дәрежеде сыртқы табиғи, климаттық жағдайларға тәуелді болды, сондықтан да адам өлімі көп болды. Жер шарының кең аумағында мекен еткен адамдар өте аз болды, олардың саны тіпті өспеді, өссе де өте аз көлемде өсті.


Бұдан 10-12 мың жыл бұрын, экологиялық жағынан қолайлы аймақтарда адамдар қауымының кейбіреулері егін егуді үйренген кезде жағдай мүлдем өзгерді, мұның өзі оларды жыл бойы азықпен қамтамасыз етті, мал асырауға жағдай жасады, бұл адамдардың үнемі етпен, сүтпен, ірімшік-құртпен қоректенуіне мүмкіндік туғызды, мал оларды терімен және жүнмен қамтамасыз етті, жүннен адамдар киім тоқу мен тігуді үйренді. Осыдан кейін, көп ұзамай адамдар үңгірлер мен бұтақтардан жасалған күркелерін тастап, балшықтан немесе балшықпен сыланған тас үйлерге ауысты. Отырықшы өмір, ғалымдардың пікірінше, балалардың көптеп туылуына ықпал етеді. Қауымның өмірі барған сайын қамтамасыз етіле түсті, адам өлімі біршама төмендеп, халықтың өсімі ұрпақтан-ұрпаққа айтарлықтай көбейе берді, сөйтіп алғашқы егінші, малшылар жер бетінде кеңінен тарап орналаса бастады.
Ең алғашқы адамдар мұндай табыстарға Шығыс жарты шардың жылы аймақтарында жетті. Бұл Еуропа мен Азияның солтүстігінде Ұлы мұз дәуірінің іздері әлі де толық кетпеген кезең еді. Еуропа мен Азияның көп бөлігін мұздақтан Тундра жолағымен бөлініп жатқан Тайга алып жатты. Италияны, Грекия, Кіші Азия, Оңтүстік Қытай мен Үндіқытай түбектерін алып жапырақты ормандар басып жатты, Солтүстік Африканың Аравия мен Таяу және Орта Шығыстың басқа аймақтарында ормандар мен далалы аймақтар араласып келіп отырды. Африканың оңтүстігін қалың тропикалық ормандар алып жатты.
Адам өмірі үшін ең қолайлы жер орманды-далалы аймақтар болып табылады, алайда бұл аймақтардың барлық барлық жерінде бірдей егіншілік пен малшылыққа көшуге айтарлықтай қолайлы жағдайлар бола бермеді. Ол жерде тамаққа және егуге жарамды жабайы астық түрлері және қолға үйретуге болатын жабайы хайуандар болуы керек еді. Адамдардың ең алғаш рет өздері еккен өсімдік түрі – сұлы болды және ол Кіші Азияның, Палестинаның, Иран мен Оңтүстік Түркменстанның таулы аймақтарында өсетін еді. Ең алғашқы болып дәл қай жерде егілгенін айту қиын, бірақ Палестина, Кіші Азия мен Иранның батыстағы таулы аймақтарында б.з.д. Х-ҮІІІ мыңжылдық аралығында-ақ астық өсіріле бастағаны белгілі, ал Египетте, Дунай мен Балканда және Оңтүстік Түркменстанда астықты б.з.д. ҮІ мыңжылдықтан бастап өсіре бастады. Шамамен сол уақытта және сол жерлерде ешкіні, қойды, есекті (итті бұдан көп бұрын, ерте тас ғасырының аңшылары үйреткен) қолға үйрете бастады, кейінірек ірі қара мал және кей жерлерде шошқа үйретілді. Б.з.д. ҮІІІ-ҮІ мыңжылдықтан бастап адамдар анағұрлым жетілген егеп-тегістелген тас құралдарды, тоқыма кәрзіңккелерді, мата мен отқа күйдірілген балшықтан жасалған ыдыстарды жасап үйренген кезде тамақты анағұрлым жақсырақ, сапалырақ дайындау мен сақтау мүмкін болды, мұның өзі адамдардың өмір сүру деңгейін айтарлықтай көтерді.
Археологтар Ноmо sаріеns алғаш рет үстемдік ете бастаған ерте тас ғасырының кейінгі кезеңінен, егіншілік пен мал шаруашылығы ойлап табылған мезолит аралық дәуірі арқылы, тегістелген мыс құралдар және мата мен қыш ыдыстар ойлап табылған жаңа тас ғасырына (неолит) дейін айтарлықтай техникалық прогрестің болғанын байқайды. Алайда Солтүстік Африканың, Таяу және Орта Шығыстың неғұрлым дамыған неолиттік қауымдарының өзі өркениет деңгейіне жете алған жоқ. Олардың өндірісі мен ұдайы өндірісінің мақсаты бұрынғысынша жай ғана өз өмірлерін сақтап жалғастыру ғана болды. Қорды тек ең бір төтенше жағдайларда – табиғаттың дүлей күштерінен қорғану үшін ғана жинақтады. Сүйектен және тастан жасалған кетпенмен жер өңдеу ең жұмсақ топырақтың өзінде де аса ауыр еңбек болды, ол өте аз өнім берді. Қолға үйретілген ешкі, қойлар әлі де өте аз өнім берді, сүт өнімдері мен етті тез арада тауысып қою қажет болды, өйткені оны ұзақ уақыт сақтауды адамдар әлі білмеді. Тек Кіші Азияда, Сирия мен Палестинада б.з.д. ҮІІІ-ҮІ мыңжылдықта дамыған, бай елді мекендер пайда болды, олардың кейбіреулері дуалмен қоршалды (яғни жаудан жасыратын байлығы болғаны ғой). Алайда бұл ең ежелгі мәдениеттер де (Палестинадағы Иерихан, Кіші Азиядағы Чатал-Хююк) өркениетке дейін дами алған жоқ.
Тау етегінде орналасқан егінші халықтың өсуімен олардың бір бөлігі одан әрі далалы аймаққа түкпірлеп кете бастады. Осындай ру-тайпалық топтар жаңбыр немесе жылға суларымен қамтамасыз етілген аудандардан неғұрлым алыстаған сайын, олардың шаруашылығында мал бағу анағұрлым маңызды орын ала бастады, ал сұлы өсіру қосалқы роль атқарып қалды. Алайда, әлі жылқы мен түйені қолға үйретпеген малшылар алысқа, кезеңдік көшулерге бара алмады, мұның өзі жайылымдардың шөбін қайта қалпына келтіру үшін қажет еді. Егіншілікті де олар біржолата тастап кеткен жоқ. Оңтүстік далалы аймақтың жайылымдарын қой мен ешкі біржолата тақырға айналдырғаннан кейін шектен тыс құрғақшылықтың салдарынан ба, сол ауданда мал бағу мүмкін болмай қалғандықтан, малшылар жаппай басқа жерлерге қоныс аудара бастады. Сөйтіп, б.з.д. ҮІ-ІІІ мыңжылдықтар бойы афразиялық тайпалар Солтүстік Африка, сондай-ақ Таяу Шығыстың далалы аудандарына таралды, ал б.з.д. ІҮ мыңжылдықтан бастап өзінің ата-мекенінен (Балкан мен Дунай аралығы) оңтүстік шығысқа және батысқа үндіеуропалық тіл тобына жататын тайпалар тарап, қоныстана бастайды. Осы жерде айта кететін жағдай, Жер шарының халқы ол кезде өте сирек болды, сондықтан да тайпалардың қоныс аударуы, тарихы лингвистика мәліметтеріне қарасақ, жергілікті халықтың келімсек тайпаларды ассимилияциялауына алып келіп отырған, сондықтан да одан арғы қоныс аударулар этникалық жағынан бастапқы қоныс аударулардан айтарлықтай өзгеше болған болуы мүмкін. Б.з.д. ҮІ-Ү ғғ. Африканың түкпірлеріне афроазиялық тілдерді алып барған адамдар мен б.з.д. ІІ-І мыңжылдықтарда үндіеуропа тілдерін Бенгал бұғазының (Бангладеш) жағалауларына алып барған адамдар сыртқы бет-бейнесі мен мәдениеті бойынша Африка мен Батыс Азияға және Еуропаға егінші-малшы тайпалардың таралуына алғашқы серпін берген адамдарға ұқсамайтын еді.
Бұл малшы-егінші тайпалары әлі де болса шынайы көшпенділер болмағанымен, суғармалы жерде отырған егіншілердің далалы аймақтың малшы-жартылай егіншілерінен бөлінуін еңбектің алғашқы ұлы бөлінісі деп айтуға толық негіз бар. Егіншілер мен малшылар арасында сол уақыттың өзінде-ақ айырбас орнады.
Б.з.д. ҮІ-ІІІ мыңжылдықтар аралығында егінші-малшылар Африка мен Алдыңғы Азияның ұлы өзендерінің аңғарларын игерді, атап айтқанда, Нил, Евфрат пен Тигр және сондай-ақ қазіргі Ирактың шығысына қарай орналасқан Карун және Керхе өзендерінің аңғарларын игере бастады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет