1925 ж. желтоқсанда өткен БК(б)П-ның ХІV съезінде Кеңестер Одағын индустрияландыру бағыты белгіленді.
Шаруашылықтың барлық салаларын соның негізінде техникалық қайта жасақтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру үшін бүкіл экономиканың негізі ретінде ең алдымен ауыр өнеркәсіпті дамыту мақсаты қойылды.
1925 жылдың қыркүйегі мен 1928 жылдың қыркүйегі арасындағы үш жылда өнеркәсіп салу ісіне 3,3 млрд сом қаржы жұмсалды.
Кеңес үкіметінің басшылары да патша заманындағыдай Қазақстанға бай шикізат көзі ретінде қарады.
Кеңес үкіметінің индустрияландыру барысындағы орашолақ, біржақты саясаты сол кездің өзінде Троцкий, Бухарин, Зиновьев сияқты саясаткерлердің қарсылығын тудырды.
Қазақстанды индустрияландыру мәселесі бойынша бірнеше бағыттағы көзқарастар арасында қызу пікірталас жүрді.
Бірінші бағытты Голощекин мен оның төңірегіндегілер ұстанды. Олар Сталин мен орталықтағы кейбір үкімет мүшелерінен қолдау тапты. Сондықтан бұлар өктемдеу болды. Қазақстанда «Кіші Қазан» науқанын жүргізуге ұмтылған Голощекин мен оның төңірегіндегілер қазақ жерінде ірі өнеркәсіп орындарын салуды қоштамады.
Индустрияландырудағы голощекиндік бағыттың біржақты отаршыл бағытын айқын көре білгендердің алдыңғы қатарында тағы да С. Сәдуақасов тұрды.
1928 жылдың 1 қазанынан шартты түрде басталатын бірінші бесжылдық жылдарында Қарсақбай, Риддер сияқты кәсіпорындар, Ембі мұнай өндірісі, Степняк алтын кені және т.б. қайта қалпына келтірілді.
Индустрияландыру кезіндегі Қазақстандағы ең күрделі құрылыс Түрксіб темір жолын салуды аяқтау болды.
Бұл жолды салу 1927 ж. қайта қолға алынды. Орталық үкімет оған үлкен мән беріп отырды.
Түрксіб құрылысының бастығы болып В.С. Шатов тағайындалды.
РСФСР үкіметі жанынан Түрксіб құрылысына көмектесетін арнайы комитет құрылды. Оны РСФСР Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов басқарды.
Құрылыс жұмыстарына бірнеше ұлт өкілдерінен құралған 100 мыңдай адам тартылды.
Соның нәтижесінде патша заманында тәулігіне орта есеппен 150 метр ғана салынатын Жетісу темір жолын салу Кеңес заманында 1500 метрге дейін жетті.
Түрксіб темір жолы жоспарда белгіленген бес жылдан екі жыл бұрын, яғни үш жылда салынып бітті.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстан КСРО-дағы республикалар арасында металлургия бойынша екінші орынға шықты.
Қазақстан мұнай өндіру бойынша да Ресей мен Әзірбайжаннан кейінгі үшінші орында тұрды.