12. Ортағасырлық Қазақстанның этно-саяси тарихындағы оғыздардың рөлі Зертеген: Агаджанов Очерки истории огузов.
ТАРИХНАМА: Оғыз жабғулар мемлекеті тарихы мен саяси-экономикалық жағдайына деген қызығушылық, христиандық Батыс тарихнамасында XI-XII ғғ. бастау алғаны белгілі. С.Г. Агаджанов өз еңбегінде оғыздар тарихына қатысты дереккөздерін бірнеше топқа бөліп, көлемді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мысал ретінде, оғыз қалалары көрсетілген әл-Идрисидің "Сурат әл-Ард" картасына жасалған талдауды келтіре аламыз. Бұл бөлімде оғыз тайпалары этникалық тарихының кейбір тарихи-этнографиялық мәселелері қарастырылады. Оғыз тайпалары жөніндегі негізгі дереккөздері араб, парсы, түркі тілдерінде жазылған. Бұл еңбектерге, В.В. Бартольд, В.И. Беляев, А.А. Ромаскевич, И.Ю. Крачковский, К. Каэн, К. Брокельман, К. Розенталь, К. Стори секілді ғалымдар сипаттама берді. Араб-парсы тарихнамасында оғыз тайпалары туралы алғашқы деректер IX-X ғғ. бастап кездескен. IX-X ғғ. арабтілді география ғылымы гүлдену кезеңін бастан кешіріп жатқан сәтте, ислам әлемінің форпосты болып саналған Мәуереннахр, Хорасан, Хорезм шекараларында белсенділік танытқан оғыздар арабтілді тарихшы-географтардың зерттеу шеңберіне түседі (Агаджанов, 1967, с. 7). IX ғасырда Ибн Хордадбектің "Китаб ал-масалик ва-л-мамалик" атты туындысында оғыз тайпалары жөніндегі ерте деректер кездеседі. Йакуби мен Кудама ибн Джафардың туындылары тек географиялық емес, прагматикалық тарихи деректер ретінде де маңызды. Йакуби туындысы "Китаб әл-булдан" деп аталып, автордың саяхаты барысында сұрастыру негізінде жазылған еңбек 891 жылы аяқталады. Бұл туынды маңызды тарихи-этнографиялық дерек ретінде белгілі.
ОҒЫЗДАР Еуразия кеңстігінде түрік, әзірбайжан, түрікмен, қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт, өзбек тәрізді халықтардың ұлт болып қалыптасуына да және олардың ұлттық мемлекеттіліктерінің құрылуына да өз үлесін қосты. Сонымен бірге тарихи деректер оғыз тайпалары қазақтың құрамындағы кіші жүз тайпалық бірлестіктерінің жаңа этникалық одақтарының қалыптасуына айтарлықтай елеулі ықпал жасағандарын байқатады.
Оғыз мемлекеті (Х-ХІ ғғ.). Қарлұқ қағанатының солтүстік-батыс жағында, Сырдарияның орта жəне төменгі бойында, оған жалғасып жатқан Батыс Қазақстан далаларында ІХ-Х ғасырларда Оғыз тайпаларының ежелгі феодалдық мемлекеті қалыптасты. Əйгілі М.Қашқаридің сөздігі “Диуани-лұғат-ат-түрік” бойынша Оңтүстік Қазақстанның жерінде, əсіресе Ыстықкөл мен Шудың орта бойында қырғыз, қыпшақ, оғыз, иағма, чігіл, имек сияқты түрік тілдес тайпалардың қатар өмір сүргендігі белгілі. Осыған қарағанда оғыздардың алғашқы отаны Жетісу болғандығына күмəн жоқ. Алайда ҮІІІ ғ. екінші жартысынан бастап қарлұқ тайпаларының күшеюіне байланысты оғыздар Сырдарияның орта жəне төменгі бойына ауа бастаған. Сөйтіп ІХ ғ. аяғында осы аймақта оғыз тайпаларының бірлескен одағының нəтижесінде партиархалды-феодалдық мемлекет құрылады. М. Қашқари оғыз елінің 22, кейбір деректерде 24 тайпаға бөлінгенін жазады.
Х ғасырда Оғыз мемлекетінің астанасы – Янгикент немесе «Жаңа гузия» деп аталатын қаласы болған.Оғыз мемлекеті өзінің саяси жəне əлеуметтік құрылысы жағынан көне феодалдық мемлекет болды. “Жабғу” атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болып саналды. Оғыз жабғыларының орынбасарларын күл-еркін деп атаған. Жабғы мемлекетінде оғыз əскерлерінің бас қолбасшысы “сюбашы” деп аталды. Х ғ. аяғы мен ХІ ғ. бас кезінде Оғыз жабғысының мемлекетінде алым-салықты тиянақты түрде жинап отыру жүйесі қалыптасқан, бұл жағдай мемлекетте тұрақты басқару аппаратының құрылғандығын көрсетеді. Оғыз тайпалары қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, түрікмен, өзбек, қарақалпақ халықтарын қалыптастырушы түріктердің бірі болды.