Әке – балаға сыншы бола ма? Адам өмірінде әкенің алар орны ерекше. Әке – баланың өмірге келуінің басты себепкері, отбасының қорғаны, асыраушысы. Бала тәрбиесінің қайнар көзі де әкеден бастау алады. Адам баласының тұлға болып қалыптасуына әкенің берер өнегесі тікелей әсер етеді. Әке мойнындағы жүк, әкеге артылатын жауапкершіліктің салмағы да ауыр.
Қазақ халқы «әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген мақалды текке айтпағаны белгілі. Әкеге тек отбасыны асыраушы ретінде ғана қарау қаншалықты дұрыс? Үнемі тыста, отбасының ішіп-жемі, киер киімінің қамын ғана ойлап, тәрбие жөнін ұмытып кететін де адамдар болады. Әке тәрбиесін жеткілікті дәрежеде көре алмайтын ұл – анасынан көрген «тонды пішсе» , әке махаббатынан кенде өскен қыз мейірімді сырттан іздейтіні белгілі. Әке үлгісін көрген ұл бала – рухты, қыз бала – қылықты болып өседі. Ұл болашақта әкесі секілді әке болуды үйренеді, қыз бала әкесі секілі жар таңдайды.
Халық арасында «әке – балаға сыншы» деген мәтел бар. Әке расында балаға сыншы бола алады ма? Әке баладан бұрын өзіне сын көзбен қарап, өзіне сыншы болуы керек секілді. Әке мен ана – арбаның алдыңғы дөңгелегі болса, балалары – артқы дөңгелегі. Алдыңғы дөңгелек қалай және қайда басса, артқы дөңгелек те соңынан ереді. Әке әр ісі – бала болашағының іргетасы.
Әке отбасының қаржы фонды ғана болып қалмауы тиіс, әкенің сөйлеген сөзі мен басқан қадамында, істеген әр ісінде өнеге жатуы тиіс. Әке өзінің әр ісін ой елегінен өткізіп, ауыздан шыққан сөзі мен әркеттеріне сын көзбен қарауы керек. Әке балаға емес, өзіне сыншы болса ұрпағымыз ұлағатты, өр рухты болары белгілі.