Шетел инвестицияларымен (қаржысымен) жұмыс істейтін кәсіпорын – ішінара (бірлескен кәсіпорын) немесе түгелдей шетел қаржысын пайдаланатын кәсіпорын. Ол жаңа заңды құқығы бар жақ немесе республикада жұмыс істеп тұрған жақ кәсіпорындағы шетел инвестициясын иелену арқылы өзі ұйымдасқан территориядағы әкімшіліктің немесе басқа да құқықтық органның келісімімен құрылады. Ол өзінің көмекші кәсіпорындары мен филиалдарын да құра алады.
Мәселен, бүгінгі таңда Жапония капиталының қатысуымен жалпы құны 220 млн. долларға тең екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Олар: «Дружба» темір-жол станциясын қайта құру және Павлодардағы «Химпром» акционерлік қоғамына мембран1 технологиясын ендіру.
Бұл шетелдік инвестицияларды тарту жолымен аралас кәсіпорындарды ұйымдастырудың маңызды және тиімді жолдарының бірі. Мұның өзі бүгінгі таңда мемлекетіміздің шектеулі қаржы ресурсына байланысты.
Сонымен қатар, салааралық мемлекеттік бірлестіктер, аумақтық салааралық (шаруашылықаралық) бірлестіктер, концерндер, консорциумдар, корпорациялар, шаруашылық ассоциациялары, одақтар тәрізді бірқатар ұйымдық құрылымдар мен түрлері отандық экономикамыздың күнделікті өміріне кеңінен еніп келеді. Бұлардың өздеріне тән ерекшеліктері бар.
Концерн (ағыл.) – қатысу жүйесі арқылы, мүдде ортақтығы, жеке уния жөніндегі шарттары, патенттік-лицензиялық келісімдері, қаржылануы, шығысы, өндірістік ынтымақтастығы бойынша, бір-бірімен байланысты жеке кәсіпорындардың бірлестігі.
Салааралық мемлекеттік бірлестіктер – халық шаруашылығы кешенінің бір жүйесіне кіретін дербес кәсіпорындардың шаруашылық бірлестігі. Бұл біркелкі (біртекті) өнімдер өндірмейтін әр түрлі ведомстволарға жататын кәсіпорындар негізінде құрылатын бірлестіктер.
Шаруашылық ассоциациялар – кәсіпорындардың бір немесе бірнеше өндірістік- шаруашылық қызметті бірігіп атқару мақсатымен белгілі шарт негізінде құрылған бірлестіктер.
Консорциум – нақты міндетті (күрделі мақсатты бағдарлама және жобалар) шешу үшін уақытша шарт негізінде ұйымдастырылған бірлестіктер.
Осы ұйымдық құрылымдар бірқатар ортақ принциптерге негізделген, сонымен қатар, олар толық сақтала ма, жоқ па, оған жауап беру әлі ерте. Қорыта айтқанда, Қазақстан нарыққа дендеп енген сайын кәсіпорындардың түрлері де барған сайын әралуан сипат алуда. Оларды таңдау проблемалары да күрделенуде. Сондықтан, оларды терең зерттеп, қыры-сырын ашу, жан-жақты талдау бүгінгі күннің басты мәселесі.