Әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілік деңгейі бойынша Қазақстан экономикасының негізгі салаларын келесідей 4 категорияға ажыратуға болады:
Өте мықты бәсекелестік позиция – түрлітүсті металлургия, байланыс және телекоммуникация, атом өнеркәсібі.
Мықты бәсекелестік позиция – қара металлургия.
Орташа бәсекелестік позиция – химия, қорғаныс.
Әлсіз бәсекелестік позиция – авиациялық (азаматтық), электрондық, тоқыма, аграрлық.
Бұдан басқа, әзірше бәсекеге қабілетті ретінде отын-шикізаттық кешенді және газ бен мұнай өндіруші салаларды атауға болады.
Әлемдік нарықтың жеке сегменттерінде жоғары сұранысқа қара және түрлі-түсті металлургия алып отыр.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, нарықтық қатынастардың және қаржылық-банктік жүйенің дамуы ішкі нарықта фирмалардың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге жәрдемдеседі. Бұл, ең алдымен, Қазақстан территориясында кең желісін жасай алған тамақ өнімдерін өндіруші-фирмаларға әсер етеді. Бағалық және сапалық параметрлер бойынша олардың өнімі шетелдік тауарлармен салыстырғанда анағұрлым бәсекеге қабілетті, бірақ өндіріс көлемі әлі де болса төмен. Сондықтан, тамақ өнімдерін шетелден әкелу жоғары деңгейде тұр.
Бәсекеге қабілетті өнімді жасау немесе елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру – тек қиын ғана емес, ұзақ мерзімді міндет болып табылады. Дегенмен, оларды нарықтық экономика жағдайында шешуге әбден болады. Бұл үшін өндіріс шығындарын қысқартып, өнімділікті, еңбек өнімділігін және материалды өндіріс тиімділігін арттыру қажет. Елдің экономикалық қуаты әлемдік экономикаға интеграцияланусыз, елдің ғылыми-техникалық әл-ауқатын сақтамай және дамытпай пайда бола алмайды. Сондықтан кез келген мемлекет осы шарттарды орындауға талпынған, талпынады және талпына бермек.
Елдердің бәсекеге қабілеттілікке жету әдістері бір-бірінен ерекшеленіп келеді. Біреулер табиғи ресурстар, арзан жұмыс күші сияқты базалық факторлар арқылы қамтамасыз етеді. Мұндай елдерге әлемдік нарықта мұнай, газ, көмір, металдар, бидай және т.б. сияқты шикізаттық тауарлардың шектелген түрлері бойынша артықшылыққа ие Қазақстан жатады. Осындай стратегияны ұзақ уақыт қолдану бәсекеге қабілеттілікті шектейді және әлемдік нарықта елдің позициясын жақсартуға ғана, тіпті, сақтап қалуға да мүмкіндік бермейді. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттік күресте жетекші елдер ретінде ғылыми және білім потенциалы, жоғарғы білікті жұмыс күші, дамыған инфрақұрылым сияқты жоғары деңгейлі факторларды қолданған елдер саналады. Бұл елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру негізінде барлық салаларда инновацияны кеңінен қолдану жатыр.
Зерттеулер көрсеткендей, қазір әлемде білімді, адам капиталын және инновацияларды маңызды ресурстар ретінде қолдану негізінде құрылатын экономикалық өсудің жаңа түрі қалыптасты. Дамыған елдердің ұлттық байлығының 5% ғана табиғи ресурстар, 18% өндірістік капитал, ал көп бөлікті 77% білім алып отыр. Дамыған елдер экономикасының негізінде зияткерлік потенциал жатыр [9]. Сондықтан, Қазақстан осыған ұмтылуы қажет.
Қазіргі кезде Қазақстан нарықтық экономикалық ел ретінде танылған мемлекет, ол жаңа экономикалық даму кезеңіне жол ашты. Осы уақытқа дейінгі сыртқы сауданың статистикасына жүгінетін болсақ, экспорт пен импорттың, жалпы тауар айналымының бірте-бірте ақырындап өсіп отырғандығын байқаймыз. Осы жағдайда негізгі экспортталатын тауарлар болып мұнай, газ конденсаты, қара және түсті металл, ауылшаруашылығы өнімдері қалып отыр. Яғни еліміздің экспорты шикізаттық бағытта болып отыр. Жалпы шикізат пен алғашқы өңдеуден өткен өнімдердің үлесіне тұтас экспорттың 80%-ы тиеді [10]. Мұндай жағдайды тек қана отандық өнімдердің бәсеке қабілеттілігінің төмендігімен ғана емес, сонымен қатар экспортты тиімді ынталандыру саясатының қолға алынбауы арқылы түсіндіруге де болады.
Отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру өте маңызды және уақытында ел назарына ұсынылып отырған асқақ мақсат. Өйткені, әлемдегі барынша өрбіп, қанатын жайған жаһандану үрдісінен тыс ешбір мемлекет болмайды. Соның ішінде ашық әрі демократиялық қоғам құрып жатқан Қазақстан одан шеткері қалмайды. Демек, әлемдік экономикада алатын орнымыз, экономиканың даму қарқынын үдетіп, оны ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкіндігі де осы бәсекеге қабілеттілікке байланысты. Халықтың тұрмысын үзбей жақсарта отырып, әлемдегі ең жоғарғы әлеуметтік стандарттарға жеткізу мүмкіндігі де осыған байланысты. Қорыта келгенде, ұлттық дамудың келешектегі басты мақсаты да, міндеті де бәсекеге қабілеттілік болып табылады.