ЭКСПЕРИМЕНТТІ ЛИНГВИСТИКА : Ұлттық тіл, мемлекеттік немесе ресми тіл 1.Тілдердің дипломатиялық рангісі.
2.Ұлттық-тілдік саясаттың деңгейлері.
3.Ұлттық-тілдік идеологияның типтері.
4. Мемлекеттік тіл: мәні менқызметі
Ұлттық тіл, мемлекеттік немесе ресми тіл деген терминдердің нақтылы заңды мәні әр түрлі елде әр алуан болып келеді. Бұл кейбір елдерде ресми немесе мемлекеттік тілдің біреу, ал шамамен айтқанда 20 елде екі, тіпті үшеу болуына байланысты. Айталық, Сингапур Республикасында төрт тілге (малай, қытай, тамиль және ағылшын) мемлекеттік мәртебе берілген.Бұл терминдердің ара жігі ажыратылып көрсетілетін мемлекеттер де бар. Мысалы, Мавритания Исламдық Республикасында «ұлттық тіл» мәртебесі араб тіліне, ал «ресми тіл» мәртебесі француз тіліне берілген.
Тілдердің дипломатиялық рангісі. Дипломатиялық хаттама бойынша халықаралық басқосулар мен конференциялардың барлық құжаттары, хаттамалары және қорытынды актілері сол басқосуға қатысқан барлық мемлекеттер тілдерінде берілуі тиіс. Өйткені бұлар дипломатиялық қатынастағы басқосудың ресми тілдері болып табылады.Ал оларға қарағанда жұмыс тілдерінің шеңбері біршама тар болады. Бұл тілдерде мәмілелер жүргізіліп, баяндама немесе шешім жобалары жасалады.Егер халықаралық шарт екі немесе бірнеше тілдерде жасалса, онда соның соңғы баптарында әрбір тілдегі мәтіндер бірдей заңдылық күші бар екендігі көрсетіледі, бәрі де түпнұсқа, бірдей мәнде саналады.Жоғарыда айтып өткеніміздей, БҰҰ-да ресми тіл мәртебелері оған мүше мемлекеттердің барлығының тілдеріне емес, тек алты тілге берілген. (1945 жылы БҰҰ-ның құрылу кезінде ондағы ресми тіл бесеу болды: ағылшын, испан, қытай, орыс, француз). Бұл тілдерде БҰҰ-ның Жарғысы жасалып, қол қойылды. Кейін, 1973 жылы алтыншы ресми тіл болып араб тілі енгізілді.
Ұлттық-тілдік саясаттың деңгейлері. Қалыптасқан қызмет түріне қарай ұлттық-тілдік саясаттың өзіндік әрекет ету иерархиясы мен логикасы бар. Оның негізгі деңгейлері мынадай:
1) тілдік саясатты идеологиялық қамтамасыз етудің тұжырымдамасын жасау;
2) тілдердің қоғамдағы өзара қарым-қатынасын заңмен бекіту;
3) тілдердің өзара қарым-қатынасын әкімшілік бақылау және реттеу;
4) тілдік нормаларды кодификациялау;
5) тілдік саясатты қаржы-экономикалық қамтамасыз ету.
Сонымен тіл саясаты дегенімізді тіл қолдануды реттеуге бағытталған барлық саналы әрекеттер деп түсінген жөн. Екі, одан да көп тілдік жағдайында тіл саясаты қатар өмір сүріп отырған тілдердің қызметі мен қолданылу салаларын анықтаудан тұрады. Ал бір тілді қоғамдағы тіл саясатының нысаны жазудағы, грамматикадағы, лексика, стилистика, дыбыстаудағы норма болып табылады. Тілді нормаландыру ауызекі сөйлеу тілі емес, жазу тіліне бағытталады.Саясат, оның ішінде тіл саясаты туралы айтқанда белгілі бір мақсатты жүзеге асыруға бағытталған саналы әрекетті көреміз. Тілге қатысты адамдардың қандай саналы әрекеті, мақсаты болуы мүмкін? Адамдар тілде нені өзгерткісі келеді? Әдетте қоғамның қажетіне қарай тіл өздігінен өзгермеуші ме еді? Егер тек өздігінен өзгеріп қана қоймай, адам арқылы өзгеруі қалай жүрмек? Адамдар тілге қалай саналы әсер ете алады, ол қаншалықты іске асады? Тіл саясатын кім жоспарлайды және кім жүргізеді?
Көптеген елдерде тіл саясатының субьектісі әр алуан мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен институттар болып табылады. Оларды өмірдің үш саласы байланыстырады:
1) мектеп;
2) кітап, кітап бастыру (кейінгі баспасөз радио, кино, теледидар);3) қоғамның этникалық қарым-қатынасын реттеу мәселесі.
Адамдардың саналы әрекетін қажет ететін тілдің негізгі үш түрлі саласы мыналар:
1) графика және орфография;
2) терминология;
3) тілдің нормативті-стилистикалық жүйесі.
Тіл саясатын жүзеге асыратын субьектілер тізімі мынадай:
1.Этносаралық қатынастар істері жөніндегі комитеттер (министрліктер, депортаменттер).
2.Мектеп және арнаулы білім беру мекемелері (министрліктер, департаменттер).
3.Масс-медия
4.Ғылыми мекемелер
5.Ана тілі жанашырларының ерікті ұйымдары (қоғамдар мен серіктестіктер т.б.).