Әл-Фараби дүниенің білім және ой тарихынан құрметпен орын алған ұлы түрік ғалымы, ойшылы. Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) – қыпшақ даласынан шыққан ұлы энциклопедист ғалым, астролог, музыка теоретигі. Физика, химия, медицина, математика ғылымдарында және философияда жеткен нәтижелерімен Еуропа мәдениетінде үлес қосқан, кітаптары XVIII ғасырдың соңына дейін Еуропа университеттерінде оқылған түрік дарыны. Шын аты – Махмұт. Фараби Түркістанда, Фараб (Отырар) қаласында 870 жылы дүниеге келді. Әкесі- қорған басшысы Махмұт Тұрпан. Ол әскербасының отбасында дүниеге келген. Отырар медресесінде, Шам, Самарқан, Бұқара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдат шаһарларында білім алған. Ол түркі ойшылдарының ең атақтысы, әлемдегі екінші ұстаз атанған ғұлама. Оның заманы “Жібек жолы” бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келеді.
Орта Азия, Парсы, Иран, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейген ол көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасады. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген.
Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл. Философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 164 трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады. (Аристотельдің “Метафизика”, “Категория”, “Бірінші және екінші аналитика” сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған.) Адамның өз болмысын өзі танып-білуіне философиялық тұжырымдар жасаған.
Бұл мәселені логика, этика, педагогика тұрғысынан кеңінен саралап, өзара сабақтастықта қарастырады. Ол рухани бастауларды жан-дүние үндестігінен, әдеміліктен, қанағаттанудан, бақыттан іздестірді. “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мемлекет қайраткерлерінің қанатты сөздері” және т.б. еңбектері бар.Ғылымдардың шығуы” деп аталатын трактатында математиканың шығу тегі мен себептерін ашуға тырысады. Астрономияға байланысты еңбектеріне “Алжебрге түсініктеме”, “Геометриялық фигуралардың егжей-тегжейі жөнінде табиғи сырлары мен рухани әдіс-айлалар кітабын” жатқызуға болады. Арифметика саласында “Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе”, физика саласында “Вакуум туралы”, медицина саласында “Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған трактат”, музыкаға байланысты “Музыканың ұлы кітабы” еңбектері әлемді мойындатқан дүниелер.
Батыстың білім әлемінде оны әл-Фарабиус атымен таниды. Фараби оқып – жазуды туған қаласында үйреніп, заманының ең атақты ғұламаларынан сабақ алды.Тәлімін кеңейту үшін әуелі Иранға, кейін Бағдатқа кетті. Фараби Бағдадта болған кезінде кілең атақты кісілерден дәріс алған және өзі де сабақ оқытқан. Әсіресе логика және грамматика пәндері мен араб тілін меңгеруді осы қалада жалғастырды. Өзі діншіл адам еді.
Исламның ақылға негізделген дін екеніне сенетін. Ол парсы,араб,латын және грек тілдерін үйренді. Әсіресе грек ойшылдары Аристотель мен Платон пікірлерінің синтезін жасауға және Сократ философиясының негізін жарыққа шығаруға көп еңбек етті. Сондықтан да өзін «Хадже-и-сани»,яғни «Екінші ұстаз» деп аталады. 941 жылы Алеппоға келді. Ол жылдары Алеппо Сейфуддевле Әлидің қол астында еді.
Бұл түрік әкімі түрік оқымыстысы Фарабиге үлкен сый-құрмет көрсетіп,оны сарайына алды. Кейбір деректер Фарабидің өзіне ұсынылған шенді алмай, күндіз көкөніс өсіріп, түнде шам жарығымен философиялық ойлар жазумен айналысқандығын көрсетеді. Фараби – алғашқы Ислам философы және ислам философиясын қалаушы.
Фарабидің әдебиет әлеміне қатысты ғылыми еңбектері мен жеке шығармашылығы белгілі ғалымдар А.Машанов, Х.Сүйіншәлиев, М.Мырзахметов, Р.Бердібай, Н.Төреқұлов зерттеулеріне арқау болды. Ә.Дербісәлиев, А.Көбесов, Б.Ғафуров, Н.Келімбетов, Т.Медетбаев еңбектерінде Фараби мұраларының әдеби қырына назар аударылды. Әл-Фарабидің “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактаты” мен бірнеше өлеңі А.Нысаналиннің аударуымен 1974 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрді. Дегенмен Фараби мүраларының басым бөлігі әзірге қазақ тілді оқырманның игілігіне айнала қойған жоқ. Бұл салада атқарылар қыруар іс келер күннің еншісіне қалып отыр.
Әл-Фарабидің “Ғылымдардың жіктелуі туралы трактатында” логика ғылымының сегізінші бөлімі ретінде поэтика аталады: “Логиканың бұл бөлімі поэзияны талдау қағидаларын, кең таралған поэтикалық пайымдаулар мен өнердің өзге де салаларында қолданылатын пайымдау түрлерін қамтиды. Сондай-ақ ол өлең өнерінің барлық заңдылықтарын бүге-шігесіне дейін сипаттайды, өлеңнің, поэтикалық пайымдаудың түрлерін, олардың ерекшеліктерін, жасалу жолдарын, көркемдікке, шеберлікке, биік сапаға қол жеткізу әдістерін ашып көрсетеді” (аудармалар біздікі –А.Ә.) деп тұжырымдайды ғалым . Бұл жерде Фараби қолданған “поэтика” терминінің зерттеушілер айтып жүрген “Поэзия туралы ғылым” деген анықтамадан гөрі қазіргі әдебиеттануымызда қолданылатын көркем туындының болмыс-бітімін тұтастықта қарастыратын, жалпы алғанда “әдебиет теориясы” ұғымымен мазмұндас, жекелей алғанда әдебиеттану ғылымының бір саласы болып табылатын “поэтика” ұғымымен үйлесетінін аңғарамыз. Тағы бір назар аударатын жайт, Фараби өз еңбегінде поэтиканы логикадан таратып, поэтикалық пайымдаулар мәселесін бірінші кезекке қойғанымен, таза поэзия табиғатына тән ұғымдарды да ұмыт қалдырмай, тұтастықта қарастырған. Фараби трактаттарындағы эстетикалық идеяларды талдай отырып, осы ерекшелікке назар аударған зерттеуші Л.Исламова: “Әл-Фараби поэтикасы белгілі бір деңгейде логика ілімінің қалыптарымен шектелгенімен, ғалым өлең сөзді тыңдаушыға эмоциялық әсер беретін құрал ретінде де қарастырады” деп жазады .
“Поэтика” ұғымына катысты Фарабидің жоғарыда келтірілген тұжырымдамасы ғалымның осы салаға арналған трактаттарында жан-жақты қырынан ашылады. Бұл тақырыптағы трактаттардың ең көлемді әрі кең танымалы – “Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат”. Еңбектің кіріспесінде Фараби Аристотельдің “Өлең өнерінде” айтқан ойларын талдап, тұжырымдарын бекітуді, оны талапкерлерге таныстыруды мақсат еткенін айта келіп: “Алайда біз аталмыш өнерге қатысты мәселелерді бүге-шігесіне дейін талдап жатпаймыз, өйткені философтың өзі де поэтика тұрмақ, софистика жөніндегі тұжырымдарын аяқтаған жоқ. Себебі ол өзіне дейінгілерден ақиқатты айқындау жолында тірек етіп алуға тұрарлықтай ешбір негіздер мен заңдылықтарды таппаған. Таңғажайып талантты ұлы ойшылдың өзі аяқтамаған мәселелерді ақырына жеткіземін деп талпынғаннан гөрі өлең өнеріне қатысты тыңдаушыға пайдалы қазіргі қолданыстағы қағидаларды, пайымдаулар мен мысалдарды талдап, көрсетумен шектелгеніміз жөн болмақ” деп жазады.Кейбір зерттеушілердің пікірінше, Фарабидің «Ат-талисмус-сани» атты еңбегірек философиясына еліктеушілік. Олай болса бұл өте жемісті еліктеушілік, өйткені ол өзінен кейінгі бүкіл дүние ой-пікіріне құрмет көрсеткен Ибн Сина осы кітаптың арқасында грек философиясын үйренген. Ибн-Сина былай деген еді: «Бір кітап дүкенінен сатып алған Фарабидің кітабын оқығанда,бұрын еш түсіне алмаған грек метафизикасын толығымен осы кітаптан үйрендім».Фараби музыкамен де айналысқан, тіпті «канун» деп аталған аспапты (домбыраға ұқсас) өзі ойлап шығарған және осы аспаппен бірнеше әндер де шығарған.Оның «музыка – кітабы» музыка жөнінде жазылған алғашқы ғылыми зерттеу. Фараби Алепподан Шамға (Дамаск), Шамнан Каирге сапар шеккенде жұрт арасына өзінің пікірлерін таратқан,білімге қызмет еткен.
Ол Алеппода 950 жылы январь айында қайтыс болып, Шам қаласының жанындағы Баб-ул-Сағыр деген жерде жерленді. Фарабидің ойы, көзқарастары, өте жемісті еңбектері, түсіндіргісі келген ойын өте жеңіл түсіндіре алатын қасиеті Шығысты да, Батысты да таң қалдырды.
Әл-Фарабидің әдеби мұрасы туралы ойларды қорыта келгенде мәдениеттанушы-тарихшы Н.Нұртазинаның: “Діннен, мұсылман факторынан алыстатылып, жасанды түрде дүнияуи сипат таңылған бабаларымыздың мұрасы ұлт мәдениеті туралы толық ақиқатты жеткізбей, ұрпақ санасына ұзақ уақыт зор нұқсан келтіріп келе жатыр. Мәдениеттанушылар, әдебиетшілер, тарихшылар, философтар осы бағытта көп ізденулері керек” деген пікірінің әлі де құнын жоймағанын пайымдаймыз . Сондай-ақ белгілі әдебиет зерттеушісі Н.Төреқұловтың әдеби жұмыстардың бір түрі – аударма екенін айта келіп, Фарабидің аударма еңбектерін оның әдеби мұрасымен байланыстыратын тұжырымы да негізсіз емес .