Немiс физигi Георг Симон Ом Эрланг қаласында дүниеге келген. Георг алғашында гимназияда, кейiннен Эрланг университетiнде оқиды да, Швейцарияда жеке мектепте сабақ бере бастайды. 1811 ж. ол университеттегi емтихандарын тапсырып, философия докторы деген дәрежеге ие болады.
1826 ж. өз заңын тұжырымдаған еңбегiн жарыққа шығарады. ЭҚК-i, кернеудiң азаюы, өткiзгiштiк деген ұғымдарды енгiзген Ом болатын.
Ол тiзбектiң бөлiгi үшiн ток күшiнiң кернеуге тәуелдiлiк заңын, сондай-ақ тұйық тiзбектегi ток күшiн анықтайтын заңды ашты. Ом кедергiнiң өткiзгiш ұзындығына және оның көлденең қимасының ауданына тәуелдiлiгiн тапты, ток күшiн өлшейтiн сезгiш приборды жасады. Ом кернеу көзi ретiнде термопараны пайдаланды (термопара – ұштары жалғанып дәнекерленген әр түрлi металдан жасалынған екi сым). Дәнекерленген ұштарының температуралар айырмасын арттыра отырып, кернеудi өзгерттi. Ол ток пен жылуөткiзгiштiк арасындағы ұқсастықты пайдаланып, электр тiзбегiнiң теориясын жасамақ болды.