Әлеуметтану теориясы



Pdf көрінісі
Дата25.09.2022
өлшемі206,01 Kb.
#40196


2-дәріс
ӘЛЕУМЕТТАНУ ТЕОРИЯСЫ
2-тарау. Классикалық әлеуметтану теориясы
Француз әлеуметтануының дауы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ 
АШЫҚ 
УНИВЕРСИТЕТІ


Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
2. Француз әлеуметтануының дауы
2
Джордж Ритцер, Джеффри Степницки әлеуметтанудың жеке пән ретінде қалыптасуына 
айрықша әсер еткен төрт француз ойшылдарының шығармашылық ерекшеліктеріне назар 
аударады: Алексис де Токвиль, Клод Сен-Симон, Огюст Конт және, ең бастысы, Эмиль Дюркгейм.
Алексис де Токвиль (1805–1859)
Алексис де Токвильдің жасы Сен-Симон мен Конттан кіші болса да, авторлар өз сөздерін 
осы тұлғадан бастайды. Себебі өзі Ағартушылық дәуірінің өкілі болғандықтан, еңбегі де толық 
осы дәуірдің шығармалары деуге болады. Ол тікелей Монтескьенің, әсіресе оның «Заңдар 
рухы» атты туындысының ықпалында болған. Токвиль ұзақ уақыт бойы әлеуметтанушы емес, 
саясаттанушы ретінде қарастырылды, оған қоса, көбі оның еңбегінде әлеуметтік теорияның 
бар екенін байқамады. Алайда оның еңбегінде әлеуметтік теория бар, сонымен қатар, тек 
Францияда ғана емес, әлемнің басқа бөліктеріндегі әлеуметтік теория тарихында әлдеқайда 
елеулі орынға лайықты.
Алексис де Токвиль 1805 жылы 29 шілдеде Парижде дүниеге келді. Ол бай болмаса да, 
көрнекті аристократтар әулетінен шықты. Американы демократия, теңдік және еркіндік се-
кілді шешуші құбылыстарды бастапқы күйлерін де зерттеуге мүмкіндігі бар зертхана ретінде 
қарастырды. Өзінің аңызға айналған және өте ықпалды «Америкадағы демократия» еңбегімен 
аса танымал. Әсіресе ерте америкалық демократиялық жүйені сипаттаған және саяси ғы-
лымның дамуындағы алғашқы қадам деп танылған бұл еңбектің бірінші томын ерекше атап өту 
қажет. Кітап үлкен табысқа жетіп, авторын танымал етті. Жалпы, демократия бойынша және 
соның ішінде америкалық демократия жөніндегі классикалық жұмыстардың бірін француз 
аристократының жазғаны қызық болып тұр. Ол 1840 жылы жарыққа шыққан Демократияның 
екінші томын бітірген бойда өзінің саяси мансабын бастады. Бұл томның біріншісіне қарағанда 
әлеуметтанулық сипаты басым болды. Алғашқы томы саясатқа арналды, әсіресе, америкалық 
саяси жүйені және оны басқа мемлекеттердің, мысалы, Францияның саяси жүйелерімен 
салыстыра талдады. Демократияға байланысты ескертпелері болса да, Токвиль америкалық 
жүйеге өте жақсы ниетпен қарады. Екінші том жақсы қабылдана қоймады, ықыластың бұлай 
төмендеуі кітаптың мазмұндық бағыты мен әлдеқайда абстрактілі сипатына байланысты 
болуы мүмкін.
Ол 1848 жылғы революция мен патша өкілетін доғаруын басынан кешірді. Алайда Луи 
Наполеон ұйымдастырған әскери төңкеріске қарсы шықты, түрмеде бірнеше күн болып, 
нәтижесінде өзінің саяси мансабының аяқталуын көрді. Өз заманындағы Францияны сынау 
үшін 1856 жылы жарық көрген әйгілі «Ескі режим және Революция» еңбегінде 1789 жылғы 
Француз революциясы жайлы жазуға бел буды. Кітап француздық деспотизмге бағытталды, 
бірақ, «Америкадағы Демократия» еңбегіндегі еркіндік, теңдік және демократия жайлы мәселені 
жалғастырды. «Америкадағы Демократияның» екінші томына қарағанда «Ескі режимі» 
жақсы қабылданып, айтарлықтай табысты болды. Бұл – Токвильді Франциядағы либералды 
қозғалыстың «ұлы көсеміне» айналдырды. Оның теориясының негізінде өзара байланысқан 
үш мәселе жатыр. Ол – ағартушылықтың көрінісі ретінде, бірінші кезекте еркіндіктің 
атақты жақтаушысы және қорғаушысы. Теңдікті индивидуализммен байланыстырады. 
Демократиялық қоғамның индивидуализм феноменін қалыптастыратынын айтады және нақ 
осы себепке байланысты демократияны, әсіресе социализмді сынға алады. Демократияның 
еркіндікке деген ұмтылысы және орталықтандырылған үкіметке қатысты процесі қауіп 
әкелетіндігін ескертеді. Әрине, Токвильдің көзқарасы бойынша, социализм кезінде жағдай 
анағұрлым мүшкіл болады, өйткені, теңдікке деген ұмтылыс пен биліктің орталықтандырылуы 
секілді сипатты белгілері еркіндік үшін мейлінше қауіпті. Социализм үшін және социализмнің 
туы астында әрекет еткен Кеңес Одағы мен басқа қоғамдарда орын алған жағдайды еске-
ретін болсақ, соңғы пікір әбден орынды. Орталықтандыру бүкіл қоғамдық өмірді жансыздан-
дырады. Барлық сұрақтардың орталық билікке шоғырландырылуы – еркіндік пен демократияға 
кедергі келтіреді, деп түсіндіреді.


3
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
2. Француз әлеуметтануының дауы
Клод Анри Сен-Симон (1760–1825)
Сен-Симон Огюст Конттың ұстазы. Конт жас кезінде оның хатшысы болып қызмет еткен, 
әрі оның шәкірті. Бұл екі ойшылдың идеялары өте ұқсас, дегенмен араларында болған даулы 
пікірталас екеуінің бөлінуіне әкеп соқты. Сен-Симон қызметінің аса қызықты аспектісі – кон-
сервативтілік, сондай-ақ ол радикалды марксистік теорияның дамуында маңызды рөл атқарды. 
Консервативті көзқарас негізінде, ол қоғамды өз қалпында сақтап қалуды қалады. Сонымен 
қатар, позитивист болды. Әлеуметтік құбылыстарды зерделеу барысында жаратылыстану 
ғылымдарында қолданылған ғылыми әдістерді пайдалану қажет деп есептеді. Радикалды 
көзқарас бойынша, Сен-Симон социалистік реформалардың, әсіресе, экономикалық жүйенің 
жоспарлы түрде орталықтандырылуы керек деп санады. Бірақ Маркстің істегендерін жасай 
алмады. Сен-Симон Маркс секілді капиталистер феодал ақсүйектерді ығыстырғанын көрсе 
де, жұмысшылар табы капиталистерді алмастыруы мүмкін емес деп санады. Оның көптеген 
идеяларын Конттың еңбектерінен көруге болады және Конт оларды дамытып, жүйеге келтірді.
Огюст Конт (1798–1857)
Конт – әлеуметтану терминін алғаш қолданған ғалым. Ол әлеуметтанудың кейінгі тео-
рияшыларына айрықша ықпал етті. Теориялық әлеуметтанудың көптеген классиктері мен 
қазіргі заман әлеуметтанушыларының көпшілігі секілді, Конт та әлеметтануды ғылыми негізде 
зерттеу керек деп түйді. 
Огюст Конт 1798 жылдың 19 қаңтарында Франциядағы Монпелье қаласында дүниеге 
келген. Отбасы орта таптан шыққан. 1817 жылы өзінен 40 жас үлкен философ Клод Анри Сен-
Симонның хатшысы болды. Конт оған көп қарыздар екенін мойындаған. Кейін өзінің Сен-
Симонмен қарым-қатынастарын «апаттық» жағдайда деп сипаттап, оны «бұзылған, өтірікші» 
деп жариялады.
Ол француз қоғамындағы анархияға қатты алаңдады, Ағартушылық пен Француз 
революциясының идеяларының пайда болуына себепкер болған ойшылдарды сынға алды. 
1842 жылы толықтай басылып шыққан «Позитивті философия курсы» атты алты томдық 
еңбегі оны даңққа бөледі. Бұл еңбектің алғашқы томы 1830 жылы жарық көрді. Аталмыш 
еңбекте Конт әлеуметтануды бірден-бір соңғы ғылым деген өз көзқарасын айқындады. 1838 
жылдан кейін Конт қоғамды реформалау туралы өзінің оғаш идеяларын дамыта бастады, бұл 
идеялары «Позитивті саясат жүйесінде» көрініс тапты. 1851 жылы қоғамды қайта құрудың 
үлкен жоспарын ұсына отырып, практикаға негізделген төрт томдық «Позитивті саясат жүйесі» 
еңбегін бітірді. Конт өзін адамзаттың жаңа дінінің бас қызметкерімін деп таныстыруға дейін 
барды; ол әлемді ақыр соңында әлеуметтанушы-діни қызметкерлер басқаратынына сенді. Оған 
оның католиктік бастаулары әсер етті. Өзінің даулы идеяларына қарамастан, Конт Францияда, 
тағы басқа елдерде біршама ізбасар шәкірттерді соңынан ертті. Негативті және зиянды 
деп есептеген ағартушылық философиясына қарсы күресу мақсатында өзінің теориясын, 
позитивизмді немесе позитивті философиясын жасады. Конттың көзқарасынан революцияға 
қарсы француз католиктерінің әсерін сезу қиын емес. Алайда оның еңбектері соңғылардың 
жұмыстарынан, кем дегенде, екі аспект бойынша ерекшеленеді. Біріншіден, ол орта ғасырға 
оралу мүмкін деп санаған жоқ; ғылым мен өнеркәсіптің дамуы олай болуға мүмкіндік бермейді. 
Екіншіден, өзінің ізашарларына қарағанда әлдеқайда күрделі теориялық жүйені ойлап тапты, 
бұл ерте әлеуметтанудың негізін қалауға әсер етті.
Конт 1839 жылы әлеуметтану деп аталған әлеуметтік физиканы дамытты. Әлеуметтік физика 
терминін қолдану – әлеуметтануды нақты ғылымдардың үлгісі бойынша құрғысы келгенін 
көрсетеді. Оның пікірінше, бұл жаңа ғылым, ақыр аяғында, басымдыққа ие жалғыз ғылымға 
айналып, әлеуметтік статика мен әлеуметтік динамикаға қатысты болды. Екеуі де әлеуметтік 
өмірдің заңдарын іздеуді қамтығанымен, әлеуметтік динамиканы әлеуметтік статикадан 
маңыздырақ көрген. Өзгерістерге ерекше көңіл аударуы, оның әлеуметтік реформаларға, 
дәлірек айтқанда, Француз революциясы мен Ағартушылықтан туындаған ауыртпалықтарды 


Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
2. Француз әлеуметтануының дауы
4
реформалауға деген қызығушылығын көрсетеді. Конт революциялар арқылы өзгерістерге 
талпынған жоқ, өйткені, ол қоғамның табиғи эволюциясы ең жақсы нәтижелерге алып келетінін 
айтты. Ал реформалар тек процеске болмашы жәрдемдесу үшін ғана қажет деп есептеді. Бұл 
бізді конттық әдістің іргетасына – оның эволюциялық теориясына немесе үш сатылы заңына 
алып келеді. Бұл теория «әлемнің өз тарихи шеңбері бойынша өтетін үш интеллектуалды кезеңі 
бар» деп тұжырымдайды. Конттың ойынша, бұл процесс тек жалпы әлемге ғана тән емес: топтар, 
қоғамдар, ғылымдар, индивидтер және тіпті ақылдың өзі үш сатыдан өтеді. Алғашқы кезең 
– теологиялық, ол 1300 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл уақыт аралығында идеялардың 
басым жүйесі «адам бейнесіндегі тылсым күштер мен діни тұлғалар – барлық жаратылыстың 
көзі болады» деген ұғымды бірінші орынға қояды. Әсіресе әлеуметтік пен физикалық әлемді 
Құдайдың жаратылысы деп есептеген. Екінші кезең – метафизикалық, ол шамамен 1300 
жылдардан 1800 жылдарға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезең дараланған құдайлар емес, 
олардың орнына абстрактілі күштер, «табиғат» барлығына жауап беріп, түсіндіре алады деп 
баяндалады. Ақырында, 1800 жылы әлем ғылымға деген сеніммен сипатталатын позитивистік 
кезеңге көшті. Адамдар абсолютті себептерді іздеуден бас тартып, оның орнына әлеуметтік 
және физикалық әлемді басқаратын заңдарды зерделеп қадағалауға көңіл бөлді.
Әлбетте, Конт өзінің әлем теориясында интеллектуалды факторларға айрықша ден қойды. 
Шынымен де, ол интеллектуалды бейберекеттік әлеуметтік тәртіпсіздіктің туындауына себеп 
болады деп санаған. Мұндай тәртіпсіздіктің шығу көзі әлдеқайда ерте теологиялық және 
метафизикалық идеялар жүйесінде жатыр, ол позитивизм дәуірінде де жалғасын тапты. 
Позитивизм толық бақылауға ие болған шақта ғана әлеуметтік төңкерістер мен револю-
циялар тоқтайды. Бұл эволюциялық процесс болғандықтан, әлеуметтік төңкерістер мен 
революцияларға деген қажеттілік жоқ. Алайда позитивизм орнығады, бәлкім, біреулер 
қалағандай тез келе қоймайтын шығар. Бұл жерде Конттың әлеуметтік реформизмі мен 
әлеуметтануы сәйкес келеді. Әлеуметтану позитивизмнің орнығуын жеделдетеді және соған 
сәйкес әлеуметтік өмірге тәртіп алып келе алатын еді. Ең алдымен, ол революцияның жақ-
таушысы болып көрінгісі келмеді. Оның пікірінше, әлемде тәртіпсіздік жетіп артылады. Кез 
келген жағдайда, оның көзқарасы бойынша, интеллектуалды өзгерістер қажет болды, сон-
дықтан әлеуметтік және саяси революциялар үшін себеп аз еді.
Конттың әлеуметтануы индивидке бағытталмайды, одан гөрі талдаудың базалық бірлігі 
ретінде отбасы секілді ауқымды нысандарды қарастырады. Сонымен қатар әлеуметтік 
құрылымға да, әлеуметтік өзгерістерге де назар аудару қажеттігін айтқан. Кейінгі әлеуметтану 
теориялары, әсіресе Спенсер мен Парсонстың шығармашылығы үшін маңыздысы – Конт-
тың қоғамның жүйелі сипатына яғни, қоғамның әртүрлі компоненттерінің арасындағы байла-
ныстарына аса назар аударуында. Сонымен қатар ол қоғамдағы келісім рөліне көп мән 
берген. Қоғам үшін жұмысшылар мен капиталистер арасында міндетті түрде қақтығыстар 
тән деген идеяны дұрыс деп санамаған. Сондай-ақ Конт абстрактілі теориялармен айналы-
сып, әлеуметтанулық зерттеулер жүргізу қажет екенін баса айтқан. Ол әлеуметтанушыларды 
бақылауды, экспериментті және салыстырмалы тарихи талдауды қолдануға шақырды. Әлеу-
меттану өзінің әлеуметтік заңдарды түсіндіру, қоғамның ішкі мәселелерін шешуге бағытталған 
реформаларды түзу қабілетінің арқасында әлемдегі аса ықпалды ғылыми күшке айналады 
деп сенген.
Конт позитивті әлеуметтану дамуының алдыңғы шебінде тұрды. Джонатан Тернердің 
пікірінше, оның позитивизмі «әлеуметтік әлем абстрактілі заңдардың дамуына жауап береді; 
деректерді жете жинастырып, осы заңдарды тексеруге болады» және «бұл абстрактілі заңдар 
бізге әлеуметтік әлемнің негізгі және ең жалпылама қасиеттерін көрсетіп, табиғи байланыс-
тарды нақты анықтайтынын» атап өткен. Байқағанымыздай, кейбір классиктер әлеуметтік 
өмірдің заңдарын ашуға Конт сияқты құлшыныспен кіріскен. Өзінің әлеуметтану теориясының 
мектебін құру үшін мықты академиялық базасы жетіспесе де, ол әлеуметтану теориясының 
маңызды бағытының даму негізін қалады. Бірақ француз әлеуметтануындағы оның ізбасары 
және идеяларының бір бөлігінің мұрагері Эмиль Дюркгейм Огюст Конттың ұрпақ алдындағы 
рөлін біршама кемітті.


5
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
2. Француз әлеуметтануының дауы
Эмиль Дюркгейм (1858–1917)
Ол 1858 жылы 15 сәуірде Францияның Эпинал қаласында дүниеге келген. Раввиндер әу-
летінен шыққанына және раввиндік тәрбие алғанына қарамастан, жасөспірім шағында-ақ 
бұл мұрагерлік жолды мүлде қабылдамады. Осы кезден бастап дінге теологиялықтан гөрі 
академиялық тұрғыдан ден қойды. Дюркгейм тек діни білім алумен шектелмей, сонымен 
қатар, жалпы, әдеби және эстетикалық мәселелерге қатысты білімге баса назар аударды. Ол 
әлеуметтік өмірді зерттеу үшін қажетті ғылыми әдістермен және адамгершілік принциптермен 
білімін толықтыруды қалады. Философиядағы дәстүрлі академиялық мансаптан бас тартып, 
орнына қоғамның адамгершілік басшылығын дамытуға қажетті ғылыми білім жинақтауға 
ұмтылды. Дюркгеймнің әлеуметтану ғылымдары бойынша оқыған қоғамдық дәрістері әлеу-
меттік ынтымақтастық, отбасы, суицид, қылмыс және дін сияқты тақырыптарды қамтыды. 
Оның «Қоғамдағы еңбек бөлінісі» туралы зерттеуі жарық көріп, сол еңбегі бойынша докторлық 
диссертациясын қорғады. Оның негізгі әдіснамалық мәлімдемесі болып саналатын «Әлеу-
меттану әдісінің ережесі» еңбегі 1895 жылы жарық көрді және осы әдістерді тәжірибеде 
қолдану өзіне-өзі қол жұмсау дертін зерттеуде жалғасын тапты. Осы еңбектердің әрқайсысы 
әлеуметтану саласының дамуындағы басты тұлғаларының бірі ретінде Дюркгеймнің беделін 
өсірді. «Дін ұстанудың қалыпты формалары» атты ең танымал туындыларының бірі 1912 
жылы жарық көрді. Дюркгейм француз интеллектуалды топтары қатарында танымал тұлға 
болғанымен, оның еңбектерінің америкалық әлеуметтануға маңызды әсер еткені 20 жылдан 
кейін ғана, Толкотт Парсонстың «Әлеуметтік іс-әрекеттердің құрылымы» еңбегі жарияланғанда 
мойындалды.
Дюркгейм өзінің саяси көзқарастары бойынша либерал болды, бірақ, интеллектуалды 
тұрғыдан көбінесе консервативті позицияны ұстанды. Конт пен революцияның католик-
қарсыластары секілді, Ол да әлеуметтік хаостан қауіптеніп, оны жек көрді. Ол Францияға тән 
өзгерістерден туындаған бүліктерден шабыт алды. Шындығында, оның туындыларының көбі 
әлеуметтік тәртіпті зерттеуге арналған. Оның ойынша, әлеуметтік тәртіпсіздік қазіргі замандағы 
әлемнің қажетті бөлігі болып табылмайды және әлеуметтік реформалардың көмегімен оны 
азайтуға болады. Маркс заманауи әлемнің мәселелерін қоғамның ажырамайтын бөлігі ретінде 
қарастырса, ал Ол басқа пікірді ұстанды. Осылайша, Маркстің әлеуметтік революцияның 
қажеттілігі туралы идеялары Дюркгейм мен өзгелердің реформизміне қарама-қайшы келді. 
Әлеуметтану теориясының даму шамасына қарай тәртіп пен реформаларға деген дәл осы 
дюркгеймдік қызығушылық басым болды, ал марксистік позицияны ұстанғандар көлеңкеде 
қалып қойды. 1898 жылы ғалым әлеуметтануға арналған L’anée sociologique атты ғылыми 
журнал ашты. Бұл журнал әлеуметтанулық идеяларды дамыту мен таратудың қуатты күшіне 
айналды. Дюркгейм әлеуметтануға деген қызығушылықты көтермелеуге талпынып, өз 
журналын кейінгі ізбасарлар тобын қалыптасатын ядроға айналдырды. Кейінірек олар оның 
идеяларын дамытып, сол идеяларды өзге көптеген аумақтарға және әлеуметтік әлемнің басқа 
аспектілерін зерделеуге көшірді. 1910 жылы Францияда әлеуметтанудың мықты орталығын 
құрып, нәтижесінде әлеуметтанудың академиялық институттануы осы елде дамып қалыптасты.
Британдық әлеуметтанудың негіздері
Британ әлеуметтануын ХІХ ғасырда үш қарама-қайшы қайнар көз қалыптастырды: саяси 
экономика, амелиоризм және әлеуметтік эволюция.
Саяси экономика
Адам Смиттің шығармашылығынан ішінара көрінетін индустриялық және капиталистік 
қоғамның теориясына айналған саяси экономика мәселесі бұған дейін қарастырылған бола-
тын. Саяси экономика Карл Маркске ерекше әсер етті. Маркс саяси экономиканы жете зерт-
теп, оған сынмен қарады. Бірақ британ экономистері мен әлеуметтанушылары өзге бағытты 
ұстанды. Олар еңбек пен тауар нарығын реттеп отыратын «көзге көрінбейтін қол» бар деген 


Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
2. Француз әлеуметтануының дауы
6
Смиттің идеясымен келісуге тырысты. Нарық индивидтерге үстемдік ететін және олардың мінез-
құлығын басқарып отыратын тәуелсіз шындық ретінде қарастырылды. Маркске қарағанда 
британ әлеуметтанушылары, саяси экономистер секілді, нарықты позитивті күш, қоғамдағы 
тәртіп, үйлесім мен бірліктің көзі ретінде қарастырған. Олар нарықты және жалпы қоғамды 
оң көзбен көргендіктен, әлеуметтанушының міндеті қоғамды сынау емес, оның қолданыстағы 
заңдары туралы деректерді жинау деді. Мақсаты – үкіметтік жүйенің қалай жұмыс істейтінін, 
оның жұмысын қалай дұрыс басқаруға болатынын түсінуге қажетті фактілермен қамтамасыз 
ету.
Фактілерге баса назар аударылды, бірақ, қандай фактілер? Маркс, Вебер, Дюркгейм 
және Конт қоғамның құрылымынан негізгі фактілерді іздестірсе, британ ойшылдары осы 
құрылымдарды құрайтын индивидтерге назар аударуға тырысты. Үлкен масштабты құры-
лымдармен айналысып, олар деректерді индивидуалды деңгейде жинап, кейін оларды 
ұжымдық портретті құру үшін біріктіруге ұмтылды. ХІХ ғасырдың ортасында британ әлеу-
меттік ғылымында статистиктер жетекші орынды иеленді. Деректерді жинаудың бұл түрі 
әлеуметтанудың ең маңызды міндеті болды. Жалпы теорияландырудың орнына «акцент аса 
дәл көрсеткіштерді, деректерді жіктеу мен жинақтау әдістерін жетілдіруге, өмірлік процестерді 
нұсқайтын көрсеткіштерді жақсартуға, деректердің бөлек топтарын салыстырудың үздік 
әдістерін жасауға қойылды».
Парадокс болса да, статистикаға сүйенген әлеуметтанушылар өздерінің тәсілдерінің 
шектеулілігін түсінді. Олардың кейбіреуі аса кең теориялық базаның қажеттілігін сезіне 
бастады. Кедейлік секілді мәселе нарық жүйесінде жалпы қоғамдағы кемшіліктермен 
байланысты. Алайда индивидтерге фокусталған әлеуметтанушылардың басым бөлігі жалпы 
жүйені талдамады, мұның орнына әлдеқайда нәтижесіз зерттеулерге және аса күрделі, нақты 
статистикалық әдістерге бет бұрды. Олардың пікірінше, мәселенің түп тамыры жүйеде емес, 
зерттеудің жарамсыз әдістерінде жатуы тиіс. Филип Абрамс байқағандай: «Индивидтің жеке 
жағдайын басты назарға алып, статистиктер кедейлікті әлеуметтік құрылымның өнімі деп 
түсінуді әбестік деп санады... Индивидтерді зерттеуге арналған теориялық және әдістемелік 
міндеттемелермен қатар, статистиктер мемлекеттік, соның ішінде саяси және экономикалық 
жүйедегі саясаткерлермен тығыз қарым-қатынаста болды».
Амелиоризм
Саяси экономикамен байланысты болса да, одан өзгеше британ әлеуметтану ілімінің 
екінші анықтаушы белгісі – амелиоризм немесе адамның тұлғасын түзету арқылы қоғам 
мәселелерін шешуге ұмтылу. Британ ғалымдары қоғамда мәселелердің бар екенін мойындаса 
да, олар әлі де қоғамға сеніп, оны сол қалпында сақтағысы келді. Олар зорлық-зомбылық 
пен революцияның алдын алып, жүйені өз болмысымен әрі қарай жалғасын табу мақсатында 
реформалануын қалады. Ең алдымен, олар социалистік қоғамның пайда болуының алдын 
алғысы елді. Осылайша француз әлеуметтануы мен неміс әлеуметтануының кейбір бағыттары 
секілді, британ әлеуметтануы да консервативті бағытты ұстанды.
Британ әлеуметтанушылары кедейлік секілді мәселелердің пайда болу негізін жалпы 
қоғамнан көре алмағандықтан немесе көргісі келмегендіктен, оның себептерін индивидтердің 
өздерінен іздеген. Индивидуалды мәселелердің тізімдері: «немқұрайдылық, рухани кедейлік, 
ластық, нашар санитария, пауперизм, қылмыскерлік пен сабырсыздық, әсіресе бірінші ке-
зекте сабырсыздыққа» көп назар аударды. Ғалымдардың барлық әлеуметтік қасіреттердің 
қарапайым себебін табуға ұмтылғандары анық және ең алғашқы айқын мәселе – маскүнемдік. 
Бұл америолистерге керемет үлгі болды, өйткені, бұл – қоғамның емес, тұлғаның ауытқушы-
лығы. Америолистерге әлеуметтік құрылым теориясы, осындай индивидуалды мәселелердің 
әлеуметтік себептері жайындағы теориялары жетіспеді.
Әлеуметтік эволюция
Британ әлеуметтануында әлеуметтік құрылымның болмысы анағұрлым күштірек сезілді 
және ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында әлеуметтік эволюцияға деген қызығушылық-
тың өсуімен байқалды. Позитивті және негативті тұрғыда да Спенсер британ әлеуметтану 
теориясының, әсіресе эволюциялық теорияның басты тұлғасы болды.


7
Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
2. Француз әлеуметтануының дауы
Герберт Спенсер 1820 жылы 27 сәуірде Англияның Дерби қаласында дүниеге келді. 
Ол өнер және гуманитарлық ғылымдар саласында емес, техникалық, қолданбалы пәндер 
саласында оқыған. 1848 жылы The Economist журналының редакторы болып тағайындалып, 
интеллектуалды көзқарастары шыңдала түсті. 1850 жылға қарай ол өзінің «Әлеуметтік 
статика» атты басты еңбегін аяқтады. Спенсердің идеяларын түсіну үшін оның өзі мен Конт 
теорияларының кереғарлығын салыстыру пайдалы.
Спенсер мен Конт
Әлеуметтану теориясының дамуына қосқан үлесі үшін Спенсерді Конт сияқты әлеумет-
танушылардың санатына жиі жатқызады, бірақ, бұл ойшылдардың идеяларының арасында 
елеулі айырмашылықтар бар. Мысалы, Спенсерді консерватор деп есептеу әлдеқайда қиын. 
Шындығында, жас кезінде көбінесе саяси либерал болды және осы либерализм элементтерін 
өмір бойы сақтап келді. Алайда уақыт өте келе консервативті бола бастағаны шындық және оның 
Конт секілді әлеуметтануға деген негізгі әсері де консервативті болды. Оның консерватизмімен 
бірге өте ыңғайсыз либералдық көзқарастарының бірі – laissez-faire доктринаны қабылдауы 
болды: ол «мемлекет тек халықты қорғаудағы пассивті функциясынан басқа жекелеген 
істерге араласпауы керек» деп санады. Бұл дегеніміз, Спенсер Контқа қарағанда әлеуметтік 
реформаларды қолдамағанын білдіреді, ол әлеуметтік өмір сыртқы бақылаусыз, өздігінен 
дамуын қалады.
Осындай өзгешелік Спенсерді әлеуметтік дарвинист ретінде сипаттайды. Ол әлемнің бір-
тіндеп жақсарып келе жатқаны туралы эволюциялық көзқарасты ұстанды. Сондықтан оны 
дербес қалдыру керек, сыртқы күштің араласуы жағдайды тек ушықтыруы мүмкін деп есептеді. 
Ол «өсімдіктер мен жануарлар секілді әлеуметтік институттар өз әлеуметтік ортасына біртіндеп 
әрі оңтайлы бейімделеді» деген көзқарасты қабылдады. Сондай-ақ әлеуметтік әлемде «ең 
мықтысы ғана аман қалатын» табиғи сұрыпталу процесі туралы дарвинистік көзқарасты 
жақтады. Демек, «егер сыртқы араласушылық секілді кедергі болмаса, адамдардың «ең 
мықтылары» аман қалып, табысқа жетіп, ал «ең әлсіздері», ақыр аяғында, қырылып қалар еді», 
– дейді. Конттан тағы бір өзгешелігі – Конт отбасы секілді ауқымды мәселелерге, ал Спенсер 
индивидке назар аударды.
Екі ғалым ерте кезең теорияшылары үшін өте маңызды үлгі болып көрінген Дюркгеймнің 
және басқалардың әлеуметтану ғылымына ден қоюын қолдаған. Контпен және Дюркгейммен 
жақындастырған Спенсер шығармашылығының тағы бір әсерлі тұсы – қоғамды жанды ағза 
ретінде көруге деген бейімділік. Бұл тұрғыда ол өз көзқарасын және ұғымдарды биологиядан 
алды. Оны жалпы қоғамның құрылымы, қоғам бөліктерінің өзара қатынастары мен бөліктердің 
бір-біріне, жүйеге қатысты функциялары қызықтырды. Ең маңыздысы, Спенсер Конт секілді 
тарихи дамудың эволюциялық тұжырымдамасын ұстанды. Алайда ол Конттың эволюция 
теориясын бірнеше негіздер бойынша сынады. Соның ішінде Конттың үш сатылы заңын жоққа 
шығарды. Спенсер эволюция теориясын шынайы, материалдық әлемге қатысты зерттеуге 
тырысты.
Эволюция теориясы
Спенсердің шығармашылығынан, кем дегенде, екі негізгі эволюциялық позицияны көруге 
болады. Алғашқысы қоғам ауқымының артуына қатысты. Қоғам индивидтер санының 
көбеюімен және топтардың бірігуімен өседі және ауқымының өсуі әлдеқайда ірі және әртүрлі 
әлеуметтік құрылымдардың пайда болуына, сондай-ақ, олар атқаратын функциялардың 
дифференциациясының өсуіне алып келеді. Өлшемнің өсуінен бөлек, қоғам дамуының 
күрделіленуі топтардың көбірек қосылуының көмегімен жүзеге асады. Осылайша, ол 
қарапайымнан күрделіге, екі есе күрделі қоғамға және үш есе күрделі қоғамға эволюциялық 
түрде өту жолдарын айтады. Сонымен қатар «әскери қоғамнан – индустриялық қоғамға» деген 


Кітап:
Тарау:
Дәріс:
Әлеуметтану теориясы
2. Классикалық әлеуметтану теориясы
2. Француз әлеуметтануының дауы
8
эволюция теориясын ұсынады. Бұрын содырлық қоғамдар шабуылдар мен қорғаныстық 
соғыс үшін құрылған. Спенсер соғысқа сын көзбен қарай отырып, соғыстың ерте кезеңіндегі 
функциясы ретінде қоғамдарды біріктіру, мысалы, әскери басып алу арқылы индустриялық 
қоғамды дамытуға қажетті аса ірі көлемде адамдарды жұмылдыру деп санады. Алайда 
индустриялық қоғамның келуімен соғыс өзінің функционалды сипатын жоғалтып, алдағы 
эволюцияға кедергі болды. Индустриялық қоғам туа біткен қасиеттер мен тәртібі жоғары 
индивидтердің ерікті ынтымақтастығына емес, достық, альтруизм, тар салада мамандану 
мен жетістіктерді мадақтауға негізделген. Мұндай қоғам ерікті келісімшарттық қарым-
қатынастармен және ең бастысы, күшті ортақ мораль арқылы бірігеді. Үкіметтің рөлі шектеулі 
және азаматтардың немен айналыспауы жөн екеніне ғана назар аударады. Әлбетте, қазіргі 
индустриялық қоғамда ертедегіге қарағанда жауынгерлік сипат аз. Спенсер жалпы эволюцияны 
индустриялық қоғамның бағытында көрсе де, ол соғыс пен әлдеқайда жауынгерлік қоғамға 
деген мерзімді регрестердің мүмкіндігін мойындайды. Этика мен саясат саласында жазылған 
еңбектерінде қоғамның эволюциясына байланысты басқа да көзқарастарды қамтыды. Бір 
жағынан, қоғамның прогресі идеалға қарай немесе мінсіз, өнегелі қоғамға бағытталады деп 
есептеген. Екінші жағынан, тек ең мықты қоғам аман қалып, ал өте әлсіз қоғамдар жойылады 
деген пікір білдірген. Мұндай прогрестің нәтижесі – бүкіл әлем үшін жаңаша бейімделу.
Спенсер әлеуметтік эволюция жайында бай әрі көп жоспарлы идеялардың жинағын ұсынды. 
Басында оның идеялары үлкен табысқа жетті, кейін бірнеше жылдар бойы жоққа шығарылды. 
Ал уақыт өте келе, оның идеялары неоэволюциялық әлеуметтану теорияларының пайда болу 
кезінде қайта сұранысқа ие болды.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет