Бірге тұратын ұрпақтар саны бойынша отбасы құрылымының типтері Нуклеарлы отбасы – ата-аналар мен олардың балаларынан, яғни екі ұрпақтан тұратын отбасы
Кеңейтілген отбасы - екі немесе одан да көп нуклеарлы отбасыларды ортақ үй шаруашылығымен біріктіретін және үш немесе одан да көп ұрпақтардан тұратын отбасы.
Бала саны бойынша отбасы құрылымының типтері Баласы жоқ отбасы
Аз балалы отбасы - бұл 1-2 баласы бар отбасы
Балалардың орташа саны бар отбасы - бұл 3-4 баласы бар отбасы, яғни балалар кеңейтілген көбею үшін жеткілікті.
Көп балалы отбасы - бұл 5 немесе одан да көп баласы бар отбасы, яғни кеңейтілген көбею үшін қажет балалар көп.
Ата-аналар саны бойынша отбасы құрылымының типтері: Толық отбасы - екі ата-анасы бар отбасы.
Толық емес отбасы - бір ата-анасы бар отбасы
Отбасының оқушы тұлғасының қалыптасуына ықпалы Кез-келген адамның қоғаммен қатынасы отбасынан бастау алады. Отбасы - бұл адамға өмірлік құндылықтар жайында түсінік беретін алғашқы ұжым. Адам қандай дәрежеге жетеді, жалғыз тұлға бола ма немесе адамгершілік тұрғыдан кемшілікпен қалыптасады ма, мұның бәрі көбіне ол адамның балалық шағында қаншалықты дұрыс ата-аналық тәрбие алғанымен байланысты. Қазақстан Республикасы тәлім-тәрбие тұжырымдамасында: «тәрбиенің негізгі мақсаты - дені сау, ұлттық сана - сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар - ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу» - деп көрсетілген. Жас ұрпақтың жеке тұлғасын қалыптастыру - қазіргі кездегі тәрбие мен білім берудің басты көкейтесті мәселелерінің бірі болып табылады. Осы міндеттерді шешуде, баланың әлеуметтенуіне оның тәрбиеленіп отырған ортасы-отбасысы маңызды роль атқарады. Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Баланың өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Тәлім-тәрбиелік жарасымдылық мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. «Отан отбасынан басталады» демекші, ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату кезек күттірмейтін мәселе. Тұлғаның әлеуметтенуінің әлеуметтік психологиялық факторлары біріншіден, әлеуметтенудің-мәдени, тарихи, ұлттық ерекшеліктерін қарастыратын әлеуметтік топ болса, екіншіден, белгілі бір денгейде өмір жолының кезеңдерінде көрінетін жеке тұлғалық топ. Осы орайда В.Г.Крыско тұлғаның әлеуметтенуінің үш түрлі факторын ұсынды. Олар: микрофакторлар - отбасы, микроәлеумет, тәрбие институттары, діни ұйымдар; мезофакторлар - этнос, аймақтық шарттар, мекені, қарым - қатынас құралдары; макрофакторлар - мемлекет қоғам ел және мәдениет. Қандай да болмасын жолдың алғашқы қадамынан басталатыны сияқты, адамның жеке тұлғасының қалыптасуы да отбасынан басталады. Отбасы - қоғамның маңызды бір бөлшегі. Отбасы бала үшін өмір мектебі, онда мейірбандық, шындық, адалдық, қайырымдылық, еңбексүйгіштік т.б. адамгершілік қасиеттері дамиды және қалыптасады. Сол себепті де жасөспірімдерді тәрбиелей отырып, оларды әр түрлі кездесетін қиыншылықтарға қарсы тұра білуге үйрете білу керек.
Отбасы тәрбиесіндегі баланы жан-жақты дамытудың негізгі мақсаттары:
баланы жан-жақты дамыту;
әртүрлі қызмет түрлері мен жағдайларды бала мінез-құлқындағы ақыл-ой маңыздылығын арттыру;
қоғамда өмір сүру және ұжымда жұмыс істеу мүмкіндігін қалыптастыру;
баланы белсенділікке, өзіндік әрекет етуге, өзгелермен оңтайы қарым- қатынас орнатуға тәрбиелеу.
Осы мақсаттардан отбасында баланы тәрбиелеудегі төмендегідей міндеттері көзделеді:
Бала тәрбиесі негізі ата-анада жатқанын естен шығармау;
Балалардың өмірі мен оқуы үшін олардың рухани дамуын, адамгершілік жағынан қалыптасуын қамтамасыз ететін жағдайлар жасау;
Салауатты өмірді насихаттауда баласына үлгі көрсету;
Баланың жеке басын қорлайтындай жаза қолданбау.
Оқушының жеке тұлғасын қалыптастыру үшін, ол күн сайын отбасы мүшелері арасындағы ең жарасымды, ең әділетті қарым - қатынастардың куәсі болуы қажет. Отбасы мүшелері бір - бірімен тату - тәтті, өзара түсіністікте болса, одан адамгершілік пен әділеттің, көрінісі айқын сезіліп тұрады. Отбасының бірлігі мен ынтымақтастығы оның құрамындағы адамдардың бір - біріне деген қамқорлығынан, тіпті бірыңғай саяси көзқарасты ұстануымен, соған орай, ерлі - зайыптылық және ата - ананың сезімін терең түсіне білулерінен байқалады.Осы мәселе бойынша зерттеу жұмыстары баланы өмірге дайындауға отбасы тәрбиесіне үлкен жауапкершіліктің жүктелгенін көрсетеді. Әділдік пен бауырмашылдық, өзара түсінушілік, ата - анаға және туған туыстарына деген сүйіспеншілік пен сыйластық, отанға және айналадағы қоршаған табиғатқа деген махаббат, адамдарға және еңбекке деген құрмет тағы да сол сияқты тұлғалық қасиеттер баланың кішкентай кезінен отбасында және мектеп қабырғасында қаланады. Сондықтан, отбасындағы, мектептегі және басқа адамдармен қарым- қатынас жасаудың дұрыстығы өте маңызды. Бұл мәселе бойынша көптеген ғалымдар Ю.П.Азаров, И.В.Гребенников, А.И.Лихачев, Ю.П.Петров, А.О Пинт және т.б отбасында баланың тұлғасын қалыптастыру мәселелерін қарастырған, ал Қазақстанда Ж.Б.Қоянбаев, Р.М.Қоянбаев және т.б отбасының мектеппен ынтымақтастығы мәселелерін зерттеген.Баланың кішкентай кезінен өзін қоршаған жандармен қарым-қатынасынан үйренген тәжірибесі оның психикалық дамуының іргетасы болатынын және кейінгі тағдыры осыған байланысты анықталатынын терең түсіне бермейміз. Яғни, отбасы баланың (оның органикалық бұзылуларынан тыс) психикалық дамуының негізгі ошағы болып табылады. Осыған байланысты баланы оқыту мен тәрбиелеу үрдісінде ата-ана, бауырларының рөлі мен жауапкершілігі өте маңызды. Бала тәрбиесіндегі басты тұлға- ата-ана екендігі сөзсіз. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге болады. Әке-шешесі жақсы болса, балалары да жақсы тәрбие алып өседі. Отбасындағы тәрбие сол өмірдің өзі болып табылады және де біздің жүріс - тұрысымыз, тіпті біздің балаға деген сеніміміздің өзі де күрделі , бірқалыпсыз, кейде қарама-қайшылықта болып келеді. Балалар бір-біріне қаншалықты ұқсамайтын болса, әке мен шеше де бір - біріне соншалқыты ұқсас емес. Баламен қарым- қатынас та терең индивидуалды және бір-біріне ұқсамайтын болып келеді. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау - ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ- түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала - әр отбасының бақыты. Шәкәрім атамыздың «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан үстем болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күнінен бастап тәрбиелейді» дегеніндей, құнды қасиеттерге не рухани адамды қалыптастыру - шынында да оның туған кезінен басталса керек. Ал адамның адам болып қалыптасуында ата-анамен қатар тәрбиеші мен мұғалімнің де рөлі бар. Ата-анасын, жүрген ортасын қосқанда оның тәрбиесіне мұғалімнен басқа бірнеше адамның қатысы бар. Балаға жүрек жылуы қашан да қажет және ол ешқашан артық болмайды. Ата-анасынан көрмеген сүйіспеншілікті мұғалімнен көрген бала менің ата-анам да осындай болса деп армандауы мүмкін. Мұғалімін тек жақсы қырынан таныған оқушы үшін оның айтқаны анық, дегені дәл болып көрінеді.Баласын қалай жақсы көретінін дұрыс білдіру кез келген ата-ананың қолынан келе бермейді. Біреу жақсы киіндіріп қояды, біреу тамағы тоқ болса болды деп, қалтасына ақшасын салып бергеніне мәз. Біреулері өте қатал, айтқанын орындатады. Бала қорыққаннан уақытша тыңдайды, бірақ ата-анасының уысынан шыққан соң өзін-өзі ұстай алмайтын жағдайға жетеді. Отбасы адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп жатса, мектеп ақылы мен білімі, адамзаттық құндылықтармен толысқан, жан-жақты жетілген, өз бетімен өмір сүруге бейім, қоршаған ортамен тікелей байланысқа шыға алатын, толыққанды жеке адам етіп тәрбиелеп шығарады. Осы екі ортаның да мақсаты - ортақ, міндет - біреу.
Отбасы - оқыту мен тәрбие жұмысындағы мектептің одақтасы. Ол бала тәрбиесі жөнінде мектеппен тығыз байланысты болуды өте жақсы түсінеді. Өйткені бала тәрбиесінің отбасында, мектепте нәтижелі болуы осындай ынтымақтастыққа негізделеді. Отбасы тәрбиесі - бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі, мемлекет алдындағы ата-аналардың борышы. Отбасында басты мәселелердің бірі - баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру. Бұған баланың күн ырғағы, міндеттері, қойылатын талаптар, оның үй еңбегіне қатысуы, оқу әрекеті, бос уақытын ұйымдастыру жатады. Отбасы барлық уақытта да өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесі мәселелерін шешуде үлкен мүмкіндіктерге ие болған. Қазіргі заманғы отбасының өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесі мәселелерін шешудегі ерекшелігі - ата-ананың білім және жалпы мәдени деңгейінің жоғары болуы. Балалардың отбасынбағы тәрбиесі белгілі бір тұрақты әлеуметтік институт ретінде анықталады. Ол отбасы мүшелері арасындағы өзара қатынастардың қалыптасуы мен дамуына септігін тигізетін адамдардың жақындығы, туыстық қатынастар, өзара үйелмендік, тұрмыстық өмір. Отбасы тәрбиесінің артықшылығы да осы қатынастарда, оны тәрбиенің ешкандай да түрі алмастыра алмайды. Ол балаға моральдық қалпы туралы алғашқы тусініктер береді, оны еңбекке баулып, өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастырады. Ата-ананың іс- әрекеті мен мінез-құлқы, өмір сүру салты арқылы балаға дүниетанымдық, адамгершілік, әлеуметтік-саяси құндылықтар беріледі. Отбасы - болашақ азаматтың әлеуметтану жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын бастапқы адым.Соңғы жылдары қоғамдағы тәрбиенің мақсаты «Тұлғаны жан -жақты, үйлесімді етіп тәрбиелеу» деп көрсетілген. Демек бүгінде әрбір адамның жеке басын материалдық және рухаии адамзаттық құндылықтармен молайту көзделіп отыр. Бұл мақсат-міндеттер отбасы тәрбиесін жақсатудан бастау алып, ондағы тәрбиелер мен ата-аналардың педагогикалық білімдерін жетілдірумен шешілмек. Бүгінгі таңда ата- аналардың отбасы тәрбиесі бойынша педагогикалық білімдерін жетілдіруде ең негізгі ұйытқы болатын мектеп, соның ішінде сынып жетекшілері болып отыр. Мектептің отбасы тәрбиесіне ықпалын арттыру үшін ата - аналарға мектеп есігін үнемі ашып, балалармен өткізілетін әртүрлі тәрбиелік іс -шаралар мен сабақтарға қатысуына мүмкіндік туғызу қажет.Бастауыш сынып оқушыларының жеке тұлғасын қалыптастыруда мектептің ата-аналары мен жүргізілетін жұмысының негізгі мақсаты мыналардан тұрады. Біріншіден, ата-аналар мектепті балаларының шын жүрегімен қабылдайтын үйі деп санап өздеріде мектеп жұмысына көмектесуге дайын болуын қамтамасыз ету. Екіншіден, ата - аналарды жанұяда баламен өзара қарым - қатынаста болуға үйрету. Осындай мақсатпен мектептің әдістемелік бірлестіктері жанұя тәрбиесі мәселелері бойынша ата - аналар семинарларын ұйымдастырады. Онда ата-аналар балалардың дамуға, есеюге, бостандыққа ұмтылуының табиғатын және баланың бойында рухани байлықты қалыптастырудың маңыздылығын ол үшін қоршаған ортадан сүйіспеншілік сезімінің, мейірімділікпен сыйластықтың қажеттілігіне біледі. Мектептің ата- аналармен жүргізетін жұмысы баланың мектепте және жанұяда, тұтас білім берушілік ортада тәрбие алуына жағдай жасауға бағытталған. Отбасы саналылық пен ынтымақтастықтың және болашақтың бастаулар негізі.