Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі міндеттеріҚазақстан Республикасының Заңы
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың құқықтық жағдайын, оларды құру, жұмыс істеуі және тарату тәртібін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация - оның жалғыз құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның ұлттық компания мәртебесі бар.
2. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырады, одан түсетін пайданың бір бөлігі ол құрылған өңірді әлеуметтік дамытуға бағытталған жобаларды (бұдан әрі - әлеуметтік жобалар) іске асыру үшін қайта инвестициялауға жатады.
2-бап . Қазақстан Республикасының әлеуметтік-кәсіпкерлік
корпорациялар туралы заңнамасы
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
3-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның мақсаттары мен
міндеттері
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өңір экономикасының дамуына, оны Қазақстан Республикасының ұлттық шаруашылық жүйесіне ықпалдастыруға жәрдемдесу, мемлекеттік және жеке мүдделерді шоғырландыру жолымен кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ тиісті өңірдің әлеуметтік жобаларын іске асыру есебінен халықтың өмір сүру деңгейінің өсуіне жәрдемдесу мақсатында құрылады.
2. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның негізгі міндеттері:
1) өңірлерде кәсіпкерлік қызметті дамыту мен ішкі және сыртқы нарықтардағы отандық тауар өндірушілердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жәрдемдесу;
2) бәсекеге қабілетті, оның ішінде, рентабельді емес ұйымдарды оңалту, қайта құрылымдау негізінде бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға жәрдемдесу;
3) әлеуметтік жобаларды іске асыру және/немесе қатысу.
4-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қызметінің
қағидаттары
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) заңдылық;
2) басқару жүйесінің жариялылығы мен ашықтығы;
3) өзара іс-қимыл мен экономиканың жеке және мемлекеттік секторлары мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету;
4) өңірдің әлеуметтік маңызы бар жобаларын іске асырудың басымдығы;
5) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға берілген активтерді мақсатты пайдалану.
5-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның функциялары
Мыналар:
1) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жарғылық капиталға (меншікке) берген активтерін басқару;
2) кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау;
3) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жарияланған акцияларын төлеуге мемлекет берген ұйымдарды оңалту және қайта құрылымдау, олардың негізінде жаңа өндірістер құру;
4) жеке бизнеспен әріптестікте инвестициялық жобаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу, оның ішінде инвестициялар тарту;
5) Қазақстан Республикасының аумағында өңіраралық экономикалық байланыстарды және жобаларды дамыту;
6) индустриялық аймақтарды, технопарктерді, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін жағдай жасау;
7) тиісті өңірдің әлеуметтік саласын дамытуға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның функциялары болып табылады.
2-тарау. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрудың ерекшеліктері
6-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құру тәртібі
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құру және оның жұмыс істеу өңірі туралы шешімді Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация бірнеше облыстардың және/немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананЫң аумағында құрылады.
3. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі осы Заңға, Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына сәйкес және жарғы негізінде жүзеге асырылады.
7-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның атауы және
орналасқан жері
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның атауы олардың ұйымдық-құқықтық нысанына нұсқаманы, сондай-ақ "ұлттық компания" және "әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация" деген сөздерді қамтиды.
2. Осы Заңға сәйкес әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ретінде тіркелмеген заңды тұлғаның атауы "әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация" деген сөздерді қамтымайды.
3. Олардың атқарушы органының орналасқан жері әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның орналасқан жері болып танылады.
8-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның мүлкі
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның мүлкі құны әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жеке теңгерімінде көрсетілетін айналымдағы және айналымнан тыс активтерді құрайды.
2. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның мүлкі жарғылық капиталды (меншікті) төлеуге (қалыптастыруға және ұлғайтуға) берілген мемлекеттік меншік объектілерінің, оның ішінде ақшаның, жер учаскелерінің, акционерлік қоғамдар акцияларының, мемлекеттік меншіктегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердегі қатысу үлестерінің; кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан алынған кірістің есебінен құрылады.
3. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тоқсан сайын есепті айдан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей уәкілетті органға қызмет, мүлік құрамы туралы, оны қалыптастыру көздері туралы және әлеуметтік жобаларды іске асыруға ақшаны жұмсау бағыттары туралы ақпарат ұсынуға міндетті.
3-тарау. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі саласындағы мемлекеттік реттеу және басқару
9-бап . Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі саласындағы құзыретіне мыналар жатады:
1) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту мәселелері жөніндегі мамандандырылған кеңес (бұдан әрі - Мамандандырылған кеңес) туралы ережені бекіту, Мамандандырылған кеңесті құру және оның құрамын өзгерту;
3) жер учаскелерін қоспағанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жарғылық капиталына (меншігіне) төлеміне беруге жататын мүліктің тізбесін айқындау;
4) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың инвестициялық және әлеуметтік, оның ішінде инвестициялық және әлеуметтік басымдықтарды, жобаларды іріктеу рәсімдерін, ықтимал шарттарды, жобаларға қатысу тәртібі мен мерзімдерін, қарыз қаражаттарын тартуға сандық шектеулерді белгілейтін қызметтерінің негізгі бағыттары туралы меморандумдарды бекіту.
10-бап . Уәкілетті органның құзыреті
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметі саласындағы уәкілетті орган - әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі - уәкілетті орган).
2. Уәкілетті орган:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қызметінің негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді;
2) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметі саласындағы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды үйлестіруді қамтамасыз етеді;
3) Мамандандырылған кеңес туралы ережені әзірлейді және оның жұмыс органы болып табылады;
4) жер учаскелерін қоспағанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жарғылық капиталына (меншігіне) беруге жататын мүліктің тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізеді;
5) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі, іске асырылу жоспарланған және іске асырылған әлеуметтік жобалары, активтерді мақсатты пайдалану туралы жыл сайынғы есепті тыңдайды және оны Мамандандырылған кеңестің қарауына ұсынады.
11-бап . Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі саласындағы жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне мыналар:
1) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер учаскелерін беру;
2) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға жер учаскелері бар екендігі туралы ақпарат беру;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға мемлекеттік активтер (жер учаскелерін қоспағанда) беруді қамтамасыз ету;
4) тиісті өңірдің аумағында іске асырылатын әлеуметтік жобаларды іріктеуге қатысу жатады.
12-бап . Мамандандырылған кеңес
1. Мамандандырылған кеңес Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылады.
Мамандандырылған кеңестің құрамына:
уәкілетті органның және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері;
әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың атқарушы органының басшылары кіреді.
Мамандандырылған кеңестің құрамына кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, тәуелсіз консультанттар мен сарапшылар кіре алады.
Мамандандырылған кеңестің дербес құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Мамандандырылған кеңес:
1) Қазақстан Республикасында құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін үйлестіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
2) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны дамыту жөнінде ұсынымдар әзірлейді;
3) тиісті өңірде әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі ұсынымдарды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қарауына енгізеді;
4) уәкілетті органның әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі, іске асырылу жоспарланған және іске асырылған әлеуметтік жобалары, активтерді мақсатты пайдалану туралы жыл сайынғы есебін тыңдау.
4-тарау. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін жүзеге асырудың ерекшеліктері
13-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның құқықтары мен
міндеттері
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мыналарға:
1) тиісті мемлекеттік органдардан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жарғылық капиталын (меншігін) төлеуге берілуі мүмкін мемлекеттік меншік объектілерінің болуы туралы ақпаратты сұратуға;
2) уәкілетті органға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жарғылық капиталына (меншігіне) беруге жататын мүліктің тізбесін қалыптастыру үшін мемлекеттік меншік объектілерін айқындау жөніндегі ұсынысты енгізуге құқылы.
2. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мыналарға:
1) өз қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Инвестициялық және әлеуметтік қызметтің негізгі қағидаттары туралы меморандумға сәйкес жүзеге асыруға;
2) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылған өңірде іске асыруға арналған әлеуметтік жобаларға іріктеуді жүзеге асыруға;
3) уәкілетті органға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі, іске асырылуы жоспарланып отырған және іске асырылған әлеуметтік жобалар және активтерді мақсатты пайдалану туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
4) ол құрылған өңірлерде әлеуметтік жобаларды халық мүддесінде іске асыру үшін таза табыстың кемінде елу пайызын қайта инвестициялауға;
5) тиісті өңірдегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметі мәселелері бойынша азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға;
6) жыл сайын тиісті өңірдің аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында өз қызметінің негізгі бағыттары мен іске асырылған және/немесе іске асыру жоспарланған әлеуметтік жобалар туралы ақпаратты жариялауға міндетті.
3. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жарғысында Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін өзге де құқықтар мен міндеттер көзделінуі мүмкін.
14-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жеке кәсіпкерлік
субъектілерімен өзара іс-қимылы
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай:
1) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыруға қатысу;
2) жеке кәсіпкерлік субъектілерімен жай серіктестікті (бірлескен қызметті жүзеге асыру) немесе консорциумды құру;
3) заттай құқықтарды іске асыру кезінде (жер қойнауын пайдалану, жерді пайдалану) үлестік қатысуға арналған келісімдерді жасау;
4) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация іріктеген әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі қызметті қаржыландыру;
5) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, өзге де азаматтық-құқықтық қатынастар нысанында жеке кәсіпкерліктің өзге де субъектілерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілері құратын заңды тұлғалардың жарғылық капиталында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қатысу үлесі қырық тоғыз пайыздан асып кетпеуі тиіс.
15-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жер қатынастары
саласындағы қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері
1. Инвестициялық және инновациялық жобаларға қатысуы үшін жергілікті атқарушы органдар олардың қолдаухаты бойынша Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен мемлекет меншігіндегі жерден жарғылық капиталға (меншікке) төлеуге жер учаскелерін береді.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға жер учаскелерін беру туралы қолдаухатта инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін қажетті жер учаскесінің сипаттамалары (орналасқан жері, мөлшері, нысаналы мақсаты) көрсетілуі тиіс.
2. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға оларға қатысты Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен оларды жарғылық капиталды төлеуге (меншікке) беру туралы қолдаухат жіберілген инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін қажетті жер учаскелерін иеліктен шығаруға жол берілмейді.
3. Жергілікті атқарушы орган жер учаскелерін аукционға шығару туралы шешім шығарған жағдайға дейін ол қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей және оны жергілікті өкілді орган бекіткенге жергілікті атқарушы орган әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға аукционға шығарылатын жер учаскелерінің тізбесін жіберуге тиіс.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация он жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына ұсынылған тізбеден жер учаскелерін (жер учаскесін) беру туралы қолдаухатты ұсынуы не оларды сатып алу ниеті жоқтығы туралы хабарлауы тиіс.
Оларға қатысты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация оларды жарғылық капиталды (меншікті) төлеуге беру туралы қолдаухат жіберген жер учаскелерін жергілікті атқарушы орган аукционға шығарылатын жер учаскелерінің тізбесінен алып тастайды.
16-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның мемлекеттік
активтерді басқару саласындағы қызметті жүзеге асыру
ерекшеліктері
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның инвестициялық, инновациялық жобаларға қатысуы үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның жарғылық капиталына (меншігіне) коммуналдық инфрақұрылым мен әлеуметтік сала объектілерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша мемлекеттік активтерді беруді қамтамасыз етеді.
2. Жекешелендіруге дайындық басталғанға дейін мемлекеттік меншікке иелік ету саласындағы уәкілетті органдар уәкілетті органға жекешелендіру болжанатын республикалық және коммуналдық меншік объектілерінің тізбесін беруге міндетті.
Ақпаратты алған күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей мемлекеттік меншікке иелік ету саласындағы уәкілетті органдар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға берілуі қажетті республикалық және коммуналдық меншік объектілерінің тізбесін жібереді.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті шешім қабылдағанға дейін инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация сұрау салған мемлекеттік меншік объектілерін иеліктен алуға жол берілмейді.
5-тарау. Әлеуметтік жобаларды іске асыру
17-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қатысушы болып
табылатын әлеуметтік жобалар
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өңірдің әлеуметтік жобаларын іске асырудың басымдығын айқындау мақсатында халық арасында сауалнама жүргізу, жергілікті атқарушы, өкілді органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын талдау жолымен өңірді әлеуметтік дамыту қажеттілігінің мониторингін жүргізеді.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жыл сайын өңірдің әлеуметтік дамуының қажеттіліктеріне жүргізілетін мониторингтің нәтижелері бойынша өңірде іске асырылуы тиіс әлеуметтік жобалардың тізбесін бекітеді.
2. Іске асырылуы тиіс әлеуметтік жобаларды іріктеу өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктерін ескере отырып, әлеуметтік маңыздылық пен басымдылық өлшемдері бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте жүзеге асырылуы республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен көзделмеген әлеуметтік жобалар іріктелуі тиіс.
Әлеуметтік жобаларды іріктеу кезінде халықты әлеуметтік қорғау, медицина, білім беру, ана мен баланы қорғау, экология, спорт, мәдениет, өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын дамыту саласындағы жобаларға басымдық берілетін болады.
3. Әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі бастамашылықпен шығуға Қазақстан Республикасының азаматтары, жергілікті атқарушы, өкілді органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және онда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылған және өз қызметін жүзеге асыратын өңірдің үкіметтік емес ұйымдарының құқығы бар.
4. Іске асырылуы тиіс әлеуметтік жобаларды жыл сайынғы іріктеу кезінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өз қаржылық мүмкіндіктерін ескеруі тиіс.
5. Әлеуметтік жобаларды іске асыру жөніндегі орындаушыларды іріктеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6-тарау. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны қайта ұйымдастыру және тарату
18-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны қайта ұйымдастыру
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар туралы заңнамалық актісінде белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен қайта ұйымдастырылады.
19-бап . Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны тарату
1. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімнен таратылады.
2. Таратылатын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мүлкінің меншік иесі Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен өзгеше көзделмесе, барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған мүлікті өткізуден түскен кірістер әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылған өңірді әлеуметтік дамытуға жіберілуі тиіс.
7-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
20-бап . Өтпелі ережелер
Өз атауларында "әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация" деген сөздерді пайдалана отырып, осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін тіркелген және осы Заңның 1-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш ай ішінде мемлекеттік қайта тіркелуге тиіс.
21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |