Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады.
Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 ж. желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш аутономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады.