* * *
Бір күні Қабекеңе Көбей келді,
Үйге кіріп келді де сəлем берді.
«Қыз да жоқ, Кебек те жоқ, ел шабысты,
Мен сізден ақыл сұрай келдім», – дейді.
Қабекең сөз айтпайды жұмбақтамай:
«Ей, Көбей, сұңқар калай, тауық қалай?
Тоқтамыс жолаушылап кетіп еді,
Сол келгенше өтпей ме уақыт талай?»
Көбей мұны ұқты да қайтып кетті,
Тобықты кеңес қылған топқа жетті:
«Қабекең екі-ақ ауыз жұмбақ айтты,
Ол сөзінің мағынасы мынау депті:
Еңлікті алып қашқан Кебек батыр,
Оны айтпай-ақ біздің би біліп жатыр.
Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
18
«Тауық» деп қызды айтады, «сұңқар» – Кебек,
«Тоқтамысқа қаратып қой» дейді ақыр».
Осылай деп жұмбағын Көбей шешті,
Матаймен байлау қылып, сөз сөйлесті.
«Кешіктірмей табалық Кебек алса,
Бір ай тоқта, Тоқтамыс келсін» десті.
Сонымен тағы да өтті бір жарым ай,
Тоқтамыс Арғын жақтан жүр келе алмай.
Намыс қылып жиылды тамам Найман,
«Көнбейміз, – деп, – мазаққа мұнан былай».
Матай да соқтыққан жоқ тіпті неген,
Мақал бар «ел құлағы – елу» деген.
Қыздың қайны – Сыбандар жəне білді,
Екі елде де адам жоқ есітпеген.
Найманның тым көп болды жиылысы,
Жиылған соң белгілі қылар ісі.
«Алдынан бір арылып алайық» деп,
Тобықтыға жіберді елші кісі:
«Тентегінің жазасын мойынға алсын,
Егер оған көнбесе, дайындалсын.
Қырылыспай бітпейміз таусылғанша,
Не Найман, не Тобықты бірі қалсын.
Жауапты да тез берсін кешіктірмей,
Ертең бесін намаздың уақыты кірмей.
Өзге бітім болар деп ойламасын,
Бітімім жоқ не өліп, не өлтірмей».
Ұйлықты Тобықтылар осы сөзге,
Бітімі жоқ болған соң мұнан өзге.
Найман тым көп, Тобықты аз, Арғын алыс,
Қорықпауға да болмайды көрер көзге.
Бірі ол деп, бірі бұл деп көп кеңесті,
Біле алмай не берерін, не берместі.
Қысылғанда баратын Қабекеңе,
Ақыл сұрай бір-екеу барсын десті.
Кенбай мен Көбей барды биге тағы,
Сөзін айтып, сəлемін берді-дағы.
Қабекеңнің қабағы қарыс түсіп,
Мінеки сондағы айтқан бір жұмбағы:
«Əнет бабаң емес пе менің атам,
Ш. Құдайбердіұлы. «Еңлік – Кебек»
19
Бірақ ондай қабыл ма менің батам?
Көшсем қоныс, отырсам көмегім жоқ,
Көрсетемін, қайтейін тыныш жатам».
Бұл сөзі – бабаң айтқан сөздің көзі,
Өзі өлтірмей, амалсыз атқызды өзі.
«Жеңілсең, енді барар орының жоқ,
Көрсетпеуге шама жоқ» деген сөзі.
Соны естіп Көбей топқа қайтып келді,
Жұмбағының шешуін айтып келді.
Тобықтылар Найманды ертіп əкеп,
Кебектің жатқан жерін айтып берді.
Достарыңызбен бөлісу: |