Үйтас
Еңлік пен Кебек тығылған Үйтас Кіші Орда тауының батыс жақ қойнауына орналасқан.Үйтастың алдында мынадай сөздер жазылған:"Бұл-ұлға бұғау,қызға тұсау болған зар заманда өмір кешіп,тас бауыр қатал билер үкімімен өлтірілген,Еңлік пен Кебек мекен еткен "Үйтас".
Еңлік пен Кебек Қаражартастан қашып,Тобықтылар отырған Жидебайға жақын іші Орданың осы Үйтасына тығылады.Кебек батырдың дос-жарандары азық-түлік жеткізіп беріп тұрады."Елім мені жау қолына ұстап бермейді" деген ойға бекінген Кебек аң аулап кетсе де,осы маңнан ұзамайды.Екеуі Үйтасты мекен етіп жүріп бала көреді.
Үйтастың екі жағынан да бұлақ ағады,терістік жағындағысын-Кебек, оңтүстік жағындағысын-Еңлік деп атайды.Семей-Қарауыл жолының Үйтасқа да бір тармағы келіп тіреліп тұрғанын көресіз. Бұл таста түлкі,қоян,арқар,қасқыр,қалың болады да,тау қырандары соларға жиі-жиі оқтай зулап түсіп жатады.Үйтас алдындағы мына жақпардан Кебектің Күрең аты қарғып өткен.Иесінің қабағын танып дағдыланған Күрең ат дыбыс білетін хабаршысы да,серігі де екен.Таң бозара қамап алған жауды көрген Кебек Еңлікті артына алып,бесікті өңгере жөнелгенде,Үйтастың ішін әлденеше орағытып кеп,осы жақпардан қарғып кеткен.Сол кезде Еңлік аттан ауып түсіп қалыпты.Кебек нәрестемен құтылып кетсе де,"Еңліктен жаным артық па?"-деп қайта келген.Көпке топырақ шаша ала ма,жау қаумалап,ақыры Кебекті қолға түсіріпті.Осы жерден екеуін де аттың құйрығына байлап,арқанмен сүйреп,Ақшоқыға апарған.Ол кезде Шыңғыс матайлардың қыстауы орналасқан жерлері болады да,Ащысу өзенінің өңірі тұтастай күзектері болған.Екі жасты Ақшоқыда өлтіріп, бесігімен жас нәрестені тау басына тастап кеткен.Ие болмаған соң,нәресте түннің бейуақытында үні өшкен.Еңлік пен Кебек жас нәрестелерімен өлгеннен кейін:"енді тобықтылар малымызды шауып,қанжуар алады" деп,олар Ащысу өзенінің бойынан үрке қашқан соң ғана жастардың денесін тау басына әкеліп жерлеген.Ел аузындағы аңыз нәрестенің ата-анасы ның құшағында бірге жатқанын сөз етеді.Себебі,сүйектерді жерлеген тобықтылар болған соң,нәрестені бөлектеуі мүмкін емес деуінде шындық бар.Еңлік өлерінде төркін жұртынан үш тілек сұраған екен.Бірінші тілегім: ел-жеріммен қоштасып,Кебекпен арыздасайын.Екінші тілегім:Әке-шешемнің менен басқа баласы жоқ еді,нәрестені соларға табыс етіңдер.Үшінші тілегім:Кебекпен бір қабірге жерлеңдер.Бұл тілектердің қайсысы орындалып,қайсысы орындалмағанын көріп тұрсыздар.
370 сөз. К.Оразалин, "Абай ауылына саяхат"