Қазіргі уақытта әркімнің өз білгенінше термин жасауы салдарынан газет беттерінде орынсыз қолданылып жүрген терминдер де молынан ұшырасады.
Бұл туралы терминология саласына өз үлесін қосып жүрген ғалымдарымыздың бірі Ө.Айтбайұлы: «Жаңа жасалған терминді ә дегеннен алтын тапқандай алақайлап ала жүгіретініміз бар. Сондай-ақ жаңалықты жерден алып, жерге салып сынай жөнелетін сиықсыздығымыз тағы бар. Олардың қолданыс өрісін бақылап, барлай түсу керек қой. Сонда ғана жаңадан пайда болған терминдердің өміршеңдігін айқындай аламыз» [22,5] - десе, Ш.Құрманбайұлы: «Термин жасау үшін ешкімге арнайы құқық берілмейтіні мәлім. Сол себепті термин жасаушылардың терминологиялық лексика мен ұғымдар жүйесінің ерекшеліктерін бірдей ескере отырып, термин мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарағаны жөн-ақ. Әйтпесе, ізгі ниетпен жасалған ісінің пайдасынан зияны көбейіп, оң нәтиже болмауы әбден мүмкін» дейді [50,11].
Әрине термин жасау екінің бірінің қолынан келе беретін оңай шаруа емес. Сондықтан термин жасаушы терминге қойылатын талаптарды дұрыс білуі және оған немқұрайды қарамай, үлкен жауапкершілікпен қарағаны абзал.
Бұл тұрғыдан терминдердің сұрыпталуына ықпал ететін құралдардың бірі – баспасөз құралдары.
Мерзімді баспасөз – жаңа сөздер ұстаханасы. Қазақ баспасөзі өзінің бір ғасырдан артық тарихы ішінде сөздік құрам қатарын үнемі жаңа атаулармен толықтырып келеді. Ол сөздердің пайда болу табиғаты да ерекше [71,75].
Мәселен, «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде «ветеран» сөзіне балама ретінде алынған «ардагер» сөзінің жиі қолданысқан түсіп жүргендігі байқалады. Мысалы, Тұрмыстық жағдайлары төмен ардагерлерімізге қол ұшын беру мақсатымен «Ардагер қаламгер қорын» құрдық, оның үстіне қаланың барлық аудандарына хаттар жазып, сонда тұратын жазушы «ардагерлерге» қамқорлық көрсетуін өтіндік. (Қ.Ә. 1995. №32, 5 желтоқсан, - 2 б.). Бюджетке қарайтын салалардың халі таза мүшкіл, тұрмысы төмен адамдарды, мүгедектер мен зейнет демалысына шыққан ардагердерді қолтығынан демеп жіберуге, өндірістегі тозығы жеткен жабдықтарды жаңасымен ауыстыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды қайта құруға қаржы таппай, тапшылықтың зарын тартудамыз (Қ.Ә. 1997. №20, 20 мамыр, - 11 б.).
Ә.Қайдаров бұл балама туралы былай дейді: «Кейінгі кезде ветеран деген терминді ардагер деген баламамен ауыстырып алдық. Кейбір жолдастар бұл сөздің төркінін тіліміздегі қайраткер (деятель), заңгер (юрист), кемеңгер (гений) сияқты терминдердің сөзжасам моделімен салыстырады. Сонда арда не? Біздің ойымызша, бұл сөз басқаша жолмен жасалған: ол жылқы малына айтылатын құлагер, қарагер, ақтаңгер деген атаулармен төркіндес. Қазақ атам оны о баста «енесін арда емген кер түсті жас тайға» қатысты, ал ауыс мағынасында «ерке-бұлан» өскен ел ардағына теліген. Мәселен, «Ақан сері – Ақтоқты» драмасында Ақтоқтының тойына келген Ақанды жиналған жұрт, қуана қарсы алып, «Хош келдің арда керіміз!» деп шулаған жоқ па еді! Сондағы «арда керіміз» алты алашқа серілік өнерімен әйгілі болған әрі ақын, әрі әнші Ақан ғой. Ақан сынды жігітті құлагердей сәйгүлікке, біртума нарға теліп, бейнелеу – сөз дәстүріне тән құбылыс. Ал енді сол жас Ақан бейнесіндегі «арда кер» тіркесі жылдар аттап келіп, еңбек ардагері, соғыс ардагері болып жаңаша қолданыс тауып отыр [48,33].
Демек, бұрынғы кезде алты алашқа серілік өнерімен әйгілі болған әрі ақпа ақын, әрі саңлақ сазгер, дүлділ әнші, әрі майталман орындаушы Ақан сияқты ұлдарын «арда кер» деп құрметтеген екен. Ал бүгінгі күні «ардагер» деп бір іске ұзақ уақыт еңбегін сіңірген құрметті, қадірлі азаматтарды атайды.
Ш.Құрманбайұлының айтуынша бастапқыда «арда кер» түрінде қолданылып жүрген тіркестің ардагерге айналып, жаңа мағынаға ие болуына себеп болған ұғым белгілердің ұқсастығы. Екі сөздің де мағынасында кездесетін ортақ сема – ардақтылық, құрметтілік [50,55].
«Қазақ әдебиеті» газетінде «Елтаңба» сөзі жиі кездеседі. Мысалы, әсіресе тәуелсіздігіміздің төл белгісін айқындайтын Жалау, Елтаңба, Әнұран қабылданған қымбат та, әсерлі сәттер кімнің жүрегін болса да толқытпай қоймасы анық (Қ.Ә. 1992. № 28. 10 шілде, - 2 б.). Тәуелсіз мемлекет атанып жаңа елтаңбасы жарқырап көрініп, әнұраны күмбірлеп естіліп, аспан түстес жалауы желбіреген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай «Абылайдан Абайға дейінгі», «Сырымнан Әлиханға дейінгі» арманымыз орындалда (Қ.Ә. 1993. № 29. 16 шілде, - 14 б.).
Қазақ тілінің қысқаша этимолгиялық сөздігінде «таңба» сөзіне төмендегідей талдау жасалған: қырғазша «тамға» – жылқының санын күйдіріп басатын таңба, белгі, печать; түрікменше тагма, тамга – таңба, печать. В.В.Радлов: тамға, таңба – белгі таңба, ру таңбасы, печать деп көрсетеді (Радлов. Опыт. Сл I-IV). Көне түркі тілдерінің жазба ескерткіштеріне tamya (тамға), tamga (тамқа) – печать (Малов. Пам.др. письм. 426). Қазақ тілінің сөз ішіндегі дауыссыз дыбыстарының үндес ықпалына қарай тамға сөзіндегі м дыбысы ң-ға, ғ дыбысы б-ға ауысып таңба болып қалыптасқан [47,182-183].
Сонымен қатар бол сөздің қазақтың шежіре тарихында әрбір ру тайпаның «өзіндік ерекшелігін білдіретін» белгісі мағынасында да қолданылғанын білеміз.
Қазіргі уақытта бұл сөздің мағынасы кеңейе келе және ел сөзімен бірігіп «Елтаңба (герб)» мағынасында жұмсалған. Елтаңба белгілі бір мемлекеттің жалауында, ақшасында т.б. болатын ұлттық белгілердің бірі.
Газет беттерінде «беженец» сөзіне балама ретінде «босқын» сөзі қолданылған. Мысалы, Босқынмын деп келгендердің бәрін оңды-солды қабылдай беріп, сосын ертеңгі күні бітпейтін дауға қалып жүрмейік (Қ.Ә.1997.№ 8. 25 ақпан. -4 б.)
Қазақстанда тоталитаризмнің қалыптасу кезеңі, байларды тәркілеу және оған қарсы халық наразылықтары, халықтың босқыншылыққа, ашаршылыққа ұшырауы, Қазақстан жеріне күштеп жер аударылған халықтар тағдыры, тағы да басқа құнды көптеген құжаттардың бірсыпырасы қазіргі таңда жариялылыққа байланысты ел тілегін қанағаттандыру жолына түсті (Қ.Ә. 1998.10 наурыз, -5б ).
Босқын – нәсілдік, не ұлттық тегіне, діни сеніміне, тіліне, сондай-ақ әлеуметтік топқа, не саяси танымға қатынасына бола зорлық-зомбылық көргендіктен немесе зорлық-зомбылық көру, басқадай қиянатқа ұшырау қаупі төнгендіктен өзі тұрақты өмір сүретін елден кетіп қалуға мәжбүр болып немесе кетіп қалуға ниеттеніп өзге бір мемлекеттің келген немесе келуге тілек білдірген, бірақ бұл елдің азаматтығын әлі алмаған адам. Негізінен, бейбітшілікке, адамзат баласына қарсы қылмыс істеген не қасақана ауыр қылмыстар жасаған адам Б. ретінде мойындалмайды. Адамды Б. ретінде тану (мойындау) туралы шешімді арнаулы мемлекеттік органдар шығарады. Б. ретінде танылған адамға әдетте арнаулы үлгідегі куәлік берілуі тиіс. Б. ретінде танудан бас тартылған реттерде бұл шешім әлгі адамға заңда белгіленген мерзім ішінде хабарлануға және де онда бас тартудың себептері мен шағымдану тәртібі көрсетілуге тиіс [53,51-52].
Орыс тілінде атаудың негізгі мағынасы «қашу» болса, ал қазақ тілінде атаудың баламасы «қаш» емес «бос» түбірінен шыққан.
Саяси-экономикалық тұрақсыздықтан, дағдарыстан немесе соғыс салдарынан басқа елдерге қоныс аударушылар болса, осы құбылысты көрсетуде «босу» термині «қашуға» қарағанда неғұрлым ұтымды. Өзі атау болатын құбылыстың ерекшелігін неғұрлым дәлірек береді.
«Қазақ әдебиеті» газеті беттерінде жиі қолданылған атаудың бірі – даңғыл. Бұл «проспект» сөзінің баламасы. Мысал келтірейік, қазір батырлардың, хандардың, ақындар мен әншілердің атымен көшелер мен даңғылдарды атап жатырмыз (Қ.Ә.1993. № 37.10 қыркүйек, -10 б). Ол қаланың төменгі тұстарына көтерілген 99-бағыт автобусының ақырғы аялдамасын «Абай даңғылы мен Достық даңғылы» қиылысынан жоғарыға «Самал» шағынауданының орта шеніне көшіру (Қ.Ә. 1996. №11. 12 наурыз, - 7 б.).
Даңғыл – сайрап жатқан, кең тегіс жол. Дәл осы тұлғадағы сөзді басқа түркі қала берді,моңғол тобындағы тілдердің кейбіреуінен кездестіреміз. Бірақ кейбіреуінің мағынасы сәйкес келмейді. Құмық тілінде: даңғыл – құм, шөл; дангыл авлакь – құмды жер (Кум-рус.Сл,1966); Қырғыз тілінде: даңгыл – мықты, күшті (Кюд. КРС, 1965 – 184 б ). Ал қалмақ тілінде біздегі «даңғыл» мағынасын «даң уга» тіркесі береді. Бірақ монғол тілінде мұндай мағынаны басқа дыбыстық құрамдағы сөз бере алады (Қаз.мон.сөз. 1977, - 86 б.) .
Көрсетілген деректерді салыстыра отырып, ой жүгіртсек, сөз төркіні түркі тілдері деуге тура келеді. Көп әрі жиі жүрістен, көлік аяғымен шиырлана түскен жол берік әрі мықты болатынын ескерсек, бұған қырғыз тілі дерегі куә болғандай, егер сөз түбірін бір буынды «даң» деп санасақ, бұл топшылауымызды тува тілі дерегі қостайды. Тува тілінде дыңзығ – мықты, күшті (Рус.тув.сл. 1980 - 228 б.). Мұндағы «дың» біздегі «даң» мен ұқсас деуге түркі тілдеріне тән а / ы дыбыс сәйкестігі жол береді. Сөйтіп, сөз төркіні түркі тілдері, ал түбірі – «даң-дың», мағынасы – мықты, күшті. Құмық тіліндегі ауыспалы мағына деуге болады да, ал қалмақтар түркі тілдерінен ауысып алуы мүмкін [72, 66-67]
Сондай-ақ газет беттерінде бір сөзге балама ретінде бірнеше сөздің немесе шет тіліндегі нұсқасының жарыса қолданылуы кездесіп отырады. Мәселен,1992 жылы терминология комиссиясы «гимн» сөзін «әнұран» деп бекіткен болатын. Алайда «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінде «әнұран» атауымен бірге «елұран» сөзінің, кейде тіпті бұрынғы шет тілдік нұсқасы «гимн» сөзінің де жарыса қолданылғаны байқалады. Мысалы, шындығында бұл түкте таңырқайтын нәрсе емес, «Әнұран жаттайық, әнұран айтайық» деп бір-бірімізді үгіттеп жүргеніміздің өзі ерсі сияқты (Қ.Ә.1998. № 44. 6 қараша – 7 б.). «Егеменді, дербес, тәуелсіз Қазақ мемлекеті мәңгілік жасасын, желбіреген көк Туымыз, алтындаған Елтаңбамыз, Елұран – музыкалық әніміз мәңгілік шырқалсын, әлем қазақты таныған үстіне тани берсін» (Қ.Ә. 1992. № 29. 17 шілде – 2 б.). Әуежайда екі елдің гимндері орындалып, тулары асқақ желбіреп, құрметті қарауыл сапқа тұрып, зеңбіректен 21 дүркін салют беріліп: Президент кортеджі қалаға бет алғанда жерде пулеметтермен қаруланған әскери қызмет бөлімшелері сап түзеп, аспанда тікұшақтар ұшып, Президент Н.Ә.Назарбаевқа аса ыстық ықыласты зор құрмет көрсетілді (Қ.Ә.1998. № 21 29 мамыр – 2 б.).
Б.Қалиұлы «Жанұя» емес «Отбасы» деген мақаласында мемлекеттік терминология комиссиясы «гимн» сөзін «әнұран» деп бекіткені туралы айта келіп былай дейді: «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде бір топ ақын жазушылардың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасына арналған ашық хаты жарияланды. Онда «Гимн» сөзін әнұран емес, елұран деп түзетіп қабылдаған дұрыс болар еді» - делінген. Сол күннен бастап әлгі сөздің (әнұран, елұран) екеуі де қолданылудан қалды. Халық «елұран» сөзін қолданайын десе, терминком оны «әнұран» деп бекіткен, ал «әнұран» деп қолданайын десе, ол сөз дұрыс емес деген пікір айтылды. Оның үстіне ол пікірді айтқандар – анау-мынау адамдар емес, халқымыздың белді де, беделді ақын жазушылары. Нәтижесінде көпшілік әлгі екі сөздің екеуінен де іргені аулақ салып, «көрген жерде ауыл бар дегендей», баяғы «гимн» сөзіне қайта оралды. Оған дәлел – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні тексінің газет бетінде жариялануы. Онда «Әнұран» да жоқ, «Елұран да» жоқ – «гимн» сөзі алынған [42].
Бұл сөздердің (әнұран, елұран, гимн) жарыса қолданылып жүргеніне келсек басын ашып айтатын нәрсе «гимнді» аудару қажеттілігі. Сөздің дыбыстық құрылымы қазақ тілінің табиғатына сай келуімен қатар оған қазақ тілінен сәйкес баламалар табу мүмкіндігі анық көрінеді. Оның қазақ тіліндегі баламасы «әнұран» және онымен жарыса қолданылып жүрген «Елұранға» келсек әңгіме олардың бірінші сыңарына ғана қатысты болар еді. Жалпы олардың екеуінің де «гимн» баламасы ретінде қайшылық тұстары жоқ. Мәселе олардың әрқайсысының затқа (гимнге) балама ретінде екі түрлі белгісін (уәжді) алуында. «Әнұран» дегенде біз ұғымды құраушы негізгі екі атрибутты «ән» және «сөзді» (ұранды) түсінеміз, ал «елұран» дегенде бірінші атрибут мемлекеттік бірлік идеясы түрінде көрінеді. Сондықтан әңгіме терминнің жалпы мағынасын ашатын (әр қырынан) екі бөлек біріккен сөз туралы болып отыр деу керек. Осылай болғандықтан қалыптасқан жағдай терминге балама ретінде бекітілген атауды осы бекітілген атаумен жарыса қолданылып жүрген басқа атаулардан ажыратып және барлық сөз қолданыстарында сол күйінде пайдалану қажеттілігін көрсетеді.
Іс қағаздарда қолданылатын «сынып» атауымен қатар «класс» сөзінің де газет беттерінде жарыса қолданылып жүргендігін байқаймыз. Мәселен, Б.Ғизатов бұл еңбегіне тоқмейілсімей, 2 класқа, балалар композиторы Ибрагим Нүсіпбаевпен бірігіп 3 класқа, одан соң 4 класқа арналған оқулықтар жазды (Қ.Ә. 1995. №35. 25 желтоқсан, - 15 б.). Ғылым докторы, белгілі ғалым Ә.Жүнісбеков бастаған авторлар тобының орыс тілді мектептердің 1 және 2 – сыныптарына арналған оқулықтары және басқа да қосымша құралдары бүгінгі күн талабына толық жауап береді деп ойлаймыз (Қ.Ә. № 1998. №36. 11 қыркүйек, - 10 б.).
Ш.Сарыбаев «Бұқаралық ақпарат құралдары тіліндегі жаңа қолданыстар» деген мақаласында: Біздегі бір кемшілік – шеттен келген бір сөзді аударғанда оның бір мағынасын, бір қолданысын ескереміз де, қалған қолданыс мағыналарына мән бермейміз. Ал аударма арқылы тапқан сөзіміз барлық қолданыстарға жарай бермейтінін ескермейміз. 70-жыл бойы қолданылып келген гректің класс сөзін қолданудан шығарып тастап, арабтың сынып сөзімен кластың 9 мағынасының біреуін ғана аудардық, ал басқа мағыналарына дәл келіп жатыр ма, жоқ па, онда шаруамыз болмады.
Сонда летчик высшего класса, биологиядағы класс млекепетающих, сондай-ақ драгоценные камни первого класса дегендегі кластың бәрін сынып деп алу мүмкін емес қой [73,38] - десе, Р.Сыздықова «Бұл күндері орыстан гөрі, араб, иран халықтары бізге «туыстас» көрінді ме, арабша, парсыша сөздерге назар аудара бастаппыз. Мысалы, мемлекеттегі класс дегенді сынып деп атауды терминком бекітті. Бұдан не ұттық. Класс сөзі «орыстық» болғандықтан қаштық па, ол күнде сынып та төл сөзіміз емес, шетелдік қой» - дейді [31].
Біздіңше «сынып» сөзін алған кезде орыс тілінен қашу мақсат емес, бұл тек біріншіден, тіліміздің үндестік заңына бағынуы жағынан алғанда сай келуі, екіншіден «класс» сөзінің жалпы мағынасы «топ» болса, оған балама ретінде араб тіліндегі «сынып» сөзін алуымыздың негізгі себебі ретінде жоғарыда айтылған үндестік заңынан басқа мына бір жайтты да айта кету керек тәрізді. Бұл «класс», «синф» сөздеріне ортақ «топ» мағынасының қазақ тіліндегі «сындыру», яғни «бөлшектеу», «топтау» қимыл атауына сәйкес келуі, осыған орай «сынып» терминінің төл сөзжасам тіліміздің нәтижесі тәрізді көрінуі.
Қоғамдық ақпарат құралдарының, яғни оның ішінде газет, журналдардың қоғамдық пікір тудыруға өзіндік үлесі бар екендігі даусыз. Соның ішінде 1990-2000 жылдар аралығында жарияланып тұрған «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінің ұлт тілінде терминдерді қалыптастыруда атқарған қызметі ерекше.
Аталмыш жылдар еліміздің егемендік алуымен тұспа-тұс келуіне байланысты қоғамымызда тілге, оның ішінде термин қалыптастыруға деген заңды қажеттілік туды. Дәл сол тұста көптеген ұлтымыздың қайраткерлері, жазушыларының термин туралы көзқарастары, түрлі пікірлері, тіл жөніндегі мақалалары «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» және «Қазақ әдебиеті» газеттері бастаған баспасөз құралдары арқылы қалың жұртшылыққа кеңінен таралуына мүмкіндік алды. Газет беттерінде түрлі пікірлер жарияланып қана қоймай сол пікірлерге қарама-қарсы мәндегі көзқарастар да жарияланып тұрды. Осы негізде газет беттеріне мән-мағынасы айқын, дау тудырмайтын көптеген ұлттық терминдердің дүниеге келгендігі белгілі.