1. «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәні, мақсаты мен міндеттері, қоғамдық тарихи сананы қалыптастырудағы орны. «Қазіргі Қазақстан тарихы» пәні ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі ауқымды тарихи кезеңді қамтиды. 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейінгі Қазақстан тарихы – бұл рухани дамудың, күрес пен табандылықтың және жасампаздықтың жылнамасы. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу Қазақстанның сан ғасырлық тарихының дәуірлік оқиғасы болды. Сондықтан ғасырлар тоғысындағы, ХХ ғасырдың соңы мен ХХI ғасырдың басындағы егемен Қазақстан тарихы – бұл тәуелсіздік алған және жаңа мемлекетті құрған республика азаматтары жетістіктерінің заманауи жылнамасы.
Тарихи қисынға және тарихи оқиғалардың мәнділігіне қарай «Қазіргі Қазақстан тарихы» курысының құрылымы екі бөлімге бөлінген.
Бірінші бөлім – «Тәуелсіздіктің тарихи – өркениеттік негіздері» – проблемалық – шолумен баяндалған және сол дәуірдің тәуелсіздік жетістіктеріне жол салған тарихи оқиғаларын қысқаша әрі қорта отырып сипаттайды.
Екінші бөлім – «Тәуелсіз Қазақстан» – тақырыптық қағидаға сай егемен Қазақстан тарихын тәуелсіздік қарсаңынан бастап түрлі қырынан ашады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихы – бұл отандық тарихтың заңды жалғасы және маңызды бөлігі болып табылады.
Қазақстан шынайы тәуелсіздік жолына түскеніне 25 жыл толды. «Қазіргі Қазақстан тарихын» оқыту студенттер бойында патриоттық пен азаматтық позицияны (көзқарасты) қалыптастыруға, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы бойынша терең ғылыми білімдерді бекітуге ықпал етуші фатор (дәлел) болуы тиіс. Әсіресе Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы, қоғамның саяси экономикалық және әлеуметтік салаларындағы реформалар үдерісі, ішкі және сыртқы саясаттағы жетістіктері өскелең ұрпақ санасына құйылуы тиіс.
«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәнінің негізгі мақсаты – отандық тарихтағы негізгі оқиғалардың мазмұны туралы ғылыми дәлелденген фактілер негізінде міндетті толық білім беру, тарихи-мәдени дамудың үздіксіздігі мен сабақтастығын дәлелді көрсету, рухани мұрагерліктің терең тамырларын, бұрынғы ұрпақтың қажырлы еңбегін, халықтың жеке тұлғаларын, тарихи тәжірибені және ұлттық дәстүрлерді құрметтейтін жастардың ұстанымын қалыптастыру.
Осыған байланысты төмендегідей міндеттер қойылады:
студенттерді қазіргі тарих ғылымының жетістіктерін пайдалана отырып, хронологиялық тәртіпке сай ауқымды және нақты материалдармен таныстыру;
проблемалық дәрістер әдісін қолдану жолымен студенттерді шығармашылық ойлауға жаттықтыру;
Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының гуманитарлық пәндер жүйесіндегі орнын, оның объектісі мен пәнінің ерекшеліктерін, ең өзекті проблемаларын анықтау;
бүгінгі тарих және тарих ғылымының рөлі, оның салалары мен бағыттары, тарихтың белгілі кезеңдеріндегі әлеуметтік және саяси проблемалар туралы түсінік қалыптастыру.