1-дәріс Стилистиканың ғылым және пән ретінде қалыптасу, дамуы



бет10/12
Дата20.09.2023
өлшемі85,79 Kb.
#109072
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Байланысты:
Стилистика. Дәрістер тезисі.

9, 10 – дәріс

Синтаксистік стилистика


Қарастырылатын мәселелер:
1. Жай сөйлем стилистикасы.
2. Құрмалас сөйлем стилистикасы.
Терминдер мен анықтамалар
Айналмалы тұтасымдар (ор.кольцевые, рамочные) күрделі фразалық тұтасымның басқы және соңғы сөйлемдерінің немесе лексикалық бірліктердің қайталанып қолданылуы.
Байласым – күрделі бірліктерді құрайтын тілдік құралдардың белгілі әдіс-тәсілдермен ұйымдасуы, мәтіндегі бірліктердің байланысы.
Дәрістің топтама-тәсімі ( тірек конспектісі немесе тезистер)
1. Жай сөйлем стилистикасы.
Сөйлем стилистикасы Б.Манасбаев, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Х.Кәрімов т.б. ғалымдардың еңбектерінде зерттелген. Бұл мәселеге соңынан қалам тартқан Д.А. Әлкебаева былай дейді: «Тілдің біршама аяқталған, тиянақты ойды білдіретін бөлшегі – жай сөйлемдер. Сөйлемде субъект болмысының толық көрінуі, ойдың тілдегі тікелей көрінісі, оның сырт қа шығуы, жүзеге асуы әр түрлі болады. Сөйлеуші сөзінің жүзеге асуы белгілі коммуникативтік мүддеге тәуелді бола отырып, ситуациға да қатысты болып келеді. Жай сөйлемдер классикалық синтаксистік тұрғыдан айту мақсатына қарай хабарлы, лепті, бұйрықты, сұраулы болып бөлінгенімен, функционалдық стилистикалық қолданыс шеңберінде алуан түрлі табиғатымен ерекшеленеді. 2. Құрмалас сөйлем стилистикасы. Құрмалас сөйлем – функционалдық стильдердің барлық саласында кезедеседі, коммуникативтік және эстетикалық қызметімен статистикалық мүмкіндіктерді тарату жиынтығын көрсетеді.
Құрмалас сөйлемдерді қолдану – кітаби стильдің айрықша белгісі. Ауызекі сөйлеу стилінде синтаксистік ерекшелік ретінде жақсыз, толымсыз сөйлемдерді қолданудың стилистикалық мүмкіндіктері өте жиі байқалады (толымсыз, жақсыз сөйлемдерде сөйлем мүшелерінің түсіп қалуы ым-ишарат қимылдарымен толықтырылып отырады).

Функционалды стилистика


1. «Функционалды стиль» термині мен оның анықтамасы. «Стиль» ұғымына қатысты тіл мамандарының пікірлері, функционалды стильдің маңызды екі қыры жөнінде: лингвистикалық және эксталингвистикалық факторлар. «Функционалды стиль» терминінің қазақ тіл білімінде түсіндірілу үрдісі, ғалымдардың оны қазақша беру әрекеттері.
2. Функционалды стильдерді топтастырудағы олардың айырым белгілері.
1) Функционалды стилистика лингвистикалық стилистиканың үлкен бір саласы, негізгі зерттеу нысаны – функционалды стильдер. Қоғамдық өмірдің әр саласында пайдаланылып, өзінің айрықша тілдік белгілерімен ерекшеленетін сөйлеу түрі – функционалды стилистика делінеді.
Тілдік құралдар қызмет ету процесінде қарым-қатынастың жағдайы мен мақсатына сәйкес, олардың дәстүрлі қолданылу ерекшеліутеріне байланысты бір-бірімен сан-алуан қарым-қатынасқа түседі. Соның барысында кейбір тұлға бірліктер жиі, кейбірі сирек қолданылады. Осының нәтижесінде тілдік әрекеттің әр түрлі саласында тілдік ұйымдастыру түрліше сипатқа ие болып келуі мүмкін. Осыдан барып стиль қалыптасады. М.Серғалиев: «Стиль – тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметіне байланысты жіктелетін әдеби тілдің функционалдық түрі»- деген анықтама береді. Таза лингвистикалық мағынадағы стиль дегеніміз – белгілі мақсатқа сай, жағдайға орай, ойдың мазмұнына байланысты келетін, тарихи жағынан қалыптасқан тілдік құралдардың жиынтығы. «Функционалды стиль», «функционалды стилистика» терминдері – орыс тіл білімі зерттеушілерінің танымынан туындап, қалыптасып орныққан атаулар. Функционалды стильдің әр түрлі қызметімен байлнысты болады. Тіл білімінде функционалды стиль мәселесімен айналысқан ғалымдар легінде В.Виноградов, Л.Щерба, Б.Ларин, Р.Будгов, М.Кожина, қазақ тіл білімінде М.Балақаев, М.Томанов, Б.Манасбаев, С.Исаев, Р.Сыздықова, М.Серғалиев т.б. атауға болады. Белгілі ғалым Р.Сыздықова «Функционалды стиль» терминіне қазақша атау ұсынып, өзіндік пайымдауларын тілдік деректер келтіре отырып дәләлдейді. Оны «мақсаттық», не «қызметтік стиль» деп атағанды жөн көреді (Р.Сыздықова. Сӛз құдіреті А.1997). Сөйтіп, функционалды стилистика қоғамның түрлі саласында жұмсалатын тілдік құралдардың қызмет ету ерекшеліктерін қарастырады. Қазақ тілінің ғалымдары тілдің қоғамдық қызметін қоғамдық санамен байланыстырады. Ал қоғамдық сананың түрлеріне ғылым, дін, өнер, саясат, құқықтық қатынастар, бұқаралық ақпарат құралдары, әдебиет т.б. жатады. Қоғамдық сана дегеніміз – объективті дүниені танып білудің формалары. Сөйлеуші қоғамдық сананың қай саласында тілдік амал-тәсілдердің қай түрін қолдану керектігін біледі. Яғни қарым-қатынастың құқықтық саласы, ғылым мен эстетикалық саласы, бұқаралық ақпарат саласы, тұрмыстық салаларына қарай функционалды-стильдік белгісі бар амал-тәсілдерді таңдап қолданады. Тілдік құралдардың стильдік-функционалдық белгісіне, реңктеріне қарап адресат (тыңдаушы) сөздің қай стиль түріне жататынын ажыратады. Қоғамдық санамен байланысты қызмет ететін тілдік амал-тәсілдердің стильдік реңдері де әр түрлі болатындығын аңғарамыз. Тілдің стилистикалық бояуы, стилистикалық мағына, стильдік амал-тәсілдер деген ұғымдар функционалды стилистикада бір-бірімен тығыз байланысты. Бірақ бұл ұғымдарды айқындау қажет. Әр түрлі деңгейдегі тілдік бірліктер, әсіресе лексикалық бірліктердің ұғымдық мазмұнынан басқа мағыналық реңдері болады. Ғалым Н.Уәлиев осы тілдік бірліктерді екі топқа бөледі: 1) Стильдік реңі бейтарап бірліктер (стильдік реңі жоқ);
2) Стилдік реңі әртарап бірліктер (стильдік реңі бар тұлғалар). Стильдік реңі бейтарап құралдар дегеніміз – қарым-қатынастың әр түрлі саласы мен әркелкі жағдайында қолданылатын сөздер. Олардың ерекше стилистикалық белгісі болмайды. Мысалы, көк, ақ, ауыр, жеңіл, оқы, жаз т.т. Міне осындай сөздерді салыстыру арқылы стильдік реңге ие тұлғаларды айқындауға болады. Стильдік реңі бар сөздерді эмоционалды-экспрессивті реңдегі сөздер және функционалды реңдегі сөздер деп ажыратамыз. Эмоционалды-экспрессивті реңдегі сөздер: ұстаз - оқытушы, мұғалім, шопан – қойшы, шәкірт – оқушы, еңбеккер – жұмысшы, паш ету – мәлімдеу – хабарлау – жариялау т.б.. Осы реңдегі сөздердің мағынасын іштей екіге бөлеміз: жағымды және жағымсыз. Мысалы, жағымды реңдегі сөздер: қаламгер -– суреткер – жазушы; ал жағымсыз реңдегі сөздер: міңгірлеу – күмілжу – сөйлеу. Ал функционалды реңдегі сөздерге келетін болсақ, қоғамдық өмірдің белгілі бір саласында қолданылуы мен жұмсалуына байланысты тілдік бірліктер функционалды реңге ие болады. Мысалы, кіріс-шығыс, жолдаухат, түсініктеме, іске қосылды, сүтқоректілер, ондық бөлшек, сірке қышқылы, сілті, жеңіске жетті, өзекті мәселе, көгілдір экран т.т. Ілгеріде аталған реңдегі сөздердің айырмасы мынада: білгілі бір функционалды реңі бар сөздердің эмоционалды экспрессивтік реңі жоққа тән болады. Мысалы, пікір, аударма т.т. – жағымды-жағымсыз реңдері болмайды.
2) Әдеби тілдің қызметінің жан-жақты кеңеюі мен байланысты оның жанрлық-стильдік тармақтары қалыптасып, дамиды. Әдебиеттің әр түрлі жанрлық түрлерінің тууына лайық олардың өзіндік тіл өрнектері қалыптаса бастайды. Жалпы тілдік тұрғыдан келгенде, әдебиеттің жанрлық түрлерінде ешбір айырмашылық болмағанымен, оның айтылу мақсатына қарай тілдік элементттердің қолданылуында өзіндік ерекшеліктері болып отырады. Әдебиет жанрының бір түрінде, мысалы көркем шығармада көп мағыналы қасиеті бар, экспрессивті мәнді тілдік элементтер көбірек қолданылса, екінші түрінде (мыс. ғылыми әдебиеттерде), керісінше, нақтылы мағынасы бар тілдік элементтер жүйесі қолданылып отыруы мүмкін. Бұндай саралану әдебиет тілінің лексикалық құрамынан да, грамматикалық құрылысынан да, сөз тудыру жүйесінен де көрініп отырады. Осыдан барып әдеби тілдегі бұрыннан бар стильдік тармақтар туып, қалыптасып дамиды. Әдеби тілдегі стильдер жүйесі сөз етілген еңбектерде функционалды стильдерді топтастыру әр түрлі принциптер негізінде болып келгенмен, оларда көбіне жанрлық прицип, тілдің жанрлық ерекшеліктері негізге алынады. Сондықтан бұл еңбектерде стильдердің саны бірдей емес, бірақ ұқсас. Мысалы А.Н.Гвозьдев алдымен кітаби (жазба) және сөйлеу стильдері деп бөліп, кітаби стильдің өзін: ресми стиль, көркем әдебиет стилі, публицистикалық стиль, ғылыми-көпшілік әдебиет стилі (Очерки по стилистике русского языка М. 1985. с.18-25). А.И.Ефимов мынадай стильдерді бӛліп көрсетеді: көркем әдебиет, қоғамдық-публицистикалық, ғылыми, профессионалды-техникалық, ресми іс қағаздар және эпистолярлық (История русского литературного языка. М. 1984. С.21-27). Ал Р.А.Будагов стильді бұл жағынан екіге бөледі: көркем стиль және ғылыми баяндау стилі (Литературные языки и языковые стили. М. 1988 с.131-165). ХХ ғасырдың басындапублицистика жанрының өркендеуі, ғылыми әдебиеттердің, ресми іс қағаздарының жазылуы т.б. қазақ тілінің әр түрлі стиль түрлерінің қалыптасып, орнығуына әсер етті. Бірақ қанша жанр болса, сонша стильдердің болуы шарт емес. Міне, осы жағынан келгенде, кейінгі зерттеулерінде белгілі ғалым С.Исаев қазақ әдеби тілінде қалыптасқан, өзіндік белгілері бар негізгі үш түрлі стильді көрсетіп берді: көркем стиль, ресми стиль және бейтарап (нейтралды) стиль (Қазақ әдеби тілінің тарихы. А.1996, 16-22 б.). Стильдерді топтастыруда әлі де бірізділік жоқ, әр түрлі көзқарастар бар екендігі байқалады. Дегенмен қазақ тіл білімінде көптеген зерттеушілердің көрсетуінше түрлі функционалды стильдің айқындалғаны белгілі. Олар: ауызекі сөйлеу стилі, ресми іс қағаздар стилі, ғылыми стиль, публицистикалық стиль және көркем стиль.
Әдебиеттер
1. Серғалиев М. Синтаксис және стилистика (оқу құралы) А.1997.
2. Сыздықова Р. Сөз құдіреті А.1997.
3. Гвоздев А.Н.Очерки по стилистике русского языка М. 1985.
4. Ефимов А.И. История русского литературного языка. М. 1984.
5. Будагов Р.А. Литературные языки и языковые стили М. 1988.
6. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А.1996.
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. «Функционалды стиль» дегеніміз не?
2. «Стиль» ұғымына қатысты тіл мамандарының пікірлерін салыстырыңыз
3. Лингвистикалық және эксталингвистикалық факторлар дегенді қалай түсіндіресіз?
4. «Функционалды стиль» терминінің қазақ тіл білімінде қалай түсіндіреді?
5. Функционалды стильдерді қандай ерекшеліктеріне байланысты топтастырған?

11-дәріс


Функционалды стильдер жүйесі
1. Қазіргі қазақ әдеби тілінің фунционалды стильдері. Оларға жалпы сипаттама
2. Ауызекі сөйлеу тілінің стилі мен жазба тіл стилінің өзіндік ерекшеліктері. Әр стильдің өзіне тән айырым белгілері
3. Ауызекі сөйлеу стилі, оның фонетика-интонациялық, лексика-грамматикалық ерекшеліктері. Ауызекі сөйлеу стилінің кркем шығармадағы кейіпкер тілімен арақатынасы.
1) Әдеби тілдің, әсіресе, оның жазба түрінің жетілген шағында қоғамдық қызметі артып, жұмсалу аясы кеңейе түседі. Ол өзі қызмет етіп отырған қоғамның ресми тіліне айналады. Соның негізінде ол мемлекет тарапынан жүргізілетін барлық ресми іс қағаздарының, әр түрлі әдебиеттің, баспасөздің, оқу-ағарту жұмысының, ғылым-білімнің тілі болып қалыптасады. Әдеби тілдің қоғамдық қызметінің артуына байланысты оның стильдер жүйесі қалыптасып, дами түседі, саралана түседі. Демек, функционалды стиль – қолдануда ӛзіндік ерекшеліктері, айырым белгілері бар тілдік элементтер жүйесі. Олай болса, қазақ тіл білімінде де жалпыхалықтық тілдің негізінде қалыптасқан стильдер жүйесі бар. Стильдік жүйенің екі түрі бар: ауызекі сөйлеу тілінің стилі және жазба стиьдер. Жалпы әдеби тілдің жазбаша және ауызша формада қызмет ететіні белгілі. Жазба стилбдердің өзі мынадай тармақтарға бөлінеді: ресми іс қағаздар стилі, публицистикалық стиль, ғылыми стиль, көркем әдебиет стилі. 2) Ауызекі сөйлеу стилі тікелей ауызша тілдік-қарым-қатынас жасауда көрінеді. Әңгімелесу, тілдесу емін-еркін бейресми жағдайда өтеді. Сондықтан әдеби тілдің нормасы қатаң сақталынбайды, ой жүйелі берілмейді, нормадан тыс тілдік элементтер қолданыла береді. Ал жазба стильдер қатынастың жазбаша формасында жиі жұмсалатындықтан, тілдік құралдар екшеліп, сұрыпталып қолданылады. Ортақ белгілері: логикалық жүйелілік сақталады, жалпыхалықтық тілдің қолданысы әдеби нормаға сай болуы керек, ой нақты, дәл, түсінікті берілуі қажет. Әр функционалды стильдің түрлері, ең бастысы, бір-бірінен таза лингвистикалық белгілерімен ерекшеленеді. Бұл жерде әр функционалды стильге тән белгілерді анықтауда оларға қатысты тілдік нормалармен бірде байланыстыра, бірде ажырата қарау керек сияқты. Мысалы, біріншіден, екіншіден, әрине, сонымен, біздіңше, пәленшенің айтуынша, ал сияқты қыстырма сөздер басқа стильдерге қарағанда ғылыми стильде, публицистикада жиі қолданылатыны – осы стильдерге тән белгілер. Бірақ, өзге стильдерде қолданылмайды деуге болмайды, әсіресе, көркем әдебиет стилінде көрсетілген қыстырмалар орын алуы мүмкін. Немесе заң, сот материалдарында, ресми құжаттар тілінде сөздер негізінен тура мағынасында жұмсалады, бұл үлгілерде сөздердің көріктеуші, сипаттаушы қатарлары қолданылмауға тиіс. Ғылыми стильде ғылыми терминдердің мол қолданылатындығы, сөйлемдердің анық, түсінікті болуы ғылыми жазбалардың стильдік белгілері болса әрі нормалары болып келеді. Ал көркем әдебиет стилі нормадан тыс бірқатар лексикалық, грамматикалық, тұлға-бірліктерді қолдана алады. Мәселен, дилектизмдер, архаизмдер, қарапайым сөздер, жаргондарды, сирек қолданыстағы элементтерді, өзге стильдің элементтерін еркін жұмсай алады, өйткені көркем әдебиет тек коммуникативтік емес, эстетикалық функцияларды да атқаратындықтан, өзге стильдерден оқшау тұрады. Осы ерекшеліктерінен болар, кейбір зерттеушілер көркем әдебиетті функционалды стильдер қатарына қоспай келді. Қазақ тілінің функционалды стильдерінің бір-бірінен айырым-белгілері көрсетіліп келеді. Ол белгілерді қазақ тілін зерттеушілер орыс тіл білімінің танымынан шығарып айтатынын мойындаймыз. Бұған, біріншіден, тіл-тілдегі функционалды стильдер табиғатының, қызметінің ұқсас, ортақ құбылыс екендігі негіз болса, екіншіден, ресми іс қағаздарының, ресми ақпарат материалдарының, ғылыми әдебиеттің, көптеген мектеп оқулықтарының күні кешеге дейін көбіне орыс тілінен аударылып ұсынылып келгені себепкер болды. Кеңсе іс қағаздарының стильдік белгілері өзгелерден мүлдем ажыратылып көрінеді, мұнда трафареттік құрылымдар орын алады, лексикалық норма қатаң сақталады, сөздердің көріктеу тәсілдерінің жұмсалуына, сөздердің ауыс мағынасында келуіне жол берілмейді. Әсіресе, заң, қаулы, ереже сияқты құжаттардың тілдік белгілері берік әрі тұрақты болуы шарт. Әрине, бұл айтылғандардың барлығы – функционалды стильдердің әрқайсысының тілдік сырттай белгілері және соларға орай нормалары туралы қысқаша түсінік. Ал әрбір стиьдің өз ішінен мазмұндық-жанрлық бөліністеріне қарай және функционалдығына (мақсатына) орай бөлшектеп, әрбіреуіне тән шағын белгілерді көрсету – алдағы ғылыми ізденістердің объектіс болмақ.
3) Ауызекі сөйлеу стилі – функционалды стильдің бір түрі. Ол ауызша түрде тікелей қарым-қатынастың барлық саласында (тұрмыста, өндірісте т.б.) қолданылады. Негізгі қолданылу аясы – диалог, монолог. Стильдік ерекшелігі:
1. Қолданылу аясы – адамдармен, әсіресе, таныс ортада еркін әңгімелесу барысында жүзеге асады.
2. Тілдік құралдары:
- эмоционалды сөздер, диалектизмдер, қарапайым сөздер, сөйлеу тілінің фразеологизмдері, көріктеу тәсілдері (метонимия, синекдоха, табу, эвфемизмдер) қолданылады;
- Ой автоматты түрде, дайындықсыз беріледі;
- Сөйлеу еркіндігі басым болады;
- Дауыс ырғағына орай сөйлеуші қаратпа сөз, қыстырма сөз, одағай сөздерді қолданады;
- Сөздердің орын тәртібі еркін болады.
Осы айтылған сипаттамаға кеңірек тоқталатын болсақ, мына жайттарға назар аударған жөн. Бұл стильдің басқа стильдерден біршама өзгешеліктері бар (жоғарыда қысқаша тоқталдық). Мұнда екеу немесе үшеуара сөйлесу барысында тілдің мәдениеті тұрғысынан талап қою дұрыс бола бермейді. Негізгі мақсаты тікелей және тез хабар беріп, хабар алу болғандықтан, ауызекі тілде әдеби тілдің нормасынан тыс сөздер мен сөз тіркестері – варваризмдер, кәсіби сөздер, диалектілер т.б. кездесуі әбден мүмкін. Бұл ауызекі тілі стилінің заңдылығын бұзу деп есептелінбейді. Ауызекі сөйлеу тілінің тағы бір ерекшелігі - әңгіме тақырыбының тез өзгеріп отыратындығы. Мысалы, екі адам ауа-райы туралы сөйлесіп тұрып, күтпеген жерден өндіріс мәселесін сөз етуі мүмкін. Тілдегі экспрессивтік, эмоционалдық қасиеттер көп жағдайда ауызекі сөйлеуде байқалады. Ауызекі сөйлеу стилінде лингвистикалық факторлармен қоса, тілден тысқары факторлардың (экстралингвистикалық) да жарыса пайдаланылуы осы стиьдің өзіндік ерекшелігі болып табылады (сөз болып отырған оқиға тыңдаушысына түсінікті болса да, бет пішінінің, қолының қимыл-қозғалыстары, дауыс ырғағының (интонацияның) құбылуы т.б.), бұл – фонетикалық ерекшеліктері, өздерге әр түрлі екпін түсіру арқылы да ойға түрлі экспрессивтік реңк, бояу беріп айтылуы жатады. Ауызекі тілді жалпыхалықтық тілдің бір түрі ретіндегі сөйлеу тілінен ажырата білудің елеулі мәні бар. Сөйлеудің ауызша түрі, яғни әдеби формасы функционалды стильдердің барлығында кездеседі. Мұны публицистикалық стильдің ауызша түрі деп қараған жөн. Мысалы, радио-теледеидер хабарлары, ондағы сөйленетін сөздер, сахнада көркем шығарманың оқылуы, лекция, баяндамалардың жасалуы, мұғалімнің сабақ түсіндіруі т.б. Ауызекі сөйлеуде ойдың қысқа, тұжырымды болуы, грамматикалық ерекшеліктерімен тығыз байланысты ) толымсыз, жалаң сөйлемдер, эмоциялы жай-күйді жеткізуде лепті, сұраулы сөйлемдер қолданылады. Сол сияқты сөз қайталау тәсілі бар, кейбір морфологиялық тұлғалар ықшамдалынып беріледі: келгесін, кеп, барғасын, боп т.б. Ойды әсерлі жұмсалуының да шарттары ауызекі тілде жүзеге асады: эмоционалды-экспрессивті реңдегі сөздер, сөйлеу сипатындағы фразеологизмдер, қарапайым сөздер де жұмсалады. Ауызек сөйлеу стилінің элементтері басқа стиль түрлерінде мақсатқа сай қолданыла береді. Әсіресе, көркем әдебиет стилінде кейіпкер тілінде, шығарманың жанрлық мақсатына орай авторлық баяндауда да қолданыла береді.Мысалы Қ.Ысқақов «Ақсу – жер жаннаты» деген романында кейіпкерлердің аузына шорту сияқты одағай іспеттес ауызекі элементтерден бастап бет-мордасы (бет-әлпеті дегеннің орнына) түйекөтен (помидор), қотқа жүрмейді, асслау деген әдеби нормадан тыс элементтерді салады. Бұл сөздер тұлғасын өзгертіп, кекесінмен, мысқылмен қолданылған, өйткені шығарма юмормен жазылған дүние, сондықтан стильдік мақсатта жұмсалған тілдік ерекшеліктер болып саналады. Тілімізде ауызекі сөйлеу стилі, оның лексикалық, синтаксистік ерекшеліктерін арнайы ғылыми тұрғыдан зерттеген ғалымдар қатарына Р.Әміровтың «Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері» А. 1971, М.Серғалиев, Ш.Нұрғожинаның «Қазақтың сөйлеу тілінің эмоционалды-экспрессивті лексикасы». А. 1995 еңбектерін атауға болады.

Әдебиеттер


1. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы А. 1996.
2. Әміров Р. Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. А. 1971
3. Серғалиев М., Нұрғожина Ш. Қазақтың сӛйлеу тілінің эмоционалды-экспрессивті лексикасы. А. 1995
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Қазіргі қазақ әдеби тілінің фунционалды стильдерін атаңыз.
2. Ауызекі сөйлеу тілінің стилінің өзіндік ерекшеліктері қандай?
3. Жазба тіл стилінің өзіне тән айырым белгілерін атаңыз




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет