Орынбор шебі. Алабұға шебінен Елек өзені бойындағы Озерныйге дейін созылып жатты.
Есіл шебі. Тобыл өзенінің бойында орналасқан шекаралық пункт Звериноголовск редутынан Омбы бекінісіне дейін аралықта тағы бір шеп құрып, оған 33 редут, 32 маяк орнатып, оны кейін «Есіл шебі» деп атады. «Қасірет белдеуінің бойын қорғау» желеуімен үшінші күш – Есіл шебі, яғни Есіл орыс-казактарының линиясы пайда болды. Оның құрамына – 2 бекініс, 33 редутта, 2000 атты әскер бағындырылды.
Ащы шеп (Қасірет белдеуі). Сібір редутынан Омбыға дейін ұзындығы 553 верст (1 верст – 1 шақырым) шеп құрылды. Бұл «Горькая линия» немесе шеп «Ащы шеп» деп аталды (Бұл шепті Мұхтар Құл-Мұхамед «Қасірет белдеуі» деп атаса, жазушы Қалмұқан Исабаев «Ащылыөзек» дейді.)
Бұлай аталуын тарихшылар шептің бойындағы тұзды көлдердің көптігінен дейді. Бұрынғы доға тәрізді Ескі Есіл шебі тігінен түзетіліп қазақтардың байырғы қонысын көктей өтіп, 250 шақырымға ішкері кіріп кетті. Ор мен Ертіс бойын жалғастырған «Қасірет белдеуі» осылай дүниеге келді.
Орынбор өңірі толық игеріліп болған соң «Қасірет белдеуі» Тобыл губерниясына қарай созылып, ішкерлей түсті. 1750 жыл туғанда «Қасірет белдеуінің» бойын жағалап 60-тан астам жаңа қоныс пайда болып, қоныстанушылар саны 59 мың адамға жетті.
Жаңа Есіл шебі (Ново-Ишимская линия). 1752 жылы 26 наурызда Ресей Сенатының шешімімен ұзындығы 548 врест болатын, 9 қамал мен 53 редуттан тұратын Ново-Ишим шебін салу аяқталды. Бұл шеп 540 шақырымға созылған Уйск шебін Ертіс шебімен жалғастырды. Шептің орталығы ретінде апостол Петр мен Павелдің құрметіне орай 12 шілде күні аты қойылған Петрпавловск бекінісі таңдалды. Бұл белдеудің бойында 1752 жылы 10 бекініс, 31 қорған, 40 маяк орнап, 1 мың орыс-казак атты әскері мен 2518 башқұрт, 2 драгун полкі сияқты тұрақты әскерлердің эскадроны орналасты [5].
Колыван шебі. ХVІІІ ғасырдың 50 жылдары ұзындығы 930 шақырым Ертіс шеп-белдеуін (Омбы, Железинская, Жәмішев, Семей, Өскемен бекіністері) жасақтау аяқталып, Өскемен – Кузнецк аралық 723 шақырым «Колывановская белдеуінің» құрылысы басталды. Бұл шеп Өскемен бекінісінен бастап, Алтай тауларын жағалай, Колыван зауыттарын басып өтіп, Кузнецк шебімен жалғасты. Ұзындығы – 723 верст.
Сибирск поселкасынан басталып, Урыльск селосына дейін аралық Сібір казак шебі деп аталса, Жайықтың теңізге құяр жеріндегі Атырау мекенінен Звериноголовск бекінісіне дейін ұзындығы 1600 врест тағы бір шеп құрылды.
Бұл шеп-бекіністерге көп әскер шоғырландырылып, «орыс-казак қоныстарын салу керек» деген желеумен қазақтар пайдаланып келген қыруар құнарлы жер тартып алынды. Сонымен қатар, қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі көшіп-қону жолдары бұзылды .
Топтар жекелеген казак әскерлерін құрады және ұйымдастырушылық, шаруашылық және тұрмыстық өзгешеліктері бойынша ерекшеленді. Орал, Орынбор, Сібір, Жетісу казак әскерлері Ресейдің Орта Азия мен Қазақстандағы саяси, әскери, шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік-мәдени негіздерінің басты тірегі болды. Орал, Орынбор, Сібір және Жетісу казак әскерлері жергілікті қазақтармен тікелей араласып, олармен күрделі қарым-қатынас жүйесіне түсті. Бұл қарым-қатынастар кейде саудамен, айырбаспен, технологиялар, мәдени және шаруашылық дағдыларды ауысумен қатарласып, бейбіт және өзара тиімді сипатқа ие болды, ал кейде – жер дауы, әскери қақтығыстар, ұрлықтарға соқтыратын қырғи қабақ сипатта болды.