Экономикалық ынталандыруға: жеке және заңды тұлғаларға аз қалдықты және қалдықсыз технологияларды енгізген кезде салық және өзге де жеңілдіктерін белгілеу, қайталама ресурстарды пайдалану, табиғат қорғау тиімділігін қамтамасыз ететін өзге де қызметті жүзеге асыру; ұйымдар мен азаматтарға ластайтын заттардың шығарындылары мен тастандыларын кепілді түрде төмендету жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін қаржы қаражаттарын шарт талаптарында беру; меншік нысанына қарамастан қоршаған ортаны тиімді жүзеге асыратын ұйымдардың жеңілдікпен кредит беруін қолдану; экологиялық жағынан таза өнімге мадақтау бағалары мен үстемелерді қолдану; экологиялық жағынан зиянды өнімге, сондай-ақ экологиялық жағынан қауіпті технологияны қолдана отырып, шығарылған өнімге арнайы салық салуды енгізу және басқалары жатуы мүмкін. Сонымен бірге экономикалық ынталандыру шаралары салалық нормативтік-құқықтық актілерде де көзделуі мүмкін. Мысалы, ҚР-ның Орман кодексінің 106-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының орманды аумағын арттыруды экономикалық жағынан ынталандыру мыналар арқылы: Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес босалқы жерлерден ауыл шаруашылығында пайдалануға жарамсыз өзге де жер санаттарынан орман қорына жер бөлу; Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес, орман өсіруді ынталандыру және арнайы мақсаттағы плантациялар, агроорман мелиорациялық және өзге де қорғаншылық екпелер жасау; Республикасының сүрек ресурстарына мұқтажын қамтамасыз ету мақсатында өнімі жоғары плантациялық екпелер отырғызуға ынталандыру; селекциялық-гендік негіздегі тұқым қуалау сапасы жақсартылған орман тұқымдарын және отырғызылатын материалдарды өндіру мен қолдануды ынталандыру; орман шаруашылығына инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау жолымен жүзеге асырылады. Сайып келгенде қоршаған ортаны қорғау тетігі міндетінің мәні мынада болып табылады: экономикалық шаралардың көмегімен экологиялық заңмен және басқа да нормативтік-құқықтық актілермен анықталатын мемлекеттің экологиялық саясаты мақсатына қол жеткізуді қамтамасыз ету. Бұл міндет экономикалық тетіктің жекелеген элементтері неғұрлым оңтайлы реттеліп, іске асырылатын болса, соғұрлым табысты шешілетін болады. Қазақстанның осы заманғы дамуы мен басталған реформаларды тереңдете түсу жөнінде қабылданған стратегиялық құжаттар республиканың ішкі әлеуметін және оның инвестициялық мүмкіндіктерін пәрменді түрде пайдалануды көздейді. Осы көзқарас тұрғысынан, ұлттық сақтандыру жүйесін дұрыс ұйымдастыру мен сақтандырудың әлеуметтік маңызды түрлерін жедел дамытуда үлкен резерв негіз болып отыр. Сақтандыру жүйесі адам өмірінің, өндірістік-экономикалық қызметтің барлық жақтарын қамтиды, ол өтемдік және жинақтаушы-сақтық міндеттерін атқарады. Осы заманғы ұлттық сақтандыру жүйесін құру, сақтандыру қызметтерінің нарығын сапалық жаңа деңгейге көтеру жөніндегі шараларды әзірлеу мен кезең-кезеңімен іске асыруды қажет етеді. Нарықтық экономика жағдайларында сақтандыру институтының ерекше маңыздылығы бірқатар факторлармен анықталады. Біріншіден, сақтандыру мемлекет тарапынан көзделген шаралардың сипаты мен көлеміне қарамастан халық пен ұйымдардың әр түрлі мүдделерін қосымша қорғауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта табиғи және техногендік зардаптарды жою жөніндегі шығыстардың негізгі ауыртпалығы мемлекеттік бюджетке түседі, оның мүмкіндігі объективті түрде шектеулі болып табылады. Екіншіден, қазіргі жағдайларда сақтандыру тетігін пайдалану елде кәсіпкерлік қызметті жедел дамытуды, Қазақстан экономикасының негізгі салаларының, оның ауа райының және географиялық орналасуының, экология деңгейінің ерекшеліктерін ескере отырып, өндірістің пайдаланылып отырған технологиясын одан әрі жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Экологиялық сақтандыру өзінің лайықты орнын алуға тиіс, өйткені өндірістік авариялардың алдын алу шараларына мемлекет пен кәсіпорын қаражатының болмауы қоршаған ортаның жай-күйінің нашарлауына әкеп соқтырған болар еді. Экологиялық сақтандыру зиян келтірушінің қаржылық жағдайына қарамастан зардап шегушілердің заң бойынша өздеріне тиесілі сомаларын алуға кепілдік беруіне мүмкіндік жасайды. Ерікті экологиялық сақтандыру заңды тұлғалар мен азаматтардың өз еркін білдіруі бойынша жүзеге асырылады. Ерікті экологиялык сақтандырудың түрлері, шарттары мен тәртібі сақтанушылар мен сақтандырушылардың арасындағы келісімдермен белгіленеді. Міндетті экологиялық сақтандырудың тәртібі қоршаған ортаның авариялық ластануы салдарынан үшінші адамның өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтіру салдарынан және оны өткізудің құқықтық, қаржылық және ұйымдық негіздерін белгілейтін міндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің міндетті сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленеді.
Экологиялық аудит тікелей антропогендік қызметпен байланысты тұтастай алғанда қоршаған ортаның құлдырауына не халықтың өмір сүру жағдайларының және экологиялық тәуекелдердің нашарлауына жеткізетін қоршаған орта компоненттерінің табиғи жай-күйінің көрінеу әрі жасырын бұзылуларын анықтаудың, оларды талдау мен бағалаудың тетігі болып табылады. Сондай-ақ, экологиялық аудит қоршаған ортаны қорғау жөніндегі табиғат қорғау нормалары мен талаптарының орын алған бұзылуларының алдын алу мен жою мақсатында өзінің шаруашылық қызметінің экологиялық салдарларына бақылау жасауының құралы, сондай-ақ белгілі бір аумақтағы жеке және заңды тұлғалардың алдағы қызметінің мүмкіндіктері мен бағыттары туралы шешімдер қабылдау үшін басқару құралы болып табылады (жұмыстың бұрынғы режимін сақтау, қайта құру, жаңғырту және т.т.). Аудитті жүзеге асыру кезінде база ретінде: қолданыстағы заң актілері, қоршаған орта мен халықтың денсаулығын қорғау бөлігінде бақылау міндетін жүзеге асыратын ведомстволар шығаратын нормативтік, әдістемелік және нұсқаулық құжаттар; табиғат пайдаланушылардың өндірістік қызметінің техникалық және экологиялық сипаттамасы; қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйіне
мониторингтің деректері; техникалық, технологиялық, инженерлік шешімдерді жетілдіру жөніндегі ғылыми-зерттеу және өзге де жұмыстардың нәтижелері,
бұларды іске асыру қоршаған ортаны сауықтыруды қамтамасыз етеді; табиғат қорғау, экономикалық және әлеуметтік қызмет саласындағы Қазақстан Республикасы статистикалық органдарының деректері; кәсіпорынды, қаланы, өңірді дамытудың индикативтік жоспары пайдаланылады.
Міндетті экологиялық аудит пен бастамашылық экологиялық аудит экологиялық аудиттің түрлері болып табылады. Жеке және заңды тұлғалардың міндетті экологиялық аудитін жүргізу үшін негіздер мыналар болып табылады: құжат жүзінде дәлелденген жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметімен келтірілген қоршаған ортаға нұқсаны; заңды тұлға — табиғат пайдаланушыны қайта ұйымдастыру; қарауында стратегиялық, трансшекаралық және экологиялық жағынан қауіпті объектілері бар заңды тұлғалардың банкротқа ұшырауы. Бастамашылық экологиялық аудит бастамашы мен экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның арасындағы экологиялық аудитті жүргізуге жасалған шартта көзделген экологиялық аудиттің нақты міндеттерін, мерзімдері мен көлемін ескере отырып аудиттелетін субъектінің не қатысушының бастамасы бойынша жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 23 тамыздағы N 889 "Экологиялық аудиторлық қызметті лицензиялаудың және жүргізудің кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес экологиялық аудит бірнеше кезеңдерде жүргізіледі:
экологиялық аудиттің мақсаттарын анықтау (аудиттелетін адам қызметінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасына және экологиялық талаптарға сәйкестігін анықтау және басқалары);
тексерілетін адамның құжаттамасын алдын ала талдау (аудиттелетін адам оны алдын ала талдау жүргізу үшін дайындалып жатқан аудит бойынша құжаттаманы ұсынады, соның ішінде: шаруашылық жүргізуші субъектінің менеджмент жүйесі жөніндегі құжаттама, экологиялық аудит жөніндегі алдыңғы қорытындылар, аудитті орындаушыға экологиялық аудитті жүргізу мүмкіндігін анықтау үшін қажетті техникалық құжаттама);
экологиялық аудитті жүргізуге шарт жасасу;
экологиялық аудитті жүргізу (экологиялық аудит аудитор жасайтын және аудиттелетін адаммен келісілетін аудит жоспарына сәйкес жүргізіледі);
аудиторлық есепті жасау (міндетті экологиялық аудиттің нәтижелері қоршаған ортаны қорғау саласыңдағы уәкілетті органға беріледі, ал бастамашылық экологиялық аудиттің нәтижелері құпия болып табылады және оның мәліметтерін жариялау құқығына тек аудиттелетін субъекті ғана ие болады).
Экологиялық аудитор Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіпте аттестациядан өткен және экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия алған жеке тұлға болып табылады. Мысалы, Қазақстан Републикасы Үкіметінің 2004 жылғы 23 тамыздағы N 889 "Экологиялық аудиторлық қызметті лицензиялаудың және жүргізудің кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес жеке тұлғаларға арналған біліктілік талаптарына мыналар кіреді: жоғары кәсіптік немесе орта кәсіптік білім, қоршаған орта саласында кем дегеңде 3 жыл жүмыс тәжірибесінің болуы, экологиялық аудитор біліктілік куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмелері, тиісті материалдық-техникалық база (экологиялық аудитті жүргізу үшін қажетті компьютерлік және электронды техника, анықтамалық және әдістемелік әдебиет, нормативтік құқықтық актілер, техникалық құжаттар және т.б.).
Экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның біліктілік деңгейі осы қызмет түріне қойылатын талаптарға сәйкес келетін субъектіге қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган, егер заңнамалық актілерде өзгеше мерзім белгіленбеген болса, барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген күннен бастап - бір ай мерзімнен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — он күндік мерзімнен кешіктірмей береді.
Экологиялық аудитор жеке кәсіпкер ретінде не экологиялық аудиторлық ұйымның қызметкері ретінде экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыруға құқылы. Экологиялық аудиторлық ұйым — өндірістік кооператив пен мемлекеттік кәсіпорынды қоспағанда, кез келген ұйымдық-құқықтық экологиялық аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін құрылған коммерциялық ұйым. Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдардың құқық қатынастарының субъектілері ретінде құқығы болады және белгілі бір міндеттер атқарады. Мысалы олар: экологиялық аудитті жүргізудің әдістерін дербес анықтауға; экологиялық аудит өткізуге жасасылған шарттардың талаптарын орындау үшін қажетті құжаттаманы алуға және тексеруге; шарт негізінде экологиялық аудитті жүргізуге қатысуға әр түрлі бейіндегі мамандарды тартуға; экологиялық аудитті жүргізуден бас тартуға не экологиялық аудитті жүргізуге жасасылған шарт талаптарын аудиттелетін субъекті бұзған жағдайда экологиялық аудиторлық есеп беруге құқылы.