Полигон – әскери жаттығулар, сынаулар жүргізілетін орын, жер.
Полихром стилі – безендіру кезінде бұйымға сәндік үшін түрлі түсті асыл тастар, алтын түйіршіктерін жапсыру.
Половшылар– далалықтар; ХІ ғасырда Еділ бойынан Қара теңіз жағалауына орын тепкен түрік тілдес тайпалардың орысша атауы.
Постсоциалистік – социалистік лагерь күйрегеннен кейінгі қалыптасқан жағдай.
Прагматизм – 1) іс жүзінде пайдалы нәтиже беретінді ғана ақиқат деп білетін философиялық бағыт; 2) іс жүзіндегі, қажеттілік тұрғысындағы мүдделерді көздейтін қаракет, ойлау салты, мінез-құлық.
Преамбула – заң немесе басқа құқықтық актілердің, сондай-ақ декларация немесе халықаралық шарттағы барлық мақсат пен міндеттер көрсетілген кіріспе бөлім.
Президент (лат. praesidens, сөзбе-сөз – алдыңғы қатардағы) – қазіргі заманғы мемлекеттердің көпшілігінде мемлекеттің сайланып қойылатын басшысы
Президенттік басқару – төтенше жағдай жарияланған аймақтардағы азаматттардың мүдделерін қамтамасыз ету үшін заңмен қарастырылған, президент енгізетін уақытша басқару (мысалы, Үндістанда, АҚШ-та). Президенттік басқару кезінде мемлекеттік билік пен басқару органдарының өкілеттілігі уақытша тоқтатылады, ал олардың міндеттерін атқару президент құрған органға немесе ол тағайындаған қызмет адамына тапсырылады.
Президиум (лат. prfesidium, сөзбе-сөз – қорғаныс; ауыспалы мағынасында – төрағалық) – жиналысты, мәжілісті алқалы түрде жүргізу үшін сайланған адамдардың тобы; бірқатар саяси, қоғамдық т.б. ұйымдардың басшылық органы.
Пристав– Ұлы жүз қазақтарын басқару үшін бекітілген лауазымды қызмет.
Присяжный суд – сайланып қойылған қосшы билер қатысатын сот.
Прогресс – алға жылжу, даму үдерісіндегі жақсару, регреске қарама-қарсы құбылыс. Әлеуметтік прогресс, ғылыми-техникалық прогресс, ғылыми прогресс болып бөлінеді.
Пролетариат– капиталистік қоғамдағы негізгі таптардың бірі, өндіріс құрал-жабдықтарын меншіктеу құқығынан айырылған жалдамалы жұмысшылар табы; өмір сүруінің жалғыз қайнар көзі өзінің жұмыс күшін меншік иелеріне (капиталистерге) сату болып табылады.
Протекторат– екі жақтың тең емес келісімі негізінде бекітілген және тәуелді елдің мемлекеттілігінің сыртқы белгілерін сақтай отырып, екінші бір елдің қол астына толық өтуімен сипатталатын үстемдік.