8 дәріс Тамырдың анатомиялық құрылысы Өркеннің морфологиялық жалпы сипаттамасы Тамыр



бет9/13
Дата25.11.2023
өлшемі53,87 Kb.
#127036
түріСабақ
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Бұйыққан бүршік. Бүршіктің бұл түрі жапырақты ағаштар, бұталар, жартылай бұталар мен көпжылдық шөптесін өсімдіктерге тән. Шығу тегі жағынан бұйыққан бүршіктер қыстаған бүршіктер сияқты жанама және қосалқы бола алады. Бірақ қыстаған бүршік тәрізді көктемде бүршік жарып өркен бермейді. Бұл ұзақ уақытқа дейін, кейде өсімдіктердің өркені мен тамыры тіршілігінің соңына дейін бұйыққан қалпында қалуы мүмкін. Осыған қарамастан бұйыққан бүршік өзінің тіршілігін ағаш діңінің ішінде ұзақ уақыт жалғастырады. Бұйыққан бүршіктің бой конусы жыл сайын жаңа метамерлердің бастамасын (жапырақтар бастамасы мен буындар) береді. Мұндай жағдайда бүршіктің өстік бөлігі өте баяу, орташа есеппен өзі пайда болған аналық өркен сүрегінің жылдық сақинасы шамасындай ғана еседі. Пайда болған барлық жапырақ бастамалары метаморфозданып қабыршаққа айналады. Осылай жыл сайын дің жуандап өскенде бұйыққан бүршік те ағаш сабағының ішінде жатып, өзінше жуандап жасырын бұтаққа айналады. Бұйыққан бүршіктің қабыршағының қолтығында жас бүршіктер қалыптасып, дің ішінде жасырын бұтаққа айналуы мүмкін. Осылай бірнеше рет бұтақтану нәтижесінде, бастапқыдағы бір бүршіктің орнына бұйыққан бірнеше бүршіктердің жиынтығы пайда болады.
Бұйыққан бүршіктер өркендеу үшін сабақтың (діңнің) одан жоғары орналасқан бөліктерін кесу керек немесе табиғи жағдайда ол әр түрлі жолмен зақымданып істен шығуы керек.
Бүршіктердің пішіні, мөлшері, саны, бүршік қабыршақтарының орналасуы және реңі - сүректі өсімдіктерді анықтаудың негізгі белгілерінің бірі.
Бүршіктер өркеннің ұзарып өсуін және бұтақтануын қамтамасыз етіп, өркендер жүйесін қалыптастырады.
Өркеннің бұтақтануы. Өркеннің өстік бөлігі өсімдік сабағының өсуі барысында бұтақтанады. Бұтақтанудың нәтижесінде өсімдіктің аумағы ұлғаяды. Тұқымның ұрық бөлігінен өсіп шыққан негізгі өркеннің жанама бүршіктерінен жанама өркендер, яғни екінші ретті өс өсіп шығады. Екінші ретті жанама өркеннен үшінші ретті жанама өркен қалыптасады, осылайша рет саны арта береді.
Бұтақтанудың өзіне тән зандылықтары бар. Өсімдіктердің арнаулы топтарына бұтақтанудың белгілі бір бөлімі тән. Сүректі өсімдіктерде бұтақтанудың нәтижесінде бөрікбасы (крона) пайда болады.
Бұтақтанудың төмендегідей түрлерін ажыратады
Дихотомиялы немесе ашалана бұтақтануда өсу нүктесіңдегі инициалды жасушалар екіге ажырайды, соның нәтижесінде бірінші ретті бұтақ ұшынан екінші ретті екі бұтақ өсіп шығады, бұлардың әрқайсысы өз ретінде ашаланып бірдей екі жаңа бұтаққа бөлінеді. Инициалды жасушаның бөлінуі арқылы бұтақтану төменгі сатыдағы балдырларға, саңырауқұлақтарға және қыналарға, сол сияқты жоғары өсімдіктерден мүк, плаун төрізділерге және ашық тұқымдылардың кейбір өкілдеріне тән. Дихотомиялы бұтақтану - бұтақтанудың көне бөлімі . Моноподийлі бұтақтану кезінде бүршігінен пайда болған өркеннің өстік бөлігі - сабақ ұшы арқылы өсуді жылдар бойы, кейде өсімдік тіршілігінің соңына дейін жалғастырады. Мұндай жағдайда жанама өркендер негізгі сабақтың жанама бүршіктерінен жетіледі және монополий бұтақтануды жалғастырады.
Сүректі өсімдіктер монополий тәсілімен бұтақтанғанда олардың сабағы жуандап, ұзарып өсіп, қуатты дің пайда болады. Бұған майқарағай, балқарағай, қарағай, шамшат, самырсын, көктерек, емен т.б. мысал бола алады
Симподийлі бұтақтану кезінде негізгі (немесе жанама) сабақтың төбе бүршігі біраз уақыт өткен соң өледі немесе өсуін баяулатады. Бұл кезде төбе бүршігіне таяу орналасқан жанама бүршіктен өркен жетіліп, ол негізгі бұтақтың орнын басып, тік өседі де негізгі сабақ бүйірінің біріне қарай ығысады. Пайда болған жанама бұтақ көп ұзамай өзінің ұшы арқылы ұзарып өсуін тоқтатады да, оның бой конусының төменгі жағындағы жанама бүршіктен жаңа өркен өсіп шығады. Бұтақтану осылай жалғаса береді, нәтижесінде негізгі дің қысқарып қалады. Оны жанама бұтақтар жалғастырады. Бұтақтанудың бұл тәсілі қайың, тал, алма, алмұрт, қараөрік, өрік, шие, шабдалы, үйеңкі, грек жаңғағы т.б. көптеген ағаштар мен бұталарға, шөптесін өсімдіктерден қызанакқа, қартопқа және т.б. тән
Симподийлі бұтақтану басқаларына қарағанда қарқынды өтеді.
Симподийлі бұтақтанудағы төбе бүршіктердің өсуін эволюциялық бейімделу деп қарастырады. Өйткені төбе бүршігі жа­нама бүршіктерінен жас өркендердің пайда болуын тежейді.
Жалған дихотомиялы бұтақтану бұтақтанудың жеке бөлімін түзбейді. Бұл - симподийлі бұтақтанудың бір түрі Өйткені жалған дихотомиялы бұтақтануда төбе бүршігі өсуін тоқтатады да, одан төмен орналасқан қарама-қарсы екі жанама бүршіктен бір мезгілде ашаланған бұтақтар өседі. Осылай бұтақтанудың нәтижесінде қарама-қарсы орналасқан бұтақтардың пайда болуы төменнен жоғары қарай жалғасады. Сөйтіп, төменгі ретті бұтақ өсуін тоқтатып, біртіндеп жоғарғы ретті бұтақ өседі. Жалған дихотомиялы бұтақтану сасық мендуана, қалампыр, серігүл, талшын т.б. өсімдіктерінде байқалады.
Өсімдіктердің басым көшпілігінің өркендері бұтақтанады, сонымен қатар бұтақтанбайтын өсімдіктер де кездеседі (мысалы, бақ-бақ).
Бұтақтанудың тағы бір түрі түптену деп аталады. Түптену бұталарға, көп жылдық, сол сияқты бір жылдық шөптесін өсімдіктерге, оның ішінде астық тұқымдасына тән
Мұнда негізгі өркеннің төменгі жағынан жанама өркендердің тобы пайда болады. Бұл жанама өркендер негізгі өркеннің жер астындағы немесе топырақ деңгейіндегі қысқарған буындарынан өсіп шығып, бұта тәрізді пішінге ие болады. Түптену кезінде өсімдік сабағының буын аралықтары оның тіршілігінің соңына дейін қысқарған қалпында қалады. Астық тұқымдастары сабағының түптенуі кезінде жанама өркеңдер беретін буын түптену буыны (аймағы) делінеді және түптену буынынан өсіп шыққан әрбір өркен гүл шоғырымен аяқталады. Соңдықтан астық тұқымдасының бұтақтанып өсетін сорттары мол түсім береді.
Түптену ерекшелігіне қарай астық тұқымдасы борпылдақ түпті бұтақтану (рыхлокустовые) және тығыз түпті бұтақтану (шотнокустовые) деп бөлінеді. Борпылдақ түпті бұтақтануда жанама өркендер мен қосалқы тамырлар сабақтың жер астындағы буындарынан, ал тығыз түпті бұтақтануда жер үстіндегі буыңдарынан өсіп шығады. Тығыз түпті астықтардың түптенуінен өте тығыз шым пайда болады.
Бұтақтану барысында негізгі өске жанама бұтақтардың орналасуы және олардың жетілу ерекшеліктері өркендер жүйесінің сыртқы көріністеріне әсер етеді. Осыған байланысты бұтақтанудың үш нұсқасы ажыратылады. Олар: акротониялы бұтақтану, мезотониялы бұтақтану және базитониялы бұтақтану (бұлардың өтпелі түрі де кездеседі).
Акротониялы (грекше «акрос» — ұшы, «тонос» — күш, қуат) бұтақтануда едәуір қуатты жетілген жанама бұтақтар негізгі (аналық) өркеннің ұшына жақын орналасады. Бұл бұтақтану ағаштарға тән.
Базитониялы бұтақтануда ірі және куатты жетілген бұтақтар аналық өркеннің негіз жағында орын тебеді. Бұл бұтақтану бұталарға, және көп жылдық шөптесін өсімдіктерге тән. Астық тұқымдасының түптеніп бұтақтануы базитонияға мысал бола алады.
Мезотониялы бұтақтануда жетілген ірі жанама бұтақтар аналық өркеннің орталық бөлімінде қалыптасады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет