Б. Әбілқасымов, Ғ. Әнесов
Қазақ ССР Ғылым академиясы
Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлері
Ұстаз. Ғалым. Азамат
Бұл күнде алпыстың асқарына келіп, талайларға ұстаз
атанған Рәкең өзінің алғашқы ұстаздық жолы басталған күнін
сағынышпен әрі мақтанышпен еске алады. «Сонда 16-ақ жаста екенмін-ау! Төртінші класқа тұңғыш рет сабақ өткізердегі жүрек лүпілі мен қорқынышты айтсайшы!» – дейді белгілі ғалым, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымының докторы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рәбиға Ғалиқызы Сыздықова.
Ойды ой қозғайды. ...Көз алдынан өткен өмір жолы, аяулы әке бейнесі, соғыс ауыртпалығы, ерте есейткен құрбы-құрдастары, бірде сүрініп, бірде жеңіп шыққан биіктері, әсіресе үлкен күш-қайрат, көп маңдай терін төккен жетістіктері кино лентасындай тізбектеліп өтіп жатыр.
Әкесі Сәтіғали Құтхожин революциядан бұрын білім алып, Ақтөбе өңірінде Совет өкіметін орнату, жаңа өмір үшін күрес жолында ғұмырының ақырына дейін құлшына еңбек етті. Сол кісінің тәрбиесі ме, әлде болмаса, тумысынан зерек, кеудедегі таудай талап, титімдей талант ұшқыны ма, отты қыз бірден төртінші класқа қабылданады. Мектепті, кейін Темір педагогика училищесі мен Ақтөбе мүғалімдер институтын үздік бітіреді.
Тосыннан басталған Ұлы Отаи соғысы қаршадай қыздың басына ауыртпалық артты. Әке орнына әке болған, сүйенер ағасы Хамит майданға кетті. Семья жауапкершілігі бүлдіршін жас Рәбиғаның иығына түсті. Алға поселкесінде он алты жасар Рәбиғаның алғашқы ұстаздық жолы басталған кезі де осы тұс еді. Жас шамалары әр қилы, аралас-құралас шәкірттерін «бас идіру» оңай бола қойған жоқ. Бірақ табиғатынан қайсар Рәкең көп кешікпей-ақ ұстаздық мамандықты әбден меңгеріп, өз ісін дөңгелетіп әкетті. Сол шәкірттерінің бәрі бүгінде еңбек иелері, ірі шаруашылықтың басшысы, ғалым болса, енді біреулері – Бәкір Тәжібаев пен марқұм Ізтай Мәмбетов сияқты белгілі ақындарымыз.
Өткен күнді еске алғанда ең алдымен ойға Жеңіс жылы
оралады. Ел еңсесін көтеріп, қайғыдан серпіліп, жадырай
күлген бір кез еді ғой! Майданнан Хамит ағасы аман-сау
оралып, Рәбиғаның оқуын жалғастыруына мүмкіндік туды. Халқымыз әрқашан «қуаныш – егіз» демей ме? Дәл осы жылы Рәбиға Сыздықова облыс мұғалімдерінің атынан республикалық август конференциясына қатысу құрметіне ие болып, Алматыға жол тартады. Жас ұстаз секциялық мәжілісте өз тәжірибесін ортаға салып, белгілі ғалымдар I. Кеңесбаев, Ш. X. Сарыбаев, М. Балақаев, А. Ысқақовтардың назарына ілігеді. Сол жылы бірден ҚазПИ-дің III курсына студент болып қабылданып, екі жылда оны үздік бітіріп шығады. 1947-1951 жылдары осы институттың аспирантурасын аяқтайды.
Ол әр түрлі себептермен біраз жыл ғылыми ортадан сырттап қалған кезінде де (оқу педагогика баспасында аға редактор, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды) ғылыми мақалалар жазып, айтыс-додаға түсіп, білікті ғалым екендігін көрсете білді. 1957 жылы республикамыздағы лингвистика ғылымының қара шаңырағы – Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтына қызметке шақырылады да, сол кезден бастап ғылым жолына түседі. «Білімің болса-дағы ұшан-теңіз, Пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей», – деп Шал ақын айтқандай, өз жолын тапқан, бұл күнде еліне мәшһүр ғалымнан бір кез «Сіз қалайша тілшілікті қалап алдыңыз?» деп сұрағанымызда:
– Адамға ата-анадан кейінгі ақылшы, қымбат адам – ұстаз. Менің осы жолды таңдауыма ұстаздарым көп ықпал етті. Алғашқы ізденістерім Абайдың тілін зерттеу болғандықтан, жұмыс барысында ұлы ақынның тіл шеберлігі түпсіз тереңге тарта берді. Мен де шамам келгенше сол тереңде көмулі жатқан көмбені ашып, халқыма жарқыратып көрсетпекші болдым, – дейді ғалым.
Рәкең күні бүгінге дейін училищеде екі жыл ана тілінен
сабақ берген ұстазы Бақытжан Алтыбаевтың есімін үнемі құрметпен еске алады. Тілдің қызық та қиын пәк екендігін Рәкең ең алдымен осы кісінің сабағында байқады. Оның үстіне ұстазы сабақты қызықты, тартымды өткізуге айрықша ықылас қоятын...
Одан кейін институтта өзіне дәріс оқыған Қ. Жұмалиев, С. Аманжоловтарды, жол көрсетіп, ақылшы аға бола білген I. Кеңесбаев, М. Балақаев, А. Ысқақов сияқты белді ғалымдарды, ұлы қаламгер М. Әуезовті өзінің ұстазы тұтады. Әсіресе М. Әуезовтің ұстаздық тағылымы естен кетпес; Абай творчествосын зерттеу үстінде жолдары тоғысқан бір тұста кемеңгер жазушы енді ғана кандидаттық диссертациясын қорғамақшы болып жүрген жас ғалымның тұсауын кесіп, алқа топтың алдында:
(«Әдеби мұра және оны зерттеу» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция, Алматы, 1959) «Рәбиға Сыздықованың сөзіне конференцияға қатысушылар айрықша риза болды деп санаймын. Оның сөзіндегі бір ерекшелік– тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты», – деп жоғары баға берді. Сенім қанатына мінген Р. Сыздықова сол жылы «Абай шығармалары тілінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» деген тақырыпта кандндаттық диссертациясын, ізденісін одан әрі жалғастырып, ұзақ жылдардың
жемісі іспеттес докторлық диссертациясын («Абай шығармаларының тілі») 1971 жылы табыспен қорғады. Р. Ғ. Сыздықованың бұл саладағы екі монографиясы – «Абай шығармаларының тілі» (1968) мен «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1970) – абайтануға қосылған үлкен үлес болып табылады. Бұл еңбектер – қазақ тіл білімінде белгілі бір ақын-жазушы шығармаларының тілдік ерекшеліктерін монографиялық тұрғыдан жан-жақты қарастырған тұңғыш күрделі зерттеулер.
Күні бүгінге дейін жүзден астам ғылыми еңбек (оның он бесі жеке кітап, кітапша болып жарияланған) жазған Р. Ғ. Сыздықова тіл білімінің барлық саласына атсалысып келеді. Солардың ішінен Рәкеңнің өзі тұңғыш түрен салып, кейбірін алға сүйреп, дамытып келе жатқан үш-төрт саласын баса көрсетуге болады.
Біріншісі – жоғарыда аталған абайтануға қосылған сүбелі еңбек, үлкен бастамалар.
Ғалымның тағы бір көп тер төгіп, ғылымдағы нар жүгін арқалап жүрген тұсы – қазақ тілінің орфографиясын жақсарту, жетілдіру және тұрақтандыру ісі. Бұл тұста Р. Сыздықова арнайы кітаптар («Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш». 1960, 1974) жазып, орфографиялық сөздік жасауға белсене қатысты.
Сонымен бірге ғалымның соңғы жылдарда өз зерттеуіне өзек етіп алып, тереңірек үңіліп жүрген мәселесі – қазақ әдеби тілінің тарихы, даму кезеңдері, бүгінгі жай-күйі, әдеби норма, нормалану процесі, т. б. Осылардан туындайтын, бүгінгі таңда ең актуальды мәселе болып отырған – тіл (сөз) мәдениеті саласында да Р. Ғ. Сыздықова және ол басқарып отырған тіл мәдениеті бөлімі терең теориялық зерттеулермен қатар көптеген практикалық шараларды да жүзеге асыруда.
Ал, еңбекқор ғалым творчестволық одақтар мен редакция
қызметкерлерінің алдында, мұғалімдер білімін жетілдіру институтында лекция оқығанда тыңдаушыларының қазақ сөзінің нәрлі де әуенді, көңілдегі көрікгі ойды сахна мен эфирден дәл жеткізе алатындай жатық шығуын талап етеді.
Бірнеше маман-кадрлар, ғылым кандидаттарын дайындап шығарған ұстаз төрт баланы тәрбиелеп жеткізген ардақты ана қосымша атқарар бірнеше қоғамдық жұмыстарына да қарамастан ана тіліне қалтқысыз қызмет етуді басты парызым деп түсінеді. Күн-түн демей еңбек етіп, әдеби тілдің тарихын жазуы («Қазақ әдеби тілінің тарихы», 1968; «XVIII– XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы», 1984); жеке сөздердің қолдану тарихын баяндап, «Сөздерді сөйлетуі» (1980), қалың көпшілікті, жастарды сөзді дұрыс айтуға («Сөз сазы», 1983) тәрбиелеуі... осының айғағы іспеттес.
Бір кезде ол өзі қазақ совет тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі, ағартушы, ғүлама ғалым Құдайберген Жұбанов туралы «Ғалым-азамат». («Қазақстан», 1966) деген кітап жазса, бұл күндері сол бір салмақты да салауатты түйінді саналы ғұмырын ана тіліне қызмет етуге жұмсап келе жатқан, халқының адал перзснті Рәбиға Ғалиқызына айтсақ, өте орынды болмақ. Өйткені өмірде халқына қызмет етіп, көпшіліктің алғысына бөленуден артық бақыт жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |