МҮШРІКТЕР ҰСЫНЫСЫ Меккелік мүшріктер дүние-дәулеттің де, атақ-мансаптың да, азап пен қорлықтың да Мұхаммедті (с.а.у.) алған бетінен тайдыра алмасын түсінген-ді.
Түсінген де енді Оған басқаша ұсыныстар айтуға көшкен. Бір күні олар тағы да пайғамбарымызға келіп:
“Сен Жаратқаныңнан мынаны тіле, егер Сафа төбесін алтынға айналдырар болса, онда біз саған иланып, иман келтірейік” - дейді.
Бұл – адам қолынан келмесі айдан анық, тек жоғары құдірет иесінің жаратуымен ғана болатын іс. Мүшріктер осындай адам қиялында ғана болатын шаруаларды талап етіп, Мұхаммедтің (с.а.у.) қиналғанын көрсе, өздері рахатқа бөленердей сезінетін. Сөйтіп өздерін жұбататын. Олардың армандары – қалайда ұлы тұлғаны мұқату, кекету, өзгелердің басын шырмап, соңдарынан ерту.
Әрдайым Аллаhтың Расулы олардың тілектерінің орынсыз екендігін, ондай іске Аллаhтың ғана құдіреті жететіндігін түсіндіруге тырысатын. Мүшріктер бұл жолы да пайғамбар бас тартады деп ойлаған. Бірақ Мұхаммед (с.а.у.):
“Егер Сафа алтынға толса, шынымен мұсылмандықты қабылдайсыңдар ма?” деді.
Бәрі бір ауыздан келіскен сыңай танытты.
Олардың жауабынан соң пайғамбарлар сардары көкке қол жайып, қайырымды Жаратқанына жалбарына бастады. Дүние сұлтанының дұғасы жауапсыз қалмасы белгілі. Сол заматта-ақ Жебірейіл періште келіп:
“Аллаh Тағала саған сәлем жолдады, қаласаң Сафа төбесін алтынмен аптайын, бірақ мұнан соң олардың арасынан иман етпегендер шықса, оларды адам айтқысыз азапқа душар етемін.
Не болмаса бұл тілектерін орындамай, тәубеге келгенше күтейін деп айтты” деді.
Он сегіз мың ғаламның берекеті боп жаратылған пайғамбарға таңдау еркі берілді. Соған қарамастан ол өзіне соншалық зұлымдық жасаған қауымына жаны ашып:
“Ей, Құдіреті күшті жасаған ием, олардың бұл жолғы тілектерін орындама, ақыретке дейін оларға тәубе мен рақымшылық жолын ашық қылғайсың”- деп жалынды.
Пайғамбарлар сәруары бүкіл әлемге рақымдылық үшін жаралған-ды. Жүрегі мейірімге толы, жүзінен нұр төгілетін. Шалқайғанға еңкейіп, жылатқанды күлдіріп, залымға қайырымдылық жасаудан танбайтын. Кектену, өштесу деген оған мүлде жат болатын. Осыншалықты кең пейілі, асқан сабыры, кешірімшілдігі арқасында жүректерді жаулап, қалың көпшілікті соңынан ерткен.
Кәпірлердің тұзағы күн сайын түрленді.
Бір күні тағы да мүшрік ақсақалдары жиналып, Аллаһ Елшісіне:
“Сені қалаған әйеліңе үйлендірейік, байлыққа қарық қылып, ауқаттылардың алды қылайық. Тәңірімізді түкке алғысыз етуіңді тыйсаң болды”- деп қоқан-лоққы көрсетті, болмаған соң жалынып та көрді. Мұнан түк шықпасын сезген соң олар:
“Ұсынысымызға құлақ сал, саған да, бізге де қайырлы амал қарастырдық”- деді.
Расулаллаh:
“Қайырлы дегендерің не?”- деп сұрады.
Құрайыш мүшріктері:
“Сен біздің тәңірлерімізге – Лат пен Уззаға бір жыл табын, сосын біз сенің жаратқаныңа бір жыл құлшылық қылайық”- деді.
Әрине, бұл да кәпірлердің кезекті тұзағы еді. Осы ойындарымен Пайғамбарымызды алдап түсірмек болған-тын. Өкінішке орай жүз ойланып, мың толғанып тапқан айлалары да жүзеге аспай қалды.
Осы оқиғаға байланысты Аллаһ Тағала тарапынан “Кафирун” сүресі түсірілді. Онда былай делінген:
“(Ей, Расулым!) Сен оларға былай де: Ей, кәпірлер!
Мен сендердің табынатын тәңірлеріңе, пұттарыңа ғибадат етпеймін.
Менің (Аллаhыма) сендер де ғибадат жасағалы тұрған жоқсыңдар.
Мен ешқашан сендердің табынғандарыңа табынған емеспін.
Сендер де ешқашан мен ғибадат қылатын (Аллаhқа) құлшылық жасамадыңдар.
Өз діндерің – өздеріңе, менің дінім – маған.”
Пайғамбар осы сүрені түскен бетінде мүшріктерге дауыстап оқыды. Кәпірлер бұл жолы да жеңіліс тапқандарын мойындап, кері қайтуға мәжбүр болды.
Мекке мүшріктерінің жатса-тұрса ойлайтындары –Расулаллаhтың насихаттарына сызат түсіру болатын. Осы мақсатпен олар яһуди ғалымдарымен кеңескенді жөн көрді.
Мұхаммед (с.а.у.) жайлы толығырақ мәлімет алу үшін Мәдинаға сапар шеккен мүшрік өкілдері яһуди оқымыстыларымен кездесіп, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқандарын, істегендерін баяндады. Әңгімелерін түйіндей келе:
“Сіздер Тәураттың қожайыны саналасыздар. Білімділіктеріңізге ешкім шәк келтірмейді. Осы адам туралы дұрыс мәліметті бір білсе, сіздер біледі деген оймен келдік”- деп ұсыныстарын жеткізді.
Яһуди оқымыстылары кәпірлердің талабын былайша қанағаттандырды:
“Одан:
Өткен замандағы жас жігіттердің қайран қалдырарлық ісі не еді?
Жер жүзін шығыстан батысқа дейін бағындырған тұлғаның хикаясын білесің бе?
Рухтың сырын түсіндіре аласың ба?”- деп сұраңдар. Егер бұл сұрақтарға жауап бере алса, ол шын мәнінде Аллаhтың пайғамбары. Уағызына құлақ қойып, мойынсұныңдар. Ал егер жауап бере алмай күмілжісе, өтірікшінің нағыз өзі болғаны. Ұрсаңдар да, соқсаңдар да ерік өздеріңде”.
Мүшрік өкілдері Меккеге қайтып келіп жағдайды қауымдастарына бастан аяқ баяндады.
Мүшріктер үлкен үмітпен пайғамбарымызға барып, яһудилердің айтқан үш сауалын сұрады.
Мұхаммед (с.а.у.) сұрақтарға жауап беру үшін ойлануға бір күн мұрша берулерін сұрады.
“Жауаптарды ертең айтайын”- дей тұрып иншаллаh (Аллаh қаласа) деуді есінен шығарды. Сол себепті бірнеше күн бойы Аллаhтан уахи түспей, Расулаллаһ іштей қиналысқа душар болды. Мүшріктердің:
“Мұхаммед (с.а.у.) бізден бір күн сұрап, бірнеше күн бойы үнсіз қалды” деген алыпқашпа әңгімелерін естіген сайын жан азабы арта түсті…
Арадан бірнеше күн өткенде мүшріктердің сауалдарына жауап ретінде аян келе бастады.
“(Ей, Расулым!) (Ұзақ уақыт үңгірде ұйықтап жатқан) Кәһф пен Рақим иелерінің таң қаларлық істері біздің (жаратылыстағы Аллаһтың құдіреттілігін білдіретін басқа) дәлелдерімізден де таңқаларлық деп ойладың ба? Сол кезде ол жас жігіттер үңгірді паналап былай деді: ”Ей, Раббымыз! Бізге өзің тарапынан рақымыңды төгіп, ісімізге туралық нәсіп ет.”Осы аяттар арқылы мүшріктердің бірінші сұрағына жауап берілді. Ол жігіттердің Кәһф асхабы деп аталғаны, олардың таң қаларлық істері “Кәһф” сүресінде егжей-тегжейлі баяндалды.
Мүшріктердің екінші сұрақтарына төмендегі аяттар жауап береді:
“(Ей, Расулым! мүшріктер сені сынау үшін) Зұлқарнайын жайлы сұрады. Сен оларға “Сендерге ол жайлы түсіндіремін” де» ( Кәһф сүресі 83-аят).
Сүренің мұнан кейінгі аяттарында Аллаһ Тағала Зұлқарнайынды керемет күш иесі етіп жаратқандығы, оған мол ырзық бергендігі, оның батысқа қарай сапар шегіп, жолшыбай кездескен қауымды жақсылыққа үндегені, кейіннен шығысқа бет алып, мұнда да кездескендерін қайырлы істерге бастағандығы туралы айтылады. (Кәһф сүресі 84-98 – аяттар).
Мүшріктердің үшінші сауалына жауап ретінде “Исра” сүресінің 85-ші аяты түсті. Онда былай делінген:
“(Ей, Расулым), сенен рух туралы сұрады. Оларға былай де: ”Рухтың ақиқаты – Раббыма ғана аян. Сендерге ілімнің аз бөлігі ғана білдірілген.” Мүшріктер сұраған сұрақтарының бәріне толық қанағаттанарлық жауап алды…
Солай бола тұра Хазіреті Мұхаммедке қарсы шығып, оның жауаптарына іштей таңданғанымен сырттай білдірмегенсіп қырсыға түсті.
Олардың ақиқатқа көздерін жұмуы Құран мен иман жолының кеңеюіне кедергі бола алмады…
Аллаһ Тағала Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) “Кәһф” сүресі-нің 23-24 – ші аяттарында былайша ескерту жасады:
“Қандай іс болса да “иншаллаһ” деместен,” “мен мұны ертең жасаймын” деме.