Ей, қауымдастар! Аллаhтың елшісінің үндеуіне үн қосыңдар. Оған иман келтіріңдер. Аллаһ та сендердің күнәларыңды кешіріп, ауыр азаптан құтқарсын!” (Аһкаф сүресі 29-31-аяттар)
Нахлада тынығып алған соң пайғамбарымыз Меккеге бет түзеді. Ол Меккеге құрайыштардың оңайлықпен кіргізе қоймасын білетін. Сол кездің әдеті бойынша біреуге арқа сүйеп, қамқорлығына кіруі қажет.
Сол себепті Хира тауына жеткен соң хабар салып мүшрік Мутим ибн Адиден өзін паналатуын өтінеді. Мутим пайғамбардың өтінішін жерге тастамай, ұлдарын қаруландырып өзі бас болып пайғамбарды Меккеге алып келеді.
Мүшріктерге, әрине, Мутимнің мұнысы ұнамады, бірақ бетіне басып айтқан ешкім болмады.
Мұхаммед (с.а.у.) қаны қайнаған мүшріктердің көз алдында Қағбаны тауап етті. Харам мешітінде екі рәкат намаз қылып, үйіне қайтты.
ИСРА33 ЖӘНЕ МИҒРАЖ34 МУҒЖИЗАЛАРЫ Хижреттен бір жарым жыл бұрынғы рәжәп айының жиырма жетінші түні. Осы түні пайғамбарымыздың ең үлкен муғжизасы – Исра мен Миғраж жүзеге асты.
Жебірейіл періште Мұхаммедті (с.а.у.) Харам мешітінен алып, пыраққа отырғызған күйі Ақса мешітіне35 алып келді. Сол жерден көк жүзіндегі керемет тылсымдардың және Аллаһ Тағаланың құдіретін көрсететін айғақтарды бір-бірлеп көрсету мақсатымен ғарыштың әрбір қабатына жоғарылатты. Сидратул-Мунтаһа деп аталатын ең жоғарғы қабатта мекен, мерзім ұғымдарынан тыс ұлы Жаратушы Аллаh Тағаламен жолығып, керемет кәламын есту құрметіне ие болды. Сол түні құдіреттің арқасында көз ілеспес жылдамдықпен келген жеріне қайта оралады.
Аллаһ Тағаланың сүйікті елшісінің бұл муғжизасы жайлы Құран Кәрімде төмендегідей баяндалады:
“Оған кейбір аяттарымызды (мұғжизаларымызды) көрсетейік деп Құлы (Хазіреті Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен (алып) айналасын берекетке толтырған Ақса мешітіне дейін жеткізген Аллаh Тағала кемшілік атаулыдан пәк. Күмәнсіз Ол (Аллаh Тағала) бар нәрсені естуші, бар нәрсені көруші ”. Осы аятта Исра мен Миғраж муғжизасының тылсымына, яғни сүйікті Пайғамбарымызға Аллаһ Тағаланың құдіретін сипаттайтын таңғажайыптардың көрсетілуіне меңзелген.
Исра және Миғраж муғжизасы құпияға толы. Аллаh Тағаланың құдіретімен бұл муғжиза барысында Хазіреті Мұхаммед уақыт пен кеңістік ұғымынан сыйырылған, яки адам ақылына сыймайтын таңғажайыптарға куә болған. Аталмыш муғжиза жайын сахабалар пайғамбардан естіген күйінше ауыздан ауызға ақтарған.