Ќан жїйесі физиологиясы



бет63/128
Дата31.12.2021
өлшемі6,9 Mb.
#23273
түріОқулық
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   128
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы

Түлеу физиологиясы. Түлеу деп терінің қауырсын қабаты мен эпидермис құрамаларының мезгіл-мезгіл жаңарып отыруын айтады. Жабайы құстарда бұл процеске маусымдық сипат тән болады; қауырсын жаңарту күзге қарай құс қайтар кезде, қыс түсер алдында аяқталады. Сондықтан да түлеу процесін құстың тіршілік ортасының жағдайларына биологиялық тұрғыдан бейімделуі деп қарауға болады. Үй құстары бұл құбылысты өздерінің жабайы ата тектерінен қабылдаған.

Түлеудің екі түрі болады: бадапандардың алғашқы (ювенальды) түлеуі және ересек құстардың маусымдық түлеуі. Түлеу толық немесе шінара (жартылай) жүруі мүмкін. Алғашқы жағдайда дененің қауырсынды жабыны толығымен алмастырылады, ал кейінгі жағдайда қауырсын тек дененің белгілі бөліктерінде ғана алмасады. Түлеу кезінде құс организмінде күрделі өзгерістер жүреді де, оның жүйке жүйесі мен ішкі секрециялы бездерінің әрекеті өзгереді де, зат алмасу процесі, әсіресе белоктар мен минералды заттар алмасуы, қарқындайды, құстың физиологиялық күйі тұрақсызданып, инфекцияға қарсы тұру қабілеті (төзімділігі) нашарлайды. Ересек құстың жұмыртқа салуы төмендейді немесе мүлдем тоқтайды.

Өнеркәсіптік құс шаруашылығы жағдайында құстарды микроклиматы реттелетін жайда ұстаудың салдарынан түлеудің сипаты өзгеріп, оған тән маусымдылық жойылады.

Түлеу процесі мен құстың жұмыртқалағыштық қасиеттері арасында тығыз байланыс болады. Ерте түлейтін тауықтарда жылдық жұмыртқа беру көрсеткіші төмен, ал кеш түлейтін құстарда - жоғары болады. Құстарда түлеу кезеңінің қысқаруы оның жұмыртқа беруін жоғарылатады. Түлеу қысқа уақыт аралығында өтетін құстарда жұмыртқалау қабылеті қысқа мерзімде қалпына келеді. Мұндай тауықтарды өнеркәсіптік мақсатта және аналық қор ретінде пайдаланған тиімді болады. Өндірістік құс шаруашылығында құстардың түлеу процесін реттеу арқылы олардан алынатын өнімді арттыруға, жоғары өнімді құстарды пайдалану мерзімін ұзартуға болады.

Құсты азықтандыру және күтіп-бағу жағдайы күрт өзгерсе, немесе ол стреске ұшыраса (жоғары немесе төмен температура әсеріне), ауруға шалдықса мезгілсіз түлеу процесі басталады.

Түлеу сипаты бонитировка кезінде, құсты өнімділігіне қарай сұрыптаған кезде ескеретін маңызды көрсеткіштердің бірі.



Жас балапандардың түлеуі нәтижесінде алғашқы мамық негізгі қауырсынмен ауысады. Жас балапандардың түлеу кезеңі құстың толысып, жыныстық жетілу кезеңімен сәйкес келеді.

Балапандардың түлеу кезеңі құстың түрі мен тұқымына байланысты әртүрлі болады. Тауық балапандарында ол 1,5 айлық мерзімде басталып, мекиендер жұмыртқалай бастағанда – олардың 5,5-6 айлығында аяқталады. Әтештерде түлеу процесі мекиендермен салыстырғанда белсендірек жүреді.

Балапандарда қанаттың желпуіш қауырсындары ауысуы ішкі беткейден басталып, сыртқа қарай жүреді. Балапанның алғашқы қанатында бастапқы кезде жеті бірінші реттік қауырсын және сегіз екінші реттік қауырсын болады. Кейінірек қалған үш бірінші реттік қауырсындар өсіп шығады. Бірінші реттік қауырсындардың ауысымы соңғы үш қауырсындардың (8-10) өсіп-жетілуі аяқталмай-ақ басталып кетеді. Осы мерзімде жетіспей тұрған екінші реттік желпуіш қауырсындар өсе бастайды. Олар қарама- қарсы бағытта – қанаттың ұшынан ортасына қарай түлейді. Ересек тауықтар сияқты балапандарда да екінші реттік бірінші қауырсын қысқа болып келеді, бұл тауық тұқымдастарға тән ерекшелік болып табылады.

Үйрек балапандарының түлеуі 60-70 күндік жасында басталып, екі айға созылады. Алғашқы түлеуде дененің кескіндік қауырсындары ғана ауысады да, желпуіш қауырсындары келесі түлеуде ғана алмастырылады.

Қаз балапандарының алғашқы түлеуі де 75-80 күндік мерзімде басталып, үйрек балапандарындағыдай ретпен жүреді.

Маусымдық түлеу белгілі бір маусымда қайталанып отыратын процесс. Құстың түріне байланысты оның мерзімі мен сипатында ерекшеліктер байқалады. Еркін тіршілік ететін құстарда маусымдық түлеу жаз маусымының соңы мен күзде, кейбір жағдайларда қыста басталады.

Жұмыртқалағыш тауықтарда түлеу процесі қазан - қараша айларында басталып, 8-11 апта бойына созылады. Өнімділігі төмен тауықтарда түлеу процесі шілде-тамыз айларында басталып, ұзақ уақытқа созылады. Азықтандыру сапасы төмендеп, құстың күтімі нашарласа, мезгілсіз түлеу байқалады.



Тауықтарда маусымдық түлеу реті балапандар түлеуіне ұқсас. Оларда ретімен мойынның, арқаның және дененің басқа бөліктерінің кескіндік қауырсындары алмасады. Онымен қатарласа қанаттың желпуіш қауырсындары да ауысады. Бірінші реттік желпуіш қауырсындар ретімен біріншіден оныншыға дейін ауысып шығады. Әр қауырсынның ауысуы шамамен түлеу мерзімінің 10 пайызын қамтиды. Бірінші қауырсын түлеудің басында, бесінші қауырсын – оның ортасында, ал оныншы қауырсын – соңында ауысады. Демек, ауысып үлгерген бірінші реттік қауырсындар санына қарай түлеу деңгейін анықтауға болады.

Тауықтың түлеу қарқыны олардың күтіп-бағу жағдайына байланысты: микроклиматы реттеліп отыратын қора-жайда жұмыртқалайтын тауықтар баяу түлейді және жұмыртқа салуын тоқтатпайды. Жіті түлеу жағдайында тауық бірден бірнеше желпуіш қауырсынын тастайды да, олардың денесінде жалаңаш аймақтар байқалады.

Күрке тауықтардың түлеуі жәй тауықтарға ұқсас, ал үйректер жылына екі мәрте түлейді: маусым-шілде және қырқүйек-қазан айларында. Оларда алғашқы (жаздық) түлеу кезеңі 60 күнге дейін созылады да, ол кезде бағыттаушы (құйрық), желпуіш және дененің майда жамылғы қауырсындары ауысады. Үйректерде бірінші реттік желпуіш қауырсындар алғашқы 10-15 күннің ішінде бір мезгілде түсіп бітеді, сондықтан оларда түлеудің басталған сәтін аңықтау қиынырақ. Үйректерде түлеу барысын 9 жұп құйрық қауырсындарының ауысуына қарай қадағалайды. Түлеудің басталуы бірінші (ішкі) жұп қауырсындардың түсуінен басталады да, содан кейін ретімен қауырсындардың басқа жұптары түседі. Құйрық қауырсындарының алғашқы жұбы түскеннен 6-8 күн өткен соң дененің ұсақ қауырсындары түсе бастайды.

Екінші (күздік) түлеу 50-55 күнге созылады, бұл кезде құйрық қауырсындары мен дененің жабынды қауырсындары ауысады да, желпуіш қауырсындар түлемейді.

Қаздарда маусымдық түлеу жылына екі рет - жазда және күзде, жүреді. Жаздағы түлеу 60-80 күнге, күздегі түлеу 20 күнге созылады. Алғашқы түлеу кезінде қаздың барлық қауырсындары ауысады. Құйрық қауырсындарының түлеуі үйректердегі сияқты өтеді. Құйрық қауырсындарымен қатар алдымен мойынның төменгі жағындағы, одан кейін көкірек, арқа және ең соңында жамбастағы майда жамылғы қауырсындар түлейді. Бірінші және екінші желпуіш қауырсындар 15-20 күннің ішінде тез түлеп бітеді.

Желпуіш қауырсындардың түлеуі құйрық қауырсындары түлегеннен 10 күннен кейін басталады. Қаздарда екінші реттік желпуіш қауырсындардың түлеу реті үйректерге ұқсас. Олар кеудеден бастап қанаттың ортасына қарай түлейді. Бірініші реттікі желпуіш қауырсындар керісінше қанаттың ұшынан ортасына қарай түлейді.

Құстарда түлеу механизмі толығымен зерттелмеген. Түлеу процесі қоршаған ортаның әсерінен организмде туындайтын нервтік-гуморальдық өзгерістерге байланысты. Маусымдық түлеу көбінесе күннің ұзақтығына байланысты. Күн сәулесі күшті тітіркендіргіш болып табылады, ол көру рецепторларын тітіркендіреді де, гипоталамус арқылы гипофизге әсер етеді. Осыдан гипофизден жыныс бездерінің қызметін реттейтін гонадотропты гормондардың түзілуі күшейеді немесе әлсірейді. Жыныс бездерінің әрекеті түлеу процесіне әсер етеді. Қалқанша безі түлеу процесіне күшті ықпал етеді: оның қызметі күшейсе, түлеу қарқынды жүреді.

Өндірістік құс шаруашылығында тауықтарда жасанды түлетудің бірнеше әдістер қолданылады. Ол химиялық заттарды, гонадотроптық гормондарды қолданып және азықтандыруды реттеу арқылы жүзеге асырылады.

Құс фабрикаларында жасанды түлеуді тудыру үшін күн сәулесінің әсерін қысқартып (5 сағатқа дейін), құсқа екі күн бойына азық бермей қояды. Одан кейін бірнеше күн бойына жұмыртқа салу тоқтап, түлеу басталғанға дейін аз ғана мөлшерде (тәулігіне 27-30 г) азық беріп отырады. Түлеу басталысымен азықтандыруды екі есе (54-60 г) арттырады да, осы норманы 3-4 апта бойы сақтайды. Одан кейін құсты қалыпты азықтандырады және бастапқы ұзақтықта күн сәулесімен де қамтамасыз етеді. Түлеп болған тауықтарда жұмыртқа салу қабілеті 1,5 айдан кейін түлеу басталғанға дейінгі деңгейдің 50% -ын ғана құрайды. Жасанды жолмен түлету арқылы жұмыртқалау кезеңін ұзартып, құстың жұмыртқалағыштығын арттыруға, жұмыртқа алуға шығатын шығынды азайтуға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   128




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет