«Қазақ Әдебиеттану ғылымы: ДӘСТҮр және сабақтастық» атты


ПОЭМА ЖАНРЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЗМ СИПАТЫ



Pdf көрінісі
бет33/92
Дата23.10.2023
өлшемі2,56 Mb.
#120672
түріСабақ
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   92
ПОЭМА ЖАНРЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЗМ СИПАТЫ 
 
Медетбаева Н. 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» БББ 2-курс магистранты- Ақтау, Қазақстан
Ғылыми жетекші: Қамарова Н.С., ф.ғ.к.-Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар 
және инжиниринг университетінің профессоры,-Ақтау, Қазақстан 
Қазақ әдебиетінде ежелден бері өзіндік даму сипатымен дараланған синергетикалық 
жанрдың бірі – поэма. Посткеңестік, посткоммунистік дәуірдегі қазақ қаламгерлері 
поэманың мазмұны мен пішініне қатысты қандай жаңашылдықтарға қол жеткізді? Бұл 
сұрақтарға толымды жауап табу үшін ең әуелі поэма жанрының жаңашылдықтарына мән 
беру керек. Поэма – әлем әдебиетінде ежелден қалыптасып, жан-жақты салалана дамыған, 
әрі әдебиеттану ғылымында біршама кешенді зерттелген жанрлардың қатарына жатады. 
Қазіргі қазақ поэмасы да дамудан кенде емес. М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, 
Қ.Аманжоловтардың ізгі дәстүрін жалғастырған бүгінгі поэма шеберлерінің қарымы бұған 
дәлел бола алады. Поэзия жанрына жатады дегенімізбен, поэманың ұзақ та қысқа 
өлеңдерден, лирикалық балладалардан айырмашылығы – көлемділігінде, қамтитын 
оқиғаның ауқымдылығында, нақты құрылған идеясы мен сюжеттік жүйесі болуында. 
Сонымен бірге поэманың өзіне тән ырғағы, ұйқасы, мазмұны, түрі, динамикасы 
болатындығын да ескерген дұрыс. 
Поэма туралы анықтамалардың өзі де сан алуан, әрі бірізді емес. «Сюжетті поэма 
оқиға желісін ширақ өрістетіп, кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеуге негізделеді, ал 
сюжетсіз поэмада лирикалық сарын басым болады, көлемі жағынан шағындау келеді. 
Поэманың алғашқы нұсқалары деп ауыз әдебиетіндегі уақиғалы жырларды айтуға болады. 
Олардың баяндау тәсілі, кейіпкерлер бейнесін суреттеу өзгешелігі де ауыз әдебиеті 
дәстүрлерімен тығыз байланысты» [1, 168]. Поэманың жоғарыда біз прототегі ретінде алған 
эпостық поэмадан өзге де түрлері болғандықтан және олардың біріне тән анықтаманың 
екіншісіне қатысты дәлме-дәл келе бермейтіндігін де ескергеніміз жөн. Осыған 
байланысты, нақты сипатын ашатындай, дәл анықтамасы жасалған деп айта алмаймыз. 
Поэманың негізгі құндылығы – оның көлемінде емес, өлеңмен жазылғандықтан, поэзияға 
тән ұтқырлық пен айқындыққа құрылған көркем поэтикасында, оқырманға әсерлілігінде 
деп қарастыруға әбден болады. 
Поэманың барлығы сюжетті бола бермейді. Қазақ әдебиетіне тән толғау жанрының 
кейбір көлемділерінен лирикалық сезім басты орынға шығатын, аз көлемді сюжетсіз поэма 
сипаты көрініс тауып жататындығын айқын аңғарамыз. Бұл Қазақ хандығы тұсында өмір 
сүріп, шығармашылығымен танылған көптеген ақын-жыраулар толғауларына тән құбылыс. 
Поэма жанрының теориялық негіздері жөнінде академик Зейнолла Қабдолов 
мынадай тұжырым жасайды: «Поэма – …өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар 
мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, 
эпикалық не лирикалық сипатты өлеңмен суреттеу. Поэмалар түрлі-түрлі: сюжетті 
поэмалар да, сюжетсіз поэмалар да болады. Поэмаларда жасалатын адам образдары да 
әралуан: эпикалық образ да, лирикалық образ да, реалистік образ да болады. Поэма – қазіргі 
қазақ поэзиясындағы мол өркендеп, кең өріске шыққан шешуші жанрлық түрлердің бірі» 
[2, 313]. Поэма жанрын ұлттық әдебиетіміз ауқымында жіктеп, саралауда әлемдік әдебиет 
теориясының зерттеу үрдісін көзжұмбайлықпен қотара салуға болмайтын көптеген 
жағдаяттар болса, соның бірегейі – жоғарыда атаған, ұлттық әдебиетімізге ғана тән 
толғаулар мен дастандардың, қиссалардың болуы дейміз. Поэма жүгін көтеріп 
тұрғандықтан, Еуропа әдебиетінен келген балладалардың да ара-жігін ажырату кейде 
қиынға соғып жатады. Авторлардың да балладалық деңгейдегі жүк көтеріп тұрған 
туындысын поэма дей салатыны ара-тұра көрініс тауып қалып жататынын көріп жүрміз. 
Поэманың ерекше бір түрі – сюжетсіз поэмалар. Сюжетті поэмадан ерекшелігі – 
сюжетсіз поэмалар адамдардың араларындағы тартысты емес, сол тартыстардан 


102 
туындайтын нәтижені образдап көрсетеді. Дегенмен, сюжетсіз поэма жазу – бұл кез келген 
ақынның қолынан келе бермейтін, үлкен шеберлікті қажет ететін күрделілік. Қаламгер 
кейіпкер күресінің нәтижелерін ықшам әрі қызықты етіп бейнелей алмаса, ой 
қайталаушылыққа ұрынып, шығармасы жалаң схема қуушылыққа айналады да, сенімсіз, 
өлі туынды болып шығады. Жалпы поэма дегеннің өзі сюжеттердің шеберлікпен қиюласқан 
тізбегі екендігін мойындағанымыз жөн. 
Поэма да өзге жанрлар тәрізді қоғамдық сана сұранысына бейімделетіні, қоғамдық 
көркем ойлаудың сөз арқылы сыртқа шыққан көрінісі іспетті болғандықтан, қазіргі күні 
постмодерндік көңіл-күйді танытатын туындылар да көптеп ұшырасып жатады. 
Ал поэмадағы психологизм қалай көрініс табады? Психология – бұл адам жанын 
тереңірек тануға, іс-әрекеттің мәніне үңілуге мүмкіндік беретін әдебиеттің маңызды 
қасиеті. «Психологизм» терминінің екі түсіндірмесі бар. Кең мағынада термин 
білдіреді әдебиет пен өнердің адам өмірін, кейіпкерлерін жаңғыртуға арналған жалпы 
қасиеті... Бұл тәсілмен психологизм кез келген әдеби шығармаға тән. Тар мағынада 
психологизм дегенді білдіреді жеке шығармаларға ғана тән ерекше қасиет.Осы тұрғыдан 
алғанда, психологизм психикалық қозғалыстарды дұрыс және айқын бейнелеуге мүмкіндік 
беретін ерекше әдістеме, форма.
Көптеген психологизм зерттеушілері әдебиеттегі психологизм – динамикалық, 
аналитикалық, синкреттік болып бірнеше түрге бөлінетінін дәлелдеп келді. Бұлардың бәрі 
көркем шығармаға тән бейнелеу құралдары. Дүние жүзінің әдебиетінің ішінде қазіргі қазақ 
әдебиеті де адамның жан дүниесіне терең үңіліп, оның ішкі қалтарыстарын, психологиясын 
көрсету жетпісінші, сексенінші жылдардағы прозадағы ерекшеліктердің бірі. Дүние жүзі 
әдебиетінде көркемдік шеберліктің бұл саласындағы табыстар Лев Толстой есімімен 
байланысты. Ресей әдебиетінде соңғы жылдары психологиялық талдау басты бағытқа 
айналды. Мұндай шығармаларда оқиға шиеленісуінен гөрі психологиялық қақтығыстар 
бірінші тұрады. Психологиялық тартыс арқылы кейіпкердің ішкі тебіренісі беріліп, жан 
сыры ашылады, адам мінезі дамиды. «Әрбір әдеби туындыда, фольклорлық жыр 
үлгілерінде, Орхон Енисей ескерткіштерінде де психологизм ұғымы табылған. Біз 
психологизм ұғымын әдебиеттен бөліп қарай алмаймыз, себебі психологизм әдебиет пен 
психология ғылымын жалғастырып тұрған дәнекер ұғым десек те болады. Бұл әлемде 
барлық ғылымдар бір-бірімен тығыз байланыста, ал психология ғылымы әдебиетпен 
жақынырақ байланыста. Себебі көркем шығарманың негізгі объектісіадам болып табылады. 
Адамның қайғырғаны, күлгені, күйіп-піскені, жүріс-тұрысы, мінезқұлқы бәрі де көркем 
шығармада ап-айқын беріледі. Бұл қасиеттер мен сезімдер берілмесе, сол көркем 
шығарманы оқып отырған оқырман кейіпкерді тани алмайды, оны сезіне алмайды, себебі 
оқырман көркем шығарманы оқып жатып, кейіпкер қуанса – қуанады, қайғырса – 
қайғырады» [3], - деп жазады Г.Сабаева. Психологизм мен реализм арасында өткел жоқ, 
бір-бірімен байланысын үзе алмайтын ұғымдар. Адам жандүниесінің негізінде адам бет-
пердесі ашылады, демек, адамды жақыннан тани аламыз. Реализм – шындықтың негізгі 
бастауы.
Терең психологизммен жазатын ақын Мағжан Жұмабаев. Мағжанның «Батыр Баян» 
поэмасында кездесетін психологиялық сарындар болып отыр. Әрине, әдебиетте поэма 
жанрында психологиялық аспектілер терең суреттелмейді. Мағжан Жұмабаевтың таланты 
мен дарыны поэмада психологизм ұғымын суреттеуді алып келіп отыр десек, қателеспеген 
болар едік. «ХХ ғасырдың басындағы Мағжан Жұмабаев поэмаларының ішкі мазмұнын 
ашуға шығыстан келген сюжеттер ғана емес, өмірдегі болған, шындық оқиғаларда 
романтикалық сарында қызмет еткен. Ақын осы әдіспен белгілі бір қоғамның өзі таныған 
бейнесін көркем шындық биігіне көтере, үлкен Полотонда суреттеді. Автор бас кейіпкер іс-
әрекеті арқылы өзінің эстетикалық принциптерін алға тарта отырып, өзінің қоғаммен 
қарым-қатынасын танытады. Бұған дәлел – поэмалардағы негізгі сюжетпен қатар дамып, 
ақын ой-арманын танытатын лирикалық толғаулар. Кейбір туындыларда ақын өз 


103 
кейіпкерімен ажырамастай бірігіп, біртұтас образға айналған» [4, 9]. Бұл пікірге толықтай 
қосылуға болады.
Ілияс Жансүгіровтің кейіпкер мінезін сомдауы ерекше. «Құлагер» поэмасын оқып, 
кейіпкерлердің тұлғасын тану оңай. Дегенмен, поэманың желісіне еріп отырып, олардың 
жеке қасиеттерін, мінез-құлықтарын аңғармай қалуыңыз да мүмкін. Өйткені, шығармадан 
бас алмай оқысаңыз, өз тұңғиығына алып кетеді. Ендеше, осы «Құлагер» поэмасындағы 
автордың кейіпкердің мінезін беру ерекшелігін талдайық. 
Ақандай осы тауда сері жүрген, 
Су ішіп, тауда шие теріп жүрген. 
Қайыңдай мінсіз, таудай таза жігіт, 
Көң-қоқыр, былапыттан жеріп жүрген [5]. 
Көркі келісті, мінезі мінсіз азаматтың тазалығын осы шумақтан көреміз. «Ақан кім?» 
деген оқырманның сұрағына мына жоолдар жауап бергендей болады. 
Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен 
Өмірді өткізген жан өз ырқымен. 
Өмірдің ащы емес, тұщысында 
Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкімен...
Кісі емес көп қатынды үйірлеген, 
Болған жоқ бір пендеге тию деген. 
Текті құс тазалықты қолына ұстап, 
Арманы-ақ сұлулықты сүю деген [5]. 
Поэманың «Ақан» бөлімінің осы бір шумақтары Ақанның толық болмыс-бітімін 
суреттеп тұр. Автор мыңнан шығып, жүзден озған сандақ деп беруінің өзі де тегіннен-тегін 
емес. Көп сұлудың арманы болған, жүрген жерін думанға бөлейтін қасиетімен 
дараланғанын көрсетеді. Пендеге артық сөзі жоқ, сұлулықты жаны сүйген Ақан мінезінің 
жайдары, жайсаң екенін айтады. 
Естігем бұрын даңқын Көк неменің, 
«Алтайдың жүйрігі онан жоқ»,- дегенін. 
Жолықпай иесіне жүрген болса, 
Осы жол Көк шолақты бөктеремін!.. 
Мына тұстан сұм Батыраштың ашушаңдығын, қызуқандылығын байқаймыз. Бұлан-
талқан болған Батырашты көкжалға балап, оны ашудың қысқанын көрсетеді. Батыраш ақ 
отауға кірген сәтте жатқан Ақанды у тілімен шағып-шағып алады. Автор осы кезде 
Ақанның да мінезді екенін мына жолдарда көрсетеді. 
Ақанға батып кетіп шалдың сөзі, 
Аңырып алғашқыда қалды да өзі; 
У тілмен алды шалды шағып-шағып, 
Шaп берме, оның-дағы от мінезі, - 
деп оның да қатты мінезден құр еместігін айтады.
Ат жарысы басталған сәтте тынымсыз Батыраштың күйін автор былай берген: 
Түтігіп, қап-қара боп тұрды Батыраш 
Жалғыз-ақ «Қап! Қап!» болып айтқан сөзі. 
Осылай айтпағанмен ішінен сыр, 
Томсарып Батыраш кеп толғатып тұр. 
Кек қайнап, ыза кернеп, жауыққандай, 
Қалып тұр қаны қашып, сүлдесі құр.
Бұл жолдардан тақымын қысқан Батыраш «Қап! Қап!» деп ернін тістелеп, ашуға 
булығып тұр еді... 


104 
Осы секілді аз ғана кейіпкердің әр сәттегі мінезін бере білген ақынның шеберлігінде 
сөз жоқ шығар. Өлеңмен өрілген сюжетті оқиғаға мінезді таныту аса қиын. Шығармаға өң, 
нәр, реңк беру үшін осындай шеберліктер Ілияс қаламында бар [5]. 
К. Мырзабеков қай тақырыпты жырласа да, өлеңдерінің өн бойында махаббат 
ізгілігі мен ұлттық нақыш, ұлттық бояу әсем өрнек тапқан. Академик С. Қирабаев: 
«Қазақ халқының ұлттық ой-санасының жүдеп бара жатқанын көрген зиялы азаматтар 
60-70-жылдардан бастап, халық тарихының оқиғалары негізінде ұлттық сананы оятып, 
тәрбиелеуге көркем әдебиетті пайдалану мақсатын қойған еді», - дейді [6, 224]. Сол 
зиялылардың қатарындағы К. Мырзабеков «Көктем көкжиегі», «Революция перзенттері», 
«Дәуір-дастан» атты жинақтарында өткен тарихқа көз жіберіп, бүгіннен ой толғайды. 
«Дүрбелең» дастанында халық батыры –Амангелдінің және оның төрт сарбазының 
Торғай дуанына шабуыл кезіндегі көзсіз ерлігін ерекше екпінмен, айрықша пафоспен 
жырласа, оның заңды жалғасы ретінде отан соғысы тақырыбында «Сарыөзек сағыныш» 
атты поэмасы «орнында бардың отын маздатып, азамат өсірген Анаға арнап» жазылған [7, 
138]. 
...Ана мен бала. Бала мен Ана екеуі,
Соғыстан кейін «Сарыөзек» еді мекені.
«Сарыөзек» дейді сарғайған шөлден жылғаны.
Сағынған жандар сарыөзек болып өтеді [7, 138], - 
деп, алғашқы шумағынан-ақ қасіретті сағыныш лебі ескен поэма ең әуелі 
Адамдар тағдырын арқау еткен. Соғысқа аттанған әкені сағынған қасіретті ана мен 
шер көкірек баланың жан-дүниесін ақын сезімталдықпен жырлаған. Сағынышпен тербеліп, 
сағынышқа құндақталып, оралмас жанды іздеген ана жалғыз ұлы Кемешті адал болуға 
тәрбиелейді. Сан мыңдаған ана мен баланың тағдыры жинақталып келіп, поэмада 
тұтастай бір кезеңнің шындығы типтік түрде жасалған. Өмір шындығын негізге ала 
отырып, ақын сол бір ауыр кезеңді үлкен тебіреніспен өрнектейді. Поэманың мазмұнында 
бірнеше рет қайталанатын сағыныш сөзі романтикалық серпінмен туындының 
көркемдік мәнін аша түскен. Сағынышты бейнелейтін сары түс поэманың атауы болып, 
оның көркемдік-идеялық мәнін ашады. Ана мен баланың тұрағы – «Сарыөзек» деген 
мекен, сондай-ақ, ақын жырлағандай екеуі де «сарыөзек» болған сағынышты жандар. Жарын 
сағынған ана, әкесін сағынған бала – бұлар қазақ поэзиясында жырланбаған тағдыр емес. 
Кеңшілік поэмасында екі тағдыр өзгеше өрнекпен бейнеленіп, оқырман жанын тебірентер 
кейіпкерлерге айналған. Соғыс салған тауқымет мыңдаған адамдар тағдырын ойрандады. 
Сондай ойрандалған тағдырдың бірі ақынның «ФЗО-ға кеткен жеңешем» поэмасына арқау 
болған. Сүйген жары майданнан оралмаған он тоғыз жасар жеңгенің жанындағы күйзеліс пен 
қасіретті ақын жете сезініп, бейнелеген. Лирикалық қаһарман ойы, жеңгесіне деген ерекше 
ілтипаты 
...Жеңешем менің бойжеткен қыздай әлі де, 
Жолына тағдыр қалайша тұрмақ көлденең. 
Жеңешем менің жер басып жүрер болса егер, 
Отауын іздеп осылай қарай жол шегер. 
Жеңешем менің көкемнің ғана теңі ғой, 
Көкемнің орны кімменен оған өлшенер [7, 138 ] 
деген жолдармен берілген. Кеңшілік поэзиясына тән риясыз сезім, нәзік сыршылдық 
поэмадағы лиризмді күшейтіп, романтикалық сипатын арттырған. Ауыр тарихи кезең сол 
уақыт құрбандарының отбасына, туған-туысқандарының жүрегіне айықпас жара салғаны, 
көңіліне қаяу түсіргені, тағдыр тауқыметі ақын өлеңдерінде құрғақ баяндауға бой ұрмай, 
ой сүзгісінен өткізіліп, лирикалық кейіпкердің ішкі жан әлемімен әсерлі өрнектеледі.
А.Блок: «Лирикалық ақын неғұрлым күшті болған сайын өлеңде оның тағдыры соғұрлым 
толығырақ көрінеді», - дейді [8, 514]. Олай болса, біз Кеңшілік ақынның өлеңдерінен өзімен 
қоса сонау соғыстан кейінгі ауыртпашылығы мол кезеңде жыртық иін, аш құрсақ болып өскен 


105 
құрдастарының ой-арманын танытқан, қияға құлаш ұрған романтиканы кексеген бауырмал, 
адами бейнелерін айнытпай танимыз. 
Ақынның танымы мен суреткерлік шеберлігі ұлттық үрдіспен біте қайнасып, 
күллі поэзиясына желі болып тартылған. Ж.Жақыпбаевтың атап өтер тағы бір қыры 
өзі нысана еткен құбылысты шашауын шығармай жинақтап, салмақты сөздермен 
нақыштай білуінде. Сөзбен сурет сала отырып, астарлы ой түйе білетін ақын қарапайым 
іс-әрекеттің өзіне мән бере қарайды: 
Жатты-ай бір-екі торғай ен тоғайдың, 
Ені жоқ бұтағы үшін шырылдасып. 
... Қыран жай қалықтайды, көлеңкесі
Жерменен қой үркітіп жүгіреді... [9. 86]. 
Адам болмысы мен табиғат көрінісін салыстыра суреттеу, жан-жануарлар
іс-әрекетімен ленде тіршілігінен үндестік табу - ақынның қолданар көркемдік 
тәсілдерінің бірі. Адамның бір мезеттегі көңіл-күйіне табиғат құбылыстарынан ұқсастық 
іздеу сәтті бейнелеуге ұласқан. Ғашық жандардың әдеті ғой деп көктемгі, Сарғалдақ сонда 
қып-қызыл болып кеткен-ді [9, 11]. Туған дала бітімі мен болмысын бейнелеуге
ақынның өзіндік сөз өрнектері молынан ұшырасады. Оған ақын өлеңдерінен көптеген 
мысалдар келтіруге болады. 
1980-жылдардағы қазақ лирикасына жүйелі талдау жүргізген Т.Шапаев қазақ 
поэзиясының үлттық сипатын сөз ете келіп: "Дала – халықтық болмыс, ұлттық рухтың 
символы болса, ауыл оның тіршілікке, мазмұнға толы және бір жанды, тол көрінісі. Дала-
ауыл. Шынына келеек, поэзиямыз үшін бұл тақырып бөліп-жарып, жіктеп-жіліктеуге келе 
бермейтін тұтас үғым. Сол дала, сол ауыл бүгінде ұлан-асыр поэзиялық тебіреністер 
арсеналына айналды", - деген тұжырым айтады [10, 135]. Ж. Жақыпбаев поэзиясында да 
сол дала, ауыл бейнесі жырланады. Жырланғанда жай ғана жырланып қоймай, ақындық 
даралықпен және асқақ шабытпен жырланады. Ақынның поэтикалық әлемінде туған 
даланың тұтас бітімі Сарноқайға жинақталып, сол арқылы көрінеді. "Сарноқайға 
сәлемдеме" өлеңдер топтамасында дала бітімі халық тіршілігімен түтаса бедерленген: 
Шыңдарында шынар да, қыран да көп,
Жер жүзінде көркі бар түрар бөлек... 
Көбейсе егер көңілді күн алдағы,
Ерке жүрек жыршының бір арманы – 
Бүзбай жармай көрсету дүниеге
Қой, жылқылы көгілдір шығарманы [11, 57 б.].
Ақын тілінде туған дала бітімі асқақтап, ерекшеленіп кетеді:
Ақ тастары кем емес 
сүлтандардың тағынан, Салт аттылар қаптаған 
Сауық, сауық тойын сағынам. ... Айдарбектің ақ жары - бабаң өнер көрсеткен 
Колизейі 
Көшпенді, көзсіз елдің бағзыдан... 
Өлеңдегі ұлттық мінез поэзиялық туындының өн-бойынан байқалып отырады. 
Поэзия зерттеушілерінің мына төмендеғі түжырымдарына назар салайық: «Өлеңдегі 
ұлттық мінездің бейнеленуі ұлттық мінез туралы философиялық трактат не 
психологиялық талдаулар емес, оған ақынның не оның лирикалық кейіпкерінің әр түрлі 
жағдайда жасаған қарым-қатынасы, берген бағасы, айтқан сыны күйінде келеді. Ұлттық 
мінез – ұлттанудың ғана емес, әдебиеттанудың да ерекше категориясы және өлең 
өрімінде ақын тұлғасымен, бейнесімен тығыз байланыста болатын субъективтілік сипаты 
басым ұғым. Ақын неғұрлым ұлы, талантты болған сайын, оның шығармашылығындағы 
ұлттық мінез соғүрлым анық та айқын білініп отырады» [12, 70 б.]. 
Бұл тұжырыммен келісе отырып, сонау фольклорлық мұраларды, жыраулар 
поэзиясын, одан бергі дәуірлердегі поэзиялық шығармаларды, ұлы Абай, Мағжан, Қасым, 
Мұқағали мұраларын ауызға алуымызға болады. Және өзіміз сөз етіп отырған Ж. 


106 
Жақыпбаев поэзиясын да ерекшелеп тұрған ұлттық мінез туралы жүйелі де нақты 
дәлелдерғе сүйенғен мысалдарды ұсына аламыз. 
«Той қылған көпке інінің ерлігі дұрыс, Көмектеп, көптеп көрсетер елдігін ұлыс. 
Риясыз думан өткізу ендігі бір іс". Осыны ойлап сақалы, белдігі күміс -Жол жорға мініп, 
келеді жазулы хаттар -Тәкаппар, шешен, бөрідей азулы қарттар 
баяғы...[9, 136]. 
Келтірілген үзіндіде бейнелі тілмен бедерленген ұлттық ерекше мінез бар. Күллі 
ақындық болмысымен қазақ қалпында қала білген Мұқағали Мақатаев белгілі 
дәрежеде қазақ поэзиясы үшін құбылыс еді. Халықтың шын қасиеті, төл мінезі, сәбидің 
жүрегіндей таза болмысы оның жырларының құдіретін арттыра түскен болса, 
Ж.Жақыпбаев өлеңдерін де ерекшелеп тұрар осындай қасиеттер деп айтуымызға негіз бар.
ӘДЕБИЕТТЕР 
1.Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. (Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев). –
Алматы: Ана тілі, 1996. – 384 б.
2. Қабдолов. Сөз өнері: Әдебиет теориясының негіздері. – Алматы: Мектеп, 1982. – 
358 б. 
3. https://articlekz.com/kk/article/22227 
4. Балтоғаева Ж. «Мағжан Жұмабаев поэмаларының жанрлық-көркемдік 
ерекшеліктері»: Диссертация. – Алматы: 2003. – 140 б. 
5. https://massaget.kz/okushyilarga/uy_tapsyirmasyi/26337/ 
6. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. Қысқаша очерк. - 
Алматы: Білім, 1998. - 224 б. 
7. Мырзабеков К. Менің мұңым - махаббат. - Алматы: Атамүра, 
2 00 3 .- 192 б .
8. Мопассан Г. Поли. собр. соч. 12-ти томах, т. 2. - М.: Госиздат, 
1950.- 408 с. 
9. Жақыпбаев Ж. Ләйлә. - Алматы: Жалын, 1981. - 135 б. 
10. Жақыпбаев Ж. Көктемгі хаттар. - Алматы: Жалын, 1992. – 187 б.
11. Жақыпбаев Ж. Шұғынық гүл төркіні. - Алматы: Жалын, 1984. – 806 б.
12. Кәрібозұлы Б. Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты. - Алматы: Ғылым, 
1997. -152 б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет