30билет
1. Қазақтың XX ғасырдағы мәдениеті. Абайдан басталған қазақ мәдениетіндегі тың сарын XX ғасырдың бас кезінде ары қарай жалғасты. Қазақ мәдениеті XX ғасырды әрі үмітпен, әрі түңілумен қарсы алды. Дүниежүзілік техникалық және демократиялық прогресс Азия орталығына да жете бастады. Ұлттық идея темір тордағы халықты толғандырып, оны азаттық үшін күресуге ұмтылдырды. Әрине, ұлт-азаттық күреске бүкіл Ресей империясын қамтыған революциялық және реформалық қозғалыстар да әсерін тигізді. Алайда Қазақстандағы толқулар тек орыс революционерлерінің ықпалымен болды деу жаңсақ пікір. Бірде-бір ресейлік саяси ұйым мен белгілі қайраткерлер империяны таратып, басқа ұлттарға азаттық әперу туралы мәселе көтермеді. Социал-демократтардың өздері Шығыс халықтарының оянуына панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, күдіктене қарады. Мәселе, сонымен бірге Ресейдің халықтары әр түрлі өркениеттерге жататындығында. Батыс христиандарына жақын эстондар мен араб-парсы әлеміне түбірлес өзбек, қазақтардың арасында ортақ мәдени негіз тым аз еді. Өзіне туысқан халықтардағы сияқты Қазақстандағы мәдени қайтадан жаңғыру орыс экспансиясына қарсы шығудан басталды. XX ғасырдың басында қазақтан шыққан алғашқы саяси қайраткерлердің бірі Міржақып Дулатов қазақ халқының манифесі — «Оян, қазақ!» өлеңін жариялады. Ол түңғыш рет халықты ашық күреске шақырған ұран тастады: «Қазақстаннан болған социал-демократтарға бір ауыз сөз айтамын: Еуропаның пролетариясы үшін қанды жас төгуіңіз пайдалы, бірақ өз халқыңыз қазаққа артық назар салыңыз, орыстың қара халқының күнелтуі ауыр, сонда да алды ашық. Қазақ халқы алты миллиондық бір ұлы тайпа бола тұрып, басқа халыққа қарағанда жәрдемсіз азып-тозып кетер». (Оян, қазақ! 10-бет). Міржақып саяси мәселелермен қоса өз шығармасында қазақ мәдениетін тұйықтан шығаратын жолдар іздейді. Ең алдымен мәдени тоқыраудың себебін М. Дулатов бодандықтан көреді.[1] Екі ғасырдың арасында қазақ мәдениетінде пайда болған бір құбылыс кейін өріс алған маргиналдықтың көбеюі. Бұл жерде әңгіме ұлттық мәдениеттен алыстап, үстемдік етіп отырған жат өркениетке қызмет еткендер туралы болып тұр. Болыстар мен тілмаштар, әкімшіліктің маңайындағы неше түрлі пысықтар көптеген жағдайларда «мәңгүрттік» қасиеттерге ие болып, ұлттық мәдениеттен қол үзе бастады.
2. XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақ қоғамының онсыз да ауыр жағдайын солтүстік-батыстан — башқұрттар мен Еділ қалмақтары, солтүстіктен — Сібір қазақтары, оңтүстіктен Қоқан және Хиуа хандықтары тарапынан төнген қауіп күрделендіре түсті.
Қазақ елінің халықаралық жағдайының шиеленісіне түсуі және ішкі ұлттық тұтастықтың болмауы Әбілқайыр бастаған саяси топтың Ресей империясының үкіметімен жақындасуына жол ашты. Бұл жағдай қазақ қоғамындағы саяси күштердің өзара алауыздығын тереңдете түсті.
Кіші жүзде өзара дүрдараз Әбілқайыр хан мен Батыр сұлтан билік жүргізсе, Орта жүзде Сәмеке мен Күшік хандар ресми хан саналғанымен, Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандар да дербес билікті иемденді. Сәмеке мен Күшіктің билігі Ұлы жүздің бір бөлігіне де тарады. Олар өз кезегінде Жоңғарияға тәуелділікте болды. Ал Ұлы жүздің қалған бөлігінде Жолбарыс ханның билігі сақталды. Патша үкіметі қазақ билеушілерінің өзара алауыздығын шебер пайдаланып, әкімшілік және саяси шаралар арқылы батыс аудандарды отарлауын жеделдетті. Қазақ жерінің батыс бөлігі Ресей империясына іргелес орналасқан аймақ еді. Кіші жүздің бірінші болып Ресейге қосылуы мұнда, отарлық езгінің алғашқы ауыртпалығын да ала келді. Осыған байланысты Кіші жүз үнемі ұлт-азаттық қозғалыстың ошағына айналды.
XVIII ғасырдағы қазақ қоғамындағы билеуші топтардың арасындағы алауыздық 1748 жылы Әбілқайыр ханның өліміне әкелді. Бұл қазақ жүздерінің басын біріктіру мүмкіндігін әлсіретті. Әбілқайыр ханның орнына келген Нұралы ханның билігі енді Орта жүзге жүрмеді. Тіпті Кіші жүздің өзінде Әбілқайыр мұрагерлерінің жағдайы орнықты болмады. Нұралыны Кіші жүздің рубасылары түгелдей мойындаған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |