Қазақстан археологиясы



бет37/138
Дата14.10.2023
өлшемі2,7 Mb.
#114115
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Алматы қаласы аумағында ескерткіштер. Іле Алатауының тау алды аймағында орналасқан Алматы қаласын бірқатар тау өзендері кесіп өтеді. Ертеден-ақ бұл жерлер адам баласының тіршілігіне қолайлы өңір ретінде белгілі. Тау алды аймағы қоныстан 2 күндік жол жүрумен-ақ малды тез арада тауға немесе далалы аймақтарға жаюға мүмкіндік берді. Мұнда егіншілік те дамыды. Орман, тас және саз балшықтың мол болуы қоныс құрылыстарын салуды жеңілдетті және тез арада баспана тұрғызуға мүмкіндік берді, нәтижесінде Алматы аумағын б.з.б. ІІ-мыңжылдықта андроновтықтар қоныстанды.
Өңірдегі және қала аумағындағы археологиялық ескерткіштер өкінішке орай қазіргі замандағы құрылыстарға байланысты қатты қираған.
Бірақ Алматы қаласы аумағындағы қойма-олжалар (көмбелер) мен бірнеше сақталып қалған қоныстар тұрғындар тыныс-тіршілігі жайлы қызықты ақпараттар легін берді. Алматының түрлі аудандарынан құрылыс жұмыстары кезінде қола дәуірінің кездейсоқ олжалары көптеп табылған. Аса қызығушылық туғызатындары «Каменский» мен «Түрксіб» қоймалары. Алғашқысы «Каменское плато», кейінгісі «Түрксіб» санаториялары маңынан табылған болатын. Біріншісі 1 м тереңдіктен, екіншісі 3 м тереңдіктен анықталған. Бұл қоймалардан қола дәуіріне жататын тұрмыстық-шаруашылық заттар (қашау, қыш құмыра, балта, найза ұшы, пышақ, орақ, келсап, т.б.) заттар алынған.
Қоймалардың ең ерте кезге жататын уақыты – б.з.б. ХІV-ХІІ ғасырлар, ал кейінгілері б.з.б. ХІІ-Х ғасырларға жатады.
Тереңқара қонысы. Алматы қаласының солтүстік шетінде орналасқан бұл қоныс зерттеуші Ф.П.Григорьевтің пікірінше уақытша және маусымдық болған. Оның тұрғындары дөңгелек, аздап жерге еніп тұрған баспаналарда өмір сүрді. Жүргізілген қазба жұмыстары қоныс тұрғындары мал өсірумен және егіншілікпен айналысып, кешенді шаруашылық жүргізгендігін анықтап берді. Соның ішінде мал шаруашылығы басымдық танытқандығы анықталды. Мұны маусымдық баспаналардың салынуынан да көруге болады. Қоныстан ернеуі мен мойын тұсында ою-өрнегі бар қыш құмыра, дәнүккіш пен тас келсап табылан. Ыдыстың бір бөлігі шарықта дайындалған. Үшбұрыш түрінде қызыл бояумен түсірілген көркем суреттері бар ыдыстар да ұшырасады. Мұндай көркем суретті қыш құмыралардың ұшырасуы, сол кездің өзінде-ақ жергілікті тұрғындар Орта Азиямен, соның ішінде осы техника орталықтарының бірі болған Ферғанамен тығыз байланыс орнатқандығын көрсетеді. Қоныс б.з.б. ІХ-VІІІ ғасырлармен мерзімделінеді.
Бұтақты-1 қонысы. Алматы қаласының оңтүстік-шығыс шетінде, Көктөбе тауларының баурайларында орналасқан бұл қонысты А.А.Горячев басқарған отряд зерттеген.
Қоныс Жарбұлақ (Казачка) өзенінің жарлы оң жағалауындағы биік жотада орналасқан. Ескерткіш аумағы өзеннің оң жағалауындағы ұзындығы 1,5-2 км, ені 1 км-дей тегіс террасаны алып жатыр. Археологиялық кешеннің негізгі бөлігі қазіргі уақыттардағы құрылыстар әсерінен қираған, оның тек батыс бөлігі ғана аздап сақталып қалған.
Археологиялық зерттеулер нәтижесінде сақталып қалған осы телімнен бірнеше баспана орны анықталған. Олардың арасынан шаршы түріндегі, ауданы 120 шаршы метрге жуық жартылай жертөле аршылған. Оның оңтүстік-шығыс бөлігіндебіртіндеп еденге түсетін пандус түрінде кірер есік болған. Құрылысты салу үшін алдымен тереңдігі 1,2 м қазаншұңқыр қазылған. Қазаншұңқыр қабырғасын айналдыра бағана-тіреуіштер орнатылған. Баспана қабырғасы жіңішке бөренелермен және кесінді ағаштармен тұрғызылып, іші-сырты қызғыш келген жоса қосылған саз балшықпен сыланған. Орталық бөліктегі ошақтың айналасынан төрт ірі ағаш бөренелер орны анықталған, олар шатыр конструкциясындағы тіреулер болса керек. Шатыры төрт құймалы, онда түтін шығатын тесіктің де болуы ықтимал. Тіреу бағаналарының барлығы таспен бекітілген. Баспана құрылысына тяньшаньдық шырша пайдаланылған. Баспананы аршу барысында тұрмыста және шаруашылықта қолданылған заттар (қыш құмыра, келсап, дәнүккіш, болас, қайрақтас, сүйектен жасалған бойтұмар, тескіштер, т.б.), мал сүйектері (қой, жылқы), қола бұйымдар (ине, тескіш, сақина, т.б.) алынған. Қыш құмыралар жасалуына және сипатына қарағанда Орталық Қазақстанның алакөл мәдениетінің ыдыстарына ұқсас болып келеді, бірақ жекелеген пішіндер мен ою-өрнектер Шығыс Қазақстандағы федоровтық кешендерге де келіңкірейді. Радиокөміртекті талдау мәліметтері ескерткіштің б.з.б. ХІІ-ХІ ғасырларда қирғандығын нақты көрсетіп берді. Егер қола дәуірінде ескерткіштер ұзақ уақыт пайдаланылғандығын ескерсек, онда оның қалыптасуы б.з.б. ХІV-ХІІІ ғасырларда орын алғандығын жорамалдауға болады.
Жетісу жеріндегі жарқын ескерткіштердің бірі жартас суреттері болып табылады. Тасқа қашап салынған мұндай суреттер сол кездері өмір сүрген адамдардың дүниетанымы, жосын-жоралғылары мен шаруашылығы жайлы молынан хабар береді. Андронов тайпаларының кеңінен танымал болған мұндай «ашық аспан астындағы ғибадатханалары» Таңбалыдан, Ешкіөлмес, Құлжабасы және Баянжүрек тауларынан табылған.
Таңбалы ғибадатханасы Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 170 км жерде орналасқан. Ондағы қола дәуіріне жататын петроглифтер шатқалдың төменгі бөлігінде шоғырланған, тас плиталарына, ірі жартас блоктарына және де баруға болатын қолайлы жерлерге салынған. Бұл ескерткішті, А.Г.Максимова, А.Н.Марьяшев, А.С.Ермолаева, A.Рогожинский, т.б. зерттеген.
Таңбалыдағы ғибадатхана (мінәжат орнында) орталығындағы жартастар өзіндік амфитеатрды құрайды. Сірә, осы жерде күн мен құнарлылық культтарына байланысты жосын-жоралғылар атқарылған болса керек. Құз жартастардың жоғарғы ярустарының бірінде басы күн шуағын шашып тұрған фигура бедерленген. Төменде айнала қол ұстасып әндетіп билеп жүрген адамдар бейнеленген. Олардың арасында қару-жарақ ұстаған, бас киім немесе маска киген адамдардың, босанып жатқан әйелдің бейнелері секілді түрлі топтарды бақылауға болатындықтан, орталық көріністе қола дәуірінің адамдары пайымдаған әлемнің құрылымы, үйлесімділігі бейнеленген деуге болады. «Күн басты» кейіпкерлердің жоғарыда орналасуы жоғарғы әлем туралы түсінікті білдірген, ал одан төменде қасиетті аңдар мен адамдар бедерленген. Таңбалыдан күн басты құдайлардың барлығы 25 бейнесі табылған, олардың басым бөлігі б.з.б. ХІV-ХІ ғасырлармен мерзімделінеді.
Бұл жерден құрбандыққа шалынған немесе шалынып жатқан өгіздің бірнеше айқын көріністері белгілі болған.
Қола дәуіріндегі басқа да қызықты ескерткіштердің бірі Ешкіөлмес тауларындағы Көксу өзені алабындағы петроглифтер шоғыры болып табылады. Ескерткішті А.Н.Марьяшев, А.А.Горячев, С.А.Потапов зерттеген. Ешкіөлмес петроглифтері 15 шатқалда орналасқан және де батыстан шығысқа қарай 10 км-ге созылып жатыр. Бұл жерден түрлі тарихи-мәдени дәуірлерге жататын суреттерді кездестіруге болады, олардың ең ежелгілері қола дәуіріне жатады. Петроглифтердің сюжеттері де әр алуан: соғыс сахнасы, арбалардың суреттері (100-ден астам), адамдардың алыптармен күресі, босанып жатқан әйел, «күн басты» кейіпкерлер, аңшылық сәттері, мал айдау, жекелеген түз тағылары, т.б. Кейбір суреттер жұқа бедер арқылы түсірілген.
Құлжабасы тауларындағы петроглифтер шоғыры да қызықты. Оның қызықты болатын себебі, мұнда 1 метрден асатын өгіздердің суреттері кездеседі. Бұл б.з.б. ІІ-мыңжылдық ортасында осы хайуанаттың культы кеңінен таралғандығын дәлелдейді. Жабайы жылқылар үйірі бейнеленген көріністер де ұшырасады.
Сонымен, Жетісу жерінің түрлі табиғи аймақтарында кездесетін ескерткіштерді қазу қола дәуірінде адам баласы өңірдің табиғи жағдайларына бейімделе бастағандығын қарастыруға мүмкіндік береді. Шығыс аймақтарға қарағанда батыс өңірлер ертерек игерілгендігі анықталған. Ол кезде далалы өңірдегі шағын өзен жайылмалары игерілді. Одан соң тайпалардың бір бөлігі Шу-Іле тауларына, Аңырақайға, Хантауға жылжыды. Хантау тауынан 3-4 шаршы км аумақты алып жатқан бірнеше ірі қорымдар анықталған. Таңбалы, Құлжабасы, Ой-жайлау қорымдарынан алынған жерлеу инвентары Орталық Қазақстан материалдарына жақын.
Қоршаулар мен жерлеу камералары құрылысы, керамикалық ыдыстары және қоладан жасалған әшекейлердің (спираль тәрізді әшекейі бар білезік пен моншақтар) ұқсастығы да байқалады. Қыш құмыраларға жасалған ғылыми талдау Жетісудағы жаңа жерлерге федоров және де алакөл мәдениеттерінің дәстүрлерін алып келген тайпалар қоныстанды деп қорытынды жасауға мүкіндік беріп отыр.
Шығыс аудандар, әсіресе биік таулы аймақтар батыс өңірлерге қарағанда кейінірек, яғни б.з.б. ХІІ-Х ғасырларда игерілді. Мұнда федоров мәдениетінің дәстүрі басымдық танытады. Сонымен қатар Іленің сыртындағы Алатаудың шығыс бөлігінен ағаш конструкцияларында ұжымдық жерлеуі, мүрдені өртеу ғұрпы бар Қазақстан үшін жаңа ескерткіштер типі пайда бола бастайды. Олар андроновтықтардың биік таулы жайлауларға жылжуын және де б.з.б. ІІ-мыңжылдық соңына қарай көшпелі мал шаруашылығының бастапқы кездегі қалыптасуын зерделеуге мүмкіндік береді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   138




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет