1 тақырып: «Жемқорлық» ұғымының теориялық-әдістемелік негіздері
Жоспар:
1. «Жемқорлықтың» тарихи дамуы.
2. Жемқорлық-антиәлеуметтік көрініс ретінде.
3. Жемқорлықққа төзбеушілік идеясы.
4. Қазіргі заманғы мемлекеттердегі жемқорлықтың трансформациялануы
Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ. Сыбайлас жемқорлық – лауазымды тұлғалардың жеке басының пайдасы үшін билік құзіретін асыра пайдалануын білдіретін термин. Бұл термин бюрократтық аппаратқа және саяси элитаға қатысты жиі қолданылады. Сыбайлас жемқорлық және онымен күрес сонау ежелгі заманда пайда болған. Сазға жазылған сына жазудың арқасында қазіргі уақытқа дейін жеткен тарихи мәліметтерге сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресуші боп танылған бірінші билеуші б.з.д. 2400 жылда өмір сүрген шумерлік билеуші болған. Ол жемқорлық үшін өте қатал жаза енгізген. Өкінішке орай, тақтайшаларда, оның оң нәтижеге жеткен жетпегені туралы айтылмаған.
Жемқорлықты айыптау көптеген діни кітаптарда кездеседі, бірінші кезекте Құран иен Библияда. Ал б.з.д. IV ғасырда Индияда «Арташастра» трактаты жазылған болатын, онда жемқорлықтың түрлері мен онымен күресу тәсілдері талқыланған. Қоғамның дамуына және кітапбаспаның пайда болуына қарай ол туралы жиірек және көбірек жазылатын болды. 1787 жылы қабылданған АҚШ Конституциясына сәйкес сыбайлас жемқорлық президентке сенімсіздік жариялануға себеп болатын екі қылмыстың бірі болып табылады. Тарихқа сыбайлас жемқорлықпен сәтті күрестердің көптеген мысалдары мәлім. Міне солардың тек біреуі ғана. Франция, XVIII ғасырдың аяғы. Якобиндік диктатура қазасынан кейін билікті мемлекет тарихындағы ең сыбайластық тәртіп Директория жаулап алды. Директория басқарған жылдары Франция құлдырады. Кейін билікке бірінші консул болып сыбайлас жемқорлықпен батыл күрес бастаған Наполеон келді. Бұл күрес қатігездікке емес, жазаның бұлтартпастығына сүйенген. Бірнеше ай ішінде Наполеон керемет жетістіктерге жетті, сонымен қатар Директория кезінде ұрланған ақшаларды қазынаға қайтарды. Қазіргі уақытта ең танымал болып сингапурлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес моделі танылады. Тәуелсіздік алған сәтінде 1965 жылы Сингапур сыбайлас жемқорлығы ең жоғарғы көрсеткішті ел болған: шенеуіктерге парасыз бір шешімді де рұқсат та берілмейтін. Сыбайлас жемқорлықпен күресу барысында елеулі жетістіктерге жету үшін бірқатар іс-шаралар өткізілді, бірінші кезекте, шенеуіктердің жалақыларының елеулі көтерілуі және олардың іс-әрекеттерен регламенттеу, экономиканы орталықсыздандыру және бюрократиялық рәсімді жеңілдету. Орталық буын болып азаматтар мемлекеттік қызметкерлерге шағымдармен жүгіне алатын және шығынның орнын толтыруды талап ете алатын сыбайлас жемқорлықты тергеу бойынша дербес Бюросы болды.
Сонымен бірге заңдар қатаң болды және соттық жүйе тәуелсіздігі жоғарылады (соттардың жоғарғы жалақысы мен артықшылықтанған мәртебесімен). Бар – жоғы бірнеше жылдан соң осы іс-шаралар кешені сыбайлас жемқорлық деңгейінің жылдам төмендеуіне әкелді. Қазіргі уақытта Сингапур әлемнің аз сыбайласқан мемлекеттерінің бірінші ондығының ішіндегі құрметті орынды алады. Елімізде өткен жылы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданып заңдық күшіне енді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2014-2015 жылдардың және 2016 жылдың бірінші тоқсанының қаржысын тексеру нәтижесінде 116 миллиард теңгені құраған заң бұзушылық фактілері анықталған. Бюджеттік және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларды бұзғаны үшін 1040 лауазымдық тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылыпты. 386 білім жүйесінің қызметкері жемқорлық қылмыстары үшін сотталған.
2. Сыбайлас жемқорлық халықты қанаудың көлеңкелі көрінісі бола отырып, адамзат қоғамының даму кезеңдерінен қалыспай келеді. Лауазымды адамдардың қызметті өзінің бас пайдасының қамы үшін пайдаланудан туған қылмыс дегенді білдіреді.
Ол барлық уақытта да сынға ұшырап, айыпталып, онымен үнемі күрес жүргізіліп келеді. Бұл қоғамдық дерттің алатын орны жөнінде əңгіме қозғағанда Цицеронның: “егер парақорлар өздеріне қажеттісін жымқырған болса ғана қалтырайды. Ал егер де басқалармен де бөлісуге жетерліктей жымқырған болса, онда олар үшін аса қорқыныш жоқ” деген белгілі сөзін еске алуға болады.
Сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу барлық партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларынан орын алды, əлі де орын алып келеді. Солай бола тұрса да бұл індет ең мықты деген саяси режимдердің арасынан сыналап кіріп кеткені. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес көбінесе айтарлықтай моральдық шығындарға ұшырататыны да белгілі.
Көптеген елдердің тəжірибесі осы кеселмен күрес процесінде адамдардың пайдакүнемдік, қанағатсыздық, көре алмаушылық, арсызқойлық сияқты əрекеттермен жиі ұшырасатындығын байқатып отыр. Бюрократиялық мінез-құлықты уақытша сауықтыру моральдық шығындардың орнын толтыра алмасы анық. Ал сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері қоғамдағы бюрократиялық қасиеттер екені белгілі. Қанша дегенмен адамзаттың ақыл-ойы əлі сан алуан əлеуметтік қатынастарды болжап-бағдарлап, қарастырып, ретке кетіре қоятындай жағдайға жете қойған жоқ. Кейбір жағдайда сан-алуан тыйым салу мен жарлықтардың пайда болуы сөз жоқ ынта жігерді басып тастап жəне экономикалық дамуға да бөгет жасайтындығы жасырын емес. Солай бола тұрса да, осы бөгеттерді бұзыпжаруға деген ұмтылыс байқалады.
Сауал салған кəсіпқойлардың жартысы парақорлық пен сыбайлас жемқорлықты нарықтық реформаның ең басты тежегіші деп санайды.
Ол біздің елімізде ғана емес, Латын Америкасы, Қытай мен Жер Орта теңізі, Таяу жəне Орта Шығыс, Орталық Еуропа, тропикалық Африка елдерсі. Бұл, сонымен бірге күні кеше ғана оны онша сезе қоймаған дамыған елдердің де (Германия, Бенилюкс, Канада) мəселесіне айналып барады. Сондай-ақ бұл дерт ұлттық болмысы мен сана-сезімі, ұлттық дəстүрлері мен мəдениеті мызғымастай қалыптасқан елдерге де (Италия, Ресей, Мексика, Түркия, Жапония) сыналып кірісе бастады. Сөйтіп, қазіргі кезеңде сыбайлас жемқорлық көптеген мемлекеттерде етек жая бастады деп сеніммен айтуға болады. Сыбайлас жемқорлық жəне онымен күрес проблемаларының өзектілігі əдеттегідей əлеуметтік шиеленістермен, экономикалық тұрақсыздықпен, қайыршылықпен сабақтасып жататын реформаларды жүзеге асыру кезеңдерінде айрықша байқалады. Дəл осы сыбайлас жемқорлық Тайландты СПИД-пен ауратын адамдардың отанына айналдырып отыр. Бұл елде жезөкшелікке тыйым салынған. Солай бола тұрса да, бір Бангкоктің өзінде ғана мыңнан аса зинақорлық үйлер заңсыз қызмет жасайды екен. Мұндай үйлерді ұстаушылар жергілікті астаналық полицияға жылына 600 мың доллар төлеп тұратын көрінеді.
Сыбайлас жемқорлық деңгейі экономикалық дағдарыс құбылысына бейім тұрған елдерде тым жоғары. Ол дəл қазіргі Қазақстан мен бұрынғы Одақтың басқа да елдеріне тəн.
Сыбайлас жемқорлық пен қылмыстылық 1994-1996 жылдары Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) ұлттық, аймақтық жəне ауқымды кездесулері мен конференцияларының, съездерінің басты арқауы болып, сайлау мен басқа да саяси науқандардың негізгі мəселелеріне (көптеген ұлттық, сондай-ақ аймақтық қауымдастықтардың тағдырына байланысты) айналған екен. Жемқорлық үшін, тіпті, қазіргі жəне бұрынғы президенттерді де, вице-президенттер мен экс-президенттерді де, премьерминистрлерді де, əскери-саяси блоктар мен алып экономикалық топтардың лидерлерін де қызметінен алып, жауапқа тартып жатады.
XX ғасырдың аяғы сыбайлас жемқорлыққа байланысты проблемаға ерекше мəн берумен бірге, осы тұрғыдағы кұбылыспен күрес жүргізуге арналған сан қырлы ғылыми ізденістердің өсуімен де ерекшеленеді. Бұл мəселеге байланысты алғашқы ғылыми зерттеулерді америка криминологі Э. Сатерланд жəне оның көмекшісі Кресси жолға қойды.Тұңғыш рет Э.Сатерланд “ақ жағалылардың” қылмыстылығы деген ұғымды енгізді, ал бұл ұғымнан Батыс елдерінің ғалымдары сыбайлас жемқорлықты қылмыстылықтың ереже тобына жатқызып, жеке бөліп алды [25, 320-330 б.]. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық ұғымы азаматық қоғамда үйреншікті құбылысқа айналса, ал екінші жағынан, Қазақсатанның қауіпсіздігіне, елдің экономикасының дамуына кереғар əсер ететін факторға айналуда. Статискалық мəліметтерге көз салсақ Республикада сыбайлас жемқорлықтың нəтижесінде көлеңкелі бизнес дамып, жылына мемлекеттік қазынаға түсетін 540 миллион доллар кіріске кірмейді, яғни ішкі табыс көзінің 27%-ы желге ұшқандай болады екен.
Қазақстан Республикасы Бас прокаратурасының құқықтық статистика деректеріне көз салсақ 2003 жылы Республика бойынша 807 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген, бұл жемқорлық қылмысының қоғам үшін қауіптілігі 2002 жылмен салыстырғанда 60% азайғандығын көрсетеді.
2002 жылы 20 қыркүйекте Қазақстан Республикасында құқықтық саясат концепциясы қабылданды, осы құжатта сыбайлас жемқорлықтан сақтандыру шараларына мəн берілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Өйткені мемлекет пен қоғам мүддесіне тікелей қатысты ең қауіпті əлеуметтік құбылыстың бірі сыбайлас жемқорлық болып табылады. Онымен күрес мəселесі əртүрлі деңгейде талқыланатын басты тақырыпқа айналды. Тек 2006-2008 жылдары аралығында ғана орталық баспасөз беттерінде сыбайлас жемқорлыққа арналған мыңнан астам материалдар жарияланды. Осы əлеуметтік қауіпті құбылыспен күрестің көкейтестілігі мына жағдайларға байланысты:
а) Сыбайлас жемқорлық азаматтардың конституциялық бостандығы мен құқықтарын бұзуға əкеліп соғады. Көптеген жылдар бойы жүргізілген əлеуметтік зерттеу азаматтардың басым бөлігін ойландыратын маңызды мəселелер арасында бірінші орынға сыбайлас жемқорлықпен күрес екендігін дəлелдеп отыр.
б) Осы құбылыстың мемлекеттік-билік құрылымдарында тез тарау ерекшелігі бар.
в) Сыбайлас жемқорлықтың өріс алуы мемлекеттік аппараттың жұмысына нұқсан келтіріп, оның беделін түсіреді. Қоғамдық санада өкімет органдары жұмысының тиімсіз екенін, олардың құзіретінің əлсіз екенін көрсетеді. Халықтың өкіметтен алшақтауы орын алады. Осының бəрі мемлекет пен қоғамның саяси қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді.
г) Сыбайлас жемқорлықтың қазіргі кездегі көлемі өте үлкен. Өз өкілеттігін сатумен бірге, оны сатып алушы адамдардың көбейе түсуі, билік тармақтарының барлығының да сыбайлас жемқорлық кеселіне душар болғанын көрсетеді. Мұны соңғы жылдарда жүргізілген криминологиялық зерттеулер айқын көрсетіп отыр.
д) Сыбайлас жемқорлар өз мақсаттарына жетуде ұйымдасқан қылмыстарды пайдаланады. Сыбайлас жемқорлық арқасында ұйымдасқан қылмыс экономиканың маңызды секторларына өз ықпалын жүргізуде, бұл тұрғыда олар шын мəнінде жаңа сапа мен түрге ие болды.
и) Сыбайлас жемқорлық табиғи жəне жасанды латентті қылмыс болып табылады. Оны жүзеге асырушы субъектілердің жоғары қоғамдық дəрежесі, олардың іс-əрекет қимылдарының интеллектуалдық ерекшелігі, бұл топтағы адамдарға билік басындағылардың ізгілікпен қарауы, сыбайластық іс-əрекетке “келісімділік” сипатын (арыз айтылмайды, себебі кінəлі екі жақта заңсыз іс-əрекет арқылы пайда табады) т.б. осы тұрғыдағы қылмыстардың өзіндік ерекшелігін бейнелейді.
а) Сыбайлас жемқорлықтың барлық түрлеріне оны тежеуге сəйкес келетін қылмыстық заңдардың санкциясын жетілдіру;
б) Сыбайлас жемқорлықты жəне өкімет билігіне қызмет жасаудан сақтандыруды реттейтін механизмдерді дайындау;
в) Сыбайлас жемқорлықпен құныққан лауазымды тұлғаларды анықтаудың, тергеудің жəне соттаудың тетіктерін қабылдау;
г) Сыбайлас жемқорлық арқылы алынған мүліктер мен құралдарды тəркілеудің құқықтық ережесін белгілеу.
д) Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар кəсіпорындарға экономикалық санкция қолдану өте маңызды.
Осы конгресс “Сыбайлас жемқорлықпен күрестің практикалық шаралары” атты нұсқауда қаралды, ал нұсқаудың қайта дайындалған варианты баспасөзде жарық көрді жəне “Конгресс мемлекеттік басқару саласындағы сыбайлас жемқорлық” атты шара қабылданды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мəселелері Амстердам қаласында 1992 жылдың 9-12 наурыз аралығында өткен осы мəселемен күреске арналған 5халықарлық конференцияда талқыланды.
Жалпы алғанда коррупциялық құқық бұзушылық сан түрлі жəне ол (қылмыстық құқықпен қатар) əкімшілік, азаматтық-кұқықтық жəне тəртіптік құқық бұзушылық сипат алады. Тек қана осы Амстердам қаласында өткен конгресте, құқықтық шаралар арасында, қылмыстық заңды қолдануға жəне оны дамытуға үлкен мəн берілген.
Атап өткеніміздей, мұндағы негізгі мəселе заңды қолдану практикасына байланысты. Бірақ бұл сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстық заңды жетілдіру қажет емес дегенді білдірмейді. Осы тұрғыдан алғанда мына мəселелер бойынша заңдылық анықтама берудің мəні зор деп есептелінеді: а) сыбайлас жемқорлыққа қылмыстық құқықтық анықтама беру; б) сыбайлас жемқорлықтың қылмыстық құқықтық нысанындағы көріністерін анықтау; в) сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстық заңдылықтарды жетілдірудің басқа да тиімді жолдарын белгілеу.
Сыбайлас жемқорлықтың қылмыстық-құқықтық көрініс нысандары: Сыбайлас жемқорлықтың көрініс түрлері жайлы көптеген пікірлер бар. Бірақ олардың құқықтық дəлдігі мен толық түсінігі жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа анықтама бере отырып, біз, бұл құбылыстың тек парақорлықпен ғана шектелмейтінін атап өтіп, оның белгілі іс-əрекет түрлерінің жиынтығы екенін айттық. Бірақ осы жиынтықты құрайтын нақты іс-əрекет турасында əдебиеттегі пікірлер əртүрлі.
В.С. Комиссаров сыбайлас жемқорлықтың нақты қылмыстық-құқықтық көрініс нысандары ретінде қызмет өкілеттігін теріс пайдалану мен пара алуды айтады. Оның пікірі бойынша кез келген лауазымдық қылмыс сыбайлас жемқорлық болып табылмайды, бірақ кез келген сыбайлас жемқорлық қылмыс лауазымдық қылмысқа жатады.
Г.Н. Борзенков қылмыстың: талан-тараж, парақорлық жəне қызмет өкілеттілігін пайдакүнемдік мақсатта теріс пайдалану сияқты үш тобын сыбайлас жемқорлыққа жататын қылмыс деп көрсетеді.
П.Н. Панченко сыбайлас жемқорлықтың: қызмет өкілеттілігін теріс пайдаланып құқық бұзу, қызмет өкілеттілігін теріс пайдаланып талан-таражға салу, қызмет бабын пайдаланып пара алу сияқты нысандарын анықтады.
Л.А. Жуков коррупциялық кұқық бұзуды шартты түрде пара-сыйлық, параға сатып алу жəне коррупциялық сыбайластық деп бөледі.
Сыбайлас жемқорлық көрініс нысандары жайлы бірыңғай келісілген пікірдің болмауы бұл терминді өз бетінше жəне қарама-қарсы мағынада мемлекеттік билік жəне басқару органдарының нормативтік-құқықтық актілеріне қолдануға əкеліп соқты.
Сыбайлас жемқорлық көрініс нысандық анықтамасы көптеген нақты қылмыс құрамының түрлері көрсетілген халықаралық құжаттарда аталып кеткен.
Біздің пікіріміз бойынша, сыбайлас жемқорлық көрінісінің қылмыстық-құқықтық нысандарын тек қана парақорлыққа əкеліп тіреу дұрыс емес. Бұл коррупция сияқты күрделі де əрқилы құбылысқа жеңіл-желпі қарау болып есептеледі. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық бұзу субъектісінің ауқымы парақорлық субъектісі ауқымынан кең екенін де есте сақтау қажет.
Осылайша, біз, сыбайлас жемқорлықтың қылмыстық-құқықтық көрініс нысандарына:
а) мемлекеттік билікке қарсы, мемлекеттік қызмет жəне жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің мүдделеріне қарсы қылмыс;
б) лауазым иелерінің басқа да кез келген қылмыстары, сонымен қатар лауазым иесі болып табылмайтын мемлекеттік қызметкерлердің қылмысын;
в) қызмет бабын пайдакүнемдік немесе басқа да жеке мүддесі үшін пайдаланып жасаған қылмыстарды жатқызамыз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қылмыстық заңдылықты дамытудың маңызы ерекше. Жоғарыда көрсетілгендей, сыбайлас жемқорлықпен күресте қылмыстық жаза маңызды рөл атқарады.
Бұл шаралар панацея емес, олар белгілі бір жағдайда ең бір тиімді мүмкіндік беретін күрестің қажетті бір бөлігінің бөлінбейтін факторы. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі сыбайлас жемқорлықпен күреске қарсы қазіргі заман талаптарына толығырақ жауап береді, бірақ сонда да болса Қылмыстық кодексте бұл тұрғыдан алғанда кейбір кемшіліктер бар. Сыбайлас жемқорлық көрінісі құбылмалы, міндетті түрде жəне тез жаңа түрге өзгеріп тұрады. Жеткілікті қылмыстық құқықтық нормасыз онымен күресу мүмкін емес. Сондықтан да үнемі қылмыстық заңдылықты жетілдірудің белгілі қажеттілігі туындайды.
Мемлекеттік қызметтер атқаруға өкілетті адамның не оған теңестірілген адамның жəне лауазым адамының өз қызмет бабы бойынша берілген мүмкіндіктерін пайдалана отырып жасаған кез келген қылмысы оны жасауды жеңілдетеді жəне оның қоғамдық қауіптілігін арттыратынын есепке ала отырып, “лауазым иесінің, сонымен қатар лауазым иесі болып табылмайтын мемлекеттік қызметкерлердің өздерінің қызмет өкілеттілігін пайдалана отырып, қылмыс жасауын” жазаны ауырлататын мəн-жай ретінде қарастырған дұрыс болар еді (ҚРҚК-54 бабы).
Заң шығарушы əділ түрде көптеген қылмыстарды өз қызмет бабын пайдалану арқылы жасалатынын көрсетеді. Осы жағдай бұл қылмыстың қоғамдық қауіптілігін арттырады, себебі мұндай қылмыстар субъектісінің қызмет өкілеттілігін пайдалану арқылы жасалады жəне сондықтан да бұл қылмысты жасау жеңіл болады.
Бірақта біздің пікірімізше, заңшығарушының бұл мəселеде белгілі бір дəйектілік ұстанымы жоқ. Кейбір қылмыс құрамын белгілеген кезде қызмет бабын пайдалану іс-əрекеттің қоғамға қауіптілігін арттыратын белгі ретінде көрсетілмеген. Қылмысты адамның қызмет бабын пайдаланып жасауы белгілі бір іс-əрекеттің қоғамға қауіптілігі дəрежесін арттырады, сондықтан бұл белгі тиісті заңда көрініс табуы қажет. Мысалы, мұндай құрамдарға Қылмыстық кодекстің 181-бабының 3-бөлігі, 180-бабының 2-бөлігі, 196 бабының 3-бөлігі, 206-бабының 3-бөлігі, 207-бабының 3-бөлігі, 251-бабының 4-бөлігі, 259-бабының 4-бөлігі жəне т.б. жатады. Осындай құрамдардың ауырлататын түрі ретінде қызмет өкілеттілігін теріс пайдалануды көрсету өте орынды болар еді.
Сыбайлас жемқорлық көлемінің өсуі билік органдарын бұл құбылысқа қарсы күреске бағытталған көптеген нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауға мəжбүр етеді. Бірақ мұндай шаралардың тиімділігі, оны бірінші болып міндеттітүрдеорындауғатиістілауазымиелерінің оны елемеуіне байланысты өте төмен. Бұны соңғы кездері жүргізілген көптеген зерттеулер дəлелдеп отыр. “Мемлекеттік қызмет туралы” заңның негізгі ережелері де қағаз жүзінде қалды, ал онда мемлекеттік қызметшілерді табыстары жəне мүліктік жағдайы жайлы декларация толтыруға міндеттейді. Декларация толтырудан бас тарту жұмыстан шығаруға негіз болады. Осыған қарамастан бұл талап орындалмайды. Шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық туралы заңды мүлде елемеуінің мұнан басқа да мысалдарын келтіруге болады. Оны бұзғаны үшін қолданылатын əкімшілік шаралардың тиімділігінің төмендігі күмəн тудырмаса керек. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заңдылыққа əдейі орындалмағаны үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін арнаулы қылмыстық-құқықтық норманы белгілеу қажет.
Коррупциямен ұйымдасқан қылмыс бөлінбейтін, бөлшектенбейтін криминалды одақты құрады. Ұйымдасқан қылмыстың қанатының кең жайылуына коррупцияланған ұйымдар себепші. Н.Л. Павленконың дұрыс пікірі бойынша “Коррупция дегеніміз – ұйымдасқан қылмыс пен мемлекеттік органдарының бірігіп кетуінің басты тəсілі”. Егер басқа елдерде ұйымдасқан қылмыс мемлекеттік шеңберге кіруге енді ғана талпынып жатса, отандық ұйымдасқан қылмыстың əуел бастан өз құрылымдары бар. Сондықтан да Қазақстандағы коррупция дегеніміз – тамыр-таныстық қана емес, сонымен қатар көп пайда табуға жетудің тəсілі. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық дегеніміз ұйымдасқан қылмыстың негізі деген ғалымдардың пікірлері логикалық тұрғыдан дұрыс. Шын мəнінде, “ұйымдасқан қылмыстың ерекшеліктеріне коррупциямен байланыс жасау жатады, ал бұл экономика саласында маңызды операция жасауға қажетті ақпарат алуға, дер кезінде құқықтық жазадан құтылуға мүмкіндік береді”.
Осылайша, мемлекеттік билік органдарына сенімді жəне кең сыбайлас жемқорлық байланысы болмаса ұйымдасқан қылмыс өмір сүре алмайды. Міне, сондықтан да біз жоғарыда атап өткеніміздей ұйымдасқан қылмыс табысының заңсыз пайдасының 50%-ға дейіні пара алуға кетеді. Мемлекеттік аппаратпен коррупциялық қарым-қатынасы бар ұйымдасқан қылмыстық топтардың көбеюі қауіп тудырып отыр. Егер 2002 жылы 8 коррупциялық байланысы бар 78 ұйымдасқан қылмыстық топ (4,8%) анықталса, ал 2003 жылы 37 (12,9%) анықталды.
Айтылғандарды түсіндіре келе мынадай қорытынды жасауға болады: мемлекеттік аппаратпен ұйымдасқан қылмыс арасындағы байланысты бұзу сыбайластыққа салынған қызметшілермен ұйымдасқан қылмысқа берілген мықты соққы болып табылады. Əрине, бұл өте күрделі мəселе. Мұны орындау үшін ұйымдасқан қылмысқа қарсы кешенді бағдарлама жасау қажет. Осындай шаралардың өз өкілеттіліктерін ұйымдасқан қылмыстың топ мүддесі үшін пайдаланатын қызметшілердің қылмыстық жауакершілігін күшейткен жөн болар еді.
3. Сыбайлас жемқорлық ұғымы және түрлері.Сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;
Сыбайлас жемқорлықтықтың себептік-кешендік факторлары (пайда болу себептері)
Сыбайлас жемқорлық мәселесін зерттеген кезде мынадай сауал туындайды: сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері қандай және осы құбылыс неліктен осындай түрде жүзеге асады. Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері жүйеленіп, мынадай жіктелім ұсынылады: әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұйымдастырылған, құқықтық себептер, сондай-ақ мәдени-этикалық сипаттағы факторлар. Осы себептердің әрқайсысына тоқталайық.
Әлеуметтік-экономикалық себептер. Сыбайлас жемқорлықтың кеңістік ерекшеліктерін талдау кезінде айқындалғандай, елдегі сыбайлас жемқорлықтың өріс алу дәрежесі экономиканың даму деңгейіне тікелей байланысты. Алайда керісінше фактіні байқауға да болады. Халықаралық Валюта қоры жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына едәуір кедергі келтіреді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық елге келетін инвестициялар легін қысқартатыны, дарынды адамдарды өнімсіз жұмысқа тартатыны, бай табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалануға жол беретіні, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құрылымдық экономикалық өркендеуді арттыруға бағытталған реформалардың жүргізілуін тежейтіні айқындалды. Елдің табиғи ресурстармен (орман, минералдық, су ресурстары) жақсы қамтылуы да сыбайлас жемқорлықтың дамуының бір факторы болып есептеледі. Елдегі бұндай байлыққа екі тұрғыдан қарауға болады. Бір жағынан, елде бай табиғи ресурстардың болуы ел экономикасы өркендеуінің негізі болып, сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне себеп болуы керек. Екінші жағынан, табиғи байлық ел экономикасының өркендеуін емес, өзіне пайда алуды мақсат тұтқан сыбайлас жемқорлық субъектілерін қызықтырады. Сонымен бірге Жемқорлықтың өріс алу себептерінің аса маңыздысы - мемлекеттік және жеке секторлар қызметкерлерінің еңбекақы көлемі. Әрине, еңбекақысы төмен болғандықтан, шенеуніктер қосымша табыс көздерін іздестіреді, осындай жағдайда шенеуніктер ресми қызметтік міндеттерін асыра пайдаланып, пара алады. Мемлекеттік қызметшілердің табысы үлкен көлемді болғандықтан, олар өз қызметінің қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасамауына жағдай туғызады: қызмет бабында өз міндеттерін адал да мінсіз орындаған қызметшілерді көтермелейді, сыйақы беруге ұсынады, заңды түрде лауазымын көтере ді. Осындай жағдайда лауазымды тұлғалар өз құзыреті шеңберінен шықпауға, заңды бұзбауға, әділ әрі адал болуға тырысады.
Саяси себептер. Тәжірибе көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекеттің экономикалық және саяси дамуына кері әсер етеді. Сыбайлас жемқорлықтың дамуына ықпалын тигізетін саяси факторларға мемлекеттік құрылымның ерекшеліктерін жатқызуға болады. Қоғамның демократиялануына байланысты сыбайлас жемқорлық «жаңа» салаларды игерді, бұл – саяси партияларды, электораттық лауазымдық қылмыстарды қаржыландыру, сайлауда сайлаушылар дауысының басым көпшілігін алуды қамтамасыз ету үшін саяси демеушілер жүйесін дамыту. Демократияландыру үдерісі саяси қызметті жүзеге асыру үшін орталық биліктің біршама өкілеттіктерін аймақтық және жергілікті билікке беруді көздейді, ал бұндай жағдай кейбір басшыларға жаңа конституциялық өкілеттіктерін асыра пайдалануға мүмкіндік береді. Сөйтіп, жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады:
- бостандыққа ие азаматтық қоғам - мемлекетте жемқорлық деңгейі өте төмен болуының кепілі.
- саяси тұрлаулылық, үкіметтің, басшылардың жиі ауысуы, сыбайлас жемқорлықтық өрістеуінің басты шарты.
- мемлекеттің жалпы саяси бағытының жиі өзгеруі елдегі әлеуметтік - экономикалық ахуалдың тұрақсыздығына әкеп соғады.
Ұйымдық-институционалды себептер. Соңғы кездері жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекеттіліктің институционалды негіздеріне сіңіп, олардың қызметінің тиімсіздігі, дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан, есеп беру және бақылау жүйесінде нақтылық болмағандықтан кең өріс алуда. Билік және сыбайлас жемқорлықты бақылау бір-бірімен тығыз байланысты. Сыбайлас жемқорлық – биліктің қауқарсыздығының көрсеткіші. Нақты институционалды ұйымның болмауы, қызметтің егжей - тегжейлі регламенттенбеуі, құқық бұзушылықтың бақыланбауы және жасалған қылмыс үшін жауапқа тартылмауы - басқару аппаратының қауқарсыздығына және сыбайлас жемқорлықтың дамуына әкеп соғады.
Құқықтық сипаттағы факторлар. Сыбайлас жемқорлық - бұл әлеуметтік жауыздық, біріншіден мемлекетке үлкен қаржылық нұқсан келтіреді, екіншіден мемлекеттік биліктің беделіне залал келтіреді, үшіншіден қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіктерін моральдік түрде құлатады. Мемлекеттік аппараттың тиімсіз ұйымдастырылуының салдарынан қоғамда құқықтық реттеудің кемшіліктері де орын алуы ықтимал. Құқықтық реттеудің кемшіліктеріне кейбір елдердің заңнамасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы мәмілелер жасасқаны үшін қылмыстық жауапқа тарту және жазалау жүйесінің болмауы, мемлекеттік қызметті өтеу жөніндегі нақты ережелер мен регламенттің жоқтығы жатады. Ал бұндай жағдай ұйымдасқан қылмыспен астасып жатқан кәсіпкерліктің және биліктің тығыз байланыста жұмыс істеуіне өте тиімді. Осыған орай фаворитизм, протекционизм, лоббизм өркендеуде. Сонымен қатар непотизм мен саяси демеушілік те кең тараған. Сыбайлас жемқорлық қалыпты нормаға айналады. Ал бұл – құқық қорғау органдарының, көп жағдайда осы органдардың өзі де сыбайлас жемқорлыққа малынған, біріншіден, институционалды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге күші жетпейді, екіншіден құқық қорғау органдарын сыбайлас жемқорлық субъектілері өз заңдарына бағындырады. Қылмыс жасағандардың басым көпшілігі жазаға тартылмағандықтан, қылмыстық істерін одан әрі жалғастыра береді. Көп жағдайда сот жүйесі сыбайлас жемқорлық субъектісіне қатысты өз бетінше және тәуелсіз шешім шығара алмайды. Тәуелсіз құрылымдар енгізілген бірқатар елдер (АҚШ-та тәуелсіз прокурор, Гонгконгта, Сингапурде, Малайзияда, Тайванда тәуелсіз комиссия) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісінде нақты жетістіктерге қол жеткізді. Бұндай мекемені құру кезінде билік пен мүлік, саясат пен ақша мәселесі жүйелі шешімін табуы керек.
Мәдени-этикалық сипаттағы факторлар. Сыбайлас жемқорлыққа мәдени - этикалық факторлардың ықпал етуіне баға беру жеңіл емес, себебі бұл сала «материалды емес». Алайда қоғамның мәдениеттілігін сыбайлас жемқорлықтың негізгі себебі ретінде қарастыруымыз тиіс. Дін, мәдениеттің ажырамас бөлігі бола тұрып, қоғамда сыбайлас жемқорлықтың дамуының алғышарттары болуы мүмкін. Сондықтан қоғамда бір әрекет норма деп танылса, оны қылмыс деп жариялау қиындық келтіреді. Осы жағдайға орай мынадай мысал келтірейік. Қытайда басты идеология конфуциандық болғанын білеміз, оның қағидаттары бойынша халық жоғары қызметтегі адамдарды «әкеміз» деп қарастырған. Сондықтан қабылдауға келмегеннен гөрі, қабылдауға сыйлықсыз келгені наразылық туғызған. Байқағанымыздай, бір елде кейбір құбылыс сыбайлас жемқорлықтық деп танылса, екінші елде оны сыпайылық танутышылық деп біледі. Мәселен, «керек» адамды мейрамханаға шақыру, «ерекше» бір көмегі үшін біреуге құнды сыйлық беру, жоғары оқу орнына түсуге көмектесу тағы сол сияқты этикаға жатпайтын қылық деп танылмайды.
4. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық мәселесін әрбір мемлекетте, түрлі халықаралық ұйымда кездестіруге болады. Бірақ ол барлық жерде бірдей бола бермейді. Тарихи дәуір және мемлекеттің әлеуметтікэкономикалық даму кезеңіне қарай сыбайлас жемқорлықтың пайда болу мәселелері де әр алуан болып келеді. Кейбір шет елдердің мемлекеттік басқаруында және мемлекеттік қызметінде жемқорлықтың алдын алуға және жоюға бағытталған әкімшілік қалыптың кешендері құрылған. Бірқатар мемлекеттерде шенеуніктердің ар кодексі немесе этикалық кодекстер жиынтығы болып табылатын арнайы заңдар қабылданған. Осыған орай, шетел мемлекеттеріндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу шараларына назар аударайық.
Транспаренси Интернешнлдің мәліметтерін негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлықтың жер жүзіне таратылу айырмашылықтарын және қазіргі әлемдегі жемқорлықтың деңгейін зерттеу мақсатында, әлем картасындағы сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты бейнелеп көрсетуге тырысайық. Халықаралық тәжірибеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы айтқанда, барлық елдерді шартты түрде төрт санатқа бөлуге болады: 1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті табысты жүргізіп отырған елдер; 2) сыбайлас жемқорлық орташа деңгейдегі елдер; 3) сыбайлас жемқорлықпен өте келелі мәселелері бар елдер; 4) сыбайлас жемқорлық айрықша байқалатын елдер. Әрі қарай осы жүйені негізге аламыз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті табысты жүргізіп отырған елдерге Дания, Финляндия, Швеция, Жаңа Зеландия, Канада, Нидерланды, Норвегия, Швейцария, Австралия, Сингапур, Люксембург, Ирландия, Германия, Ұлыбритания, Израиль, АҚШ, Австрия, Исландия, Жапонияны жатқызуға болады.
Жоғарыда аталған елдердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастырудың кейбір ерекшеліктері - осы елдердің үкіметі сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп қарайды. Сондықтан, сыбайлас жемқорлық сырттан төнген және ішкі қауіп ретінде қабылданып, соған байланысты онымен күрес көлемді және кешенді сипат алады.
Мысалы, Нидерландыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес өзіне мыналарды енгізеді:
- сыбайлас жемқорлыққа бейім тұратын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда мониторинг жүйесін енгізу және осы жерлерде қызмет ететіндерді қатаң бақылап отыру. Сыбайлас жемқорлықпен күрес
- жүргізетін тұлғаларды лауазымға тағайындау;
- сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жазалау жүйесі – бұл мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеуге қатаң тыйым салуды және мемлекеттік қызмет ұсынатын барлық әлеуметтік жеңілдіктерінен айыруды көздейді;
- лауазымдық тұлғаның жағымды әрекетін көтермелеу жүйесі – шенеунікке өз қызметін тиімді де адал орындауы үшін материалдық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да жағдай жасау;
- арнайы полиция типіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес
- жөніндегі мемлекеттік қауіпсіздік жүйесі;
Компаративтік талдау бойынша әр мемлекеттің өзінің күресу жолы, әдісі, тәсілі бар. Ал басқа жағынан қарасақ, көптеген мемлекеттердің сарапшылары біркелкі ережелер нормаларын қолдану керек деп ұсыныс жасайды. Тіпті, бүкілұлттық тәртіп әдептілігін қалыптастыру қажет дейді.
Осы орайда, 1995 жылы Ұлыбританияда Нолан Комиссиясы 7 қағида қабылдады:
1. Риясыздық. Лауазымды қызметкерлер қоғамдық мүддені жоғары ескере отырып, бір шешімге келеді;
2. Сатылмастық. Лауазымды қызметкерлердің өздерін басқа бір адамдарға не ұйымдарға қаржылық тәуелсіздікке қоймағаны дұрыс;
3. Әділдік. Жоғары қызметке тағайындау, келісімшарт жасау, марапаттау мәселелері бойынша шешім қабылдағанда лауазымды қызметкерлер үміткердің кәсіби қабілеттерін, іскерлігін ескеруі тиіс;
4. Есептілік. Лауазымды қызметкерлер қоғамның алдында өздерінің істеген ісі, қабылдаған шешімдері бойынша есеп беріп отыруы керек;
5. Ашықтық. Лауазымды қызметкерлердің шешімдері мен істері қоғамға ашық болуы тиіс. Әр шешім дәйектеліп отыруға міндетті.
Арды, абыройды сақтаушылық. Лауазымды қызметкерлер өздерінің мүдделері туралы ашық айтып, егер де осы мүдделері олардың істеген жұмысына қайшылық келтірсе, қоғамның пайдасына әкелетін шешімге келуге тиісті.
Басшылық. Лауазымды қызметкерлер осы аталған қағидаларды қолдана отырып, басшылықты орындап, өзінің дұрыс істерімен, мінезқұлқымен үлгі көрсетіп отыруға міндетті.
Жемқорлыққа қарсы өзгерістерді жүргізетін басқа топ институционалдық деп аталады. Бұл топ жемқорлыққа қарсы мүлде басқа күресті көрсетеді. Олардың ойынша, жаңа әдіс, жаңа жолға бар бағдарламаны жойып тастап, нормативтік іс-әрекеттерін өзгерту керек. Институционалдық жемқорлық өзгерістерге мынадай мысал келтіруге болады: сайлау үрдісіне ашықтық, жариялылық қамтамасыз ету; үкімет жұмысына және орындаушы басшылығына парламенттің бақылауы; сайлау үрдісінде қаржы мәселесіне бақылау жасау; мүлік мәселесін шектеу; мемлекеттік қызметкерлерінің кіріс-табысын, қаржы міндеттерін, шенеуніктердің табысының көтеруін, жылдық қаржы есебін беру, жемқорлыққа қарсы арнайы заң қабылдау, әкімшілік және қылмыстық жазалау тағы басқалар. Сайлаушылардың дауысын сатып алу көптеген мемлекеттерде дәстүрге айналған. Бұл әдіс АҚШ, Ұлыбританияда және басқа Еуропа мемлекеттерінде XIX ғасырда кең таралған. Қазір осындай шаралар шектелсе де, бүгінде осындай заң бұзушылық байқалады. Испания мен Италияның сайлау үрдісінде басқа шаралар қолданады. Ықпалы зор үміткерлерге саяси партиялардың көсемдері «патронаж» деген әдісті пайдаланады. Бұл әдістің маңызы мынада: сайлау кезінде көмектескен адамдарға мемлекеттік органдардан бір пайдалы қызметтерді ұсынады. 1966 жылы Тайландта өткен сайлау сайлаушыларға сыйлықтар тарату негізінде өтті. Сондықтан, көптеген мемлекеттерде сайлауды өткізу барысында ашықтық талап етіледі. Екіншіден, сайлау компаниясын қаржыландыруды бақылауға алып, нормадан жоғары қаржыландыруға тыйым салынады.
Ботсванада сыбайлас жемқорлықтың қарқынды өсуін тежеуге келесі шаралар көмектесті: шенеуніктердің санын қысқартып, олардың жалақысын көтерді және мемлекеттік мекемелердің құрылымы ықшамдалды, әрі сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне дереу санкция салынды.
ОАР-да бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық деңгейі көптеген еуропа елдеріне қарағанда төмен. Олар қабылданған жаңа заңдардың көмегімен Үкіметті Парламент алдында есеп беруге міндеттеу арқылы, шенеуніктер мен депутаттарға табыстары және басқа да салық төлейтін мүліктері жөнінде декларация тапсыру және мемлекеттік жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететін қадамдарды қабылдау жолымен қол жеткізілді.
Израиль сыбайлас жемқорлықтан жеткілікті түрде ерікті мемлекеттердің бірі болып саналады. Ондағы жемқорлыққа қарсы күрес, Нидерланды елінде қолданылатын шараларға қоса, «мониторинг жүргізудің белгілі қайталануы» жүйесі арқылы жүргізіледі. Израильде шенеуніктер үшін едәуір әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған және сыбайлас жемқорлық анықталған жағдайда олар қатаң жазаланатындықтан, төмен деңгейлі жемқорлық жоқ дерлік. Оның себебі, бұл елдерде мемлекет көп ғасырлы күрес нәтижесінде құрылған.
Әлемнің көптеген елдеріндегі жемқорлыққа қарсы күрес қағидаларының бірі - Заң алдында барлық азаматтардың теңдігі. Жемқорлық қылмыс жасаған азаматтар өздерінің әлеуметтік жағдайына қарамастан Заң алдында жауапкершілікті бірдей тартады. Қытайда ҚХР Мемлекеттік комитеті сыбайлас жемқорлық үшін жаза туралы Қағиданы 1952 жылы қабылдады. Осы Қағидаға сәйкес, сыбайлас жемқорлық - барлық мемлекеттік органдар, мекемелер, оқу орындары және соларға қарайтын бөлімдердің қызметкерлерінің қоғамдық мүддені жамылып жасаған мемлекет құндылықтарына ие болу, алдау жолымен ұрлау, иемдену, басқа адамдардың құндылықтарын сұғанақтықпен алу, пара алумен анықталады. 1997 жылы 1-қазанда ҚХР-ның жаңа редакциядағы Қылмыстық Кодексі күшіне енді. 1979 жылғы Кодекс толықтырылды - 192 бап болған еді, енді 451 болды. Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік туралы нормаларды қылмыстық-құқықтық және қылмыстық істер деп жеке тарау етіп бөлу жеткілікті негізделген. Ол туралы норма жекеменшікке қарсы қылмыс жөніндегі тарауға енгізілген болатын. Жаңа тарау 394 баптан тұрады. Мысалы, пара алғаны үшін мемлекеттік ұйым айыппұлмен жазаланады, тікелей орындаушы мен ұйымның басшысы жағдайдың ауырлығына байланысты – 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе тұтқындалады. Сыбайлас жемқорлық сыбайлас жемқорлық немесе пара алу кірісінің сомасы 100 мың юаньнен асып кетсе, онда 10 жылға бас бостандығынан айырылады немесе дүние-мүлкі тәркіленеді немесе онсыз өмірлік бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Валюталық қылмыстармен күрес жөнінде Қытайдың тәжірибесі көңіл аудартады, соның барысында бірнеше миллиард доллардың жалған кедендік декларацияларын, жалған шетелдік лицензияларды пайдаланып, банктерден валюта алған фирмалар қатары анықталды, шетелдік келісімдер бойынша жалған аванс төлемдер фактілері және оффшорлық қаржы операциялары көлемінде көптеген заң бұзушылықтар ашылды.
Францияда лауазымдық тұлғалардың қызмет бабын теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілігін реттеу саласында 1983 жылғы 13 шілдедегі «Мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары және міндеттері туралы» Заңның және 1992 жылы қабылданып, 1994 жылы қыркүйекте күшіне енген Қылмыстық кодексінің маңызы зор. «Мемлекеттік қызметкерлердің құқықтары және міндеттері туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік шенеунікке «өзін тек қызметке арнау» міндеті жүктелген, бұл Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің міндеттеріне ұқсас. Аталған заң мемлекеттік қызметкердің өзіндік абырой кодексі болып табылады. Францияда мемлекеттік қызметкерлерге тексеру және бақылау қол астындағы кәсіпорындардың әрекетіне араласуға тыйым салады. Кейде көрсетілген міндет мемлекеттік қызметтен кеткеннен кейін де, сол шенеуніктің артынан сақталынып қалады. Билікті жеке басы үшін пайдалану жөніндегі нормалар жүйесінде басты орынды, сөзсіз, бұқаралық лауазымдық тұлғалардың белсенді пара беру және сылбыр пара алу парақорлығы үшін қылмыстық жауапкершілік туралы нормалары алады. Параны алғаны, ұсынғаны, парақорлық және парақорлыққа пара беру үшін бірдей жазаланады: 10 жылға түрмеге қамалынады және 1 млн. франк көлемінде айыппұл төлейді. Лауазымдық тұлғаларға лауазымнан босағаннан кейін 5 жылға дейін өзінің капиталымен жұмыс істеуге, жеке кәсіпорындарға кеңес беруге тыйым салады.
Францияның ерекшелігі - соттардың жасаған, Төрелік сот мүшелерінің немесе соттың, не жеке адамдардың шақыруымен келген, екі жақты келістіру үшін сотпен шақырылған сарапшылардың арнаулы парақорлық құрамын бөліп көрсету. Көрсетілген әрекеттер 10 жылға түрмеге жабумен және 1 млн. франк айыппұл төлеумен айыпталады.
Байқағанымыздай, шетел мемлекеттерінде жемқорлыққа қарсы заңнама күресудің барлық құқықтық құралдарын, яғни, қылмыстыққұқықтық қана емес, қолдану жағына қарай және жемқорлықтың алдын алу жағына қарай дамып жатқандығы көрініп тұр. Осы елдердегі сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне талдау жасау, Қазақстан үшін тиімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы пайдалы әрі тиімді озық ұлттық стратегияны жасауға көмектеседі. Біріншіден, сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған мемлекеттің жоғарғы басшысының күшті саяси жігері және соның негізінде құрылған мемлекеттік, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық сипаттағы сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясат. Екіншіден, мемлекеттік әкімшілік жүйесінің бәріне азаматтық қоғам жағынан ұйымдастырылған әлеуметтік бақылау және құқық бұзушылардың қылмыс жөнінде іс қозғау мүмкіндігімен қамтамасыз ету. Үшіншіден, билік жүргізуге ие тұлғалардың, мемлекеттік қызметкерлердің қызметінің тазалығы жөніндегі мониторингті жүзеге асыруы, тәуелсіз органдардың алдында қатаң есеп беруі.
2. Жемқорлыққа қарсы әрекет ретінде Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастарды жетілдіру
Жоспар:
1. Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық қатынастары жүйесінің реформалануы, жемқорлыққа қарсы тұру мәселесіндегі басты фактор.
2. Мемлекеттік қызмет көрсету процессін жетілдіру.
3. Мемлекеттік жоспарлауды жетілдіру.
«Электронды үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыру.
4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру.
Бүгінгі күні сарапшылар қауымдастығы сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал етеді деген бірыңғай көзқарасты қолдайды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл экономикалық өсуді қамтамасыз етудің, инновациялық әлеуетті қалыптастырудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың, бәсекелестікті дамытудың және «көлеңкелі» экономиканы қысқартудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Бұл Оңтүстік Шығыс Азия және Скандинавия түбегі елдерінің тәжірибесімен дәлелденген. Онда сыбайлас жемқорлық минималды, ал өмір сапасы – әлемдегі ең жоғары деңгейде. Халықаралық валюта қорының деректері бойынша, сыбайлас жемқорлықтың салдарынан әлемдік ЖІӨ жыл сайын шамамен 2%-ды жоғалтады, бұл 1,5-2 триллион АҚШ долларына парапар.
Егер Қазақстан мысалында осындай есептеулер жүргізсек, онда жыл сайынғы әлеуетті шығындар 3,8 млрд АҚШ долларын құрайды. Есептеулер кезінде ЖІӨ көрсеткіштерін және 2015 жылға доллардың теңгеге шаққандағы орташа жылдық бағамын қолдана отырып, экстраполяция әдісі қолданылды.
Сондықтан, кез келген мемлекеттің негізгі мақсаты халықтың әл- ауқатын жақсарту мен сақтау үшін жағдай жасау болып табылады.
Сарапшылардың бағалауынша, жемқорлықтың 1%-ға азаюы ЖІӨ-нің 1- 1,5%-ға артуына ықпал етеді, ал ЖТИ-дің (жемқорлықты түйсіну индексі) 2,4 баллға жақсаруы ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімін 0,5%-ға арттыруға себеп болады. Осыған байланысты, қазақстандықтардың соңғы 5 жылдағы әл-ауқаты деңгейінің көрсеткіштер динамикасы зерттеліп, халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі 37%-ға, төменгі күнкөріс деңгейінің 22%-ға, жан басына шаққандағы орташа табыстың 46%-ға артқанын көрсетті.
Сыбайлас жемқорлықты төмендету мен бәсекелестікті арттырудың тиімді құралы квазимемлекеттік секторды жекешелендіру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бағалауынша, ЖІӨ-дегі мемлекеттің үлесі шамамен 40%-ды құрайды. Сонымен бірге, 2015 жылы мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке араласуын шектейтін, «Сары парақтар ережесі» деп аталатын қағидасын бекіткен заң қабылданды. Бірақ оның рөлі экономикада анықтаушы болып қалады. Осыған байланысты, тарифті қалыптастыру рәсімінің жабықтығы айтарлықтай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады, сондықтан, табиғи монополиялар мен нарықты реттейтін салаларды реформалау қажет. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық және көлеңкелі экономика тұрақты байланысқа ие. Олардың деңгейін төмендету бойынша тиімді шаралардың бірі – қолма-қол айналымды заңды түрде шектеу. Бұған дәлел ретінде аталған институтты енгізген елдерде бақыланбайтын экономика үлесінің төмен деңгейі байқалады. Банктік қаржылық құралдардың, ақшасыз технологиялардың қарқынды өсуі мен электронды төлемдер жүйесінің дамуын ескере отырып, ЭЫДҰ елдерінде қолма-қол ақшалар өз маңызын жоғалтуда. Ұсынылып отырған бастама
Мемлекет басшысының Жолдауының тұжырымдамалық бағытына жауап береді және экономиканы цифрлауға қатысты ережелермен түсіндіріледі.
Сонымен қатар, алдағы уақыттағы жұмыстардың маңызды бағыты ұлттық экономиканы деофшорлау болуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының катализаторы болатын жүйелік және кешенді іс-шаралар негізінде жүзеге асырылуы керек.
Тиімді мемлекеттік жұмысты көбінесе тәжірибелі машинистері бар локомотивпен, заңдарды – бағдаршамдармен, ал азаматтарды, фирмалық жолаушы поезының жолаушыларымен салыстырады. Көптеген азаматтар халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің көркеюі үшін көп нәрсе мемлекеттік қызметтің сапасына байланысты, өйткені ол – толып жатқан маман шенеуніктері бар кәсіптік сатылы жүйе деп дұрыс ойлайды.
Халықтың бұл ойы орынды, өйткені тәжірибе көрсетіп отырғандай,
көптеген елдердің өркендеуінде олардың жоғарғы білікті шенеуніктерінің еңбегі зор. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтің көпқырлы құбылыс екенін атап өткен жөн. Сондықтан, мемлекеттік қызметті реформалаған кезде оған тар аяда, тек «мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік үкіметтің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттігін атқару жөніндегі қызметі» (Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 1- бабы) ғана деп қарастыруға болмайды. Мемлекеттік қызметті күрделі жүйе деп біліп, оны жетілдіру үшін басқа үш қырынан да:
- әлеуметтік институт ретінде;
- мемлекеттік-құқықтық институт ретінде;
- ұйымдастыру институты ретінде талдаған жөн.
1. Әлеуметтік институт ретінде, мемлекеттік қызмет біріншіден, мем-лекеттік басқару жүйесінің бір бөлігі, екіншіден, мемлекеттің азаматтармен байланысы үшін шенеуніктерді көпшілік кәсіптік қызмет жүйесіне ұйымдастырудың пошымы, үшіншіден, корпоративтік кәсіптік этикалық жүйе болып табылады.
2. Мемлекеттік – құқықтық институт ретінде мемлекеттік қызметті ең алдымен негізінен құқықтың конституциялық, әкімшілік, қаржылық, халықаралық көпшілік құқық сияқты салаларының нормаларынан тұратын құқықтық актілердің жиынтығы деп қарастыру керек.
3. Ұйымдастыру институты ретінде мемлекеттік қызмет, мемлекет міндеттерінің ойдағыдай шешілуін қамтамасыз ету үшін ұйымдастыру пошымдары мен әдістері, ережелер мен әкімшілік процедуралар, талаптар, өкілеттілік пен жауапкершілік, шенеуніктерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін қайта көтеру тұрғысынан талдануы тиіс.
Қазіргі кезде мемлекеттік қызмет әлемнің көптеген елдерінде жаңадан байыптап жаңартуды бастан кешіруде. Бұл тегіннен тегін емес, өйткені ел азаматтарының әл-ауқаты көбіне мемлекеттің басты «адамдық құрамы» - шенеуніктердің қызмет атқару сапасына байланысты анықталатын болады.
Мемлекеттік қызметтің барлық мәндік компоненттерін анықтап алмай, біздің ол туралы біліміміз әрқашанда үстірт, баяндаушылық сипатта болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |