Қазақстан Республикасы Білім және ғылым


ҚАЗАҚ ТЫЙЫМ СӨЗДЕРІНІҢ ТӘЛІМДІК МӘНІ



бет17/114
Дата05.03.2022
өлшемі0,64 Mb.
#27086
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   114

ҚАЗАҚ ТЫЙЫМ СӨЗДЕРІНІҢ ТӘЛІМДІК МӘНІ




А.М. Жусупова


ПМПИ, Павлодар қаласы
Әр елдің өзінің ғасырлар бойы жасаған ұлттық құндылықтары - ғасырлар өткелінде шындалып бүгінгі күнге жеткен асыл мұра. Асылы, халықтық тәрбие сол елдің тұрмыс-тіршілігіне, тарихи танымына, ой-санасына, дәстүріне сай қалыптасады. Бұл – атадан балаға қанмен беріліп, ес кірген шақта тәрбиемен шоқтанып, жас ұрпақтың жанына жалын беретін рухани күш. Осы тәрбиенің нәрімен қазақтың болмысына өлмес рухтың ерлігі өсті. Ұшы қиырсыз жазира дала тұрғындары өздерінің үлкен тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдерін туғызған. Бұлар халық бұқарасының іс- әрекеттерінің қоғамдық ортада қалыптасқан нормалар мен принциптерінің көріністері еді.

Дала тұрғындары өздері өмір сүрген ортаның әлеуметтік- экономикалық жағдайына, мәдениеті мен тарихында орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің басқа жұртта қайталанбайтын талап- тілектерін дүниеге әкелді. Дала тұрғындарына биік моральдық талаптар қойылды, солардың ең бастылары: көшпелі мал шаруашылығының тетіктерін жете игеру, еңбек сүйгіштік пен төзімділік, ел намысын қорғаудағы жаужүректік, ата тегін ардақтау, сөз асылын қастерлеу, тапқырлық пен алғырлық, ата салтын бұзбау [1,62].

Қазіргі кезеңде ұрпақ санасында ұлттық қасиеттерді қалыптастыру тіл мен дін, салт пен сана, ұлттық дәстүр арқылы жүзеге асады. Халқымыз ғасырлар бойы сайын даланың қатал табиғатымен бетпе-бет келгенде, шапқыншы жаумен шайқасқанда, бейбіт өмірдің мамыражай тірлігінде жинақталған бай тәжіриебесінен көрген-түйген қортындысы ретіндегі тыйым сөздердің ұрпақ тәрбиесінде қазір де мәні жойылған жоқ. Тыйымдар халқымыздың әлеуметтік өмірінде, тұрмыс тіршілігінде жас буын тарапынан бұлжымай орындалып отырған. Оны заң ретінде қабылдаған. Тыйым сөздер жағымсыз, келеңсіз әрекеттерді тоқтатуға, жат пиғылдан, орынсыз қылықтан, теріс мінезден сақтандыруға бағыттала қолданылған.

Тыйым сөздер – адамгершілік қасиетінің бір өлшемі. Адамгершілік дегеніміз ұлы Абай атамыз айтып кеткендей бес асыл қасиетке жататын талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым. Адами

қасиеттердің көрсеткіштері: адамдық, қайырымдылық, үлкенді құрметтеу, сыйлау, көргенсіздікті тыю, өтірік айтпау. Сол себепті адамзат өмір сүріп отырған қоғамындағы екі жақты тепе - теңдік болып табылатын жағымды және жағымсыз әдеттердің ара жігін ажырату үшін жақсылық насихаттaлып, жаман әрекеттерге тыйым болуы қажет [2,14].

Адам қоғамының барлық түрінде де тыйымдар қажет. Тіршілік болған соң ақ та, қара да кездеседі. Осы кереғарлықты шешуіміз үшін құқықтық нормалар сияқты тыйым сөздерді шешуші құрал ретінде пайдалана аламыз. Ізгі тәрбие құралы болып табылатын тыйым сөздерді мазмұнына, тәрбиелік мәніне қарай зерттеуші ғалымдар бірнеше топқа бөлген екен. Мысалы: А. Құралұлы тыйым сөздерді былайша топтастырған: адамның әрекетіне, әйелге қатысты, балаға, малға, киімге, қару жараққа, өлікке, аңшылыққа, тамаққа қатысты тыйым сөздер.

І. Кәкенова: адамгершілік, имандылық, эстетикалық, патриоттық, экологиялық тәрбиеге байланысты айтылатын тыйым сөздер десе [2,13], Е. Сағымбаев үлкен екі топқа бөлген: біріншіден, адамның түрлі қарым-қатынасына байланысты; екіншіден, табиғаттағы тылсым күштерінен, аруақтың қаһарынан, пәле-жаладан қорғануға арналған тыйым сөздер [2,1].

Осының ішінен біз төрт-түлік малға қатысты тыйым сөздерге тоқталғымыз келеді. Халық байлығы жасыл жайлау мен үйір-үйір болып жайылып жүрген төрт түлік мал болған. Малды жол жүрсе, жауға шапса, мал бақса, көлік ретінде; ризалығын, алғысын білдіру мақсатында сый ретінде; ас ретінде қолданған. Қазақ халқы төрт-түлік малдың қадірін жан жақты білген, өзінің өміріне тірек еткен. Мәселен, жеті қазынаның бірі болып табылатын – жүйрік атты алатын болсақ, оның көмегімен Исатай, Махамбет, Қасым, Наурызбай, Қабанбай сияты қазақ батырлары елін, жерін, тілін, ділін, салт-дәстүрін, әдет- ғұрпын қорғаған. Төрт-түлік малдың қадірін, өзгелерге қарағанда, дәл қазақ халқындай жақсы білетін әрі қадірлейтін халық кемде кем шығар. Бұған дәлел ретінде бізге жетіп отырған төрт-түлік мал жайлы жүздеген тыйым сөздерді келтіре аламыз. Оларды да өз ішінен бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.



  1. Жас малға байланысты: «Жас малдың мүйізі шығар кезде оны сипамайды» – мүйізі қисық болады. «Жас малдың арқасын сипамайды» – өспей қалады. «Жас малдың тістерін санамайды» – мал өлім - жітімге ұшырайды. «Жас бота тұрған киіз үйдің белдеуіне бөтен адамның атын байлатпайды» – егер бөтен адам ботаны көріп қойса, көз тиеді.

  2. Мал тұратын орынға байланысты: «Ораза кезінде малдың орнын ауыстырмайды» – иесі өкпелейді. Мал қорада дәрет сындырмайды» – малдың желіні іседі, сүт қайтады. «Түн ішінде қорадағы малды санамайды» немесе «Қораның ішінде ысқырмайды» – мал жусап жатқан қорада бақ жатады, тыныштықты бұзса, мал тыныштығы бұзылады. «Мал қораның үстіне шығуға болмайды» сөзінің мәні: қораның үстіне мінгеде әртүрлі дыбыстар шығып мал үркиді, қораның ішіндегі тыныштық бұзылады. «Мал қораға түн ішінде шала жанған от алып кіруге болмайды» – себебі, жарық дұрыс түспегендіктен қораға кіріп келген адамнан мал шошып кетеді немесе отты үрлеп қалғанда шоғы түсіп қора өртеніп кетуі де мүмкін.

  3. Малға пайдаланылатын құралсаймандарға байланысты:

«Малдың алдына бос ыдыспен шықпайды» – сүті азаяды. «Мал әбзелдерін лас жерге, аяқ астына тастамайды» – тазалықтың кепілі. Лас жерде әбзелдер кірлеп қалады, аяқ астында жатқан кезде біреулер басып кетіп сынып қалады.

  1. Мал бағатын адамның ісәрекетіне байланысты: «Малшыға көктемде далаға жалаң аяқ шығуға болмайды» – отарына суық тиіп ауырады. «Малшылар беті қолын жумай мал шығармайды» – ұйқысы ашылмай ұйықтап кетуі мүмкін, сол кезде малға ұры түссе немесе қасқыр келседе, байқамай қалады. Сол себептен «мал өлім-жітімге ұшырайды» дейді. «Малшы мал бағатын таяғын басқа біреуге бермейді» – басқа адамның жағымсыз энергиясын өзіне тартып алады. Таяқты жоғалтып алуы мүмкін. «Қой баққанда ысқырмайды» – бұл сөздің мағынасы: Ысқырып жыланды ғана шақырады. Яғни, ысқырған кезде жылан келуі мүмкін, сол кезде оттап жатқан малдың тыныштығы бұзылады, жан–жаққа шашырап кетеді. «Малға теріс қарап мінбейді» – адам теріс қарап тұрған сәтте артында не болып жатқаның көрмейді. Мал орнынан жылжып немесе теріс тұрып алуы да мүмкін. Сол мезетте адам денесін мерт қылып алады. Сонымен қатар: «Малдың жанында отырып, тізеге салып ағаш сындыруға болмайды» – малдың аяғы сынады. «Он екі мүшесінің бірі кем адам қойға қошқар жіберуіне болмайды» – қозылар сондай болып туы мүмкін. «Қойдың мүйізін, жүнін өртемейді» [3] – қорадағы қойдың сүйегі сырқырайды. «Малдың кемшілігін айтпайды» – мал ауырады немесе сүт бермей қояды. «Түн ішінде мал бермейді» – сол берілген малмен бірге малдың құты да, сол үйдің байлығы да кетеді. «Бөтен адамға таңертен мал шығаруға болмайды» – бөтен адамды танымағандықтан, мал үркіп, тұрған жерінен шықпайды немесе жан– жаққа қашып кетеді. «Сойылған малдың қанын түлік көзінше төкпейді» – мал оны көріп иіскей бастайды. Үркіп орнына тұрмай

қояды. Сүт бермей қоюы да мүмкін. «Ат құйрығын кеспейді» – адам өлгенде ат тұлдап, құйрығын кеседі, соған ұқсамасын деген ойдан туған тыйым сөздер де бар.

Тұжырым шығарудың өзі қаншалықты даналықты, білімділікті, зеректілікті қажет ететіндігін білеміз. Егерде төрт түлік малдың қасиетін жан-жақты меңгермеген, қадірін түсінбеген халық болатын болсақ, төрт-түлік малға қатысты осыншама тұжырым шығара алмас едік. Мұндай тыйымдар естіп, біліп, өсіп келе жатқан жастарымыз төрт-түлік жайлы толығымен ақпарат ала отырып, не істеп, не істеуге болмайтынын жітік білетін болады. Малды өз көзімен көрмеген, қолымен ұстамаған адамның өзі, төрт-түлікке қатысты тыйым сөздерді біле отырып малдың қадірін түсінері сөзсіз.

Сонымен қатар, төрт-түліктің «ағын да» қадір тұтқан халықпыз. Ақ деп отырғанымыз бұл: сүт, айран, қымыз, қатық, шұбат, тағы сол секілді сүт тағамдары. Аққа қатысты: «Ақты баспа», «Ақты төкпе»,

«Жерге төгілген сүтті баспа», «сүтті үрлеп ішпе» деп жатамыз. Өйткені төгілген ақты баспау мал желінінің ісіп кететіндігімен, ал сүтті үрлеп ішуге болмайтындығы сүттің майлығы азаяды деп түсіндірілген. Осындай сөздер арқылы ата-бабаларымыз жас баланың санасына қоршаған орта, табиғатқа деген ізгі сезімдерді ұялатуды көздеген. Ал баланың жас кезінен жүрегінен орын алған мұндай мейірімділік сезімдер оның тұла бойында өмір бойы сақталары сөзсіз. Себебі, мал өзінің төлін алғашқыда сүтімен асырайды, адам баласыда анасының ақ сүтімен өседі. Ал өзіне күш беріп,анасының мейірімін алғашқыда «ақ» арқылы сезген әрбір адам баласы ешқашанда «ақтың» қасиетін, қадірін ұмытпайды.

Сонымен, қазақ халқының тыйым сөздері - санада сақталған, ауыздан - ауызға таралып, сөзбен өрілген дала заңы. Көзі жеткен ақиқаты мен таным тереңдігін танытар түсінігі [4,43].

Тыйым сөздер – халықтық тәлім тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. «Тыйымсыз елдің жастары дуана» деп айтылатын қазақ мәтелінің астарында қоғамдық тәжірибеден туындаған ой тұжырым жатса керек. Демек, тыйым – халықтық педагогиканың құрамдас бөліктерінің бірі.


Әдебиет

  1. Сергелтаева, К. Халық тағлымы адастырмас сара жол / К. Сергелтаева. // Этнопедагогика.- 2007.- №6.

  2. Кәкенова, І. Тыйым сөздер – тәрбиенің өлшемі / І.Кәкенова. // Тәрбие құралы.- 2009.- №3.

  3. Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. Т.2. - Алматы: Сөздік — Словарь,

2007.

  1. Салқынбай, А. Тіл. Таным. Білім. /А.Салқынбай. - Алматы, 2008.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   114




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет