Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
273-бап. Заңсыз әскерилендiрiлген құраманы ұйымдастыру 1. Заңсыз әскерилендiрiлген құрама (бiрлестiк, отряд, жасақ немесе өзге де топ) құру, сол сияқты осындай құрамаға басшылық жасау, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз екi жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Заңсыз әскерилендiрiлген құрамаға қатысу, - үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мерзімдегі түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Заңсыз әскери құрамаға қатысуын ерiктi түрде тоқтатқан және қаруы мен әскери жабдығын тапсырған адам, егер оның iс-әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкершiлiктен босатылады. 274-бап. Бандитизм 1. Тұрақты қарулы топ (банда) құру, сол сияқты осындай топқа (бандаға) басшылық жасау, - мүлкi тәркiленiп он екi жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Тұрақты қарулы топқа (бандаға) немесе ол жасаған шабуылдарға қатысу, - мүлкi тәркiленiп он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi адам өз қызмет бабын пайдалана отырып жасаса, - мүлкi тәркiленiп он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 275-бап. Үйлерге, ғимараттарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау 1. Үйлерге, ғимараттарға, қатынас және байланыс құралдарына, өзге де коммуникацияларға шабуыл жасау, сол сияқты оларды басып алу, - үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; б) бірнеше рет; в) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолдана отырып; г) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын басқа заттарды қолдана отырып; д) пайдакүнемдiк ниетiмен немесе жалдау арқылы; е) мемлекеттiк органдардың немесе мемлекеттiк мекемелердiң ғимараттарына қатысты жасалса, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер оларды қылмыстық топ жасаса немесе абайсызда кiсi өлiмiне немесе өзге ауыр зардаптарға әкеп соқса, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз сегiз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.