Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
469-бап. Әскери мүлiктi қасақана құрту немесе бүлдiру 1. Қару-жарақты, оқ-дәрiнi, қозғалыс құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлiктi қасақана құрту немесе бүлдiру - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан, не күш қолданып немесе оны қолданбақшы болып қорқытып, сондай-ақ адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаған дәл сол әрекеттер, - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдайларда жасалған әрекеттер, - бес жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған әрекеттер,- он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 470-бап. Әскери мүлiктi абайсызда құрту немесе бүлдiру Қару-жарақты, оқ-дәрiнi, қозғалыс құралдарын не әскери техника заттарын абайсызда құрту немесе бүлдiру ауыр зардаптарға әкеп соқса - бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 471-бап. Әскери мүлiктi жоғалту Қызметте пайдалану үшiн сенiп берiлген қару-жарақты, оқ-дәрiнi немесе әскери техника заттарын сақтау ережелерiн бұзуы, егер бұл олардың жоғалуына әкеп соқса, - екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.