Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
204-бап. Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнiң шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иелену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды өңдеу 1. Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнiң шығарылуының заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды iрi мөлшерде тасымалдау, иелену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды өңдеу, - үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Ірі мөлшерде жасалған дәл сол әрекет - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген: а) бірнеше рет; б) қылмыстық топ жасаған әрекет, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 205-бап. Авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу 1. Авторлық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiлерiн заңсыз пайдалану, сол сияқты өткiзу мақсатында авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiлерiнiң контрафактiлiк даналарын сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе дайындау, не авторлықты иеленiп алу немесе тең авторлыққа мәжбүрлеу,- мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер, егер олар елеулі мөлшерде жасалса немесе авторға немесе өзге құқық иеленушiге елеулi залал келтiрсе немесе олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне айтарлықтай зиян келтiрсе, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген: а) бiрнеше рет; б) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; в) iрi мөлшерде немесе iрi залал келтiрген; г) адамның өз қызмет бабын пайдалануымен жасалған әрекеттер, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз, мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған әрекет, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.