Якутияға, одан Түркістанға жер аударылды, А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы Семей түрмесіне
жабылып, босатылысымен бірі өз таңдауымен Орынборға, екіншісі Түркістанда бас сауғалап жүріп,
1913 жылы ғана Орынборда «Қазақ» газетін шығара бастаған А. Байтұрсынұлына келіп қосылды.
«Алаш» жетекшілері халқының сайлау құқын қалпына келтіру, саяси-экономикалық мүддесін 1907-
1912 және 1912-1917 жылдары жұмыс істеген ІІІ және IV Дума құрамындағы кадет, мұсылман және
Сібір депутаттары фракциялары арқылы қорғауға мәжбүр болды. Ол туралы «Қазақ» газеті жарыққа
шыққан 1913 жылғы бір мақаласында Қыр баласы былай жазды: «Өткен жылы (1912 ж.) ІІІ Дума
тарқарда Дума өз үйін түзетуге ақша бермек болып закон жобасы қаралған еді; сонда Қазан
депутаты Мақсұдов сөйледі: «Сіздер Думаның үйінің төбесін түзетеміз деп отырсыздар, әуелі
Думаның өз төбесін түзетіңдер. Түркістаннан, қазақ жерінен Думада бір депутат жоқ. Осы
облыстарға депутат беріңдер» деп. Биыл (1913 ж.) Мәскеу депутаты Шепкин осы жоғарыда закон
қаралғанда сөз сөйледі: «Бұ қалай, Түркістанның, қазақ жерінің сөзін Забайкал, Харкоб депутаты
тұрып сөйледі, бұлардың өз депутаты қайда? «Үшінші июнь» ақсақ законын түзету керек», – дейді»
Қысқасы, қазақты саяси құқынан айырған «3 маусым» заңын бұздыра алмаса да, Алаш жетекшілері
Дума мен оның депутаттарының көмегін мейлінше кең пайдаланды. Мысалға олардың талап-тілегі
бойынша, Ресей патшасы қазақтың дербес атты әскер жасақтауынан сескеніп, І Дүниежүзілік
соғыстың Батыс майданына қара жұмысқа алынсын деген 1916 жылғы «25 маусым» жарлығын
шығарды. Сол жылдың жазында Ә. Бөкейхан IV Думадағы мұсылман фракциясы Бюросына
қазақтың ресми өкілі болып кіріп, қазан айында қазақтың екінші өкілі етіп М. Шоқайды алдырады .
Ондағы мақсат: қазақ жігіттерін Батыс майданға қара жұмысқа алуын 1916 жылдың соңы – 1917
жылдың басына қарай созу, майданға алынған жігіттердің жұмысын жеңілдету, екіншіден – «25
маусым» жарлығын өрескел жүзеге асыруға қарсы көтерілген 1916 жылғы халық толқуын аяусыз
басып-жаншыған үкіметтің әрекетін Дума депутаттары – А. Керенский, Қ. Тевкелев арқылы
парламенттік тергеуге алып, әшкерелеу болды.
Қорыта келгенде, ХХ ғасыр басындағы қазақтың «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасып,
нығайып, алға қойған стратегиялық мақсат-міндеттерін жүзеге асыруына Ресей Мемлекеттік
Думасының қосқан үлесі, алатын орны өте зор болды. Алаш зиялылары мен жалпы қазақ
қоғамында «халық билігі» («демократия»), «парламентаризм», «құқықтық мемлекет», «жергілікті
өзін-өзі басқару» (земство) сынды демократиялық ұғымдардың берік қалыптасуына ықпал етті.
Мемлекеттік Думаның 300 ғасырдан астам билеп-төстеп келген Романовтар әулетін тақтан бас
тартуға көндіріп, 1917 жылғы Ақпан төңкерісін жүзеге асыруға қосқан үлесі тіпті шексіз еді. 1917
жылы саны 6,5 млн-нан асқан қазақ халқының сайлау құқын қайтарып берген Уақытша үкіметті
жасақтаған да IV Дума болатын.
Достарыңызбен бөлісу: