Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.)
Мұхаммед (с.ғ.с.) – жұмыр жерде мекен еткен адамзат тарихындағы арғы-бергі уақыттардағы әлемге әйгілілердің ең ұлығы. Бұл пікірді айтуыма негіз болған арқа сүйер тіректерім:
Американ қаламгері Майкл Харттың «Тарихтағы ең ықпалды 100 адамның тізімі» - атты кітабы.
Мәскеудің «Вече» баспасынан жарық көрген «100 великих...» сериясының кітаптарындағы танымдық дүниелер.
Әртүрлі баспадан шыққан әлденеше жылдарда жарық көрген кітаптар, газет-журналдарда жарияланған мақалалар мен материалдар.
Майкл Харттың еңбегінің алғашқы басылымы 1978 жылы шыққан. Бұл кітап осыған дейін дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған. Харттың әлем тарихындағы айтулы тұлғаларды олардың адамзат әлемінің дамуына жасаған әсер-ықпалы бойынша жіпке тізгендей нөмірлеп, классификацияға түсірген. Оның бұл еңбегі өзінің әділдігімен мойындалып келеді. Бір кереметі: «100 ұлы тұлға» кітабының қай жылғы басылымында да бірінші орындағы адам болып – қасиетті Мұхаммед пайғамбар танылыпты.
Тарихқа аса күшті ықпал жасаған арғы-бергідегі тұлғалардың арасында дін саласында да, Зайырлы өмірде де мұншама аса табысты болған адам осы Мұхаммед (с.ғ.с.) екендігі анық. Ол ең ұлы әлемдік діндердің бірінің (Исламның) негізін қалады, әрі таңданарлықтай табыстарға қол жеткізген саяси көсем де бола білді. Бүгінгі таңда да, қайтыс болғанына он төрт ғасырға жуық уақыт өтсе де оның ғаламат істерінің әлемге әсер-ықпалы аса қуатты күйінде тұр.
Мысалы, Мұхаммед Пайғамбарымыздың ұлылығын мойындаған кейбір әлемнің атақты адамдарының пікірлеріне зер салсақ:
Гете: «Біздер, Европа халықтары, мәдениетіміз айрықша дамығанымен, Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес».
Ламартин: «Ұлылардың ұлылығы немен өлшенсе онымен өлшенсін, бірақ Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) ұлылығынан ұлы әлемде пенде жоқ».
А.Бесант: «Егер дүниеде халықты дін қағидаларымен соңынан ерте білген біреу болса, ол – Мұхаммед (с.ғ.с). Ол өзін ешқашан асыра бағаламады. Пайғамбар болу еш күмәнсіз оған тән еді. Қазір оның өмірі мен асыл мұратын түсінген кім болса да, оның ұлылығына бас иері сөзсіз».
Мұхаммед араб тілінен аударғанда «қалаулы, мақтаулы, таңдаулы» деген ұғымды береді. Әкесі – Абдуллаһ Мекке қаласының тұрғыны. Арабтың Құрайыш тайпасынан, оның ішінде Хашим руынан. Анасы – Әмина Уаһабқызы, Зуһра әулетінен, Құрайыш руынан. Әмина – қазақша «махаббатқа адал» деген сөз. Әкесі – Абдуллаһ сауданы кәсіп ететін. Ол туғанда әкесі қазіргі Сирия мемлекеті жерінде сауда сапарында екен. Содан Меккеге қайтып келе жатқан жолда қайтыс болғандықтан, ұлының туғанын көре алмай кетті. Мысырлық астроном Махмұд ел-Фелекінің есебі бойынша Мұхаммед (с.ғ.с) 571 жылы сәуірдің 20-сында Аравия жарты аралында, Меккенің қарапайым отбасында, дүйсенбі күні таңға жақын дүниеге келді. Кейбір деректерде 570 жылы туып, 632 жылы қайтыс болған. Түндердің ең ұлығы – Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған түні Мәуліт түні осыдан бері аталып келеді. Атын атасы Абдул-Мутталиб «Мұхаммед» («мақтаулы») деп қояды. Мекке ақсүйектерінде сол кездегі дәстүрі бойынша балаларын қала сыртындағы тайпаларының әйелдеріне еміздіріп бақтыратын. Себебі, Меккенің ауасы өте ыстық, кішкене сәбиге ауыр тиетін. Сағд тайпасынан Халима атты әйел емізу үшін Мұхаммедті алуға келгенде, оның жетім екенін біліп, екі ойлы болып қалады, бірақ алғаннан кейін артынан қуанады. Халима оны өз баласындай жақсы көрді. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар үш жасқа дейін осы сүт анасы Халиманың тәрбиесінде болады. Мұхаммед (с.ғ.с) алты жасқа келгенде өз анасымен бірге Мединеге барып, әкесінің басына зиярат етіп қайтіп келе жатқанда анасы Әмина қайтыс болады. Жетім қалған Мұхаммедті атасы Абд-әл-Муталиб өз тәрбиесіне алады. Алайда, атасы да дүниеден өтіп, немере ағасы Әбуталибтің қолында ер жетті. Оны ағасы сауда ісіне баулиды, содан ол он үш жасқа келгенде Меккелік дәулетті әйел Хадиша бинт Хуаймедтің сауда ісін жүргізеді. Мұхаммед (с.ғ.с) жас кезінен әділдігімен, әдептілігімен, көркем мінезімен ерекшеленеді. Оның өз атынан басқа Ахмет, Махмұт, Мұстафа, т.б. қасиетті есімдері болды.
Жасы жиырма беске келгенде Пайғамбар қырық жастағы Хадиша анамызға үйленді. Хадиша өз өмірінде өмір бақи адал жар, сүйеніш-қамқоршысы бола білді. Ислам дінін алғашқылардың бірі болып қабылдады. Әркезде де оның материалдық жағынан қамқоршысы, рухани тұрғыдан қолдаушысы, өмірде сүйікті сыңары, балаларының анасы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |