Бағдат Оралбайұлы «Тегімізді тануға талпыныс»



бет36/153
Дата06.01.2022
өлшемі11,37 Mb.
#12762
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   153
Абд ал-Джалил баб

немесе Хорасан ата
XXI ғасыр-өркениет пен руханият ғасырына айналуда. Мұндай заманға береке-бірлігі ұйыған, экономикасы күшті, білімді де білікті Ел ғана қол жеткізбек. Еліміздің рухани жағынан өсуі, ең бастысы, иманы кәміл зиялы қауымның қолында. Аллаға шүкір, өткенімізді електен өткізуде, сірескен сең бұзылып, тоң жібігелі де жиырма үш жылдан астам уақыт болды. Ата-бабаларымыз осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын исламды таңдаған. Олай болса сол асыл діннен бізді ешкім де ажырата алмайды. Ол біздің қанымызда, жанымызда. Ислам діні біздің өмір салтымыздың, мәдениетіміздің және тарихымыздың терең тамырында жатыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Тегіміз түрік, дініміз ислам» екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап, ғасырлар бойы халықтың өміршең рухани-моральдық құндылықтарымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен кірігіп, діні мен дәстүр бірлігін құрап отыр. Бүгінгі күндері тарихты жаңа методология тұрғысынан таразылап, қайта сабақтау бағыты бекем қолға алына бастады. Сондықтан, тәуелсіздігіміздің тірегі исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау, ұлықтау, қорғау, одан әрі дамыта түсу бүгінгі ұрпақтың міндеті.

Араб Халифатының құрылуына орай олар өзге елдерге ықпалын тигізу мақсатында Ислам дінін VII-VIII ғасырдан бастап тарату жолына түседі.

Осы мақсатта, Иран мен Тұран Бағытында қазіргі Орта Азия мен Қазақстанға және Европа еліне исламды таратушылар қатарында Абдірахман баб, Ысхақ баб және Абд ал-Джалил Бабтар болды. Олар өз ықпалын таратқан жерлерінің бәрінде халықты ислам дініне уағыздап, мешіт-медреселер ашып, сауаттандырып, сол елдің мәдениетінің өсуіне зор көмегін тигізіп отырған. Біз сөз еткелі отырған ислам дінін таратушылардың бірі Абд ал-Джалил баб немесе Хорасан ата жөнінде не білеміз, кім болған, жауап іздеп көрейік!

Абд ал-Джалил Баб (лақап аты Хорасан Ата) Пайғамбарлардың Пайғамбары, ең соңғы Пайғамбар, Алланың расулы-Мұхаммедтің (с.ғ.с) немере інісі және күйеу баласы Хазіреті Алидің (Али ибн Абу Талип ибн Абд ал Муталип) Мұхаммед Ханафия, Абдул-Фаттах, Абдул-Жаббар, Абдул-Кахар және Абдул – Рахманнан кейінгі 6-шы ұрпағы.

Хазіреті Али Хазірет Әбу Бакір Сыдық, Хазіреті Омар ибн Аль-Хаттаб және Хазіреті Османнан кейінгі төртінші халиф. Оның әкесі Абу Талип пен Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың әкесі Абдулла Абд ал-Муталибтің балалары. Хазіреті Али Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қызы Фатимаға және Рум патшасының қызы Ханафияға үйленген. Ханафияның Хазіреті Алиден туған ұлының атын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Мұхаммед-Ханафия» деп өзі қойған. Бұл есім біздің елімізде халық арасында ауызекі айтылғанда Ханипа, Әнипа, Әнәпия және тағы басқа аттармен аталады.

Орта Азия мен Қазақстанға «Ислам аша» келіп, осы елде мәңгілік пір болып қалған Абд ал-Джалил Баб, Табғаш Сатук Богра Қарахан атанған Абд ар-Рахим Баб (Әулие Ата) осы Мұхаммед Ханафиядан тарайды. Сатук Богра хан 915-955 жылдар аралығында Қарахан мемлекетінің билеушісі болған.

Орта Азия мен Қазақстанға Ислам дінін әкелуші үш Баб Шамнан (Сирия) шығып Шамотқа, одан Хорасанға (Иран) келеді. Хорасаннан Балхқа, одан Ауғанстанға, одан Бұхараға, Самарканд және Шаш (Ташкент) қалаларына келіп мұсылман дінін таратады.

Шаш қаласынан кейін үшеуі үш бағытқа бөлініп, Абд ар-Рахим Баб Аргу, Тараз, Жетікент еліне, Ысқақ Баб Сайрам (Испиджаб), Қарғалық елдеріне аттанады. Ал, Абд ал-Жалил Баб Сыр өзенін жағалап Сүткент, Зернұқ, Отырар, Иассы, Сауран, Сығанақ және Сырдарияның сол жағалауындағы Оғызкент (Өзкент), Баршынкент, Шахаркент, Жаркент қалаларының халқын Ислам дініне енгізеді.

Сафи ад-Дин Орун Қойлақидың «Насабнамасы» мен Хорасан Қожалар шежіресінде аталған үш Бабтың Ислам дінін аша келген уақытын «Хижраның 150 жылы» еді дейді. Бұл уақыт қазіргі жыл санақ бойынша 767-768 жылдарға сәйкес келеді. «Насабнамадағы» мәліметтер 27 мөрмен дәйектелген.

Абд ал-Джалил Бабтың Хорасан Ата аталуын тарихшылар оның Ирандағы Хорасан қаласының билеушісі болғанымен және адамды жаппай өлімге душар ететін «қорасан дағы» бар шешек ауруын емдеп, аман алып қалумен байланыстырады.

Хорасан ата кешенінде Абд ал-Джалил Бабтан басқа оның ұлы Сұлтан Хусейн ата және ұрпағы Құдайқұл қожа жатыр. Хорасан атаға зиярат етіп келушілер алдымен ұлы Хусейн атаға, содан кейін Хорасан Атаға зиярат етеді. Аңыз бойынша Хорасан атаның өзі алдымен Хусейн атаға зиярат етуді өсиет етіп қалдырған. Зиярат етушілер Алладан Хорасан Атаның құрметін, денсаулық, ұрпақ және тағы басқаны сұрап жатады.

Абд ал-Джалил Баб-Хорасан ата кешеніндегі мешітте Абд ал-Джалил Баб ұстаған ту бар. Ол туда «Аллаху ахад», «Мұхаммед уа Али» деген сөздер мен «Али» аты төрт қайтара жазылған. Кейбір тарихшылар мен ғалымдар туды майдан даласындағы жаужүректілігі үшін «Исламның Арыстаны» және «Сайфл-Ислам», «Исламның қылышы» атанған Хазіреті Али ибн-Абу Талиб ұстаған ту деп жорамалдайды.

Арада XIV ғасыр өтсе де, Хорасан ата кесенесіне зиярат етушілер легі бір сәт те толастаған емес, қайта уақыт өткен сайын арта түсуде. Бүкіл түркі дүниесі пір тұтқан Қожа Ахмет Йассауи (XI-XII) бабасы Хорасан Атаға зиярат ете келіп былай дейді екен:
Бабам Хорасан, келді арасан,

Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң.

Мүшкіл халімді қылғайсың әнсән,

Рақым ете көр, Бабам Хорасан!

Сексен шайхыны жаныңда көрдім

Тоқсан машайхты артыңда көрдім.

Қаһба махаллаңның алдында көрдім,

Рахым ете көр, Бабам Хорасан!

Сұлтан Хұсайынның ұлы боларман,

Рахым ете көр, Бабам Хорасан!


Ал «Қобыланды батыр» эпосындағы негізгі кейіпкер Қобыландының әкесі Тоқтарбайдың Хорасан Атаға зиярат етіп келуі былай сипатталады:
Әулие қоймай қыдырып,

Етегін шеңгел сыдырып.

Әулиелерге ат айтып,

Хорасанға қой айтып.

Қабыл болған тілегі,

Жарылғандай жүрегі.


Хорасан атаның басына сан ғасырлар бойы қаншама ұрпақ келіп түнеп, сыйынып, бірі ауруынан айықса, екіншісі бала сұрап алады екен. Бұл жөнінде мысалдар өте көп. Бүгінгі күндері зиярат етушілер саны арта түспесе, ешбір толастаған емес.

Мысалы, Түркия мемлекетінің зиялысы, осы елдің ғылым министрі болған, Түркі жұртына ардақты, сыйлы азамат Кемал Зейбек мырза 1997 жылы өзі бас болып Хорасан Атаны пір тұтып, арнайы келіп, зиярат етуім, басқа да алыс мемлекеттердің жұртшылығының назар аудара бастауы деп түсіну керек. Баба өмірінің осындай асыл қасиеттері оның тұлғасын барған сайын, уақыт озған сайын биіктете түсуде. Әлемдегі қай халықты алсаңыз да, өткендегі тарих жолын танып білуге ұмтылып, қатпарлы жол тарих қойнауынан оңайлықпен сырын аша бермейтін рухани қазына көздерін түрткілеп, іздене түсуі озық халықтардың бәріне тән кәнігі құбылыс. Ілгеріде өткен бабаларымыз бізге рухани мол мұра қалдырып кетті. Оларды игеріп қана қоймай зерделеп, қастерлеуіміз де керек. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері халқымыздың рухани тіршілігінің үлкен қайнар көзінің бірі – Қасиетті Ислам дінінің де жол арнасы кеңи бастағаны анық. Өйткені Ислам қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-санасының мызғымас бөлігі, тіпті елдігіміз, бүгінгі тәуелсіздігіміз де.

Жасыратыны жоқ, атеизм үстемдік еткен дінмен күрес жылдары мешіт-медресе, кесенелер зардап шекпей қоймады. Кеңесшіл жүйе қатты шүйліккен кезеңдер еді. Бұл жүйе зымиян тәсілдермен ғибадат және діни оқу орындарын жоюға белсене кіріскенмен ескі қорым, мазараттар маңындағы кесенелерді бұзуға халықтан қаймыққан тәрізді. Сол себепті тарихи тұлғалар, әулиелер мен абыздар, дін ғұламалары басына қойылған кесенелер біздің уақытымызға жетті.

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы «Жаңарық» елді мекенінен жиырма шақырымдай жерде орналасқан осындай күмбезді кесененің бірінде Абд ал-Джалил Баб мәңгілікке орын тепкен.

1992 жылдан бастап жергілікті жердің тұрғындары кесенені өз қамқорлықтарына ала бастады. 1995 жылы кең көлемде ас берілді. 2007 жылы аудан әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Орта Азия мен Қазақстанға исламның келуі және ондағы Хорасан атаның ролі» - атты Халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық конференция, ақындар мүшайрасы және құран оқу жарысы болып өтті.

Хорасан ата рухы мен оның қадір-қасиетіне зиярат етушілердің саны ғана емес, географиялық ауқымы да арта түсуде. Соңғы жылдары таяу шет мемлекеттерден, оның ішінде Ресей Федерациясынан зиярат етіп келушілер көбеюде, олардың былтырғы саны 300-500 аралығында болды. Сондықтанда, Хорасан Ата кешенін және оның төңірегін көркейту – көгалдандыру қолға алына бастады. 2012 жылы «Қазақстан атом өндірісі» ұлттық компаниясына қарасты «Байкен U» ЖШС басшылығының көмегімен электр тартылып, электр жарығымен толықтай қамтамасыз етілді. 2013 жылдың 23 наурызы күні жергілікті тұрғындардың ұйымдастыруымен Хорасан Ата төңірегінің біраз жері қоршауға алынып, 500 түп әр түрлі жеміс ағаштары отырғызылды. Осы күні Қызылорда облысының әкімі К.Е.Көшербаев арнайы ат басын бұрып, өз атынан алма көшетін отырғызып қолғабыс тигізді және сонымен бірге Хорасан ата кешеніне дейінгі жолдың жөнделуіне көмегін тигізетінін жеткізді.

2013 жылдың 23 қарашасы күні елге танымал азамат Дуппа Әмір Әлиевтің демеушілігімен күн-райы мен жерінің топырағы жобалас келетін Өзбекстан мемлекетінің Бұхара өңірінен 500 түп әр түрлі жеміс ағаштары жеткізіліп, қоса егілді.

Жергілікті халықтың ұйғарымы бойынша әр жылдың 23 наурызы күні Хорасан ата кешенін көркейту-көгалдандыру және абаттандыруға ат салысу, кездесу күні болып келісілді. Осы келісімнен туындаған мына арнауды жариялағанды жөн деп есептедім.


Хорасан Ата – тереңде жатқан тарихсың,

Бақилық жерді елінен Сырдың тауыпсың.

Сан ғасыр жылдар арада өтіп кетсе де,

Мәңгілік ойда, санасындасың Халықтың.


Хорасан Ата – Халқыңның болдың тірегі,

Сан адам келіп өзіңнен медет тіледі.

Бүкіл түркі дүниесі пір тұтқан,

Йассауиде келіп зиярат етіп түнеді.


Хорасан Ата, руға, ұлтқа бөлмедің,

Ауру жанды шапағатыңмен емдедің.

Алла мен адам жақындастырып арасын,

Көңілін таптың шарасыз келген пенденің.


Хорасан Ата – бірлікке тарттың халықты,

Бірлігі жоқтық Еліміз үшін қауіпті.

Адалдық, шындық, ынтымақ, иман іздеген,

Тектілігіңнен де, болмысыңнан да тауыпты.


Хорасан Ата – Исламның нұрлы күнісің,

Мұсылмандардың өнеге тұтқан пірісің.

Айқастың жаумен, төгілді қасық қаның да,

Шаһид боп жатырсың Мұхаммед – Ислам діні үшін.


Хорасан Ата – жаннатта болсын жаныңыз,

Ақыретіңде ақли иман табыңыз.

Дініне саяз, ділін жоғалтқан жандарға,

Дін Исламның шамшырағындай жаныңыз.


Хорасан Ата – кір келтірмеспіз атыңа,

Дақ түсірмеспіз асылдан туған затыңа.

Жалғастырамыз ілімің менен дініңді,

Берікпіз әркез өсиетің мен хатыңа.


Абд Жалил Баб әулиелердің асқар шыңы,

Бабадан желбіресін қалған туы.

Ағайын Хорасанда жиналайық,

Әр жылдың 23-наурыз күні.


Елдің рухын серпілтіп, еңсесін көтерген, өткенімізді зерделеу арқылы болашағымызды бағамдаудың ерен үлгісін паш ететін: «Мәдени мұра» бағдарламасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы екенін барша жұрт біледі. Халық мұрасына мұндай нақты қамқорлық – біздің мемлекет ретіндегі мерейіміз, ұлт ретіндегі ұлы жетістігіміз болып табылады. Тарихы тереңде жатқан осындай ұлы тұлға рухани қазынамыз «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мемлекетіміздің қаржылай қолдау қорына алынуын асыға күтеді. Қасиетті жауһарлар да уақыт ықпалында, заман өткен сайын қажетті жөндеулерді қажет етері даусыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   153




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет