Ббк 81. 2 С 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет15/21
Дата21.01.2017
өлшемі1,64 Mb.
#2324
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21

сойылға  жығылып,  сорпа  ішіп  жатқандар  бар  (Төбет  би), 
сілтеген сойылдың бата тигенінен кейде қате тигені көп бола-
ды (Қабанбай сөзінен); «Жә, сұлтан, сабыр ет. Әлден от алып, 
қамысқа түсіп қайтесің. Айтаққа жүгініп, арыла сөйлейтін 
кез алда... (Абылай хан сөзінен); «біздің айтар сөзіміз – жаптым 
жала, жақтым күйе емес, сорғалаған қан, сойдақталған ізбен 
келіп отырмыз... (Шекті биі Сырлыбайдың сөзінен). Романның 
бас  кейіпкерінің  бірі  –  Абылай  ханның  аузы  әмір-бұйрықты, 
ақыл-кеңесті,  әділ  алғысты  ғана  емес,  әсерлі  сөзді,  жүйелі-
ойлы болып келеді. Абылай кей-кейде шешендерше көсіледі: 
«Уа, қара ағаштай қалың найман! Дара туған Дарабоз!... Хан 
жарлығына  құлақ  асып,  Түркістанды  тұғырына  қондырдың. 
Сырдың  бойын  сыпыра  сүзіп,  талас  қала  Тәшкентке  қол 
ұшын бердің. Ата жауды Алатаудан аластап, Жетісудан жел-
келеп қуып шыққанда да, майданның қызу ортасында сендер 
жүрдіңдер. Алаш ұранды ағайыннан аянып қалған жерің жоқ 
(1-кітап, 350-бет).
Бұл  –  Абылайдың  нақ  аузынан  шыққан  сөздің  стенограм-
масы  емес,  оны  жазушы  осылайша  сөйлетіп  отыр.  Мұнда 
қара  ағаштай  қалың,  дара  туған  сияқты  әсірелеген  сөздер, 
тұғырға қондыру, сыпыра сүзу, желкелеп қуып шығу сияқты 
бейнелі фразеологизм – етістіктерді былай қойғанда, т, с, а ды-

204
быстарымен берілген ассонансты-аллитерациялы құрылымдар 
хан  сөзіне  пафосты  үн  беріп  тұр.  Сарбаздарына,  әскеріне 
ризашылығын осылайша білдірмегі – бір жағынан, шындыққа 
саятын («бір өзінде қырық кісінің ақылы бар» хандар қай сөзді 
қай жерде қалайша айту керектігін жақсы білуге тиіс!), екінші 
жағынан,  жазу шы  қаламының  шеберлік  пәрменін  танытатын 
фактілер. Дегенмен, қайталап айталық, жазушы Қ.Жұмаділов 
бұл шығармасында тұтас лирикалық үн сақтауға тырыспаған, 
билерді,  жақсы  мен  жайсаңдарды  барлық  сәтте,  барлығын 
бірдей, тіпті бірінен бірін асырып, суырыла сөйлетіп қоймайды, 
бір  қарағанда,  олар  ситуация  (оқиға,  кезең)  иелері  ретінде 
көрінеді де сол сәттегі қимыл-қарекетіне, ой-пайымына сәйкес 
кәнігі тілмен сөйлеп жатады. Бірақ қара дүрсін емес, жиында, 
талқыда айтатын сөздері күнделікті отбасы, ошақ қасындағы 
ауызекі айтыла беретін дағдысы да емес: жібі (логикасы мен 
тілдік көрінісі) түзу, ойы айқын ана тілі.
«Дарабоз» романының тілі мен жазушы мәнері туралы бұл 
әңгімеміздің  желісінде,  әрине,  авторлық  баяндаудың  стилі 
де  «байқалып  тұр».  Автордың  баяндау  тілі  дегенімізге  оның 
сөзқолданыс,  сөз  таңдау  мәнері,  сөз  қиыстыру  (синтаксистік 
амалдары) жүйесі, жалпы үні (тоны) жататыны белгілі. Әдетте 
белгілі бір жаңа шығарма туралы жарияланып жататын рецен-
зияларда: «Бұл шығарманың тілі жатық, көркем», – деп қысқа 
қайырылған  жалпы  баға  жиі  айтылады  және  ол  «мырзалық» 
ғылым-таным үшін дәнеңе бермейді. Қалайша жатық? (жал-
пы  «жатық  тіл»  деген  не?),  несімен,  қандай  белгілерімен 
жатық  (жатық  дегенді  жағымды  сипат  деп  ұғамыз  ғой)? 
Қалайша, нендей тілдік түзімімен көркем (тілдің көркемдігі 
қалай, неден танылады)? Міне, көркем шығарма тілін сөз ет-
кенде, осындай сауалдар тұрады.
«Дарабоздағы»  барша  оқиғалары  мен  адамдары,  олардың 
ішкі-сыртқы  портреттері  мен  іс-әрекеттері,  қоршаған 
әлеуметтік  ортасы  мен  табиғат  көрінісі  оқырманға  түсінікті 
тілмен  суреттелген.  Ал  түсініктілікті  мағынасы  күңгірт  не-
месе  тіпті  беймағлұм  сөздер  мен  сөз  орамдарының  аздығы 
(немесе  тіпті  жоқтығы),  сөйлемдердің  аса  күрделі  болмай, 
жеңіл  оқылатындығы,  оны  сөйлемнің  көбінесе  ықшам,  аз 
сөзді  болып  құрылуы  қамтамасыз  етеді.  Жазушының  бұл 
туындысындағы  авторлық  тілі  –  осындай.  Баяндау  мәнерінің 

205
тілі  жеңіл,  синтаксистік  құрылысы  да  ауыр  емес,  жинақы, 
ықшам  болып  келуіне  шығарма  тақырыбы,  яғни  оқиғаларды 
(көбінесе  ұрыс-соғыс  картинасын)  баяндау  себепкер  болған. 
Әрине,  бұл  айтқанымыз  «Дарабоз»  романының  мәтінінде 
ұзақтау  құрылған  сөйлемдер,  көп  компонентті  құрмаластар 
жоқ деген сөз емес. Тіпті жай сөйлемдердің өзі де көп сөзді, 
ұзақтау  болып  келуі  –  әбден  заңды.  Онсыз  көркем  шығарма, 
оның роман сияқты «кеуделі» жанрының тілі киносценарийдің 
мәтіні болып кетер еді.
Күрделі синтаксис, яғни мәтіннің көп бағыныңқылы сабақ- 
тас  сөйлемдермен  немесе  көп  компонентті  салалас  сөйлем- 
дермен  келуі  көбінесе  психологиялық  жай-күйді  суреттеуде, 
лирикалық немесе философиялық толғаныстарда орын алады. 
Табиғатты  суреттейтін  мәтін  үзіктері  де  көбіне-көп  жеңілде- 
тілген  құрылыммен  келеді  (Түн.  Аспан  ашық.  Жұлдыздар 
жарқырайды.  Айнала  жым-жырт...  деген  сияқты).  Табиғат 
суреттері  мұнда  да  бар  (көп  емес),  бірақ  мәтіндік  ұйымдас- 
тырылуы (құрылысы) жағынан шығарманың өзге тұстарынан 
айырылып, көзге ұрып тұрмайды: авторлық баяндаудың табиғи 
жалғасы болып оқылады.
Автор  тіліне  назар  аударғанда,  жеке  сөздердің  қолданы- 
сындағы  кейбір  ерекшеліктерді  көруге  болады.  Мыса лы, 
«әдеби нормадан тыс қолданыстар бар ма?», «олардың ішінде 
диалектизмдер  қандай  орын  алған?»,  «жазушының  кейбір 
сөздердің мағынасын жаңсақ түсінген сәттері байқала ма?» де-
ген сауалдар туындайды.
Кез  келген  жазушының  роман,  повесть  сияқты  көлемді 
дүниелерінің тілінде бүгінгі қалың оқырманға бейтаныс жеке 
сөздер  мен  тіркесімді  қолданыстар  кездеседі.  Олар  көзге 
ұрмайтындай өте аз, некен-саяқ болуы да мүмкін, кейде әдейі 
(әңгіме  кейіпкерлер  тілі  емес,  авторлық  баян дау  тілі  тура-
лы,  әйтпесе  кейіпкерлер  тілінде  стильдік  мақсатта  бейәдеби 
бірліктердің  келуі  заңды  екені  мәлім)  қолданылған  болуы 
да  ықтимал  («қазақ  тілінің  бірде-бір  сөзі  сыртта  қалмасын» 
дейтін  ұстанымға  баратын  қалам  иелері  жоқ  емес),  енді 
біреулері ұқыпсыздықтан, кейде әдеби норма дегенге мән бер-
мей кететіндік те дақ түсіреді.
Қ.Жұмаділовтің  шығармасында  да  авторлық  баяндауда 
нормадан тыс сөздер мен морфологиялық тұлғалар кемде-кем 

206
ұшырасады.  Қазақстаннан  шет  аймақта,  Шыңжаңда  туып-
өскен, мектепте сол жерде білім алған, қысқасы, тіл жағынан 
«өзгешелеу» ауызданған қаламгер деп қарап, оның тілінен біраз 
бейтаныс қолданыстарды кездестіреміз деп ойласақ та, жазу-
шы бүгінгі әдеби тіліміздің лексика-грамматикалық нормасы-
нан ауытқымайды. Бұл, мүмкін, Қабдештің әу бастан, әсіресе 
соңғы 40-50 жыл бойына көп оқып, үйренгені, шығармашылық 
тәрбие алғаны Қазақстан сөз зергерлері болғандығынан шығар, 
сондай-ақ  көркем  сөздің  тілдік  дәстүрі  дегенді  жақсы  біліп, 
өзіне қатаң талап қоя білгендігі әсер еткендігі даусыз.
Дегенмен Қабдеш Жұмаділовтің әңгіме етіп отырған көлем- 
ді  шығармасында  бұл  күнде  қалың  көпшілікке  бейтаныстау 
сөздер жоқ емес,– бар, көп емес, – аз. Олардың бірқатары – кон-
текске қарай мағынасын түсінуге болатын, бірақ морфология- 
лық тұлғасы өзгеше сөздер. Мысалы, «Егер елге қайтып келіп, 
қаруыңды  тапсырсаң,  өткен  істі  қуыстырмаймыз  (1-кітап. 
89-бет)  дегендегі  соңғы  сөз  «қумаймыз,  қудаламаймыз»  де-
ген мағына беріп тұр, түбірі – қу- етістігі, бірақ оның -с, -тыр 
сияқты етіс жұрнақтарымен келуі – айқын (түсінікті) емес. Сол 
сияқты жіпселеу («Өтегенге сенің тапсыруыңды жіпселеп жа-
тыр» – 278-бет); бопайлау («Шамалхан тым етті-жеңді, бопай-
лау»... – 303-бет); шабан-шалан жұрт (332-бет); ауыршылық 
(«халық басына түскен ауыршылық» – 344-бет); үскінді («қару-
жарағы  сайлы,  жүрістері  үскінді»  –  301-бет);  жақжұты 
(«жақжұты,  жүдеу  тірлік»  –  125-бет);  «жақ  жұты  күй» 
–  76-бет;  қайырмақтау  ...сол  төбеге  қарап,  қайырмақтап 
тұр» – 184-бет); матқапы («матқапы боп жүрмесін» – 301-
бет);  қоржын-қолаң  (55-бет);  аулық  тарту  («басым  түсу»: 
«қоржынның екінші басы аулық тартып тұр» – 64-бет); апқау-
алғас («көпшіліктің тасып-төгілген алқау-алғасына» (алғысына 
ма?); мажыра («Ал бұл реткі мажыра мынадан туып еді» – 
74); қонақ-қопсы (80- бет); отырықты ел (117-бет). Жазушы 
барлық жерде дерлік басында, бастапқыда деген сөздерді ба-
стабында деп қолданады.
Бұл  сөздердің  бәрін  бейнорма,  әдеби емес  бірліктер  деуге 
болмас, көбін мағыналарын айқындап, түсіндіріп, қолданысқа 
енгізуге  әбден  болады.  Тіліміздің  лексикалық  нормасы  – 
қазынасы  түгелденіп  болды  дей  алмаймыз,  сондықтан  әр 
жазушының  орынды  қолданған  бейтаныс  сөздерінің  түптөр- 

207
кінін анықтап, семантикалық реңктерін ашып, орынды жерінде 
кәдеге асыру керектігін баса айтамыз.
Шығарма мәтінінде жеке сөздердің берілуіндегі екі нәрсеге 
және көңіл аударсақ. Өзге кейбір қалам иелері сияқты, Қабдеш 
те  бірді-екілі  сөздерді  қате  немесе  орнын  таппай  қолданған. 
Мысалы,  романның  екінші  кітабында  Абылай  хан  Қытай 
елшілеріне  айтқан  сөзінің  бір  жерінде:  «Ел  тағдырына  ат-
таныспен  қорғанысқа  байланысты  мәселелер  хан  кеңесінде 
талқыланып барып шешіледі» (37-бет), осы сөздің жалғасында: 
«Мұнда  мәселе  дұрыс  қойылмаған»  (38-бет),  –  дейді.  XVIII 
ғасырдағы Абылай хан емес, құдды бұдан 15-20 жыл бұрынғы 
Кеңес үкіметі басшыларының бірі немесе бүгінгі жиын-сесси-
яларда баяндама жасап тұрғандардың сөзіндей болып шыққан.
Айта  кетелік,  бірді-екілі  жерде  болмаса,  жазушы  мұндай 
жаңсақтарды көп жібермейді, ел тұтқасын ұстағандардың шар-
шы топ алдында сөйлеген сөздері мүмкіндігінше сол дәуірге 
сәйкестендіріліп беріледі.
Екінші  бір  ескеретін  нәрсе  –  бүгінде  қолданылмайтын, 
мағынасы  күңгірт  тартқан  көне  сөздерді  қолдануда  да  үлкен 
түсінік  пен  сақтық  керек.  Мысалы,  сұрқылтай  деген  сөзді 
қазіргі  кейбір  жазушыларымыз  өзге  сөздермен  тіркестіріп, 
оңды-солды  жұмсай  береді:  сұрқылтай  заман,  сұрқылтай 
аттар  т.т.  Ал  бұл  сөз  «Әр  ханның  тұсында  бір  сұрқылтай» 
деген  нақыл  сөзде  кездеседі.  Түркі-монғол  заманынан  келе 
жатқан сұрқылтайдың түптөркіні – монғол сөзі («оқытушы», 
«үйретуші»,  одан  барып  «кеңесші»,  «ақылшы»  деген  мағы- 
надағы  сөз),  ертеректегі  хандық  дәуірлерде  бүгінгі  елбасшы-
лары сияқты, хандардың да кеңесшілері, ақылшылары болған, 
оларды сұрқылтай деп атаған. Бұл сөзді тіпті XIX ғасырлар- 
дағы  кішігірім  елбасылары  да  білген,  қолданған.  Мыса-
лы,  Жетісуда  Шыңғыс  әулетінен  төрелік  еткен  Тезек  төре 
Сүйінбаймен айтысында:
Тұсында Абылайдың Бұхар жырау,
Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау.
«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»
Сұрқылтайым менің де екен мынау, –
дейді ғой. Бұхар жырау – Абылай ханның ақылшы-кеңесшісі, 
яғни сұрқылтайы болған. Зерттеуші Мырзатай Жолдасбековтің 
жазуына  қарағанда,  Тезек  төре  Сүйінбайды  да,  Бөлтірікті  де 

208
ығына жығып, өзінің сұрқылтайы еткісі келген (М.Жолдасбеков. 
Асыл мұралар, 1990, 153-бет). Сұрқылтайлар – негізінен қазақ 
хандарының  да  кеңесшісі,  сөзін  сөйлейтін  ділмары,  ақыны, 
жырауы  бо лып  келеді.  Сондықтан  Абылай  ханның  аузына 
«сұрқылтай  заман  тағы  да  сүңгілеп  тұрғызбаса  не  қылсын» 
деген сөздерді салып (2-кітап, 23-бет) жазушы «жаза басқан».
Сол сияқты бірнеше жерде кітапта кездесетін «бүлінгеннен 
бүлдірге алма» деген мәтелдің дұрысы – «бүлген елден бүлдіргі 
алма» болуы керек, өйткені бүлу деген етістік бұрынырақ «ой-
рандалу,  жеңілу,  ыдырау»  деген  мағынаны  білдірген;  бүліну 
дегенмен түбірлес болса да, бүлу етістігі өз алдына жеке көне 
сөз болған. Жырларда кездесетін: «он сан ноғай бүлгенде, Ор-
манбет хан өлгенде...», «Еңсесі биік кең сарай Мортық болар 
бүлген соң»... Күні кешегі Махамбет ақын толғағанда: «Біздің 
Ер Исатай өлген күн, Он сан байтақ бүлген күн» дегендердің 
барлығында  –  бүліну  емес,  бүлу.  Бүліну  дегеннің  негізгі 
мағынасы – «бір нәрсенің бұзылуы, қирауы», ал бүлу – белгілі 
бір жұрттың (хандықтың, патшалықтың, тайпалар одағының, 
тіпті  ауылдардың)  жаудан  жеңіліп  ойрандалуы,  ыдырауы, 
тозуы.  Бүлу  етістігінің  бұл  мағынасы  күңгірттеніп,  пассив 
қолданысқа кеткен соң кейінгі ұрпақтар оны мағынасы жуық 
бүліну тұлғасымен ауыстырып алған.
Қ.Жұмаділов бұл романында да, өзге туындылары сияқты 
қазақтың  небір  әсем  мақал-мәтелдерін,  тіпті  олардың  бұрын 
біз  көп  естімегендерін  өте  орынды  және  көптеп  қолданады, 
бітімін  бұзбай,  өте  ұқыптылықпен  жұмсайды.  Сондықтан 
оның  мақал-мәтелдерге  келгенде,  бір  жерде  жіберген  ақауын 
айтып жатқанымыз өзге жазушыларға жасаған ескертпеміз де-
сек болар.
Соңғы  онжылдықтарда  дүниеге  келген  қазақ  тарихи  ро- 
мандарының  тілін,  стилін  тарихи  шығармалардың  стильдік 
тезге түсуі тұрғысынан талдадық. Бұл ізденістегі негізгі әңгі- 
ме  стильдік  тезге  салудағы  амал-тәсілдердің  (белгілердің)  
және  бір  амалдарын  көріп-тануға  мүмкіндік  берді.  Ол  – 
жазушының  белгілі  бір  тарихи  кезеңнің  материалдық  реа- 
лийлерін дұрыс, біршама толық көрсе ту шеберлігі мен табы-
стары.  Бұл  да  –  әлем  әдебиетінің  қай-қайсысымен  де  қазіргі 
қазақ көркем әдебиетінің терезесі тең шоқтығы биік екендігін 
танытатын белгінің бірі.

209
КӘДІРБЕК СЕГІЗБАЙҰЛЫ 
«Біз қалада тұрамыз»
Көркем әдебиет үлгілерінің тілін әңгімелеуде зерттеушілер 
оған «Жазушы – мәтін – оқырман» үштігінің қырынан қарау ке- 
ректігін айтады, яғни тіл мен білім-таным және коммуникация 
(адамдардың  бір-бірімен  түсінісуі  үшін  жасалатын  қатынас) 
дегендердің  тұтастығын  ескеріп,  көркем  шығарманы  түсініп 
оқу қажеттігі дәлелденіп отыр.
Жазушы белгілі бір көркем дүниесін ұсынғанда, оның мәтіні 
арқылы өзінің бір идеясын (айтпақ ойын, діттеген мақсатын) 
білдіреді.  Жай  білдіруді  емес,  оқырман  түсініп,  түйсініп, 
сүйсініп оқыса дегенді көздейді. Сөйтіп, жазушы мен оқырман 
арасында ерекше қатынас жасалады, ғылымда оны дискурс деп 
атайды. Оқырман шығарманы түсініп оқу үшін:
1. шығарманың мәтіні;
2. сол шығармадағы оқиғалардың қыр-сыры, мезгілі жайын-
да білім-танымдарының болуы;
3. өз пікірінің болуы;
4. жазушының идеясын тануы қажет.
Осы қажеттіктер түгел болса, оқырман қолына алған көркем 
дүниені, оның ішінде, әрине, роман, повесть сияқты прозалық 
шығарманы қызыға оқиды, көп нәрсе түйеді.
Осы  реттен  белгілі  жазушы  Кәдірбек  Сегізбайұлының 
«Біз қалада тұрамыз» (Алматы: Атамұра, 2003) атты көлемді 
шығармасына  назар  аудардық.  Хикаяларда  өткен  ғасырдың 
60-70-жылдарындағы  тірлігіміз  сөз  болады,  ол  қазіргі  оқыр- 
мандардың  (бұл  шығарма  соңғы  басылымынан  көп  бұрын 
жазылған, оның алғашқы кітабы 1992 жылы жарық көрген бо-
латын) көбіне жақсы таныс, әр хикаядағы бас кейіпкерлердің 
әңгіме етіп отырған кезеңге дейінгі өмірлері туралы да айтыла-
ды (1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы мен одан кейін- 
гі жылдар). Бұл да бүгінгі (және ертеңгі) үлкен-кіші оқырман 
қауымға жақсы таныс: дәл сол жылдарда не ұрыс майданында, 
не  елде  болған  ересектер  өз  бастарынан  кешкендері  арқылы 
білсе,  бүгінгі  жастардың  ата-әжелерінің  әңгімелерінен, 

210
көркем  әдебиеттен,  кинолардан  көріп,  оқып,  естіп  білетін 
мағлұматтары толық. Және осы мағлұматтарға қатысты өз ой-
лары, өз түсініктері бар. Демек, Кәдірбек Сегізбайұлының бұл 
шығармасын  «Жазушы  –  мәтін  –  оқырман»  үштігімен  қара- 
ғанда,  оның  барлық  өлшемдерінің  үдесінен  шығатын  құнды 
туынды деп бағалауға болады.
Жазушы бұл туындысында бір оқпен бірнеше қоянды атып 
алғанға  ұқсайды.  Біріншіден,  автордың  өзі  «Хикаялар»  деп 
атаған  бұл  шығарманың  макроқұрылымы  ерек ше  түзілген: 
бес  бөлек  повесть  –  бір  желіге  тартылған  немесе  қатарынан 
көгенделген  қозылар  іспетті  деуге  бола ды.  Мұндағы  көген 
(немесе  желі)  –  әңгіме  айтушы  кейіпкер-автор.  Әр  хикая-
повестің  бастамасы  мен  аяқталуында  және  бүкіл  барысында 
кейіпкер-автордың  өз  «хикаясы»  да  кірігіп  отырады.  Мұның 
барлығы көріктеуіш тәсіл болып, стильдік жүк арқалаған. Де-
мек, шығарманың архитектоникасының өзі оқырманды бірден 
баурап әкетеді.
Екіншіден,  діттеген  идеясына  таңдаған  тақырыбы  жақсы 
үндескен.  Тақырыбы  –  XX  ғасырдың  екінші  жартысындағы, 
дәлірек  айтсақ  60-70-жылдарындағы,  кеңес  адамдарының 
қырғын-сүргін, жоқ-жұтаң ахуалды бастарынан кешкен тағдыр-
талайы. Автордың айтпақ идеясы – соғыс зұлматының әр отба-
сына қандай зардап әкелгенін шегіністермен айта отырып, сон-
дай ауыртпалықты кезеңде де адамдардың кісілік қасиеттерін 
биік ұстағанын қайта-қайта еске салу. Автор адамдардың ішкі 
жан дүниесіне үңіле отырып, бір-біріне жақсылық жасау, адам-
ды  тани  білу,  сүйе  білу,  сыйлай  білу  сияқты  ізгі  қасиеттерді 
суреттейді.  Бізге  бұл  жердегі  керегі  –  «осы  тақырып  пен 
идеяның  тілдік  құндағы  қандай,  жазушы  мен  оқырманның 
арасындағы  түсінісу  жүйесі  қалайша  тартылған?»  деген 
сауалдарға жауап іздеу.
Үшіншіден,  автор  кеңестік  дәуірде  өмір  сүргендердің 
тұрмыстық-моральдық жағынан бастарынан кешкен ауыртпа- 
шылықтар  мен  келеңсіздік,  әділетсіздік  сияқты  ащы  шын- 
дықтарды шынайы көрсетеді. Мұны шығарманың атының өзі-
ақ әйгілеп тұр: ауылда туып, мектепті сонда бітіріп, жоғарғы 
оқу  іздеп,  Алматы  сияқты  астанаға  келіп,  арман-мұратының 

211
бір ұшын тұйықтап, университет бітіріп, әрі қарай ұмтылып, 
«жарқын  болашағын»  қуалап,  қалада  қалып,  «ел  қатарына» 
қосылуды  көздеген  жүздеген  (әлде  тіпті  мыңдаған)  қазақ 
жастарының  барша  тірлігі  суреттеледі.  Олар  қалада  тұратын 
баспана  іздеп,  қаланың  о  шетінен  бұ  шетіне  шығып  жүрген 
кезеңді – өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағы өмір шындығын 
жайып салады. Сол бір кезеңдегі қазақ зиялыларының бәрінің 
дерлік  басынан  кешірер  пәтерден  пәтерге  көшетін  азапты 
тірлік.  «Біз  қалада  тұрамыз»,  «Неменеге  жетісіп  тұрып  жа-
тырмыз?» деген ащы мысқылды автор әр хикая сайын білдіріп 
отырады.
Шығарманың  бұл  орайдағы  тілдік  өрімінің  әр  тұсында, 
әсіресе жас журналистің (кейіпкер-автордың) бес-алты жылдай 
сергелдеңнен кейін екі бөлмелі «кең сарайға» қолы жетіп, сон-
да орналасқан алғашқы күндерін баяндаған микромәтіндерде 
әжуа-сықақ  (юмор)  араласады,  адамның  сыртқы  портреттері 
беріледі, диалогтер кейіпкерлер бейнесін жасауға қатысады.
Шығармада екі желі қатар тартылған: жас журналистің үй 
ішімен пәтерден пәтер жалдап көшіп жүруі – бір желі; пәтер 
ауыстырған  сайын  «үйлерінен  орын,  көңілдерінен  ықылас 
бөлген  жайсаң  жандар»  хикаясы  –  екінші  желі.  Олардың 
әрқайсысы бір-бір романның басты кейіпкері болып көрінеді, 
өйткені бұлардың әрқайсысының адами бейнесі, бастан кешкен 
өмір соқпақтары суреттеуге тұрарлық. Осы жерде жазушының 
негізгі  мақсаты  –  ізгілік  идеясы  алға  тартылады.  Мұның 
тілдік-стильдік  құндағында  көзге  түсетіні  –  кейіпкерлердің 
әрқайсысына автордың көзқарасы, өз бағасы беріліп (сезіліп) 
отырады,  кейіпкердің  ішкі  жан  дүниесі,  психологиясы, 
адамгершілік қасиеттері суреттеледі.
Енді  осы  айтқандарымызды  мысалдармен  дәлелдеп  көр- 
сетелік.
Тұтас  дүние  (бір  желіге  тартылғандықтан)  ретінде  ұсы- 
нылған хикаялардың, жоғарыда айттық, композициясы қызық, 
айрықша:  әр  «пәтерші»  (пәтер  жалдаушы,  пәтер  иесі)  және 
оның кейбір отбасы мүшелері өз өмірлерін өздері баяндайды. 
Біреулері өткендегі өмір белестері болып келеді, бұларды автор 
«Әминат айтқан: Соня шешей айтқан... Коля – Кәрім айтқан... 

212
Тася  апай  айтқан...  Оның  (Әминаттың)  анасы  айтыпты... 
Алексей  айтады...  деген  тақырыпша  етіп  атайды,  бұлардағы 
етістік шақтарының әртүрлі болып келуінде стильдік мән бар: 
айтқан деп өткен шақ тұлғасымен келген әңгіме кейіпкердің 
басынан бұрын өткен оқиғаларды баяндайды, ал айтады де-
ген Алексейдің сөзі оның сол кезеңдегі (әңгімелеген кездегі) 
хал-жағдайын  шерткенін  білдіреді.  Айтыпты  деген  шақтық 
тұлғаның  қызметі  өз  алдына,  ол  –  айтқан  әңгіменің  ішіндегі 
әңгіме,  Әминаттың  айтқанын  жазушы-кейіпкер  өзі  тыңдап 
отырған болса, Әминаттың анасының әңгімесін ол өзі тыңда- 
ған  жоқ,  сондықтан  айтыпты  деген  тұлғамен  берілген.  Бұл 
жерде  жазушы  тілдің  морфологиялық  тұлғаларына  стильдік 
жүк арта білген. Осы «айтқан»-дарда, «айтыпты»-ларда, «ай-
тады»-ларда  берілген  мәтін  қалыпты  әңгімелеу  мәнерінде 
жазылған. Мұнда «қызыл сөз» де жоқ, яғни әдемі эпитеттер, 
астарлы  метафоралар,  тосын  теңеулер  жоққа  тән,  –  бұларда 
өмір жолдарының қилы-қилы тарихы бар.
Шығарманың құрылымдық өрімінде жазушының және бір 
тапқаны  –  әр  тараудың  алдында  кіріспе  сияқты  (әлде  бітімі 
бөлек  эпиграфы  тәрізді)  өз  пәтеріне  қолы  жеткен  кейіпкер-
автордың  өзінің  әңгімесі  беріледі.  Бұлардың  тілдік-стильдік 
суреті мүлде басқаша: тұнып тұрған «юмор» – әжуа-сықақ. «Біз 
қалада тұрамыз» деп мәз болып жүріп, 5-6 жылдан кейін ғана 
екі бөлмелі үйге қолы жеткен кейіпкер-автор ол үйдің дәлізін, 
әжетханасын, балконын, ваннасын есептеп: «5-6 бөлмелі «кең 
сарайға» ие болдық», – дейді. Оның «кеңдігі» сондай: бұрын 
жалдап жүретін аядай бір бөлмеде «сықап тұратын» «мүліктері» 
мынау қос бөлмеде кең сарайға «итке қос артқандай жараспай-
ақ  тұр»,  –  дейді.  Төрт  бөлмелі  пәтер  иесі  болған  көршілері 
шетелдік  мебельдер  мен  ыдыс-аяқтарды  машина-машинамен 
түсіріп жатқанда, көгілдір «Волганың» төрт доңғалағын жерге 
жаныштап өңшең бір жәшіктерді тиеп кеп тұрғанда, әңгімеші 
автор арзанқолды аяқ-табақтарды әйелі, қызы – үшеуі күн ұзын 
дүкендерді  түгендеп  жүріп  сатып  алып,  кішкене  сәбилерінің 
коляскасына  «қайыстыра  тиеп»  қайтады,  теледидарлары  – 
төбесінен  жұдырықпен  бір  ұрмасаң,  не  сәулесі,  не  дыбысы 
өшіп қалатын теледидар. Ал көршілерінің портретін бергенде, 

213
журналистің тілі удай-балдай: қатар есіктегі татар көршісінің 
бет-әлпеті  «шала  піскен  қызанақтай  (помидордай)  шикіл 
сары», бай көршісі – тіс дәрігері Турарчик «қаңқасына терісін 
қаптап  қойғандай  арық  қара  жігіт»,  оның  бәйбішесі  алтын 
жүзіктерді  майшабақ  сынды  семізше  саусақтарына  қос-қос- 
тан мінгестірген; Бағила қазақ рәсімімен жаңа көршілерінің 
үйіне шашу-конфет шашса, оған үлкендер мән бермейді, кон-
фет  теру  шаруасына  балалар  кіріседі.  Журналист  автор-
кейіпкер  көршілеріне  қоныс  құтты  болсын  деп  айтпақ  сөзін 
айта салмайды, – «кеңірдегінде кептеліп тұрған құттықтау сөзін 
ақыры  бостандыққа»  шығарады.  Міне,  бұлар  –  ең  алғашқы 
тараудың беташар бөлігінің сөз кестесі.
3-тарау  да  «кең  сарайдың»  иесі  бола  қалғанына  өзі  сен- 
бейтін  журналист-кейіпкердің  жаңа  орындағы  әңгімесінен 
басталады.  Мұндағы  Турарчиктің  жұбайы,  Тимурчик  пен 
Сәкенчиктің мамасы – Ақжамал жеңешесінің монологінің өзі 
– нағыз сол кезеңдегі кейбір қазақ зиялыларының отбасындағы 
дүниеқоңыздық, тоғышарлықтың «паспортындай», жаңа көр- 
шісінің  преферанс  ойынына  шақыруы,  ондағы  нағыз  ойын- 
шылардың  қитұрқылары  да  –  шындықтың  бір  көрінісі,  тіпті 
айна-қатесіз фото (ксеро) көшірмесі сияқты суреттелген. Бұл 
жердегі диалогтер де стиль үдесінен шыққан.
Келесі кейіпкерлері – жас жұбайлар көшкен үшінші пәтер- 
дің  иесі  Жүсіп  пен  Шағи  шешей  хикаясының  берілу  үні 
(тоны) мүлде басқаша. Жүсекең – соншама бауырмал, көпшіл, 
кімге  жақсылық  етсем  деп  тұратын  жан.  Оның  «ой,  шошқа» 
дегенінің өзі – кейіпкер бейнесінің бір «куәлігі» іспетті. Жүсіп 
бәйбішесіне:  «Кемпір,  иманжүзді  бала  тауып  келдім»  деуі, 
үйінің  бір  бөлмесін  тегін  беретінін,  журналист  Қуаныштың 
(автор-кейіпкер) мақаласының септігі тиіп, ойда жоқта тауып 
алған қанды көйлек майдандас досы, ішіп кеткен Қасымханды 
жұрт  қатарына  қосуы  –  Жүсекеңнің  адами,  моральдық 
портретін  көрсетсе,  оның  Қасым  ханмен,  Қуанышпен  осы 
тұстағы  диалогтері,  сөздері  тағы  да  шығарманың  тілдік 
құндағын  дұрыс  тапқанын  көрсетеді.  «Әй,  балам-ай,  сендер-
ге біреуді сөгу, жұрт ал дында әшкерелеу оңай ғой (Қасымхан 
туралы журналист Қуаныш репортаж жазып, оның жай-күйін, 

214
яғни  жайсыз  күйін  айдай  әлемге  паш  еткен).  «Әр  дүниенің 
себеп-салдарына үңілмей, байлам жасау – ағат іс», – деп ата-
лы  сөз  айтады.  Жүсіп  бейнесі,  атап  айтсақ,  адамгершіліктің, 
жақсылық жасауды өмірінің кредосы еткен жаны бай жанның 
бейнесі тіл арқылы да сомдалған.
Төртінші пәтердің иесі – Николай Иванович немесе Кәрім 
көкенің тағдыры – нағыз трагедия. Оның осы қиын тағдыры 
іс-әрекетінен де, мінез-құлқынан да, тіпті тілінен де көрінеді. 
Жазушы  бұл  кейіпкерді  де  өзінше  сөйлетеді:  көбінесе  орыс-
ша  сөйлейтін  оның  қазақшасы  «үйленген?»  («әйелің,  бала-
шағаң  бар  ма?»  дегені)  деп  сұрауға  ғана  жететін,  сөзіне 
сендіру  үшін  шоқына  салатын,  бірақ  мұсылманмын  (неме-
се  өзін  мұсылман  санайтын:  какой  там  хри стиан  менікі, 
Зиночкаға  (әйелі)  еліктеп  жасайды),  бірақ  жаны  таза,  адам-
ды сүйе білетін (әйелі Зинаидаға деген сезімі), ата-ана қанын 
сезінетін (Көке десеңдер де, Жәке десендер де Кәрім дегенін 
тастамасаңдар болды) ғажап адам. Ең соңғы пәтер иесі – Тася 
апайдың  да  хикаясы  өзіне  жетерлік:  Ленинград  қоршауында 
қалған күндердегі, одан кейінгі жылдардағы елімізде мықтап 
орын  тепкен  жоқшылықтың  зардабын  тартқан  жесір  әйелдің 
бейнесін  де  жазу шы  суреткер  ретінде  қандай  жақсы  берсе, 
оны көрсететін тілдік-стильдік мәнері тағы да сәтті табылған. 
Мысалы, баласымен арадағы диалогтері, «Айналайын, кешіре 
көріңдер!  Ашаршылықты  да,  тоқшылықты  да  көрген  басым 
артық  ысырапқорлықтарыңа  төзе  алмаған  соң  айтып  едім» 
дегісі  келеді,  бірақ  айтпайды,  бойына  сіңіп  қалған  аштық, 
жоқтық психологиясы жібермейді. «Бұл да сондай бір кез еді», 
– деп түйеді автор.
Сөйтіп,  пәтершілер  де,  ол  пәтерлерді  жалдап  тұрған  жур-
налист  кейіпкер  де  бір-бірлерін  жақсы  таниды,  таниды  да 
қам-қарекеттерімен  не  көңілдерімен  жақсылық  істесем  деп 
тұрады.  «Адамды  түсінен  тану  –  оңай,  ішінен  тану  –  қиын» 
деп  әкесі  айтқанды  көкірегіне  түйіп  өскен  Қуаныш  журна-
лист-жазушы  Кәдірбек  Сегізбай  пәтер  иелері  мен  олардың 
айналасындағыларды  (Соня  шешейді,  Қасымхан  майданда-
сты)  іштерінен  таниды,  тани  отырып  сипаттайды.  Шығарма 
«Кіріспе  сияқты  кішкене  тараудан»  басталып,  «Қорытынды 
сияқты кішкене тараумен» аяқталады.

215
Кітаптың  1/3  бөлігін  құрайтын  «Жап-жасыл  әлем»  атты 
повесін  Кәдірбек:  «Балалық  шақ  базарының  қызығын  да 
бұйыртпаған  сол  бір  жылдарға  әлі  наразы  досым  –  Ақселеу 
саған және әкелерін қу соғыс жалмап, жетімдіктің тауқыметін 
тартып  өскен  барша  тұстастарыма  арнаймын»,  –  дейді.  Бұл 
–  жаның  тебірене  отырып  оқитын,  баяндалған  әңгіменің  ба-
сынан аяғына дейін шындық екеніне кәміл сенетін ғажап бір 
толғау. Бұл повестің тақырыбы, идеясы, композициясы, баян-
далу стилі, тілдік көрсеткіштері – өз алдына кеңінен талдайтын 
дүние. Ол талдау – әдебиеттанушылардың да, көркем шығарма 
тілін зерделейтін лингвостилистердің де алдағы борышы деп 
білеміз.
Ал «Біз қалада тұрамыз» туындысы – қайырымдылық ата-
улы біреуге жасаған қарапайым ғана жақсылықтан басталмақ 
деп, сол қайырымды, мейірімді қасиеттерге шақырған толғау 
дер едім. Адамды тани білу жайында жазылған поэма дер едім. 
Міне, қазақтың көркем сөзі көтерілген, оған алыптардан кейінгі 
ұрпақ көтерген биіктерінің бірін осылайша танығымыз келді.

216

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет