Негізгі стехиометриялық заңдар
Стехиометрия – ол әрекеттесуші заттардың массалық немесе көлемдік қатынастары туралы ілім.
Стехиометрияның негізін стехиометриялық заңдар құрайды және бұларға зат массасының сақталу заңы, құрам тұрақтылық заңы, эквиваленттер заңы, еселік қатынас заңы, Авогадро заңы жатады. Бұл заңдар заттардың атомдар мен молекулалардан тұратынын және атом-молекулалық ілімнің дұрыс екенін дәлелдеді.
Массаның сақталу заңы.
М.В. Ломоносовтың масса сақталу заңы: химиялық реакцияға түскен заттардың массасы, реакция нәтижесінде түзілген заттардың массасына тең.
Кез келген түрлену барысында массалар өзгеріске тап болып, энергия бөлінеді немесе сіңіріледі. Масса мен энергия арасындағы мұндай өзара байланысты қазіргі физиканың негізін салушы А. Эйнштейн 1905 жылы көрсетті:
Е = ∆m · с2
мұндағы Е – энергияның мөлшері;
∆m – массаның өзгеруі;
с – вакуумдағы жарық жылдамдығы.
Ендеше, массаның сақталу заңы масса мен энергияның сақталу заңының бір түрі болады.
Заттардың құрам тұрақтылық заңы. 1801 жылы француз химигі Ж.Пруст металдардың оксидтері мен сульфидтерін анализдеу негізінде, құрам тұрақтылық заңын тұжырымдады: Қандай жолмен алынған болса да, таза химиялық қосылыстардың сапалық және сандық құрамы әрдайым тұрақты болады.
Еселік қатынас заңы. Ағылшын ғалымы Джон Дальтон 1803 жылы еселік қатынас заңын ашты. «Егер екі элемент бір-бірімен бірнеше молекулалық қосылыс түзетін болса, онда бір элементтің белгілі бір тұрақты массасына келетін екінші элементтің массаларының өзара қатынасы кіші бүтін сандардың қатынасындай болады».
Еселік қатынастар заңы белгілі болған кезден бастап химиялық реакциялар атомистикалық теория тұрғысынан қарастырыла бастады.
Газ заңдары
Көлемдік қатынастар заңы. 1808 жылы Ж. Гей-Люссак көлемдік қатынастар заңын ашты: реакцияласушы және реакциядан шығатын газдардың көлемдерінің өзара қатынасы кіші бүтін сандар қатынасындай болады.
Газдың күйін масса m, көлем V, қысым Р және температурамен T (T=273+t0C) сипаттауға болады. Осы шамалардың арасындағы байланыс идеалды газдардың заңдарымен өрнектеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |