ҚАЛАЙЫ ҚАСЫҚ
Аспаз қатын Əпуза бүгін де түскі тамаққа килька сорпа пісіріпті.
Шілденің шыңғырған ыстығында құдық басына үймелеген қой сияқты,
есіктен таласа-тармаса асханаға кірдік.
Мектептен қайтқан бетіміз. Ұзыннан-ұзақ үстелдің екі жағына қаз-
қатар отырып, қалайы табақшадағы килька сорпаға қалайы қасықты
сақыр-сұқыр салдық дейсің.
Бұл бір ерекше симфония.
Кильканың сорпасы ащы. Қара нанмен соғып алсаң, кəдімгідей
тамақ. Артынша шөлдеп, суды іше бересің, іше бересің...
Килька деген шынашақтай балық. Өзін тұзға бөктіріп қояды екен.
Əйтпесе, сасып кетеді. Сорпа содан ащы.
Менің қарсыма Сейсен деген шолжаңдау, сидаң бала отырып
қалған екен. Ол сорпасын ішпей, кильканың өзін сүзіп алып, аузына
салды да, ашырқанып, тыжырынып, менің табағыма түкіріп кеп
жіберді, қарабасқыр.
Түкірсе басқа жер жетпей ме? Қасқой ғой. Əрі тоқ. Төсегінің бас
жағында, жастығының астында бір қалта жүгері талқаны, жүгері наны
бар. Ауылынан алып келеді. Ауылы алыс та емес. Жетітөбеде.
Кесірленіп кильканы жемейтіні сол. Жемесе жемесін. Ал менің
табағыма түкіріп жіберетін не жөні бар?
Атасына нəлет! Мұндай ұзынтұра тəйтік тұрмақ, Тасбеттен де
қайтпаған басым, бұл қорлыққа қалай шыдаймын?! Менің ішіп
отырған асыма мұндай сойдақ. тұрмақ, Мыңбұлақтағы Тасбет те
түкіріп көрген емес.
Қалайы қасықпен қақ маңдайдан періп кеп жібердім. Қалай
шапшаң қимылдағанымды өзім де білмеймін. Бəлкім, ұрайын деген
ниетім де жоқ шығар. Оқыс қимыл.
Маңдайынан қан бұрқ ете қалды. Қалайы қасықтың да қауқары
мұншама күшті болады екен-ау. Қарасаң жеп-жеңіл сияқты. Майысқақ.
Мен ұрғаннан сабы майысып, басы қисайып қалды.
Сонша қатты тиетінін қайдан білейін. Бұрын сонау Мыңбұлақта
мұндай қасық болмаушы еді. Ағаш қасық болатын. Кəдімгі қара
ағаштан, таудағы қызыл қайыңнан, аршадан Нəметқұл көкем ағаш
қасық шабатын. Неше түрін жасайтын. Сүйір қасық, дөңгелек қасық,
сопақ қасық... Табақты да, тараны да, күбіні де аршадан жасайтын.
Ондай қасықпен ішкен ас быламықта болса, өте дəмді сияқты көрінуші
еді. Біздің қатықсыз қара көжемізге арша қасық, ағаш табақ ерекше
дəм бітіріп, өзінің шырынын шығарып, май орнына қатық болатын
сияқты еді.
Енді қалайы қасық дегенді де, қалайы табақ дегенді де көрдік.
Онымен ішкен тамақ кермек татитын, таты бар болар. Өкімет қасықты
ағаштан, кəдімгі жерден нəр алатын ағаштан жасауды білмей ме,
немене... Ағаш қасық болғанда мына шолжаң Сейсеннің маңдайы
жарылмайтын еді. Енді не болды?
Сейсен алақанымен маңдайын баса қалды. Алақаны қан-қан болып
шыға келді.
− Ойбай! – деп бақырып жіберді. – Өлдім, ойбай, өлтірді мына кісі
өлтіріп, елінен қашқан қаңғыбас!
Қалайы қасықтар мен қалайы табақшалардың əлгі сақыр-сұқыры
тына қалды. Мені «адам өлтіріп елінен қашқан қаңғыбас» дегені
балалардың бəрін үркітіп жібергендей, бəрі де қасқыр көрген қойдай
үйіріліп, үрпиісе қалыпты.
«Адам өлтірген» дегені несі? Қашан өлтіріппін? Сөйтсем, ел
құлағы елу деген, баяғы Тасбетті бесақа айырмен ұра жаздағаным бұл
жаққа да жеткен екен ғой. Тау асып, тас басып. Сонау Мыңбұлақтағы
қырман басынан Жаманат жатпайды екен ғой. Сонда дап-дардай кісіге
кіп-кішкентай болып айыр ала жүгіргенім бекер-ақ болған екен де.
Бірақ... бірақ ол менің Анамды қорлады ғой. Дүн-дүниедегі ең
асылымды, ең сүйкімді, ең қимасымды жермен-жексен етіп жəбірледі
ғой. Менің жаным – Анамның жаны ғой. Əйтпесе мен қайдан
жаралдым?! Одан менің не аянарым бар? Сондықтан ғой... Оны мына
балаларға қалай, кəйтсем түсіндіре аламын?
Енді Жетітөбеден келген балалар: Жұман, Жапар дегендер
оқыранып шыға келді. Жабылып мені түйгіштей бастады. Шамам
келгенше, мен де қарсыласып-ақ жатырмын.
− Өзі сияқты қасықпен ұр!
− Қасықпен ұрған қандай екен!
− Бастан ұр, бастан ұр!
− Басын жар!
Жабылып жатыр. Ұрып жатыр. Неге екенін білмеймін, басым
қанамаған сияқты. Соншалықты қатты да тиіп жатпаған сияқты. Əлде
де ет қызу ма екен.
Кім біледі, менің басым Сейсеннің басынан гөрі қаттырақ шығар.
Тумай жатып не көрмеген бас. Тасбеттердің қамшысы да тиген. Піскен
шығар. Тауға да, тасқа да соғылған ғой. Соғылған. Соғылға - а - ан.
Олар жабылып қанша ұрса да қан шықпады. Бірақ өзімнен үлкен
Жапар жұдырықпен мұрнымнан ұрғанда ғана, танауымнан жып-жылы
бірдеңе жылжып аққандай болды. Бірақ оны сүртіп көруге шамам
келмейді. Қолым бос емес. Қолым қимылда. Мен де ұрып жатырмын.
Байқаймын, біреу көзін басып қалды. Біреу мұрнын сипап тұр...
Əлде мұнша жанқиярлықпен қарсыласқаным бекер болды ма.
Көптің аты көп қой. Көп қорқытады, терең батырады. Бұл жалғанда
жападан-жалғыз қалғанымды сонда тұңғыш рет сездім-ау деймін.
Сонда мен өз бауырларым Дүйсенбайды, Қорғанбайды, Өсерді,
Қуанышбайды, Аманбайды, Əділді,тіпті «арам» да болса Жолдасбекті
іздедім. Шіркін, қазір қасымда Айша болса... Бөлтірігін қорғаған
құртқа-қасқырдай мыналардың тас-талқанын шығарар еді-ау! Айша
алыста. Анасы мен баласы мəңгі бірге жүрмек жоқ көрінеді. Енді өз
күніңді өзің көр деген шығар. Сəли, Қали, Бөпетай, Сатай
нағашыларының жанында қалып қойды ғой. Құрмаш та, Батырхан да.
Бұл қырғын немен бітерін кім біледі, асхананың есігі ашылып,
тəрбиеші Зүбаржат апай кіріп келді. Бəріміз аңтарылып тұрып қалдық.
Тұрып емес, тынып қалдық. Қалайы қасықтар мен қалайы табақтарға
еркін жабылған шыбындардың ғана ызыңы естіледі. Шыбындар тұзды
килькаларды ашырқанбайтын көрінеді. Құнжыңдасып-ақ жатыр.
Зүбаржат апайымыз асханадағы көріністен тілі байланып, сөйлей
алмай қалған тəрізді. Тұтығыңқырап барып:
− Нинди қаһар сұққан бұларны? – деп даусы шіңкілдеңкіреп
шықты. Кухня жақтағы тамақ үлестіретін тесіктен аспаз қатын Əпуза
басын шығарып:
− Тоқ қой, тоқтықтан есірігі жатыр, – деді жайбарақат. Тəрбиеші
апай табақтан төгілген кильканы көріп:
− Исиртə бұл килькалар, исиртə, – деп бəрімізді жағалай көкшіл
көздерімен шолып шықты да, Сейсеннің маңдайынан қанды көріп,
шошып кетті:
− И - и, малай, кем сини шұлай сұққан?
Сейсен кемсеңдеп, мені қан-қан саусағымен нұсқап:
− Мынау оңбаған қаңғыбас, – деді.
Көкшіл көздер енді маған сұқтанды. Өзі кіп-кішкентай бір уыс кісі,
бірақ одан балалардың бəрі қорқады. Өйткені ол директордың əйелі.
Досмырза директордың. Бұйрық та, əйтпесе Досмырза сынды келісті
кісі де осындай шəушиген əйел ала ма? Сөйте тұра, осы əйелден
зіңгіттей-зіңгіттей үш ұл сүйіп отыр.
Зүбаржат апай ұрысарын да білмей, ұрыспасын да білмей,
дағдарып қалған сияқты.
− Ии, син мұңлық, шұндимы? – деді. Одан соң аспаз əйелден:
− Шұл малайының жизнəйы қайда? Аңа айтырға кирəк, – деді.
− Жездесі қалаға кеткен. Интернатқа азық-түлік алып келемін
деген, – деп керги жауап берді аспаз қатын. «Жизнəй» деп тұрғаны
Мырзагелді. «Жезде» дегені.
Сонымен, Зүбаржат апай Сейсеннің маңдайын жуып, жарасына йод
жағып, үлдірекпен таңып тастады. Мені ілестіріп, Мырзагелдінің
үйіне алып барды.
Темір төсектің үстінде, баяғы сол цигейка жағалы сұр пальтосын
жамылып, Зиба əпкем отыр екен. Біз кіріп барғанда, танадай көздері
жалт етіп, күлімсірей қарап қояды.
− А - а, Зүбаржатпысың, кел-кел, жоғары шық, – деді.
Мен босағада тұрып қалдым. Ойым ойран. Асыр салып əр саққа
кетті. Зиба ұрысады-ау деген ойдан мазам май ішкендей кілкіді.
Басқалар ұрыса берсін, ұра берсін. Ал бірақ Зиба əпкемнен сөгіс
естісем – зор жаза. Одан да жердің жарығы болса, соған кіріп кеткен
артық.
− Зибакəй, иркəм, шұл Барсхан анда бер малайның басын сұғып
жарған, бит, – деді Зүбаржат.
Əпкемнің танауы қусырылыңқырап кетті. Бірақ жүзі жарқын,
көзінде ызғар жоқ.
− Барсханның ондайы жоқ еді ғой, Зүбаржат. Ол баланың өзі
тиіскен шығар, – деді аса бір сабырмен. – Не болды, Барсхан, өзің
айтшы, бірақ алдама, айналайын...
Осы арада ол қатты жөтеліп, буынып қалды. Əлгінде албырап
тұрған екі беті көгеріп кеткендей болды. Осы сəтті пайдаланып, не
айтарымды жұптап та қойдым. Бірақ өтірік айтатын несі бар, болғанды
болғандай айтайын дедім.
Əпкемнің жөтелі саябырсыды. Қасірет кесел Шақпақтың
дауылындай төніп келіп, райынан қайтқандай болды.
Мен бəрін бастан-аяқ айтып бердім.
Əпкем мені қасына шақырды. Еңкейіп маңдайымнан сүйді. Ыстық
алақанымен басымнан сипалап отырып, аса бір тебірене сөйлеп:
− Сенемін саған, Барсхан. Сен жалғаншы емессің. Жалғызсың ғой,
жалғызсың. Менің көзім жұмылғанда саған кім араша түсер екен?
Айша əпкем алыста... – деп өксігендей болды.
Əлгіде Жетітөбенің балалары жабылып ұрғанда міз бақпаған
қайран басым, енді өзімді өзім тоқтата алмай, солқылдап жыладым-ай
кеп. Тіпті Зүбаржат апайдың өзі көзіне жас алып, арқамнан қағып:
− Житти инде, зұр жигит син, бит, илама, – деді.
− Бұта қорғалаған торғайдай болып, мені паналап келіп еді, сонау
Жуалы – Түлкібастан. Қайтейін, мен пана бола алмадым. Орнымнан
тұра алмаймын, əлім жоқ, əл-дəрмен кетті, Зүбаржат, бұл балаға өзің
қарайлай жүрерсің. Менің күнім жақын, – дегенде Зибаның танадай
көздерін мұнарлы мұң шалып, бір тамшы жас тотияйын сияқтанып
көгеріп көрінді.
Зүбаржат екі қолын ербеңдетіп:
− И - и - и, Зибақай, бағырем, инде айтма шұнди сүзне. Безгə
құштасарға иртəрəк бит əле – деп шырылдады.
Зибаның көзінен жас шыққанын, мұңдана жасығанын бірінші рет
көруім. Жүрегім суылдап, тұла бойым мұздап кеткендей болды.
Дүниеден Зиба кетсе, менің күнім не болады? Мырзагелді жездем мені
далаға тастамас. «Əкенің жақындығы жездедей-ақ» деген сөз бар.
Жезде, Құдай адалынан берсе, жақын ғой, əрине. Сонау Мыңбұлақтай
жұмақты тастап келгеніміз де, бір жағы осы Мырзагелді жездемнің
жақсылығы шығар.
Əттең дүние, бірақ өз əкеңдей қайда - а - а?! Мұртаза! Көзі
көргендердің, білгендердің біреуі Мұртаза нашар еді деп айтқан емес.
Қайта, есіл ер-ай, бозым-ай! – деп үһілеп-аһылап алушы еді.
Бұл елде Мұртазаны біле бермейді. Сенің тегіңді білмеген ел, əлгі
Сейсен сияқты «қаңғыбас» деп қаңқу сөз айтады. Бұ да болса Тəңірдің
салғаны да. Шыда!
Менің жабырқап, жүнжіп тұрғанымды, көзімнен үнсіз жас жылжып
аққанын көрген Зиба əпкем:
− Барсхан, жылама, жүдеме! Жүдесең, жүндей түтіліп кетесің.
Қорықпа, мен əзір өлмеймін. Өлмеуге тырысамын. Тірмізік жаным
менің. Жылама, – деп аппақ орамалының бір шетімен бет-аузымды
сүртті. – Бар, жуын, бетің ісіңкіреп тұр ғой, залымдар ұрған-ау, сірə.
Қайсарлан! – деп жарқылдап күлді.
Іші-бауырым елжіреп, мұздаған тұла бойым бір ғажайып
жылылықтан ері - і - іп бара жатқандай болды.
− Синең юзін қояш кібік, бит, – деді Зүбаржат та жадырап.
Зүбаржат айтса айтқандай. Зиба жүзі сонда күн сияқты шуақ
шашыратып тұр. Күн сөнбейді ғой. Зибаны да Тəңір тəуір көріп,
бəледен сақтар...
Достарыңызбен бөлісу: |