Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет12/30
Дата22.07.2023
өлшемі2,2 Mb.
#104632
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   30
 
Лениннің неменесі
 
Мұғалім бізге «октябряттыққа» өтесіңдер, Ленин аталарыңның басы қашалған төсбелгі
алып келіңдер», – деген. Үржардың әмбебап дүкенінен шешем маған бала Володяның басы
бейнеленген жұлдызшаны сатып алып берді. Бесбұрышты белгінің ортасында дударбас, бала
Ульяновтың бейнесі сомдалған. Жан-жағында күннің шапағы шашырап тұр. Сүп-сүйкімді
төсбелгі, жалт-жұлт етеді. Мен Лениннің «үмбеті» болуға дайынмын. Бір-бірімізге төсбел-
гілерімізді көрсетіп мақтанып жүрміз. Келесі аптаның дүйсенбісіндегі салтанатты рәсімді
асыға күтудеміз.
Біздің сыныпта Лена Кузьмина деген немістің аппақ қызы оқитын. Мен ең алғаш рет оған
орыс тілінде шатып-бұтып өлең шығарғанмын. Көзі зеңгір көктей тұп-тұнық еді. Алдыңғы
партада отыратын. Сабақ үлгерімі кілең бес. Тәртібі үлгілі. Өзі нәп-нәзік, аққудың көгілдірін-
дей еді. Мен оны жақсы көретінмін. Алайда ол мені қазақ деп менсінбейді. Кейін ол да Арка-
дийдің артынан Германияға көшіп кетті. Сол Ленаның төсбелгісі бәрімізден өзгешелеу боп
шықты. Қып-қызыл бесжұлдыздың ортасында Лениннің басқа, мүлде бөлек салынған суреті
бар. Бәріміз аң-таңбыз. Біздікі ескі төсбелгі.
Мен сондай төсбелгі табамын деп өз-өзіме ант еттім. Өйткені менде де сондай төсбелгі
болса, ол Лена екеуімізді ортақтастыратын, жақындастыратын дәнекер болады деп есепте-
гем. Содан іздеуге көштім. Таныс, туыс-туғандарымның бәрінен сұрап шықтым. Табылмады.
Дүкенде де жоқ. Көрші Ғалидің қызында бар болып шықты. Ол бізбен қатар оқитын. Бірақ
Абай атындағы қазақ мектебінде. Бізді «хохолсыңдар» деп мазақтайтын ылғи. Аты Меруерт.
Біз оны Мико деп атайтынбыз. Сонымен Микодан төсбелгіні жалынып сұрап жүрмін. Оның
айырбастағысы жоқ. Әкесі арнайы Семейден әкепті оны. Қызым ерекшеленіп жүрсін дегені
ғой. Өзім білетін барлық қулық-сұмдықты қолданып бақтым. Түк шықпады. Есіме оның ирис
кәмпитті жақсы көретіні түсті. Бірде Миконың: «Маған екі мөшек ирис кәмпитті әкеп берсе
де, мен оны бір сағатта тауысып бітірем», – дегені жадыма оралды. Оны алатын менде, әрине,
көк тиын жоқ. Бір мөшек болмаса да, бір келісін алмақ оймен, шешемнен ақша сұрап едім,
бермеді.
Қара кемпірдің сұр сандығында дүние жүзінің барлық таңғажайыбы сақталып тұратын-
дай елестейтін маған. Ішінен бір келі ирис шықпауы тіпті мүмкін емес екенін ішім құрғыр
сезеді. Соған ұрлыққа түсетін болдым. Алайда оның кілтін қолға түсіру төсбелгіні ұмытудан
да қиынға соқты. Ұрлыққа ебім жоқ екенін байқаған соң, басқа амал қарастыруыма тура келді.
Қара кемпірмен бір үйде тұрсақ та, екеуміз де бір-бірімізді байқаймай жүре беретінбіз.
Оған менің кей қылығым оғаш көрінгенгенде ғана, сол жағына шырт түкіріп, тәмпіш мұрынын
тыржита қалатын. Ол маған ештеңе демейді, мен одан ешнәрсе сұрамаймын. Өзімізбен-өзіміз
ғұмыр кешіп жатқан жайымыз бар.
Бұл қара кемпірдің есімі Мәстен. Қалаңның әкесі үлкен молда болған кісі екен. Сол кісі
Қытайдан бері қарай ауғанда, әйелі арғы бетте қалып қойыпты.
Қазақстанға келген бойда бұларды Үкімет бірден Қырғызстанға жер аударып жіберіпті.
Қалаңның отбасы көшіп барған қырғыз ауылының бір еркетотай қызы болыпты. Әдемі бой жет-
кен ол көздің жауын алғандай бұла болып өсіпті. Еркелеп, шолжаңдап өскен сондағы қырғы-
здың қызы – бұл біздің бүгінгі Мәстен жарықтық еді. Араларында болған қандай да бір оқиға-
лар мен үшін беймәлім, әйтеуір әлгі ауылдың еркесі тамам бала-шағасы бар Қалаңның әкесінің
етегінен ұстап, Қазақстанға кете барыпты.
Тағдырлы қыз өмірбақи қазақ отбасының отымен кіріп, күлімен шығады. Бірақ бала
көтермеген екен. Дегенмен балдай батып, қазаққа судай сіңіпті.
Алайда бұл қара кемпір өте өжет еді. Өңкиген Қалаң кейде ішіп кеп, елдің мазасын
әбден алып болғанда, сахнаға Мәстен шығушы еді. Орнынан оқыс көтерілген бойда, жұдыры-


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
32
қтай кемпір Қалаңның аяғынан шалып жіберіп, еңгезердей еркекті тоңқалаң асыратын. Сосын
үстіне мініп алып, жұп-жұмыр кішкентай жұдырықтармен бет, көз демей былшылдатып ұра-
тын. Бұл әдіс Қалаңа сұмдық әсер етіп, сауығып кететін. Жапырақтай кемпірдің астына түс-
кен Қалаңның: «Апатай, өлтірдің ғой, қоя бер, болдым, қойдым, нан ұрсын!..» – деп ойбайлап
жатқаны. Мұндай қызықты мен түгілі, осындайда жинала қалатын ақкөңіл көршілеріміз талай
көрген. Мұндай таяқ жеулерден кейін Қалаң бір-екі апта моп-момақан күйде жүретін.
Сол Мәстеннің көзінде құпия бір мұң бар-тын. Мен оның қырғыз екенін біле тұра,
ол туралы қызығып сұрамаушы едім. Пәледе нем бар? Төсбелгінің әлегі мені қырғыздардың
тарихы мен жағрафиясын оқуға итермеледі. Уақыт аз. Қолға төсбелгіні тез түсіру керек деген-
дей.
Азын-аулақ мәліметті жинап алған мен, бір күні Мәстенге келіп:
– Апа, Сіз Ыстықкөлде болдыңыз ба? – деп майыса қалдым. Көзі тостағандай Мәстен,
одырая қарады да:
– І, оны қайтейін деп едің? – деді.
– Бүгін сабақта өттік. Мұғалім қосымша оқып келіңдер деп еді.
Оным енді өтіріктің нақ өзі. Себебі, біз әлі жағрафия пәніне жетпеген сыныптамыз.
Сонда да диалогты жалғастыру керек боп тұр.
– Болғам жоқ, шырақ!
– Болмасаңыз барғыңыз келе ме, апа?
– Ыстықкөлде нем бар менің, басымды қатырмай, аулақ жүр!
– Апа, мен сізді өскенде Ыстықкөлге апарамын!
– Е, мені неғып жарылқай қалдың? Шешеңді апармайсың ба?
– Мен сізді аяймын!
– Не дейд, мынау?
– Аяймын деймін сізді! Сіз ағайын-туысқандарыңызды сағынып жүргеніңізді білем. Мен
де әкемді сағындым. Ағамды да.
Кемпірімнің өзгергенін көрсеңіз ғой! Әжім тілген бет-ауызы жыбыр-жыбыр етіп, баладай
кемсең қақты. Мен осы сәтті пайдалана қалдым да, оның қолын алып, сипалай жөнелдім.
– Апа, мына ағамның туыстары сізді түсінбейді де, жақсы көрмейді де ғой, ал мен сізді
жақсы көремін. Ылғи қырғызша бір әдемі әндер айтып жүресіз. Соны үйренгім келеді. Сон-
дықтан мен сізге Қырғызстанды көрсеткім келіп жүр. Ол жақта туысқандарыңыз бар. Соған
апарғым келеді, – деп өтірікті соғып кеп жіберіп ем, жанды жеріне дөп тиіппін.
Мәстенімнің бажырақ көздерінен жас бырш ете қалды. Жігітін сағынған бойжеткендей
солқылдасын кеп! Ойбай-ай, бірдеме бүлдіріп алдым ба-ей, дегендей көше жаққа жаутаң-жау-
таң қараймын. Қалаң келіп қалса, өгей шешемді неге жылатып тұрсың, ұрғаннан саусың ба? –
деп, аямай соққыға жығуы ақиқат.
О, тоба! Шынымды айтайын, қайдағы Лениннің басы үшін, кемпірдің көңілін босатып
жібергеніме кәдімгідей өкініп қалдым. Өзімді-өзім іштей жегідей жеп тұрмын. Алайда шегі-
нерге жол жоқ. Кәмпитін бермесе, бермей-ақ қойсын, бір жеңілдеп қалсын деп мырзасынып
тағы ойлап қоям.
– Иии, қу жетімегім-ай, сезімтал бала екенсің ғой, – деп Мәстен солқылдаған күйі мені
құшағына тартты.
– Апатайым-ау! – деп мен де емірене қалдым!
– Енді ана Қалаң тиіссе, маған айтшы, ол қарабураның шәт-шәлекейін
шығарайын! – деп менің бетімнен ащы жасын жаға-маға сүйе бастады.
Ал, ендеше! Лениннің аруағы мені желеп-жебеп жіберді ме, не боп кетті, өзі?! Мен
сияқты қарасирақ пролетариат балаға аяқ астынан қорғаушының табыла қалғаның қара-
саңызшы! Менің де көңілім босап, дымқылдана бастаған мұрынымды сүртіп тұрмын.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
33
О, Жасаған! Мәстен сандығын сатырлатып ашып жатыр, бірдеңелерді қопарыстырып
алып шығып жатыр. Сандықтың түбінен үстелдің үстіне дәл маған керегі қойылды. Мысықтың
суреті бар, бір салафан дорба ирис кәмпит. Апамыз сандығының ішіне түсіп алып тағы бір-
деңелерді іздеп жатыр. Бір кезде апамның қолына бір бөтелке мөлдір арақ ілінді. «Пшеничная»
деген жазуы бар құтыны Мәстен үстелге тақ еткізіп қойды. Шкафтағы қырлы стақанды алды
да, ішін тазартқандай үрледі. Сол жақ ұртына бөтелкенің мойынын тығып жіберіп, қақпағын
«пақ!» еткізіп ашып, жаңағы қырлы стақанға толтыра-молтыра бүлкілдетіп арақ құйды. Сосын
басын қайқаң еткізіп, стақандағыны бір деммен қағып салды. Мен тілім байланып, қарап тұр-
мын. Қырғыз апам, көзін жұмып, ауаны жұтпай біраз тұрды да, мені өзіне тартып, басымнан
иіскеді. Содан ақырын итеріп: «Бара ғой, балам, бара ғой!» – деді.
Мен кетіп бара жатып, үстелдің шетінде мыжылып жатқан, дорбаны іле-міле үйден атып
шықтым. Арманым орындалып, бізді «октябраттыққа» қабылдау салтанатында Лена екеуміз
бірдей төсбелгі тағып тұрдық!


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
34


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет